Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:55, 28 Қаңтар 2026

Дональд Трамп Иранға жаңа әскери кеме жіберемін деп сес көрсетті

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарай Америка Құрама Штаттарының әскери кемелерден тұратын жаңа армадасы бет алып бара жатқанын мәлімдеді.

Ол Тегеран билігі келісімге келеді деп үміттенетінін айтты.

«Айтпақшы, дәл қазір Иранға қарай тағы бір флот жол тартып бара жатыр. Көре жатармыз. Мен олардың келісімге келетініне үміттенемін», – деді Ақ үй басшысы Айова штаты тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде.

Дүйсенбі күні Трамп Иранға қатысты жағдайдың әлі де құбылмалы екенін айтқанымен, Ислам Республикасына қатысты нақты жоспарларын ашып көрсеткен жоқ. Axios басылымы Вашингтондағы әкімшілікке сілтеме жасап хабарлағандай, Трамп Иранға қарсы әскери соққы жасау мүмкіндігін әлі де жоққа шығармай отыр, дегенмен ел ішіндегі наразылықтар «негізінен басылған».

Бұған дейін, бейсенбі күні АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы United States Central Command Үнді мұхиты аймағына Abraham Lincoln авианосецінің келгенін растаған. Ал The New York Times жазуынша, бұл авианосец Иранға соққы беруге бір-екі күн ішінде дайын болуы мүмкін.