Донор жолы. Анкетадан адамға дейін

Қан және тарих
Бүгінгі медицина трансфузиологиялық әдістерді, яғни, қан құюды жиі қолданады.
Қан құю – онкологиялық ауруларды, қан, жүрек-қан тамырлар жүйесін емдеуде, хирургиялық, трансплантациялық операциялар жасауда, апатқа ұшыраған, қатты күйген, уланған, көп қан жоғалтқан адамдарды аман алып қалуда аса қажетті процедура. Мұндай күрделі жағдайларда қан айналымы нашарлап, ағзаларына оттегі бармай қалған пациентті қан құюдан басқа әдіс құтқара алмайды. Айналымдағы қанның 40 пайызын немесе дене салмағының 4-4,5 пайызына тең көлемін жоғалту өлімге әкеп соқтырады. Сол себептен қанды тоқтату бір жұмыс та, оны толықтыру тағы бір қажеттілік.
Медицина мен ғылым дамымаған сонау 1665 жылы ағылшын дәрігері Ричард Лауер сау иттен қансырап өлейін деп жатқан итке қан құйып, аман алып қалады. Осылайша, тіршілік иесінің өмірін сақтап қалу үшін қан құю әдісін пайдалануға болатыны дәлелденді. Ал 1881 жылы британдық дәрігер Джеймс Бланделл адамзат тарихындағы алғашқы қан құю процесін сәтті аяқтап, босану кезінде көп қан жоғалтқан әйелдің өмірін құтқарады. Бұл жаңалық медицинада ұлы төңкеріс жасады. Кейіннен химик ғалым, американдық дәрігер Карл Ландштейнер қанның бірнеше топқа бөлінетінін анықтап, бұл еңбегі үшін «Нобель» сыйлығын алғанын білеміз. Қан топтары мен резус-фактор ашылғаннан кейін қан құю медицинаның қалыпты әрі қауіпсіз процесіне айналды. Ал бүгінде трансфузиология жүйелі алгоритм мен жоғары технология негізінде жұмыс істейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде 118,5 миллион қан донациясы алынады. Қазіргі таңда әлемнің 169 елінде 13 300 қан орталығы бар. Біздің елге келсек, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңға сәйкес, 18 жастан асқан, дені сау, медициналық тексерістен өткен, ерікті тілек білдірген кез келген адам донор бола алады. Донорлық алдындағы медициналық тексеріс және қан тапсыру күндері азаматтар орташа еңбекақының сақталуымен жұмыстан босатылады. Және қосымша тағы бір күн демалыс беріледі. Ал студенттер мен оқушылар сабақтан босатылады.
Қан және донор
– Донор жолы тіркеу бөлімінде анкета толтырудан басталады. Себебі, бірқатар медициналық көрсетілімдерге байланысты донорлыққа қан тапсыруға тыйым салынған. Мәселен, инфекциялық, паразиттік аурулармен, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі, бауыр ауруларымен, бүйрек-зәр шығару жолдарының декомпенсациясымен ауырған, психикалық ауытқуы бар және көзі толық көрмейтін, дұрыс естімейтін, құлағы ауыр адамдардан донорлыққа қан мүлде алынбайды. Ал уақытша шектеулер оталар мен дәрі қабылдауларды айтпағанда, ангина, тұмау сынды қарапайым әрі көп таралған ауруларға да байланысты. Тіпті, тіс емханасына барып емделген соң 10 күн донорлыққа қан тапсыруға болмайды. Антибиотиктер қабылдаған соң екі апта, ауруды басатын анальгетиктер мен салицилаттар қабылдаған соң үш күн, цитрамон, аспирин сынды халық көп тұтынатын дәрілерді ішкен соң бес күн, ине (укол) алғандар, пирсинг немесе тату жасатқандар төрт ай донорлыққа қан тапсыра алмайды. Осындай тыйымдар анықталмаған адам сынамаға қан тапсырады. Кәдімгі бәріміз азанда аш қарынға тапсыратын анализ бұл. Қан сол мезетте сынамаға жіберіліп, 15 минутта нәтижесі шығады. Нәтиже жақсы болса донор терапевт дәрігерге тексеріске жіберіледі. Терапевт адамның бойын, салмағын, қан қысымын өлшеп, қысқаша әңгіме жүргізіп, жалпы тексеріс өткізген соң ғана донорлыққа қан тапсыруға келісім береді. Әдетте терапевтке келген он адамның тоғызы донорлыққа қан тапсыруға жіберіледі, – дейді Алматы қан орталығының директоры Жандос Нәдіров.
