Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
01:03, 06 Қаңтар 2022

Дос Көшімнің мазасыз ойлары

None
None

Қазақ елінде Жаңаөзендегі «Газ бағасынан» басталған халық көтерілісі жүріп жатыр.

Қазір, соңғы мәліметтерге қарасақ, республиканың 8 облысы мен 17 қаласының тұрғындары қатысқан шерулердің саябырсыйтын түрі жоқ сияқты. Газ бағасы мәселесі шешілді, бірақ көшеге шыққан халық биліктің алдына саяси талаптарды қоя бастады.  Ашығын айту керек, халықтың басым көпшілігі отыз жыл бойы өзгермеген биліктен де, жыл сайын отыз пайызға дейін көтерілетін бағадан да шаршады, сондықтан «газ бағасы» — шыдамдылық кесесіне түскен тамған соңғы тамшының рөлін атқарды.

Әрине, мен – саясаттанушы не әлеуметтанушы емеспін, сондықтан бұл жағдайды сараптау – менің міндетім емес. Менде жауаптан көрі сұрақ көп сияқты. Мүмкін, бұл сұрақтардың астарында зілді күлкі (сарказм) мен зілсіз күлкі (ирония) де жатқан болар, бірақ осы оқиғалардан туған мазасыз ойларымды алдарыңызға тартып, ой бөліскенді жөн көрдім:

  1. Премьер кетті, оның орнына орынбасары келді. Бұл не? Үкіметтің ауысуы ма, әлде адамдардың арасындағы орын ауыстыру ма? Адамдардың ауысуын неліктен «Үкімет отставкаға кетті» деп атайды?  «Үкімет отставкаға кетсін!» деген ұранды көтергендер мақсаттарына жетті ме? Әлде олар «қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан қосынды өзгермейді» деген аксиоманы білмейді ме?
  2. Президент азаматтар көшеге шықпай-ақ өздерінің пікірлерін айтсын, жеткізсін деп еді – әлеуметтік желі жабылып қалды. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік органдар оны жапты. Сонда пікірімізді қай жерде айтуымыз керек? Айтпақшы, кеше Президент халыққа Үндеу жасады дейді. Әлеуметтік желі жабық, халық сол Үндеуді қай жерден тыңдауы керек? Азамматтардың барлық ақпаратты тек әлеуметтік желі арқылы алатынын бәріміз білеміз. Егер оны «тұмшаласа» — ел арасында сан түрлі қаңқу, өтірік, өсектердің желдей есетінін де билік жақсы түсінеді. Біреулер «Қазақтың әскерлері халыққа оқ атпайтынын біліп, билік Ресейден әскер әкелмек көрінеді» десе, енді бірелері «Бұл толқуларды Тоаевты кетіру үшін өзіміздің ұлттық қауіпсіздік ұйымдастырған көрінеді» деп соғады. Қысқасы, көзден айрылған ел құлаққа ғана сенеді. Бұл кімге керек?
  3. Бағаның көтерілуі – тек Маңғыстау облысындағы жағдай емес. Бұл – республика көлемі бойынша аса өзекті экономикалық, әлеуметтік мәселе болып табылады. Онда неліктен тек қана Маңғыстау облысындағы газ бағасы 50 теңге болатын болды? Басқа облыстар тоқалдан туды ма?  Әлде бұл «егер бағаны төмендеткілерің келсе, алаңға шығыңдар» деген биліктің шешімі ме? Бұл ертең «домино принципі» бойынша басқа облыс, қалаларға таралмайды ма? Қысқасы, Үкіметтік комиссия осы шешіммен мақсатқа жетудің жаңа бір жолын заңдастырып берген сияқты.
  4. Өркениетті елдерде халықтың құлақ түрген оқиғалары сол мезетте бұқаралық ақпарат құралдарында беріледі, сол арқылы қоғамда талқыға түседі. Журналистер алаңға шыққан адамдардан тікелей сұхбат алып, тікелей репортаждар жүргізіледі. Белсенділер редакцияға шақырылады. Біздің БАҚ кеше-бүгін дәл осындай әрекеттер жасады ма? Әсіресе, халықтың қомақты ақшасын алып отырған «Егеменді Қазақстан», немес «Хабар» сияқты алпауыт ақпарат алыптарының он-он бес сағатқа созылған тікелей эфирлерін көрдіңіздер ме?
  5. Ең қызығы, қазір газдың бағасының екі есе қымбаттауына сол жердегі сатушыларды кінәлі етіп көрсеткісі келетін сияқты. Мүмкін, оларда да кінә бар шығар. Бірақ энергетика министрлігі берген жауапқа қарасаңыз, бағаның қымбаттауы – өнімнің өзіндік бағасына ғана қатысты. Онда тағы бір мазасыз сұрақ туады: комиссия шешімімен газ бағасы 50 теңге болды. Ал егер өзіндік құны, министрлік айтқандай,  120 теңге болса, қалған 70 теңгені кім төлейді? Біздің қалтамыздан шығады ма? Онда 50 теңгеге түсіріп не жынымыз бар...
  6. Көшеге шыққандардың 99 пайызы қазақтар болса, Президент кеше өзінің халықа жасаған Үндеуін екі тілде жасағаны несі? Әлде ашу-ызаға булығып тұрған қазақтардың есіне мемлекеттік тілдің жыларман жағдайын түсіріп, одан сайын қоздыра түскісі келді ме екен? Екітілді (жыланның тілі сияқты...) билікпен қазақтілді халықтың арасында қандай диалог болуы мүмкін?
  7. Президент бұл жағдайдың туындауына Үкімет кінәлі дей келе, Үкімет инфляцияны ауыздықтау туралы берілген тапсырманы орындамады дей келе Мамин бастаған министрлер кабинетін неліктен отставкаға жібермеді? Айта кетейік, Маминнің өзі өтініш беріп, оны Президент қанағаттандырған. Ал егер Мамин өтініш бермесе, оның кабинеті тағы оншақты жыл отыра беретін сияқты ғой. Қысқасы, оның арызын күтуге не себеп болды екен?

Қоғамдағы өзгерістер әрбір азаматқа, сол қоғамның өкілдеріне түсінікті болуы керек. Ал қоғамда күрделі жағдайлар орын алғанда, биліктің, Президенттің әрбір қадамы, іс-әрекеттері анық және әр адамның ми қыртысына жететіндей қарапайым болуы шарт. Біз, өкінішке орай, қыйын қыстау жағдайда биліктің жасаған қадамдарының кейбіреулеріне түсіне де алмай, мазасыз сұрақтар қоюға мәжбүр болып отырмыз. 

Тегтер: