Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:22, 26 Қазан 2023

Дос Көшім: "Ұят болады" деп жасырып жабудың қажеті жоқ, шындық айтылу керек"

дос көшім
Фото: из открытых источников

Қай жақтан жел соқса соның ығына қарай жығылатын адамдар қай заманда да болған. Мұндайларды жұмсартып «пендешілік» деп атап жүрміз. Бірақ кейде қоғам: «зиялылар не себепті дәл осындай пендешілікке барады» деп сұрақ қояды. 

Осы тұста «зиялы қауым» дегеннің өзін анықтап алғанымыз дұрыс сияқты. Себебі өздеріңіз білесіздер, 1930 жылдары қазақтың сорпа бетіне шыққандарын атты, көзін құртты, жер аудартты. Осыдан кейін Совет үкіметі жолымызға көлденең болатындардан құтылдық па деп ойлаған. Бірақ олай болмады. 1950 жылдары Е.Бекмахановтар шықты, кейіннен мұның соңы І.Есенберлиндерге ұласты. Осылайша, тарихи санамыз қайта жаңғырды. Демек Совет үкіметі қалай істесе де, қандай айла-шарғы пайдаланса да қазақ ұлтшылдарынан құтыла алмады. Сосын басқа тәсілге көшті. Сөйтті де өнер адамдарына, ақын-жазушыларға түрлі одақтар, мәдениет орталықтарын ашып берді. Кітаптарын бірнеше жүз мың таралыммен шығарды. Осының кесірінен басқа елдермен салыстырғанда қазақтың зиялылары қалыптасып үлгермеді. Олар, керісінше, сатылымпаз, жағымпаз, бас пайдасын көздейтін болып шықты. Сөйтіп, Совет үкіметі қырып, аттырып жоя алмаған ұлтшылдарды осылай оп-оңай қолбаласына айналдырды. Демек, осы жымысқы саясаттан кейін бізде зиялы қауым деп ауыз толтырып айтатындар азайды. Мұның нақты дәлелі – кезінде тәуелсіздік үшін күрескендердің сапында жұрт зиялы қауым дейтін өнер, мәдениет, әдебиет саласындағы азаматтар саусақпен санарлықтай ғана болды. Мысалы, ұлттың азаттығы үшін күрескен «Азат» қозғалысының қатарында көп зиялы болған жоқ. Алыс ауылдан келген қарапайым халық «әлгі зиялылар қайда, мұнда неге келмейді?» деп бізден сұрайды. Біз сонда: «әне, Жазушылар одағы, сонда барып сұраңдар» дейміз. Біз ол кезде ескі орталық алаңға жиналатынбыз. Жазушылар одағы соның іргесінде ғана еді. Бірақ көп ешкім келіп, алаңдағыларға қосылмады.

Өкінішке қарай, М.Жолдасбеков ағамыз да «кімнің тарысы піссе соның тауығы болатын» зиялылардың санатынан. Мұндай адам қазір көп, олар- Совет үкіметінің бізге қалдырып кеткен «мұрасы». Біз қайраткер деп жүрген азаматтардың көпшілігі екіжүзді болып шықты. Мұның айғағы – дәл осы Мырзатай ағамыз сияқты Қаңтар оқиғасынан кейінгі Назарбаевқа қатысты көзқарастарынан анық байқауға болады. Бұл – заңдылық. Себебі жоғарыда айтқанымдай, ұлт зиялылары соңына халықты ертіп, өз міндетін атқара алған жоқ. Мына жағдайлардың бәрі соның бейнесі, жаңғырығы, салқыны. Мұндай екіжүзді адамдар ертең заман қайта өзгерсе тағы құбылып шыға келуі әбден мүмкін. Егер дәл сөйтіп жатса оған да таңғалмаймын. Себебі осы 35 жылдық саяси, қоғамдық өмірде мұндайлардың сан түрін көрдік.

Ендігі бір мәселе – осы сияқты екіжүзділікті айту, айтпау жөнінде. Меніңше, мұны айту керек. Айту деген сөз – ол кісілерді жек көру дегенді білдірмейді. Бірде мынадай оқиға болды. Ол кезде мен «Ұлт тағдыры» қозғалысында жұмыс істейтінмін. Телефон шыр ете қалды, актер А.Әшімов ағамыз екен, ол кісі сөзін: «Досым, сен неге жүрген жеріңнің бәрінде Асанәлі желтоқсанда жастарды жазғырған хатқа қол қойған деп айта бересің, мен саған не істедім?» деген ренішімен бастады. Сосын мен: «Аға, мұны сізді жек көргендіктен айтпаймын, келесі ұрпақ білсін, содан сабақ алсын, жас ұрпақ осындай дүниелерден аулақ болсын деп сізді тек мысал ретінде айтамын» дедім. Шынымен де біз бұл кісілердің мінін, ағат басқан қадамын айтсақ оның бәрі ұрпақ үшін. Ондайды «ұят болады» деп жасырып жабудың еш қажеті жоқ. Сонда ғана басқалар ойланады. Шынын айтқанда, біз мұндай келеңсіздікті айту арқылы әлгі кісінің соңына түсіп, оның мінін қазбалап отырған жоқпыз, кейінгі ұрпаққа жол сілтеп отырмыз. Жастарға «жағымпаз болма, екіжүзді болма, мұның бәрі түбі алдыңнан шығады, жұрт «қарабет» деп бетіңе түкіреді» деп ескерту.

Тегтер: