Дөрбетхан Сұраған, математик-ғалым: Ресурс салаға емес, адамға негізделуі тиіс
Еліміздегі математика ғылымы жаһан көшінен қалмай, тың жетістіктерімен қуантып жүрген салалардың бірі.
Ал үлкенді-жас математиктеріміз бәсекеге қабілетті екенін танытып келеді. Сондай мамандардың бірі, ғылым және техника саласындағы үздік еңбектері үшін Мемлекеттік сыйлықпен марапатталған қазақ тарихындағы ең жас ғалым, еңбектеріне әлем бойынша көп сілтеме жасалған зерттеуші Дөрбетхан Сұраған «Жас Алаштың» сұрақтарына жауап берді. Қазақстандық ғалымдардың проблемалары мен академиялық еркіндік, ректорлардың әуресі мен «ғылыми-техникалық нәтиже» туралы маманның айтқан ойларын өз сөзімен беруді жөн көрдік.
Мені ғылымға жетелеген – мехмат
Біздің балалық шағымыз 90-жылдарға тұспа-тұс келді. Экономиканы айтпағанда, ол кез үлкен рухани дағдарыс кезеңі еді. Заманымыз ғылым қу демеді, қу адам бол деді. Ал айналамызда ғалым болған жоқ, болса да олардың қадірі шамалы еді. Мұндағы мәселе ғалымдардың маман ретіндегі осалдығында немесе нашарлығында емес, қоғамның жағдайы мен сұранысында. Сол себептен жас күнімде ғылым қуамын деген ой да, мақсат та болмады. Алайда іштей шығармашылыққа деген қызығушылық, жақындық бар еді. Ретроспективті тұрғыда қарайтын болсақ, бейсаналы түрде жазушы болсам деген арман да жылт еткендей екен. Әдебиетті оқып өстік. Қазақ классиктерін, «Абай жолын», «Көшпенділерді» оқысаң өзгересің. Оны бірнеше жылдан кейін қайта оқысаң тағы өсесің. Мәселен, өзім Ілияс Есенберлинді данышпан санаймын, ал Мағжан Жұмабаевты математик ретінде танимын. «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков те математик. Бұлар заманы саясатпен айналысуға сүйреген тұлғалар ғой. Сол секілді қазақтан шыққан тұңғыш физика-математика ғылымдарының кандидаты Ибадулла Ақбергенов те саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Тарихи тұлғаларды салыстыру емес, бірақ Ақбергеновтің интеллектуалды потенциалы Нобель сыйлығын алған қатарласы Канторовичтен кем болған жоқ.
Не керек, өмір жолы КазГУ-дың мехматына әкелді. Ғылымға деген қызығушылығымды еселеген осы орта. Студент болу «қызық емес» 2000-жылдары басқа университеттердегі қатарластарымыз «сендер емтиханға дайындаласыңдар ма?» деп күлетін. Расымен, біздің факультет, ондағы ғалымдар мен оқытушылар қағидаларына, принциптеріне адал болды. Емтиханда көшіру деген атымен болмайтын. Себебі ұстаздың алдына келгенде, тапсырмамен бетпе-бет қалғанда оны дәлелдеу қажет. Қазір ойлап отырсам, қалайша барлық жерді жайлаған нәрсе мехматқа жетпей қалды деген таңданыс туады.
Бүгінді бұрынғымен салыстыру – абсурд
Ол кезде әлем де, ғылым да басқа болды. Екі дүниежүзілік соғысты бастан кешкен адамзат құлдырап, рухани тұрғыдан әлсіреді. Сол бұрынғы кезеңмен салыстырар болсақ, қазір бәрі басқаша. Бірақ бүгінді бұрынғымен салыстыру – абсурд. 1990 жылдарды аға буын айтып жүр, одан бергі өзім Алматыдағы математика институтына жарты жүктемемен жұмысқа орналасқан 2008 жылдарды алайық. Жалақым – 5 мың теңге. Сонда жыл басынан бастап мамырға дейін айлық берілмейтін. Бізді қойшы, студентпіз, аш қалмаймыз. Ал бір-бір ошақты асырап отырған ұстаздарымыз бен ғалымдарымыз біріне-бірі берешек болып күн көрді. Бұл үрдіс бертінге дейін, 2018 жылдарға дейін жалғасты. Сол он жылда айлық бірде-бір рет уақытылы берілмеді. Енді келіп сондай кризисті кезеңмен бүгінгі күнімізді салыстырып, біз жетістікке жеттік дей аламыз ба? Әлбетте, бұл риторикалық сұрақ. Себебі олай салыстыру – таза популизм, жай ғана дабыра.
Қазір ғылымға ақша көп бөлініп жатыр деп жиі айтамыз. Бірақ жалпы ғылымға бөлініп жатқан сома елдегі ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткен емес, оған жуықтаған да жоқ. Демек, қазір көп деп жүргеніміздің өзі әлі де аз. Сондықтан ғалымдарға беріп жатырмыз, көбейттік, нәтижесі қайда дегеннің бәрі жоғарыда айтқанымдай, дабыра. Әрі сол қаражаттың қанша пайызы қабырғаны «краскілеуге» кетіп жатқанын ешкім нақты білмейді...
Тағы бір мәселе, ғылымның кейбір салалары бізге бюджет берілмей жатыр деп әртүрлі уәж айтады. Алайда ақшаны айғаймен алатын заман қалды. Кезінде ғылымға бөлінген азды-көпті қаражаттың бәрі әдемі сөздің артынан кеткен. Әлемдік деңгейдегі технопарк дегеннің талайын ашып, жауып тастадық, Қазақстанды хабқа айналдырамыз деп әурелендік. Солай құмға су құйғанымыз бар. Иә, мұның бәрі өтті, кетті, енді ол нәрсе бүгін бізге сабақ болуы керек. Шын мәнінде ресурс салаға емес, адамға негізделуі тиіс.
Мысал үшін, сейсмология – ғылымның бір саласы. Аталған сала алдын ала болжаймыз, ескертеміз деп миллиардтаған қаржы алды. Әрине, жылдың соңында ол толық игерілді. Енді қарапайым сұрақ болуы қажет, сол сейсмологиялық институттағы ең қарапайым ғылыми қызметкердің жалақысы қанша? Басшылықтың айлығы немесе жалпы салаға бөлінген сома емес, күнде азанда, кешке кептеліспен жұмысқа барып, келіп жүрген, үстелінде отырып жұмыс істейтін қарапайым қызметкерден бастау керек. Шынын айтқанда, осы нәрсе бәрінен де маңызды, қалғаны айтыла береді. Бір қарасаң, сейсмология керек, зерттеу керек, әлемдік деңгейдегі ғылым керек. Ал осының бәрін жасайтын министр де, басқа басшылар да емес, ғалым. Бұл орайда ғалымдарға екі түрлі көзқараспен ғана қарай аламыз: бәсекеге қабілетті не қабілетсіз. Әлбетте, ғылыми қызметкерлердің бәрі бірдей мықты дей алмаймыз. Бірақ адамға салған ақша құмға құйған ақша емес. Институттарда жұмыс істейтін санаулы маманға жағдай жасалса болғаны. Онда да ғалымдар ғылымға байлық қуып келмейді. Әлеуметтік жағдайға мән беріліп, үйі мен орташа айлығы қамтамасыз етілсе жеткілікті. Сонда өз кезегінде олардың орнына жастар ерікті түрде келіп, таланттар табиғи түрде жинала береді. Әлсіздер өзі-ақ ығысып қалады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сәтсіз бағдарламалар айтылып та, жазылып та жатыр. Сәттілері де бар. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы. Иә, арасында шикіліктері кездеседі, ол заңды да. Өйткені адам жүрген жерде 5 пайыздық қателік бәрібір болады. Тағы халыққа қызмет көрсету орталықтарын, педагог мәртебесін арттыру туралы заңды айта аламыз. Осы дүниелер неге сәтті болды? Себебі бұл бағдарламалар адамға негізделген, бір адамды алады да соған жұмыс істейді. Жоғарыда мысал ретінде сейсмологияны айттық. Аталған ғылым дамыған Жапонияға он ғалымды грантпен жіберейік. Немесе жылына бір маманды жақсылап оқытайық. Сейсмология саласына, институтқа емес, маманға ресурс берейік. Өйткені салаға, институтқа қанша миллиард құйсаң да жоқ болып кетеді. Есебін қарасаң, игерілуі әйтеуір 100 пайыз көрсетеді, қанша бересің, бәрі жаратылады. Оған қарағанда, сол ресурсты адамға салу нәтижеге жақындатады. Тура осы секілді Қазақстанда шетелдік университеттің филиалы ашылып жатыр десе, аты жер жарған жарнамасына, басқасына емес, онда сабақ беретін қарапайым оқытушының жағдайы қалай болатынына назар аударған дұрыс. Жобаның қаншалықты сәтті болатынын содан-ақ білуге болады.
