Дональд Трамп пен Густаво Петро ақпан айында АҚШ-та кездеседі
АҚШ пен Колумбия президенттері Дональд Трамп пен Густаво Петро арасында өткен телефон арқылы сөйлесу екіжақты қарым-қатынастағы шиеленістің айтарлықтай төмендеуіне алып келді.
Бұл туралы NBC News хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, екі ел басшысы бір-біріне оң баға беріп, ақпан айында Вашингтонда кездесуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.
Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Дональд Трамп Колумбия президентімен кездесуге дайын екенін растады.
"Мен ақпан айының алғашқы аптасында Ақ үйде Колумбия президенті Густаво Петромен кездесуді асыға күтемін. Бұл Колумбия мен АҚШ үшін пайдалы болады деп сенемін. Алайда кокаин мен басқа да есірткі заттарының АҚШ-қа жеткізілуі тоқтатылуы тиіс. Бұл мәселеге көңіл бөлгендеріңізге рақмет, - деп жазды Дональд Трамп.
Колумбияның қорғаныс министрі Педро Санчес президентпен бірге Вашингтонға барып, америкалық ресми тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ тарапынан әскери қауіп бар деген алаңдаушылық жоқ.
" Кеше ол (Дональд Трамп) Колумбия президентімен ортақ мәселені шешу мақсатындағы келіссөздерді «үлкен мәртебе» деп атады", - деді Педро Санчес.
Санчес Колумбияны Батыс жартышардағы АҚШ-тың есірткіге қарсы күрестегі басты одақтасы деп атап өтті.
Сонымен қатар, Колумбияның қорғаныс министрі билік Венесуэлада орналасқан «Tren de Aragua» қылмыстық синдикаты мен АҚШ террористік ұйым деп таныған, Венесуэлада базалары бар ELN қарулы тобының жетекшілерінің қозғалысын мұқият бақылап отырғанын айтты. Венесуэламен шекарадағы ұзындығы шамамен 1400 миль болатын аумақты қорғау үшін 30 мыңға жуық колумбиялық әскери қызметкер жұмылдырылған.
"Біз бұл топтарды жеңуге немесе оларға қарсы тұруға дайынбыз", - деді Педро Санчес.
Тарихи тұрғыда АҚШ пен Колумбия арасында тығыз әріптестік орнаған. Колумбия жыл сайын АҚШ-тан әскери және өзге де салалар бойынша жүздеген миллион доллар көлемінде көмек алып келген. Алайда 2022 жылы Густаво Петро билікке келгеннен кейін екіжақты қатынастар әлсірей түсті. Дональд Трамп тұсында бұл байланыстар одан әрі салқындаған.
Қазан айында Трамп әкімшілігі Густаво Петро мен оның отбасы мүшелеріне есірткі саудасымен байланысы бар деген айыппен санкция енгізді. Алайда Колумбия президенті бұл айыптауларды жоққа шығарады.
Сондай-ақ екі апта бұрын Колумбия билігі АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсетке елге келіп, Колумбияның есірткі тасымалына қарсы жүргізіп жатқан шараларымен танысуға шақырған хат жолдағаны хабарланды.
Бұған дейін Дональд Трамп Колумбия президенті Густаво Петроға қатысты қатаң мәлімдеме жасап, оның «кокаин өндіріп, оны АҚШ-қа сатуды ұзақ уақыт жалғастыра алмайтынын» айтқан болатын.