Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:43

Донбассқа талас: Ресей мен Украина соғысы шешуші кезеңге жетті ме?

Зеленский
Фото: Reuters

Украина мен Ресей арасындағы соғыс ушығып тұр. Қазір майдан даласындағы ұрыс қимылдары мен үстел басындағы келіссөздер қатар жүріп жатыр.

Бірақ екі жақта да нәтиже аз. Ресей әскері алға жылжи алар емес, Украина қарулы күштері қарсыластарына күйрете соққы бере алмай отыр. Ал соғыс тоқтату жөніндегі келіссөздер бір арнаға тоғыспай, ұзаққа созылып барады. 

Бірақ кейінгі кезде Киев ымыраға келуге бейім екенін аңғарта бастады. Мысалы, Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Еуропа елдері қауіпсіздік кепілдігін берсе, НАТО-ға кіруден бас тартуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинада президент сайлауын өткізу жөніндегі талабын да қолдай кетті. Бірақ «сайлау кезінде ұрыс қимылдарын тоқтату керек» дейді.

Сарапшылар Зеленскийдің мұндай келісімпаз ұстанымын екі түрлі бағалады. Кейбірі «Киев соғыстан қалжырады, тез арада ұрысты тоқтатпаса, жағдайы қиындай түседі» десе, екінші топ мұны «Зеленскийдің тактикалық жүрісі» деп бағалап отыр. Яғни, келіссөзге кедергі келтірмей, соғысты тоқтатуға ынталы екенін әлемдік қауымдастық алдында дәлелдеуді, сол арқылы одақтастарының қолдауына бөленуді көздейді. Сондай-ақ президент сайлауын өткізуге келісу арқылы ұрысты уақытша болса да тоқтатып, тыныстап алуды жөн санайды. Бірақ мұндайға Мәскеу жол бермейді. Мысалы, Германия канцлері Фридрих Мерц ұсынған Рождество мен Жаңа жыл мерекесіне орай атысты уақытша тоқтату жоспарын Украина қолдап, Ресей қарсы шықты.

Берлин келіссөзінде не айтылды?

Сөз басында соғыс пен келіссөз қатар жүріп жатыр дегенді бекер айтқан жоқпыз. 14-15 желтоқсанда Берлинде Украина мен АҚШ өкілдері арасында кездесу өтті. Украина тарапынан келіссөзге президент В.Зеленский, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров және Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатов қатысты. Ал АҚШ атынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер келді. 14 желтоқсандағы келіссөз бес сағатқа, 15 желтоқсандағы кездесу екі сағатқа созылған.

Кездесуде АҚШ ұсынған 20 тармақтан тұратын жаңарған бейбіт жоспар, Украинаға экономикалық қолдау көрсету, қауіпсіздік мәселелері және Запорожье атом электр станциясының болашағы талқыланған. Бірақ келіссөз нәтижесі жайлы дәл қазір дөп басып бірдеңе деу қиын. Трамп «біз келісімге келуге бұрын-сонды болмаған деңгейде жақындай түстік» десе, Зеленский «Киев пен Вашингтонның аумақтық мәселеге қатысты ұстанымы әзірге бір-бірінен алшақ» деп мәлімдеді. Ал Ресей президенті В.Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков тіпті «Берлин келіссөзінің нәтижесі туралы еш ақпарат алмағанын» айтты.

Wall Street Journal басылымы Берлиндегі кездесу өте ауыр өткенін жазды. Өйткені әр тараптың соғыс пен бейбітшілікке қатысты ұстанымы әртүрлі. АҚШ өкілдері Киевке Донбасстан украин әскерін шығарып, оның орнына аумақты «демилитаризацияланған аймақ» не «еркін экономикалық аймақ» ретінде белгілеуді ұсынған. Бірақ Украина тарапы бұған үзілді-кесілді қарсы. Германияның Bild газеті «Украина мұндай қадамға барса, Ресей өз әскерін кері әкетуден бас тартады деген қауіп бар» деп жазды. Ал Зеленский «Ресей тұтас Донбассты бақылауда ұстап қалуға тырысып отыр» деп мәлімдеді.

Украина майдан сызығындағы әскерін сақтап қалуды талап етіп отыр. Олар Ресей өз әскерін белгілі қашықтыққа дейін әкетсе, сол пропорцияда ғана шегінуге келісуі мүмкін. Қазіргі жоспар Ресей әскерін Харьков, Сумы және Днепропетровск облыстарындағы басып алған жерлерден шығаруды көздейді. Бірақ Мәскеу Донецк, Луганск, Запорожье және Херсонды шеңгелінен шығара қоймасы анық.

