Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:37

Донбасс мәселесі шешілмеді: Трамп пен Зеленский кездесуінің нәтижелері

Зеленский мен Трамп
Фото: ашық дереккөз

Украина президенті Зеленскийдің айтуынша, бейбітшілік жоспарының 90 пайызы келісілгенімен, Донбасстың тағдыры әлі түбегейлі шешілген жоқ.

Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында Дональд Трамп пен Зеленский арасында өткен кездесу нақты нәтижесіз аяқталды. Палм-Бич қаласында 28 желтоқсан, жексенбі күні өткен келіссөздер екі жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Бұл – жыл басынан бері екі көшбасшының төртінші кездесуі.

Бейбіт келісімнің қашан жасалуы мүмкін деген сұраққа жауап берген АҚШ президенті бірлескен баспасөз мәслихатында:

 «Егер бәрі өте жақсы жүрсе – мүмкін бірнеше апта ішінде. Егер нашарлау болса – ұзағырақ. Ал егер өте нашар болса – мүлде ештеңе шықпауы да мүмкін», – деді.

Трамп Украинадағы соғысты Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең қанды әрі ең ауқымды соғыс деп атады.

Ал Украина президенті Зеленский 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарының 90 пайызы келісілгенін, ал АҚШ–Украина қауіпсіздік кепілдіктері 100 пайызға жуық пысықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ–Еуропа–Украина арасындағы қауіпсіздік кепілдіктері де іс жүзінде дайын.

Трамптың сөзінше, Киевтің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі жауапкершілікті Еуропа өз мойнына алады, алайда АҚШ та бұл бағытта көмектесуге дайын.

Зеленский даулы мәселелерді түбегейлі реттеу үшін алдағы апталарда екі елдің жұмыс топтары кездесетінін айтты. Сондай-ақ, қаңтар айында Еуропа лидерлері мен Украина делегациясының Вашингтонға сапармен келуі мүмкін екенін жеткізді.

Алайда тараптар Донбасс аумақтарының мәртебесі бойынша ортақ шешімге әлі келе алған жоқ. Ақ үй басшысы Украина мен Ресей бұл мәселеде «бір-біріне жақындап келе жатқанын» айтқанымен, оның аса күрделі күйінде қалып отырғанын мойындады.

 «Бұл мәселе әлі шешілген жоқ, бірақ біз шешімге біршама жақындадық. Өте күрделі мәселе, дегенмен мен оның түбі бір шешілетініне сенемін», – деді Трамп.

 

Зеленский Трамптың бейбітшілік жоспарының жекелеген тармақтары бойынша референдум өткізу мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Запорожье атом электр станциясына (ЗАЭС) қатысты Трамп бұл тақырыпты Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы талқылағанын айтты. Оның сөзінше, Путин станцияны Украинамен бірлесіп іске қосу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, Трамп Ресей ЗАЭС-ті ракетамен атқылап жатқан жоқ деп сендірді. Бұл мәлімдемеге Зеленский түсініктеме берген жоқ.

АҚШ президентінің нұсқасы бойынша, Мәскеу Украинаны қалпына келтіруге көмектесуге ниетті.

«Ресей Украинаның табысты болғанын қалайды», – деді Трамп және Путин электр энергиясын «өте төмен бағамен жеткізуге дайын» екенін айтты.

Келіссөздер басталар алдында АҚШ пен Украина президенттері Еуропа көшбасшыларымен бірлескен телефон арқылы сөйлескен. Сонымен қатар, Трамп Зеленскиймен кездесудің алдында Путинмен де телефон арқылы байланысқа шыққан.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, бұл қоңырау Трамптың бастамасымен өтіп, 1 сағат 15 минутқа созылған. Путин Анкоридж саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарға алдағы уақытта да сүйену маңызды екенін атап өткен. Сондай-ақ, ол Трамптың арнайы жұмыс топтары аясында келіссөздерді жалғастыру ұсынысына келіскен.