Доп демалып жатқанда

Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды
2022 жылы Катарда өтетін дүниежүзілік доп додасының жеребесі тасталды. Қазақстан «G» тобында өнер көрсететін болды. Қарсыластың бәрі азулы, әсіресе Францияның шоқтығы биік. Олар алдыңғы жылы Ресейде өткен мундиальда алтын медаль иегерлері атанған. Былайша айтқанда, қазіргі әлем чемпиондары. Дидье Дешам шәкірттерінің осалы жоқ. ПСЖ сапындағы Киллиан Мбаппе немесе «Манчестер Юнайтедтегі» Поль Погба, тіпті «Барселонадағы» Антуан Гризманнды қаперде ұстаңыз, аяқдоптағы нағыз серкелер осылар. Қазақстан келесі жылы іріктеу матчтарын тап осы Франциямен бастайды. 28 наурызда дайын болса «Астана Аренада», қисыны келмесе Алматыдағы орталық стадионда үшжолақты елдің өкілдерімен жасыл алаңға шығамыз.
Жеребенің жақсы тұсы бұл. Қазақстанға әлем чемпиондары күнде келе бермейді. Өз өрендеріміздің оларға қарсы ойнағанын көру де жанкүйерге бір арман. Ендеше сондай сәттің тіркелер тұсы жақын. Әрине, әлем чемпиондарымен іріктеу ойындарын бастау оңай емес. Оның үстіне ұлттық біріншілік бастала қоя ма? Пандемия барысы қалай болады? Ал Еуропада наурыз айының ортасында доп додасы қызып жатады. Әлгі Киллианның да, Антуанның да нағыз бабына келетін тұсы. Өзге жігіттері де футболды өндіріп ойнайды. Еуропа ұлттар лигасында Португалияны сырт алаңда 1:0 есебімен ұтқан, соңғы турында Швецияны қабылдап, олардың қақпасына төрт гол соққан команданың қай алаңда да, Қазақстаннан үш ұпай алатыны айдан анық қой.
Талайдан ешкімге дес бермеген Франция Финляндия құрамасынан ғана жеңілді. Шамамен бір ай бұрын, 12 қарашада. Өз алаңында жолдастық кездесуде. Финляндия сапынан Маркус Форос пен Онни Валакари гол соқты. «Стад де Францта» тоғыз рет бұрыштан доп көтерген Маркку Канерва шәкірттері де футбол ойнауды бір кісідей меңгеріпті. Кез келген қарсыласын сансыратуға жақын жүреді. «Суомиға» соншалықты мән беретініміз – Финляндия да Қазақстан және Франциямен бір топта ойнайды. Жеребе түскен күні басын сәл шайқап, артынша тілге келген Маркку Канерва: «Жеребе тартуда қателіктер көп кетті. Бір-бірімен үйлеспейді дейтін құрамаларды топтан-топқа тасыды, ақыры не болды? Біз секілді күйіп кетті», – деді. Артынша сабасына түсті де, «Қатты соқты. Қақыратып жіберді десек те жарасады. Жеребе тетігін кім біліпті?! Басқара да алмайсың. Біздікі жай сөз қатарында, енді қатырып ойнау керек. Қарсыластың бәрі мықты. Тіпті Қазақстан да шаужайға жабысады. Әсіресе өз алаңында алқымнан алады, енді», – депті. Біреу жылы пікір айтса жымың ететін болдық қой. Өзге әрекетке шама келмеген соң да шығар. Жарайды, Франция шашасына шаң жұқпайды делік. Осы финдермен ойнап көруге болады, негізі, ретін тауып. Глен Камара, Теэму Пукки, Фредрик Йенсен секілді жігіттер де осы елдің бағына біткен футболшылар. «Байердегі» Лукаш Градецкиді де бәрі мақтайды.
Қарсыластың бірі – Украина. Жеребе тартылмай тұрып осы елдің мамандары «Қазақстаннан қашып құтылсақ жарар еді. Футболды өндіріп жүрген жоқ. Сол елге жету мұң» десіп, сөз саптаған көрінеді. Сөйтіп жүріп «» тобына топ ете қалды. Андрей Шевченко баптайтын құрама сапында дәл Андрейдің өзі секілді серке ойыншы жоқ. Шетел былай тұрсын. Украина біріншілігінде де кісі қызығатын футболшы аз. Мектебі мықты ма, тепкені голға айналатын жігіттер жүреді алаңда. Мысалы, Александр Яромленко. Сәл бұрын ұлттық құраманың «зеңбірегі» Александр Зинченко еді. «Манчестер сити» сапындағы шабуылшы. Қазір көбіне көлеңкеде қалып қояды. Әйтпесе шебер ойыншы. «Біз қиын топқа тап болдық. Францияны ұту кез келгеннің пешенесіне жазылмаған. Финляндиямен де осының алдындағы әлем біріншілігінің іріктеу сындарында ойнап көрдік. Мықты қарсылас екенін білетін шығарсыздар. Олар содан бері тек өсу үстінде. Еуропа чемпионатына жолдама алды. Деңгейін сол көрсеткіші де әйгілеп тұр. Қазақстан да өз алаңында қасқайып шыға келеді. Ұпай алу оңайға соқпайды. Босния және Герцеговина футболшылары да жақсы ойнайды. Осы топтан озып шығу мұратымыз десек те, екінші орынның өзі олжа болатын түрі бар», – депті бас бапкер Андрей Шевченко. Дұрыс айтады. Кілең мықтылар. Қазақстан құрамасы екінші турды Украинада өткізеді. Демек, тағы бір сын сағаты дей беріңіз. «Атланта» сапындағы Руслан Малиновский мен «Шахтер» сенім артатын Евгений Коноплянка да ұлттық құрама сапында жасындай жарқырап жүр. Киев «Динамосындағы» Виктор Цыганковты да осы тізімге қосып қойыңыз.