Ғылым адамына бәрі алдын ала белгілі болу керек
Бәрін былай қойғанда, ғалым өмірін, жұмысын жоспарлай алуы керек, «определенность» қажет. Бұл да әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. 2011-2012 жылдары ғылым туралы заң өзгерді. Сол 2013 жылдан өткен 2023 жылға дейін гранттар уақытылы жарияланбады. Тұнған белгісіздік. Мемлекет жобаңды жаса, идеяңды ұсын дейді. Отырасыз, жазасыз, грантты күтесіз. Ол конкурс жарияланғанша, жұмыстар экспертизадан өткенше, басқа да бюрократиялық рәсімдер аяқталғанша ғалымның жағдайы қалай болмақ? Мейлі, математиктерге жұмыс табылар. Басқа елде де, бізде де, сабақ берсе аш қалмайды. Ал тағдырын ғылымға қосқан адамдар ше? Қолынан ғылымнан басқа ештеңе келмейтіндер, өмірі соған ғана байлағандар бар. Шығармашылықпен ғана өмір сүретін адамдар болады. Мысалы, анам маған «Құдайдың математик деген мамандықты жаратқаны қандай жақсы болған, қолыңнан басқа ештеңе келмейді» деп күледі. Қалай да болса ғалым жобасын қорғарда оның алдында карта болуы тиіс, көктемде қорғаймын, күзде грант тапсырылады, осы жерге жұмысқа орналасамын деген секілді. Ғылым адамына бәрі алдын ала белгілі болу керек. Дәл осы тұста біздің барды бұйырта алмай отырғанымыз қынжылтады.
Университеттерге еркіндік береміз деп ректорларға еркіндік беріп қойдық
Ғылымдағы трендтерді анықтайтын ғалымдар. Әлем ашық, технологияны кез келген мемлекет сатып ала алады. Ал қоғамның интеллектуалды потенциалы арту үшін ғылымның өзі дамуы керек, ғылыми жаңалықтар ашылуы қажет. Бұл үшін академиялық еркіндік ауадай маңызды. Жалпы алғанда елімізде академиялық еркіндік толық қалыптасты, бар деп айта алмаймыз. Оны қағаз жүзінде жасадық, университеттерге автономия берілді. Бірақ университеттерге еркіндік береміз деп ректорларға еркіндік беріп қойғандаймыз. Күлкілі естілсе де ректорлардың көбі орта ғасырдағы князьдар секілді. Әрине, ғылымға жаны ашитындары, түсінетіндері бар, көріп жүрміз. Десек те, ескі түсініктермен қалып қойған ректорлар да жоқ емес. Олар өз үйінің қожасындай болып кеткен, бәрін фиктивті түрде жасайды. Бізде «профсоюз» деген онсыз да жоқ, мойындау керек. Бірақ ғылыми еркіндік деген бос сөз емес қой. Яғни не кәсіподақ, не ғылыми кеңес жұмыс істеуі тиіс. Ал бізде ғылыми кеңесті ректордың өзі құрады да, осылайша біреудің қолымен от көсеп, шешімнің бәрін ғылыми кеңестің атынан шығара береді. Оның зияны ЖОО-лар мен оқытушыларға тиіп жатыр. Дәл осы мәселені министрлік көріп отырған жоқ. Иә, министрлік бүгінде белгілі бір бағыттарда жұмыс істеп жатыр, іс-әрекеттеріне қарасақ дұрыс. Бірақ жоғарыдан барлық нәрсе көріне бермейді. Мәселен, шетелдік университеттерді алып қарасақ, ғылымы мен техникасы дамыған елдерде «профсоюз» жақсы жұмыс істейді, онда ғылыми кеңеске балама сенат деген бар. Бірақ біз қазір дәл мұндай либералдық көзқарастарға тым алыспыз.
Қарап отырсақ, ректордың орынбасарын да министрлік бекітіп жатады, бұл көзбояушылық, таза «формальность». Одан да ғылыми кеңестің төрағасын тәуелсіз етіпбекіту керек. Ол университеттің ішіндегі оппозиция ретінде жұмыс істеуі тиіс. Төрағаға биліктің қажеті жоқ, тек ашық айтуды міндет етсе болғаны. Ал ректор ашықтығы мен сыны үшін оны жұмыстан шығара алмайды. Бар болғаны – осы. Америкадағыдай әр профессор өз алдына тәуелсіз болсын демейміз, бір университеттен бір маманды ғана. Оның өзінде сайланған төрағаның айлығын көтеру, ерекше жағдай жасау қажет емес. Тек маман ретіндегі құқығын министрлік қарауға алса жеткілікті.
Мәселен, қазіргі математика және математикалық модельдеу институтының басшысы қызметіне келе сала қол астындағыларға еркіндік берді. Сынасаң да отырып сөйлесейік, диалогқа ашықпын деді. Бұл керемет мысал. Қазақта жақсы сөз бар, «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді. Сондықтан басшылар конструктивті сынды тыңдау керек.