Зеленский аумақтық мәселелер бойынша түпкілікті шешімді Украина халқы референдум немесе сайлау форматында қабылдауы тиіс деп санайды. Яғни, халықтың келісімінсіз жерімізді жауға бермейміз деп отыр. Ал референдум өтсе, украин жұрты жер беруді қолдай қоюы екіталай. Киев халықаралық социология институтының жаңа сауалнамасына сәйкес, украиндардың 63 пайызы соғыс «қанша қажет болса, сонша уақытқа жалғасқанын» қолдайды.

АҚШ өкілдері Украина соғыста жеңіліп жатыр, егер соғыс созылса, толық жеңіледі деп санайды. Бірақ Украина әскерилері мен еуропалық саясаткерлер жеткілікті қолдау болса, Украина кемінде тағы бір жыл бойы, тіпті одан да ұзақ қорғана алады деп болжайды. Ең маңыздысы, Украина халқы мен президенті соғысты тоқтату үшін теңсіз келісімдер жасауға қарсы. Зеленский бейбітшілікке жетуге ынталы, бірақ ол үшін қару мен әскерден бас тартып, елін дәрменсіз күйде қалдырғысы келмейді. Ол «Донбасстан әскер шығару – соғысты тоқтату емес, уақытша кейінге қалдыру» деп есептейді.

Қарашаның аяғында БАҚ-та АҚШ-тың 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспары жарияланған. Сарапшылар оның Ресейге ғана тиімді екенін айтты. Қазір бұл жоспар біршама өзгеріске ұшырап, тармақтары қысқарған. 16 желтоқсан күні Зеленский Нидерландыға сапары кезінде тілшілерге АҚШ тарапы Ресейге жаңарған, 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынатынын айтты. Ал 17 желтоқсанда Bloomberg басылымы «бейбітшілік келісімі сәтсіз аяқталса, Вашингтон Мәскеуге жаңа санкция салатынын» хабарлады.

Ұрыс қимылдары тоқтаған жоқ

Еуропада келіссөз жүріп жатқанда майдан даласында дрон шабуылы қызды. 16-17 желтоқсанда Киев пен Мәскеу бір-біріне бірнеше жойқын соққы жасады. Мысалы, сәрсенбінің таңында Украина қарулы күштері Ресейдің түнгі шабуылы кезінде 30-дан аса дронды атып түсіргенін хабарлады. Украина әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей әскерлері Украинаға 69 дронмен шабуылдаған, 17 желтоқсан таңғы сағат 9:00-ге дейін олардың 37-сі атып түсірілген.

Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі сәрсенбіге қараған түнде Ресейдің алты аймағында, сондай-ақ Қара теңіз бен Азов теңізі аумағында Украинаның 94 дронын атып түсіргенін хабарлады. Министрліктің мәліметінше, 53 дрон – Краснодар өлкесі мен Ростов облысында, қалғаны – Брянск, Воронеж, Волгоград, Саратов облыстары және Қара теңіз бен Азов теңізі үстінде нысанаға ілінген. Билік өкілдері Краснодар өлкесінің Славян ауданында дрон шабуылы салдарынан екі адам жарақат алып, жеке үйлерге зақым келгенін айтты.

Сәрсенбі күні Ресей әскери күштері Запорожье қаласы мен Запорожье аймағына үш әуе шабуылын жасап, облыс орталығындағы екі тұрғын үйге соққы берді. Запорожье облыстық әкімшілігінің басшысы Иван Федоров тұрғын үйлерге жасалған шабуылдан 26 адам жарақат алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ кешке Ресей дрондары Одесса облысы мен Украинаның басқа да аймақтарын атқылады. Одесса облысына жасалған шабуылдан 62 мыңнан астам отбасы электр қуатынсыз қалған.

Сондай-ақ Украина қарулы күштері де Ресей аумағына бірқатар шабуыл жасады. 17 желтоқсанға қараған түнде Краснодар өлкесіндегі Славянск-на-Кубань қаласындағы мұнай өңдеу зауытына дронмен соққы берген. Краснодар өлкесінің әкімшілігі шабуылдан Славянск ауданындағы екі жоғары вольтты электр желісіне зақым келіп, 39 мың адам электр қуатынсыз қалғанын хабарлады.

ЕО елдері Украинаға қалай көмектеседі?

