Дональд Трамп ОАР-дағы G20 саммитіне бармайды

АҚШ президенті Дональд Трамп қараша айында Оңтүстік Африкада өтетін G20 саммитіне қатыспайды. Оның орнына вице-президент Джей Ди Вэнс жиынға барады. Трамптың айтуынша, 2026 жылғы саммит Майами маңындағы өзіне тиесілі гольф клубында өтеді.
Саммитке бармайтынын мәлімдеді
5 қыркүйек күні АҚШ президенті Дональд Трамп 22-23 қарашада Оңтүстік Африкада өтетін G20 саммитіне бармайтынын хабарлады. Саммитке Ақ үй басшысының орнына вице-президент Джей Ди Вэнс қатысады.
Трамптың сөзінше, 2026 жылғы G20 саммиті желтоқсан айында Майами қаласы маңындағы Доралдағы өз гольф клубы мен курортында ұйымдастырылады.
«Иә, ол Доралда өтеді. Бәрі сол жерде болғанын қалайды, өйткені ол әуежайдың жанында, ең ыңғайлы әрі әдемі жер», - дейді АҚШ президенті.
Ол бұл шарадан пайда таппайтынын да атап өтті: «Бұл келісім қаржыға қатысты емес», — деді Трамп.
Сонымен қатар Трамп АҚШ-та өтетін G20 саммитінде Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпинді қабылдауға қуанышты болатынын жеткізді.