Ректордан ғылыми нәтиже емес, адалдық талап етіледі
Қазіргі таңда магистрлік пен докторлық дәреже алуды әлеуметтік лифтіде көтерілу үшін мақсат ететіндер көп. Ректорлар да ғылымға емес, атаққа, сыйлыққа ұмтылады. Бір сөзінде қазіргі министр Саясат Нұрбек ғалым болмағаныма, ғылым жолына түспегеніме өкінемін дейді. Міне, ол өзінің ғалым емес екенін мойындайды. Ал ректорлар мойындағысы келмейді. Осы тұрғыда ректорлар министрден үлгі алуы қажет. Қазір де ғалыммын деп жанталасып, атаққа, шетелдік сыйлықтарға ұмтылады. Мысалы, Ұлттық университеттің бұрынғы ректорларының бірі сол қызметте отырып әлемдік баспадан кітап шығарды. Тіпті ақылға қонбайды. Ең қызығы, одан плагиат шығып, Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының тұжырымдамасымен дәлелденді. Ол ректор қазір бір жерде директор. Ал біздің қоғам соны қабылдап, жұтып отыр. Не деген талғамсыздық?
Тағы бір ректор Абайды зерттеймін деп тырмысты. Хош, абайтануға келген шығар, бәлкім, жақсы жағын ашуға тырысқан болар. Бірақ кейіннен Құнанбайдың суретіне плагиат жасағаны белгілі болды. Кейде тиіспейтін, жоламау керек «қасиетті» тақырыптар болады. Оны да елемепті... Содан әлгі ректор жұмысын мемлекеттік сыйлыққа тапсырады. Ала алмай қалады да, екі жылдан кейін басқа жұмысын ұсынады. Енді ойлаңыз, университет басқарып отырған адам екі жылдың ішінде мемлекеттік сыйлыққа татитын жұмысты қайдан жазсын? Бұл – моральдық тазалықтың қор болғаны. Ал соны айтсаң өзіне қабылдап, ренжіп жатады. Не айтқаныңа емес, «сен кімсің» деп қарайды. Шын мәнінде, әкімшілік-басқару қызметті ғылымнан төмен қоюға болмайды. Директор, ректор болудың жауапкершілігі ғылыммен айналысудан кем емес. Алайда ажыратып алған дұрыс, ректордан ғылыми нәтиже емес, адалдық талап ету керек.
Ғылым мен технологияны ажырата алмай келеміз
Біздің тағы бір үлкен қателігіміз – әлі күнге ғылым мен технологияны ажарата алмаймыз. Ғылым – интеллектуалды жұмыс. Ол тоңазытқыш немесе машина жасау емес. Бұл тұрғыдан қарасақ, Қазақстанның технологиялық жетістіктері төмен деңгейде екені белгілі. Бірақ оған ғалымдарымыз кінәлі емес. Жалпы біреуді кінәлаудың қажеті шамалы, тағдырымыз солай болды, 1990 жылдардың құрсауынан енді шығудамыз. Осыны түсініп, қабылдап, алға басуымыз керек. Ал іргелі ғылымды алар болсақ, әлемнің алдында емеспіз, алайда артта да қалып қоймадық. Ортаңғы шепте келе жатырмыз. Бұл ғылымның, ғылыми процестің не беретінін өкінішке қарай көп адамдар түсіне бермейді. Халық та, үкімет те математиктер математиканы үйретеді, жақсы инженерлер дайындайды деп қана түсінеді. Ал негізінен, бұл дегеніміз – интеллектуалды қор, интеллектуалды тірек, ядро. Сол себептен де ақшаны технологияға, әдемі сөзге емес, ғалымдарға құю керек. Ғалымдардың мәртебесін көтеріп, престиж қалыптастыру қажет. Мұндай жағдайда ғылымға келетіндердің саны артады. Осылайша, жалпы «критический» масса артқан сайын интеллектуалды деңгей көтеріледі. Сәйкесінше, өз кезегінде технологиялық ашулар да, басқасы да көп күттірмейді.
Қазір «ғылым экономикаға» дегенді де министрден бастап бәрі айтып жүр. Сөз, ұран жақсы, оған дау жоқ. Алайда Қазақстанның ғылымы бүгін-ертең экономикалық пайда әкелмейді. Әрине, нәтиже бар, нәтиже күту керек, бірақ экономикада емес. Міне, осындай өтірік дабыра ғалымдардың қоғамдағы, халық алдындағы қадір-қасиетін құртады. Ғылымнан экономика сұрамас бұрын қарапайым ғана жердің астынан шығып жатқан қолдағы байлыққа, барымызға ие болуды үйрену керек...
Жазып алған Баян Мұратбекқызы