Дос Көшім: Бетпақдала маған ұнады...
Былтыр, шілденің аптабында, жалғыз өзі жаяу Аралдың табанын кесіп өткен Дос Көшім өзінің бір сұхбатында, «келесі межем – Бетпақдала» дегені бар еді.
Жақында көпшілігімізге саясаткер, ұлтшыл қоғам қайраткері ретінде танымал жиһанкез ағамыз өзінің мақсатына жетіп, Бетпақдала шөлін оңтүстіктен солтүстікке дейін жаяу кесіп өтіп, қатерлі сапардан аман-сау оралды. 1983 жылдан Кеңес одағының «Адам және шөл» деп аталатын ғылыми-спорттық экспедициясының құрамында Қарақұм (550 ш), Сарыесік Атырау (180 ш), Мойынқұм (150 ш), Қызылқұм (620 ш), тағы басқа шөлдерден жаяу өтіп, әлемдік рекордтар жасаған спортшы өзінің қатерлі сапарларын зейнетке шыққанда да жалғастыруда. Енді сөз кезегін жанкешті жиһанкездің өзіне берейік:
— Бұл сапардың басталуы, ұйымдастыру кезеңі өте қиын болды. Бетпақдала төрт облыстың территориясына кіреді. Сондықтан мен жүріп өтетін жерлердің картасын табу, сол арқылы сапардың маршрутын дайындау мүмкін болмады. Амал жоқ, сол жердегі жергілікті тұрғындардың көмегімен жолбасшы тауып, соның соңынан еруді жөн деп санадым. Демек, менің шөлдерден жалғыз өтемін деген мақсатыма өзгеріс енгізуге тура келді. Басқа екі принцип – жаяу жүру мен ең ыстық кезеңде өту – толық сақталды. Қысқасы, менің алдымда машинаға мінген жолбасшы жүріп отырды да, отыз-қырық шақырымнан соң, қараңғы түсе, олар (жүргізуші мен жолбасшы) мені қоналқы жерде күтіп алатын болды.
Екіншіден, былтырға қарағанда, дайындығым жақсы болған сияқты: күнделікті отыз бес, қырық шақырымды (жер бедеріне, желдің бағытына байланысты жылдамдық та өзгеріп отырады) аса қиналмай жүріп отырдым. Аралқұмға қарағанда, Бетпақтың жер бедері жүруге қолайлы болды. Кейбір жерлерде кездесетін құмдауыт соқпақтар мен тасты қыраттарды есептемесек, қаражол аяққа пәлендей салмақ салған жоқ. Аралдағы аптаппен (Аралдан өткен күндердің бірінде ыстық 56 градусқа барғаны есімде) салыстырғанда, Бетпақтың 35 градус шамасындағы ыстығын қоңыржай күйде қабылдадым. Үздіксіз соғып тұратын самал желі (аптап жел емес!) бойды сергітіп, күш-қуат береді. Бір сөзбен айтқанда, шөлде жүргендегі басты қауіп – бойыңды езіп, қозғалуға, қыбырлауға шамаңды келтірмейтін аптап ыстықты көре алмадым.
Әрбір шөл даланың өзіндік ерекшелігі бар.
Қарақұм – қара жамылып тұрған, кейде жолыңда бір қылтанақ шөп кездеспейтін, қатып қалған мұхит толқындары сияқты құм төбелерден тұратын тылсым күш болса, Қызылқұм – сексеуіл мен жыңғылды шағылдардан, ондаған шақырымға созылып жатқан тақырлардан, кейде сортаңдар мен жалаң құмдардың арасынан суы тоқтамайтын скважиналардың маңындағы шағын көлдерден тұратын «әдемі» шөл болса, Бетпақдала – шөлден гөрі далаға ұқсайтын, баялыш пен жусаны аралас жазық дала. Қазақ даласы. Әрине, «бетпақтығы» да жоқ емес. Жан-жақтағы ірі елді мекендердің арасын қосатын жолдар көбейген сайын Бетпақдала құлази бастаған сияқты. Сондықтан бұл далаға дайындықсыз аяқ басқан немесе тәуекелге сүйенген жанның қайта шығуы екіталай деп ойлаймын.