Алдымен донорларға ағзадағы қан айналымын жақсарту үшін тәтті шай беріледі. Асханадағы қызметтер де толық тегін. Одан соң қан тапсыру залына барып, 15 минут арнайы бір реттік полиэтилендік контейнерлер арқылы қанды тапсыру процесі жүреді. Біз көрген мұндай стерильді пакет-контейнерлер отандық өндіріске тиесілі. Медициналық құралдан «Қазақстанда жасалған» деген жазуды көру бір ғанибет екен. Қан тапсырып, процесті сезініп көрмек болғанбыз. Алайда, терапевттің тексерісінен өтпей қалдық. Бес күннен кейін келіңіз деген жауаптан соң, қан тапсыруға жарамды деп табылған донорлармен тілдестік.
– Бүгін қан тапсыруға бесінші рет келдім. Бір досымның жақыны көп қан жоғалтып, халі қатты нашарлаған еді. Дәрігерлер донорлық қан құйып аман алып қалды. Сол оқиғадан соң қан беруді әдетке айналдырдым. Мұқтаж адамдар көп болғандықтан қан тапсыратын донорлар да көп болуы керек деп есептеймін, – деді қан тапсыру креслосында отырған 40 жастағы Әбдірашид Тұрсын.
Ал 38 жастағы Шухрат Абдрахманов сирек кездесетін 3-топтағы теріс резусты қан иесі.
– Жылына екі рет тұрақты түрде келіп қан тапсырамын. Бұл мен үшін қанша жылдан бері қалыптасқан дағдылы нәрсе. Қаным сирек кездесетін топқа жататындықтан, кейде қан орталығы өзі қоңырау шалып шақырады. Ондай кездерде де қалмай келуге тырысамын, – дейді ол.
Қан және қауіпсіздік
Осымен донор жолы бітті. Ал медицинаның жұмысы енді қызады. Қан қайта зерттеледі. Бұл орайда өте күрделі аппараттар мен әртүрлі технология, және жоғары білікті мамандар жұмылдырылады. Алматы қалалық қан орталығының «Қанды зерттеу» бөлімінің меңгерушісі Зәуреш Қаражігітовамен бірге орталықтағы зертхананы аралап, қанды зерттеу процесін өз көзімізбен көрдік.
– Біздің басты мақсатымыз – қанның қауіпсіздігі. Қауіпсіздіктің екі принципі бар: иммунологиялық – қан тобын тексеру, инфекциялық – ИХЛ, ПТР (ПЦР) сынамалары. Қан тобы донор қанды тапсырмай тұрып та, және тапсырғаннан кейін де тексеріледі. Себебі қан тобын шатастырып құю аса ауыр зардаптарға әкеледі. Осылайша, қауіптің алдын алу мақсатында иммунологиялық сынама екі рет жүргізіледі. Ал инфекциялық сынама ұзақ әрі күрделі процесс. Алдымен ИХЛ сынама арқылы қанда инфекцияның бар немесе жоқтығын анықтаймыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес, төрт түрлі инфекцияға скрининг міндеттелген: АИТВ (ВИЧ), сифилис, В және С гепатиті. Аталған инфекциялар анықталмаған таза қан ПТР сынамаға жіберіледі. Коронавирус кезінде халық атауын жаттап алған ПТР тест вирустық инфекциялардың бар-жоқтығын қайта тексеріп, терең әрі ұзақ талдау жасайды. Инфекциялық тексерістен донацияның тек екі пайызы өтпей қалады. Бұл сынамаларды жүргізу үшін ДДСҰ ұсынған жабық типтегі аппараттар қолданылады. Қазіргі таңда қолданылып жатқан техниканың бәрі стандарттарға сай, соңғы үлгідегі аппараттар. 5-7 жыл сайын ескі аппараттар жаңа үлгіге ауыстырылады. Аппараттардың өзін тұрақты түрде тексеріп отырамыз. Мәселен, қан тобы анықталып қойған сынаманы қайта тексереміз. Және Республикалық трансфузиология орталығынан келген арнайы сынаманың нәтижелерін, аппарат шығарған көрсеткіштерді тіркеп, нормалармен салыстырып, жұмыстың дұрыстығына көз жеткізіп тұрамыз. Сәйкесінше, адами фактордың да, техникалық қателіктердің де алдын аламыз, – дейді Зәуреш Қаражігітова.