Жақында Reuters агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, Еуроодақ елдері Украинаға көмек көрсету үшін Ресейдің бұғаттаулы активін пайдалануды көздеп отырғанын хабарлады. ЕО елдерінің көбі бұл қаражатты Украинаға өтемақы ретінде пайдалануды қолдайды, бірақ активтің көп бөлігі орналасқан Бельгия үкіметі бұл шешімге қарсы. Брюссель активті пайдалану бойынша барлық заңды және қаржылық тәуекелді өз мойнына алғысы келмейді. Басылымның мәліметінше, Еуроодақ елдерінде Ресейдің 210 млрд еуро активі бар. Оның 185 миллиарды – Бельгияда, 18 миллиарды – Францияда, қалған бөлігі – Люксембург, Германия және Швецияда.

16 желтоқсанда Украина қорғаныс министрі Денис Шмыгаль Украина одақтастарының 32-кездесуінің нәтижесін баяндады. Шмыгаль биыл жыл аяғына дейін Украина рекордтық мөлшерде 45 млрд доллар әскери көмек ала алатынын, ал келер жылы Киевтің қорғанысқа деген жалпы қажеттілігі 120 млрд долларға жететінін хабарлады. «Украина бұл соманың жартысын өз ресурсымен жаба алады. Ал қалған 60 млрд доллар серіктестерден келуі керек», – деді Шмыгаль.

Шмыгальдің айтуынша, одақтастардың кезекті жиынынан кейін бірқатар маңызды шешім қабылданды. Атап айтқанда, 2026 жылы Германия Украинаға – 11,5 млрд еуро, Ұлыбритания – 600 млн фунт стерлинг, Нидерланды – 700 млн еуро, Дания – 250 млн еуро, Эстония – шамамен 142 млн еуро, Латвия – шамамен 110 млн еуро, Литва – шамамен 220 млн еуро, Люксембург – 115 млн еуро, Норвегия – 7 млрд доллар көлемінде көмек көрсетеді. Ал Чехия Киевке 760 000 дана оқ-дәрі жеткізеді.

Қалиакбар Үсемханұлы
Қалиакбар Үсемханұлы

Қалиакбар Үсемханұлы, сарапшы: Бұл – басқа соғыс

– Украина мен Ресей арасындағы соғыс 4 жылға таяп қалды. Қандай қуатты ел болса да 3 жылдан аса уақыт толассыз соғысу оңай емес. Бұл әскери күшке де, экономикаға да, әскерлердің ерік-жігеріне де үлкен салмақ екені анық. Оның үстіне қазіргі соғыс бұрынғы классикалық соғысқа мүлде ұқсамайды. Бұрын адам күші мен қару басты рөл ойнаса, қазіргі жасанды сана дәуірінде соғыстың рөлі басқаша сипат алып кетті. Адам күші екінші орынға ығысты. Яғни, Украина-Ресей соғысы – нағыз дрондар соғысының алғашқы кезеңі. Бұл соғыстың жалпы бет-бейнесін өзгерткен ұрыс болды. Бұрын танкі, ұшақ, зеңбірекпен бір-бірін атқылау басты орында тұрса, бұл соғыста ең басты орынға дрондар шықты. Яғни, жаңа ғасырдағы дрон соғысының бастауы болды. Бұл әлемді қайта қаруланудың, соның ішінде дрон өндірісіне басымдық берудің бастамасы.

Соғыстың нақты жағдайына келсек, қазір екі тарап та әбден қалжырады, екі елдің экономикасына, әлеуметтік жағдайына, әскери қосынның жалпы күйіне үлкен қысым түсті. Сондықтан екі тарап келісімге келудің жолдарын іздей бастады. Әсіресе келісім жасасуға Украина аса мүдделі, ал Ресей әлі де сіңіріне сүйеніп, кері тартып тұр деуге болады. Мәскеу өз мақсатына жету үшін әлі де біраз уақыт соғысуға даяр екенін аңғартты. Олар «Украина Донбасстан кетуі керек, кетпесе – соғыса береміз» деп соғысты ұзаққа жалғастыратын емеурін танытты.

Украина келісімге келуге неге мүдделі? Бұл, бір жағынан, АҚШ-тың қысымы, екінші жағынан, Украина тарапы қатты қалжырады. Соғыс басталғаннан бері олар қорғаныста тұр, кей тарапта шабуылдар ұйымдастырғанмен, жалпы барысында Украина қорғаныста. Соғыс басталған кезде Украинада 250 мың әскер болса, қазір миллионға жуық азамат қолына қару алып, соғысқа кірген. Оның үстіне майдан шебінің ұзындығы 1 200 шақырымға таяу болуы Украинаның қорғанысына үлкен салмақ салды.

