Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:16, 19 Қыркүйек 2024

Дональд Трамп келесі аптада Владимир Зеленскиймен кездесуі мүмкін

п
Фото: Jonathan Ernst / Reuters

АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан үміткер Дональд Трамп келесі аптада Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі мүмкін екенін айтты. 

Журналистердің «Зеленскиймен кездесесіз бе?» деген сұрағына Трамп: «Мүмкін, иә» деп жауап берген. Reuters Трамптың басқа мәлімет бермегенін жазады.

Бұған дейін Reuters агенттігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ететін Словенияға сілтеме жасап, Зеленский келесі сейсенбі, 24 қыркүйекте Қауіпсіздік кеңесінде сөз сөйлейді деп хабарлаған.

Трамп егер жеңіске жетсе, Украинадағы соғысты бірнеше күннің ішінде, тіпті қайтадан билікке кіріспес бұрын да аяқтаймын деп уәде берді. Ол мұны нақты қалай жүзеге асырғысы келетіні туралы айтпайды. Ал, көптеген америкалық және еуропалық саясаткерлер Трамптың президенттік сайлаудағы жеңісі Американың Украинаға көмегін қысқартуға алып келеді деп қауіптенеді.

Кейбіреулер Трамп Ресеймен келіссөздер жүргізуде Киевті қолайсыз шарттарға көндіруге тырысады деп есептейді.

Жыл басында АҚШ Конгресіндегі Трамптың жақтастары ұзақ уақыт бойы Украинаға әскери көмек бөлу туралы заңға тосқауыл қойды, бұл Украина қарулы күштеріне америкалық қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жеткізуде үзіліс жасап, біраз қиындық тудырды.