Расымен, сықырлап сынып, әрең тұрған аппараттар көзге ұшыраспады. Бәрі жаңа, бәрі таза. Бұл аппараттарға адам қолы да сирек тиеді екен. Бәрін өзі алады, салады, тексереді, тасымалдай да береді. Медицина мәшинелердің ескілігін кешірмейтін көрінеді. Осы тексерулер барысында жарамсыз деп танылған қан бірден ортақ база арқылы медициналық утилизацияға жіберіледі. Жарамдылары арнайы температурадағы медициналық тоңазытқыштарда сақталады. Қанның қызыл бөлігі, эритроциттердің жарамдылық мерзімі 42 күн болса, сарысу плазма 2 жылдан 10 жылға дейін сақталады екен. Дайын донацияларды қан орталығынан ауруханаларға жеткізу термоконтейнерлер арқылы, тұрақты төмен температурада жүзеге асады.
Иә, қанды тұтас құю қазір сирек. Оның қызылы, сарысы, және қажетсіз ағы – лейкоциттер бөлек алынады. Қанды компоненттеп құю тұтас құюдан гөрі тиімді екені ғылыммен дәлелденген. Себебі тұтас қанды құю кезінде асқынулар қаупі жоғары. Ал компоненттеп құю кезінде адамның өз қаны мен донорлық қан тез сіңісіп кетеді, ауыр реакциялар болмайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда 19 қан орталығы бар. Республикалық ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығының деректеріне сүйенсек, елімізде 2022 жылы 236,8 мың донация, 2023 жылдың бірінші жартысында 124,4 донация алынған. Донор жетіспеушілігі жоқ. Бірақ, қанды сақтау мерзімі шектеулі болғандықтан республика бойынша күніне орта есеппен 1000 донация жасалып отыруы керек. Сонда ғана қорды бірқалыпты ұстап тұруға болады дейді мамандар. Аталған орталық Астана қаласын және ондағы республикалық маңызы бар ауруханаларды донормен толық қамтамасыз етіп отыр. Ал Алматыдағы Республикалық қан орталығы 63 ауруханамен жұмыс істейді. Мұнда күніне 50-80 донация алынады. Қалалық маңызы бар қан орталықтары да бірқалыпты жұмыс істеп жатыр. Алматы қалалық қан орталығында жыл басынан бері 10 498, Шымкент қалалық қан орталығында 14 175 донация алынған. Ешбір өңірде қан тапшылығы немесе қордың сарқылуы байқалмайды. Халықтың белсенділігі төмендеп, донор азая бастаған кезде әрбір қан орталығы тұрақты донорларына, және қан тобы сирек кездесетін адамдарға қоңырау шалып оларды қан тапсыруға шақырады екен. Әртүрлі акциялар ұйымдастырып, өздері келісім жасасқан ұйымдарға, мекемелерге барып «жылжымалы донация» өткізеді. Мысалы, Алматы қан орталығы Қорғаныс министрлігімен жасалған меморандум негізінде Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында орналасқан әскери бөлімшелерге жылына бір рет барып, әр бөлімшеден 120-150 донация әкеледі екен.
«Мұның мәні неде десеңіз, әскерге келген жас жігіттердің бәрі тепсе темір үзеді, медициналық тексерістен өткен, дені сау. Әрі олар әскерде салауатты өмір салты мен қатаң режим ұстанады. Еліміздегі дәрігерлер де тұрақты қан тапсырып тұрады. Қан орталықтары банктермен, мектептермен, тағы сол секілді ұжымдармен тығыз байланыста. Төтенше жағдай орын алғанда, қан қоры азая бастағанда осындай массалық донация алу әдістері қолданылады», – дейді орталық директоры.