Қазір майдандағы жағдай позициялық соғыс, екі тарап аңдысқан жағдайда тұр. Екі тарап адымдап алға ілгерілеп кетпесе де, табандап болса да алға жылжуға тырысуда. Яғни, үлкен ілгерілеу жоқ, бірақ, соған қарамастан, екі тараптың да шығыны аз емес. Әсіресе Ресей тарапынан шығын орасан. Өйткені соғыстың жалпы табиғаты солай, қорғаныста тұрған елден гөрі шабуылдап келген жақтың шығыны көп болады. Сондықтан Ресейдің майдан шебіндегі шығыны Украинадан әлдеқайда көп. Осы тұрғыдан алғанда, соғыс шешуші кезеңге жетті деп айтуға болады. Бірақ аяқталуға жақын деп кесіп-пішуге әлі ерте.

Ресей кейінгі айларда Донбасс бағытында тактикалық іргерілеуге қол жеткізді. Бірақ бұл стратегиялық жеңіс емес, тек тактикалық алға жылжу ғана. Ресейдің осы аздаған жетістігін жалпы шығынымен салыстырғанда түкке тұрғысыз, өйткені шығыны орасан үлкен. Мәскеу әскери, техника, экономика тұрғысынан Украина даласында жеңіп жатыр деп айта алмаймыз. Мысалы, соғыс 2022 жылы 24 ақпанда басталғаннан бері Ресей Донбасс өңірінің 33 пайызын басып алды. Ал Украина аймақтың 22,6 пайызын өз бақылауында ұстап отыр. Донбасстың қалған бөлігін ресейшіл күштер 2022 жылға дейін (2014-2022 жылдары) өз бақылауына алып болған. Демек Ресей осы қарқынымен жүрсе, Донбассты толық басып алу үшін кем дегенде әлі 3 жыл соғысуы керек, ол аралықта жылына 150 мың әскерінен айырылуы мүмкін. Соғыстың аяқталуына әлі ерте деп отырғаным сондықтан. БАҚ-тағы «Украина Донбасстан толық айырылды» деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Бұл өңірде Украина қарулы күштерінің ең бекем бекінісі жатыр. Сол үшін де Украина бұл өңірден кеткісі келмейді. Мұндай ақпараттың тарауы – майдан даласындағы соғыспен қатар ақпараттық соғыс та жүріп жатқанын аңғартады. Украина Донбасстан шегінеді, жеңілуі мүмкін деген ақпараттар Ресейдің ақпараттық соғысының ықпалы болса керек деп топшылаймын.

Украина-Ресей соғысын бейбіт жолмен шешуге талпыныс жасалып жатыр. Алғаш соғыс басталғанда да Украина тарабы мәселені келіссөз арқылы шешуге талпынған. Бірақ бастапқы кезде Ресей Украинаға өте көп шарт қойып, келіссөзден бас тартпаса да, өзінің өктемдігін көрсеткісі келді. Ыстамбұлдағы кездесулерде де солай болды. Яғни, Украинаға қысым көрсетіп, үстемдік жасап, айтқанына көндіруге тырысты. Ал қазір АҚШ араласып, бейбіт келісімді жасасуға тырысуда. Ресей соғыс басталған кезде қойған 8 немесе 10 түрлі талабының бір бөлігін қысқартты. Соның ішінде ең таласты түйін болып тұрған мәселе – Украина әскерінің санын азайту, Украинаның НАТО-ға кірмеуі және жер мәселесі. Дәл қазіргі жағдайдан алып қарағанда, егер екі тарап өз айтқанына қасарысып тұрып алатын болса, соғыс аяқталмауы мүмкін.

Қазір қауіпсіздік кепілдігі мен жер мәселесі ең басты дауға айналды. Яғни, бәрі Донбассқа иелік ету мәселесіне келіп тіреліп тұр. Бұл мәселені шешу өте қиын түйінге айналды. Украина қауіпсіздік кепілдігін беруді сұрап, кепілдік Трамптың сөзімен емес, АҚШ Конгресінің заңды мақұлдауынан өтуі керек деп талап етті. Украинаның бұл талабын түсінуге болады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген сөз бар. Украина жаңа кепілдік Будапешт келісімі сияқты болып қала ма деп қауіптенеді. Украина ядролық қарудан бас тартқан кезде де осындай кепілдік берілген. Бірақ оның сақталмағанын қазіргі соғыс көрсетіп берді. АҚШ бұл келіссөзде Ресейдің де қабағына қарайды, сондықтан Киевке кепілдік беріп, Мәскеу тағы шабуыл бастаса, олармен біз соғысамыз деуден тайсақтап отыр.

