Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:55, 19 Желтоқсан 2024

Дос Көшім: Желтоқсанда қанша адам қаза тапқаны ешқашан анықталмайды

Дос Көшім

Желтоқсан оқиғасы кезінде қанша адамның қаза тапқанын ешкім нақты айта алмайды. Оның екі себебін айтайын. Біріншіден, қаза тапқан жастарды облыстарға жіберген деген мәлімет бар. Мәйітханада ұстап, 10-15 күннен кейін сол облыста «көлік қағып кетті, ұрып өлтіріп кетті» деп ата-аналарына табыстаған дейді.

Өйткені кем дегенде 50 адам көз жұмды десек, желтоқсан шындығы ашылғасын олар неге шықпады. «Желтоқсан оқиғасында менің балам із-түзсіз кетті» деген адамды кездестірмедік. Осындай әдіс-айла жасаған деп естуім бар. Неліктен қаза тапқан адамдардың саны шықпайды десеңіз, оларды іздеген ата-ана жоқ. Демек, бір себебі – сол. Екіншіден, КНБ-да істеген адам желтоқсан оқиғасы жайлы өлер алдында хат жазыпты. Оны маған баласы айтып берді. Ұлы хатын оқыпты. Сонда «Райымбектің бойындағы ескі зиратқа желтоқсаншылар көмілген» деп сол кісі жазыпты. Бірақ қанша адам екені айтылмапты. Кейіннен ол хатты жібермей жыртып тастапты. Совет өкіметі кезінде ол адам КНБ-да басшылық қызметтің бірін атқарған. Ол ағаны өзім де көргем. 5-6 жыл бұрын қайтыс болып кетті. Осындай екі дерегім бар. Меніңше, желтоқсанда қанша адам қаза тапқаны ешқашан анықталмайды. Жаңа айтып өткенімдей, билік ізін жасыратын түрлі айла-тәсіл қолданылды. Тәуелсіздік алғасын көптеген отбасы туысын немесе ұлын жоқтап шығатын шығар деп ойлаған едім. Бір қызығы, ешкім ешкімді іздемеді. Мұхтар Шахановтың комиссиясына ұлын іздеген адам келді дегенді естімеппін. Сондықтан бұл шындық ашылмайды, осы күйінде қалады.

Ал енді алаңда қанша адам болды дегенге келсек, мен Қайрат Рысқұлбековтің сотында аудармашы болдым. Сол жерде 15 мыңдай адам алаңға шықты деген мәліметті естідім.

Желтоқсан оқиғасы кезінде жазықсыз талай жастар оқудан шығарылды, түрмеге қамалды. Ол кезде мен куратор едім. Өзімнің де группам болды. Ұмытпасам, Шекерхан Хасанованың группасынан 7 қызды оқудан шығарып жіберді. Ең қызығы, сол уақытта Сталиннің үштігі деген үштікті көрдік. Ал қыздар алаңның жанынан жай ғана өтіп бара жатып, дүрмекке ілініп қалған. 5-6 күн түрмеге түсіп шыққасын, бірден оларды оқудан шығарып жіберді. Бұдан да сорақысы – бұл қыздардың үйлеріне хат жіберген. Олардың ата-анасына қысым көрсеткен. «Жауызды туғансың, дұрыс тәрбие бермегенсің» деген сөздерді ата-аналарына айтқан көрінеді. Бұл мәліметтерді көп адам біле бермейді.

Түрмеде де жастарымыз алғашында қатты қысым көрді. Мысалы, мен түрмедегі жауап алуға аудармашы ретінде қатыстым. Бір жігітті алып келді. Қарасам, қуығына бөтелке ұстап алыпты. Олар наразылық басталған уақытта Айнабұлақ жақта көшеде жаяу кетіп бара жатады. Көліктің ішінен бір орыс «бараны» деп айқайлаған екен. Қазақ жігіттері лап қойған. Ол көлік инкассатордың көлігі, ішінде қарумен екі адам отыр екен. Олар бұл жігіттерге қарай оқ атқан. Көбісі қашып үлгерген, бірақ түрмеде отырған жігіт көлікке міне бергенде қуығынан атқан екен. Сол жігітті кейіннен еш жерден таба алмай қойдым. Газетке де шықпады.