Әлгі Эдин Джеконың жерлестері де жеңісті жақсы көреді. Франция дара шығар. Босния және Герцеговина Украина мен Финляндиядан ұпай алуы мүмкін. ФИФА кестесінде 55-орында тұрған команда сапында Джекодан басқа да «жұлдыздар» доп тебеді. Мысалы, Миралем Пьянич. Каталония футболының көрігін қыздырып жүрген Миралемге «Барселонаның» өзі сенеді. Сенімді ойыншының бірі – Сеад Колашинац. «Сен ат, мен тұрайын» деп сөз саптайтын Сеад ағылшын «Арсеналын» өрге сүйреп жүр. Ұлттық құрамаға келгенде кімді аясын?
Төрт қарсыластың да тегеуріні мықты. Солардан бірер ұпай алсақ та, тақияға тар келмес. Даңқың болмаса, атың шықпаса, аяқдопта да алысқа ұзау қиын. Алақандай Босния және Герцеговинадан Джеко шықса, қысы түгіл, жазы да салқын Финляндия Еуропа чемпионатына жолдама алса, олардың футболда таласы бар. Допты түзу тебетін баласы бар. Ал Қазақстан ше? Ұлан-ғайыр даласы бар. Футболда наласы бар...
Қазақ футболындағы қаржы мәселесі пысықталды
Елімізде келесі аяқдоп маусымында бірталай жаңалық болатын секілді. Әзірше әңгіме жүріп жатыр. Бірақ негізсіз емес. Алдымен оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі қозғау салды. Мемлекет қаржысын желге шашуды доғару керегін ескерткен Тоқаев жергілікті әкімдіктер бұқаралық спортты дамытуға күш салсын дегенді айтты. Әсіресе сырттан келетіндерге ел қазынасынан көсіп қаржы ұсынуды қаламайтынын жеткізген. Саналы әкімдер президенттің осы тапсырмасына тыңғылықты қарауы әбден мүмін. Оның үстіне спортқа жауапты министрлік ұсыныс айтқан көрінеді. Кез келген футбол командасына облыстық бюджеттен көп дегенде 800 000 000 теңге қарастырылуы тиіс деген-ді. Ал футболшылардың жалақысы 1 млн теңге көлемінде болуы керек деген.
Тап осы талап жүзеге асырылса, отандық ойыншылардың айы оңынан туды дей беріңіз. Тағы да сол футболдағы қараулық басып кетпесе. Қараулық дегенде, біздің елдегі әкім біткен сырттан ойыншы тасығанды өте жақсы көреді. Оның үстіне әлгі ЕАЭО елдеріне қатысты шешім қабылданған соң, тіпті шаттанып алды. Ресей мен Арменияның және Беларусь футболшыларынан аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың допқа шамасы келе ме, жоқ па, оған қарайтын әкім немесе әлгі әкімнің команданы сеніп басқартқан өкілі ме, тасыды келіп. Олардың оңдырған дәнеңесі жоқ. Діңкеледі де жүрді алаңда. Алғаны қанша, орғаны қандай екені жабулы қазан ішінде.
Баяғыда оң босағада отырған қыз жігітінен жүкті болып қалыпты. Болашақ күйеудің тұрмысы нашар екен. Ата-анасы құда түсіп келсе, қыз жақ қисаятын көрінеді. «Қызымыз жас, әлі жүре тұрсын. Ұлдың көңілі болса, ешқайда кетпес. Кейін де ұзата аламыз ғой», – деп. Сонда жігіт жақтың ата-анасы риза болып, «Дұрыс айтасыздар. Балалар әлі жас. Бірін-бірі тани түссін. Біз де асығып тұрған жоқпыз», – деп. Әлгі әңгімені естіген қыз бен жігіт күйіп-пісетін көрінеді. «Тани түсу артта қалғалы қашан. Дами түсу қаупін қайтеміз?» – деп. Сол сияқты спортқа жауапты министрлік тарапынан түскен ұсынысқа кедейлеу облыстар қатты қуанып жатса керек. Ал «Қайрат» пен «Астана» мырс-мырс күледі дейді. Себебі олар мемлекетті теспей соруды мықтап меңгерген деседі. «Самұрық» «ұшып» кетпесе, қосымша миллиардтар «Астана» қоржынына түсіп тұр. «Қайрат» бюджетінің бүйірін толтыруды Қайрат Боранбаев та біліп жүр.
Алайда әлгі облысты «еміп» жүргендер қайтеді? Бірақ ол жақта да «пысықтар» баршылық. Ақша игерудің мың-сан тәсілін меңгерген. Мысалы, «Тобыл» тасып кетпесін» қорын құра салып, Қостанай облысының әкімі біраз қаржыны сол қор арқылы «Тобыл» командасына бұра салуы әбден мүмкін ғой. Григорий Бабаян 800 млн теңгеге команда жасақтайды дегенге сенетіндер аз. Ақмола облысы мен Батыс Қазақстан облысы қуанатын шығар. Әсіресе Жайық жағасындағы ел. Себебі олар қаржыны рәсуа етуге әбден қарсы. «Негізінен, Қазақстан жастары доп тепсе» деген мақсатты ұстанады. Дұрыс қой. Сырттан тасып, мүйізді шығарса, бүгінде қазақ футболы айналасын түгел «сүзіп» болар еді. Әзірше тек облыстық бюджеттен қаржы сүзіп алуға ғана жарап жүрміз.