Сондай-ақ Украина Донбасстан әскерін әкетуге қарсы. Донбасстан шықсақ, Ресейдің жаңа шабуылына жол ашылуы мүмкін деп қауіптенеді. Яғни, Киев аймақтағы бекем бекінісінен бас тартқан соң қарсылас жаңа шабуылға шықса, қорғана алмай қалуы мүмкін. Халықаралық әскери сарапшылар да «Украинаның Донбасстан әскерін әкетуі үлкен қателік болады» деп топшылайды. Донбассты толық басып алу үшін Ресей әлі 3 жыл соғысуы қажет екенін айттық, демек осындай бекем бекіністі тастап кету Украинаға тиімсіз болатыны анық.

Бейбіт келісім қандай жағдайда жасалады? Ресей қазіргі майдан сызығынан кемінде 20 шақырым кейін шегініп, Украина қазір Донбасс өңіріндегі өзі бақылап тұрған аумақтан әскерін әкетсін, бұл аумақ екі тарапқа да тәуелді болмайды, оған иелік мәселесі кейін келіссөз арқылы шешіледі деген келісім жасалса, бұған Украина келісуі мүмкін. Ал Украина әскерін әкетсін, Ресей қалсын десе, бұған Киев келіспейді. Онда соғыс әрі қарай жалғасады. Сондықтан келісімге келу-келмеу мәселесі тікелей Донбасстың иелік құқығына байланысты болып тұр. Қазіргі әңгіме классикалық бейбіт келіссөз емес, позицияны бекемдеу мен саудаласуға дайындалу кезеңі деп есептеймін.

АҚШ пен Ресей Украинаға әскеріңді Донбасстан алып кет деп отыр. Бірақ бұл мәселені әр тарап қалай қабылдайды деген сұрақ бар. Украин халқы мұны жеңіліс деп қабылдайды. Бұл билік ішіндегі саяси дағдарысқа себеп болуы мүмкін. Ал Ресей үшін бұл жартылай жеңіс саналады. Яғни, Донбассты аламыз дедік, алдық деген есепке жақсы. Бұл аумаққа соғыспен емес, қысым жасау арқылы қол жеткізсе, Мәскеу үшін үлкен жеңіс саналады. Демек Украинаны өз аумағынан бас тартуға шақырған келісім соғысты уақытша тоқтатуы мүмкін, бірақ жанжалды біржола шеше алмайды. Бұл бейбітшілік емес, үзіліс болады. Ал үзілістен кейін соғыс қайта жалғасатыны сөзсіз. Киевтің қазір майдан шебі бойынша соғысты тоқтатайық деп отырғаны – олар әбден қалжырады, аздап тыныстап алуды көздеп отыр. Ресей осыны біліп, уақытша тоқтатуға келіспей отыр. Кремль соғысты дәл қазір тоқтатып, бәрін қазір шешіп алғысы келеді. Ал Украина уақытша тоқтатып, қалған мәселені ақылдасып шешуге ниетті. Демек екі тараптың да өз ойлағаны бар.

Зеленскийдің кейінгі мәлімдемелері келісімге келуге икемділік танытқандай көрінеді. Бірақ, шын мәнінде, олай емес, оның ұстанымы өзгерген жоқ. Зеленскийдің НАТО-дан бас тартуға дайын екенін айтуы – әлсіздік танытқаны емес, тактикалық маневр жасағаны. Өйткені Украина тоқтаусыз соғыса беруге күші жететін бай ел емес. Экономикалық қуаты соғыс кезінде қатты құлдырады, соғысқа дейін де жемқорлық жайлаған әлсіз ел болатын. Екіншіден, НАТО-сыз да қауіпсіздік кепілдігі болуы мүмкін деген сценарий қазір пісіп-жетілді. Яғни, АҚШ және Ұлыбритания бастаған Батыс елдері Украинаға НАТО-ға балама ретінде қауіпсіздік кепілдігін беруі мүмкін. Қазір осы мәселе талқыланып жатқан болуы ықтимал. Сондай-ақ Зеленский келіссөзге кінәлі болып көрінбеу үшін алғашқы қадамды жұмсақ жасап отыр. Яғни, бірден қатты келіп, АҚШ-пен тіл табыспай қалудан сақтанып отыр. АҚШ-тың бейбітшілік жоспарын қолдай отырып, өзінің ұсынысын енгізуге бел буған. Бұл жерде Зеленскийдің жүргізіп отырған тактикасы тиімді деп есептеймін.

Қуаныш Қаппас