Біріншіден, күннен қорғанатын, көлеңке боларлық ағаш, бұта, тау-тас атымен жоқ. Бұта мен шөптің биіктігі әрі кетсе, екі қарыстан аспайды. Екіншіден, Бетпақта… су жоқ. Біз өткен Қырқын (өлі құдық), Дизель (өлі құдық), Көкшетау – Изекір – Қосқұдық (суы борсып кеткен), Көлқұдық (өлі құдық), Жыңғылды (өлі құдық), Балажыңғылды – Табан (суы ішуге жарамды жалғыз құдық), Торатсойған (өлі құдық), Оспанбел – Бозбие (өлі құдық), Сорбұлақ – Сымтас (өлі құдық), Дәуітбай (өлі құдық), Қатағанның өзегі, Құрбақалы, Қостақыр, Төбетқазған, Төлештақыры, Шилібұлақ (суы ішуге жарамды), Жақсы Айбат, Жаман Айбат деген жерлердің тек біреуінен ғана су алдық. Демек, Бетпақдаланың басты қатері – судың болмауы. Менің осы жерде «өлі құдық» деп атағандарымның ішіне арнайы құралдары болмаса, су алуға болмайтын артезиан құдықтары да, сусыз, қаңсып қалған, суы борсып кеткен құдықтар да кіреді.
Өзімді осындай сапарларды ұйымдастыруда біршама тәжірибем бар деп санағаныммен, осы сапарда ойламаған жерде мен де оңбай қателестім. Алдын ала сапардың басталатын жері деп белгілеген Шу ауылының (Түркістан облысы Созақ ауданы) тұрғыны Саукен деген азаматтың маған беріп жіберген схемасындағы он бір құдықтың белгісін көріп, сол құдықтарда су бар деп ойлаған болатынмын. Алайда осы схемада көрсетілген құдықтар жөнінде жолбасшым Алмас деген азаматтан бір ауыз сұрап алу ойыма да келмепті. Ал Алмас болса, біздің машинамыздың ішінде он күнге жететін су бар деп ойласа керек...
Сапардың екінші күні суы борсып кеткен құдықтың басында ғана қандай жағдайға тап болғанымызды білдік. Осы жерде ғана, өз басым, жақсы жолбасшы дегеннің не екенін түсіндім. Алмас тек жүретін жолды ғана емес (бұл да оңай жұмыс емес, жолдардың кейбіреулері көмескіленіп, сілемі ғана қалған, ал кейбір жерлерде екі емес, сан тармаққа таралып кетеді. Ал кейбір жолдар бірнеше шақырымнан соң, ғайып болып, жоғалып та кетеді), Бетпақтағы әрбір төбешік, әрбір сайды бес саусағындай білетін жан екен. Қысқасы, тез арада машинамен жолымыздан бұрыстау жердегі қойшылар отырған құдыққа тарттық. Жолдағы, маңайдағы барлық баклажка, ыдыстарды жинап, тазалап, он күнге жетерлік су қорын жасадық.
Ауыл адамдарының, оның ішінде, Саукеннің айтуына қарағанда, менің жүрген жолыммен кезінде Сәкен Сейфуллин өткен екен. Ақтардан қашқан большевик ақын қызылдардың билігі орнаған оңтүстікке жету үшін інісі екеуі атпен Бетпақдаланы дәл осы жолмен кесіп өтіпті. Біз үстінен өткен Торатсойған құдығы Сәкеннің атының (Торы атының) өлген жері екен.
Алдыңа қойған мақсатыңа жету – үлкен қуаныш. Әңгіме мен жүріп өткен 276 шақырым жолда да емес шығар. Қазақ үшін жайылып жатқан сар даланың көрінісі де, ауасы да, желі мен ыстығы да бір ғанибет. Күйбең тіршілікті ұмытып, басыңды тынықтырасың. Жаңа ой, жаңа идеяларды табасың. Ал қиын жолдарды, қатерлі сапарларды таңдап алу, өзіңді сынап көру, «менің қолымнан келеді» деу – өмірді бағалай білуге үйретеді.
–Дос аға, осы бағыттағы қатерлі сапарларға шығамын дейтін ізбасарларыңыз бар ма?
Алыс жолдарды жаяу жүріп өтетін азаматтар баршылық. Кейбіреулері менімен телефон арқылы сөйлесіп, пікірлесіп те отырады. Біреулері Түркістаннан Маңғыстау жеріне жаяу барса, енді біреулері Жезқазған жерінен Ұлытауға сапар шегеді. Өкінішке қарай, Туризм департаменті тарапынан эктремальды туризмге кіретін бұл жанкешті сапарларға қызығушылық танытқанды естіген жоқпын. Өз басым, романтика қуып, немесе атын шығару мақсатында мұндай жанкешті сапарларға жан-жақты дайындықсыз аттанған жандардың болмағанын қалар едім.
