Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:41

Дональд Трамп Ким Чен Ынмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді

Ли Чжэ Мё мен Трамп
Фото: AP Photo / Alex Brandon

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынмен жеке кездесу өткізуге қарсы еместігін айтты.

 Бұл туралы ол 25 тамыз күні Вашингтонда Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнмен өткен саммит барысында мәлімдеді.

Кездесуді ұйымдастыру бастамасын Ли Чжэ Мён көтерген. Оның пікірінше, мұндай диалог Трамптың қазан айында Оңтүстік Кореяда өтетін АТЭЫ (Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы) форумына қатысуы кезінде жүзеге асуы мүмкін. 

Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде Ким Чен Ынмен үш рет кездескенін еске салды. Ол Солтүстік Корея басшысын жақсы білетінін, тіпті «оның әпкесінен басқа ешкім ол туралы одан артық білмейтінін» айтты. 

Лидің Трампқа әзірлігі

Reuters тілшілерінің байқауынша, Ли Чжэ Мён Ақ үйге алғашқы сапары кезінде «жылы атмосфера орнатуға ерекше тырысқан». Ол Трампқа сапар алдында арнайы оның «Келісім өнері» (The Art of the Deal) атты кітабын оқып шыққанын айтып, АҚШ президентінен Ким Чен Ынмен келіссөз жүргізіп, Корей түбегіне бейбітшілік әкелуге үміт артатынын жеткізді.

Тіпті Ли Чжэ Мён Солтүстік Кореяда «Trump World Complex» атты ғимарат салынып, онда Трамппен бірге гольф ойнағысы келетінін әзіл-шыны аралас жеткізген.

Өз кезегінде Дональд Трамп Оңтүстік Кореяда орналасқан АҚШ әскери базасы орналасқан жерді жалға алу келісімін тоқтатып, оны сатып алғысы келетінін айтты. Бұған дейін ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Оңтүстік Кореядағы жағдайды «саяси тазалау немесе революцияға» теңеп, мұндай жағдайда АҚШ ол жерде «ешқандай бизнес жүргізе алмайтынын» жазған.

Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы

Саммит барысында тараптар Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын да талқылады. Ли Чжэ Мён Пхеньянның халықаралық санкцияларға қарамастан ядролық қару мен зымырандарды дамытуды жалғастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Солтүстік Корея жылына 10-нан 20-ға дейін ядролық оқтұмсық жасау мүмкіндігіне ие.