Қан және дін
Қан беру сауатты да сауапты іс. Олай дейтініміз, тұрақты түрде қан алдырып тұру донордың да денсаулығына пайдалы. Дәрігерлердің сөзінше, бұл үрдіс ағзаны сергітіп, қанды жаңартады. Соның әсерінен қан айналымы, қан қысымы реттеледі. Зат алмасу мен ұйқы жақсарады. Бір адамнан екі айда бір рет 350-450 мл қан алуға болады. Зерттеушілердің айтуынша тұрақты донор орта есеппен 5 жылға ұзақ өмір сүреді екен. Әрі жылына 10-12 адамның өмірін құтқарады. Мәселен, «Қазақстанның құрметті доноры» атағын алған Александр Скаковский 25 жасынан бастап 77 жасқа дейін қан тапсырған. Осы жылдар ішінде 1200-ден астам донация берген ол қария шағында да өзін сергек сезінген. Әрі дін де трансфузияға оң көзқараста.
– Шариғат адам өмірін сақтап қалуға барынша ықпал етуге үндейді. Құранда «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады» делінген. Қан құйдыру да адам өмірін сақтап қалудың амалы болғандықтан сауапты іс болып саналады. Оның үстіне Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадистерде адам өмірін сақтап қалу, өзгеге көмектесу, қасыңдағыға қамқор болу жайлы өсиеттер бар. Сахаба Әнастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Мұңлының уайымын сейілткенді Алла жақсы көреді» (Дәйләми риуаят еткен). Ғасырмыздағы ғалымдар да қан құю арқылы адам өмірін сақтап қалу, мейлі мұсылман болсын, мұсылман болмасын, Аллаға ұнамды істің бірі екендігін айтады. Алайда, адам жақсылығының есесіне ештеңе сұрамауы керек. Адамның өмірі де, денесі де Алланың мүлкі. Себебі, оны жаратқан Алла. Адам өз денесіне иелік ете алмайды. Ал иелік ете алмаған нәрсесін сата да алмайды. Донорлыққа қан беру тек шынайы көмек түрінде жүзеге асуы керек, – дейді исламтанушы Қанат Байбосынұлы.
Ал әлем діндерінің позициясын дінтанушы Әл-Фараби Болатжан тарқатты.
– Дінде қан құю тақырыбы қызу талқыланып келеді. Исламды алсақ, Құранда қанды тағам ретінде тұтынуға, яғни ішіп, жеуге тыйым салынады. Бірақ, бір адамның тамырынан басқа адамның тамырына құюға тыйым жоқ. Пәтуашылардың пікірінше қан беруші қызметі үшін ақы алмау керек, ал процедураны тек өмірді сақтап қалу мақсатында ғана жасауға болады. Яһудилік және мәсіхшілік (христиан) діндеріне келсек, олардың ортақ кітабы – Тәуратта да қанды тағам ретінде тұтынуға болмайды делінген. Яһуди раввиндері қанды тағам ретінде тұтынуға тыйым болғанымен, оны адамнан адамға құюға тыйым жоқ дейді. Мәсіхшілік дінінің православ, католик және протестант бағыттарында да қан құюға рұқсат бар. Буддимз де қан құюға оң көзқараста. Ал индуизмнің көп тармақтары бар. Бірі қан донорлығына рұқсат берсе, басқасы тыйым салады. Зороастризм қан құю қанды ластайды, бұл Құдайдың әміріне қарсы шығу деп есептейді. Жоғарыдағы мәсіхшілдікке жататын «Ехоба Куәгерлері» тармағы қан құюға үзілді-кесілді қарсы. Олар әлгінде айтылған Леуіліктер кітабында жазылған қанды «ішіп-жемеу» бұйрығы қан құюға да қатысты деп есептейді. Аталмыш үзіндіде келтірілген «жан» деген сөзге қатты назар аударады. Яғни, қанда тірішіліктің жаны болған соң, оны басқа біреуге құюға болмайды дейді. Осыған орай, әлемде және Қазақстанда көптеген келіспеушіліктер болды. Өмірге төнген қауіпке қарамастан ата-аналар қан құюға рұқсат бермей, балалардың қайтыс болған жағдайлары жетерлік.
Ағза донорлығында коммерциялық тенденция бар болғанымен, қан донорлығы көбіне-көп гуманитарлық көмек түрінде ғана жүзеге асады. Елімізде ақылы қан донорлығы да заңды, донацияға көлеміне қарай 2-4 АЕК арасында ақы төленеді. Алайда, азаматтардың 98 пайызы қан беруді тегін көмек ретінде ұсынады.