Қазақта «Ердің басы – тәуекел» деген мақал бар. Соңғы уақытта екі-үш мың биіктігі бар таулар мен бес құлаш тау өзендерінен өте алмай, қауіпті сапарларға дайындықсыз шығатын жастардың қайғылы қазаға ұшырағанын жиі естиміз. Ол түгіл, арнайы дайындықтан өткен, талай шыңдарды бағындырған тәжірибелі альпинстер де жоғалып кетіп жатқанын білеміз. Шөлдің қаупі олардан бір де кем емес. Бұл жерде тек дененің күш-қуаты емес, ми қайнатарлық ыстыққа шыдай білетін жігер күші мен психологиялық дайындық та қажет.
–Басыңызды неліктен осындай қауіпке тігесіз? Сізге адреналин жетпей ме, әлде бұл – сіздің өмірлік ұстанымыңыз ба?
– Егер сапарды жақсы жоспарлай білсең, жыл бойы жалқауланбай, күндіз-түні жаттығу жасасаң, құрал-жабдықтарыңды, бес қаруыңды сайлап алуды білсең, тамағыңды жан-жақты тәжірибеден өткізсең, т.т – қауіпті барынша азайтуға болады. Иә, Аралдың табынында суымыз таусылып, «қоштасу хатын» жазып, өлім күтіп жатқан кезіміз де болды… Мен үшін, қауіп – менің алдымдағы сын, бөгет, оны жеңіп шығу – өзіңе деген ризашылық, үлкен қанағат сезімі.
Менің бұл жолға түскеніме ұлтшылдықтың да қатысы бар деп ойлаймын. Әлі есімде, 1983 жылы «Вечерняя Алма-Ата» газетінде «Адам және шөл» экспедициясы туралы шағын мақала жарияланып, соңында, осы топқа қосылғысы келетін еріктілерді шақыру туралы хабарлама берілді. Экпедиция мүшелерінің ішінен (Москва, Тарту, Челябинск, Фрунзе, Алматы қалаларынан екен) бірде-бір қазақты көре алмадым. Сонда «Басқалар өткен жерден қазақ өте алмайды ма?» деп намыстанып, айтқан жерлеріне барып, алғашқы жаттығуларына қатыстым. Үш жүз метр жүгіріп, демімді баса алмай, отырып қалғаным да есімде.
Сол жаттығудан соң, үш айдан кейін алғашқы марафонымды (42 шақырым 192 метр) жүгіріп өттім. Экспедиция маған алға қойған мақсатыңа жетудің жолын көрсетті. Бұл мінез, осы қасиет келешекте, саяси-қоғамдық жұмыстарда да үлкен қолдау болды деп ойлаймын.
Екіншіден, біздің заманымызда бәріміз кітап оқып, сол кітаптағы сан түрлі оқиғалардың әсерінен романтик, саяхатшы болып өскен болармыз. Жасым алпыс жетіге келсе де, алдымда мен жүрмеген жолдар, мен көрмеген жерлер, мен білмейтін асулар бар деп ойлаймын және сол асулардан асқым келеді, сол қиындықтарды жеңіп шыққым келеді. Мүмкін, адреналин деген сол шығар.
–Әзіл ретінде қабылдарсыз, бірақ сіз дала кезіп кетсеңіз, қоғамдық-саяси жұмыстарыңыз қайда қалады?
— Маусымның 18 мен шілденің біріне дейінгі аралықта Солтүстік Қазақстанда орыстілді елді мекендерде ономастика мәселесі бойынша отыз кездесу өткіздім. Бұл жерде Лениннен бастап, Буденный, Чапаев, Ильичевка, т.т. идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Тұрғындармен кездесу жасағанда, кейбір елді мекендерде өзімді Луганскі мен Донбаста жүргендей сезіндім...
Ал бүгін тағы да осы бағытта он екі кездесу өткізу үшін Батыс Қазақстанға атанып барамын. Бетпақдала одиссеясын осы екі жұмыстың арасындағы «демалысым» деп білемін. Азаматтар ұлттық-демократиялық партия құру мәселесін де көтеріп жатыр. Мен телефон шұқып, әлеуметтік желіде отыратындардың қатарында емеспін, сондықтан менің өмірімде қоғамдық мақсаттағы сапарлар, шөлдегі сапарлармен жалғасып жатыр.
Cөз соңында, Бетпақдаладан өтуге көмектескен, сапардың бағытын анықтап, схемасын сызып берген, көрмеген, білмеген адамдарға дастарханын жайып, қонақ қылған Саукен азаматқа, ол кісіні тауып берген Жарқынбек, Төлеубай достарыма, тоғыз күн жолдас болған, бізді қатерлі шөлден адастырмай, алып өткен жолбасшым Алмас атты ініме, бізге шын жүректерімен көмектескен Шу ауылының барлық азаматтарына алғыс айтамын.