Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:17, 29 Қазан 2020

Дос туралы сыр

None
None

Ол маған дос.

 Бірақ оның маған деген достығы менікінен де берік.

 Ол маған жолдас.

  Алайда оның жолдастық ниетінің қасында менің ықыласым жолда қалады.

 Ол маған курстас.

 Бұл  тұрғыдан келгенде,  тағы да оның   шоқтығы  биік. Иә, ол нағыз дос, нағыз жолдас! Ең бастысы –  нағыз азамат! Ол мұндай асыл қасиеттерімен  тек таныстары алдында ғана дараланбайды. Өйткені ол кімге де болсын жақсылық жасауға, кімге де болсын қамқор болуға асығып тұратын асыл азамат! Оның  жаны айналасына тек шуақ қана шашып тұрады. Ондай азамат бұл әлемде  некен-саяқ та шығар!  Осындай досымның, осындай жолдасымның барына қуанамын! Жалпы, мен емес-ау, оны білетіннің бәрі де бұл азаматты  мақтан тұтары анық!

Ә, дегеннен-ақ, бойындағы асыл қасиетін тізбелеп отырған  бұл азаматтың аты-жөнін айтсам, ол қарымды журналист – Серікқали Мұқашев! Қазақ баспасөзіне қаршадайынан бой ұрып,  студент кезінде-ақ  елге танылған Серіктің  достыққа берік, жолдасқа адал қасиетінен бөлек  шығармашылық жолы  бір әлем.  Қасиетті қара шаңырақ  КазГУ-дің  журналистика факультетінде оқи жүріп, сол тұстағы жастар газеті «Өркенді» қалай  өркендетті?! Өйткені Серік мақала   жазып қана қоймай, сол мақалаға қажетті фотоны да өзі түсіріп, тіпті мақаланың әрін кіргізетін түрлі штрих суреттерді де өзі салып, өзгелерге үлгі бола білді. Бір өзі бірнеше жұмысты атқаратын тілшіні қай басшы бағаламасын! Оның осындай жан-жақты әрі елгезек маман екенін байқаған сол тұстағы басшылары оны лайықты құрметтей білді. Міне, о баста суретші болуды армандаған балаң жігіт  журналистика жолында да осылай жарқырай бастады.

Соның бір ғана мысалы, 90-жылдардың басында яғни, әлі де Кеңес өкіметінің құрамында қызмет ететін қазақ сарбаздарының қиын тағдырына болысып, сонау Қиыр Шығысқа іссапарға барған жанкештілігін айтсақ та жеткілікті болар.  Журналистикадағы қадамын жаңа ғана бастаған бар-жоғы 21-дегі жас жігіттің   сонау қиырдағы ұлтшылдық дендеген  әскери бөлімге барып, бар мәселені шешіп қайтқан  әрекетін   әлі де аңыз қып айтуға болады.  Сол сапардың нәтижесінде, «Өркен» газетінде (14 желтоқсан 1991 жылы) «Қорған боламыз деп қорланып қайтқан жігіттер» атты мақаласы  жарық көрді. Ең бастысы,  әскери әлімжеттікке ұшыраған сарбаз Ерлан Ілиясовты елге аман-есен жеткізді.

«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» дегендей, Серіктің осындай еңбегі еленіп, бәлкім, көзге түскендігі болар, ол журфакты бітірер тұста талай адамның арманына айналған еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» қызметке шақырылды.  Ол мұнда да белсенді  жұмыс атқарып,  жемісті еңбек етті.  

Бұл өмірде жаны жайсаң жақсы адамдар қанша көп,

Армандаймын соның бәрі менің досым болса деп,

Күле қарап келе жатса бір адам,

Іштей гүлдеп кете барам, шаттығына қуанып...

Бұл әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың танымал журналист Әсет Тілеукеевке арнап жазған «Журналист сыры» деген  өлең жолдарынан алынған шумақтар.  Міне, осы өлең жолдары айналасына шуақ шашып жүретін Серік сияқты азаматтарға арналғандай көрінеді маған. Өйткені жаны  жомарт, жүрегі кең Серік досым ешкімді алаламайды, ешкімді  бөтен көріп, жат санамайды. Оның бар ғана арманы – кімді де болсын бауырына тартып, тек достық қолын ғана ұсыну. Мұндай қасиет екінің бірінің қолынан  келе қоймасы  анық. Өзіне емес, өзге үшін шырылдап, бір емес, екі емес, ылғи да жанұшырып, жағдай жасап, шапқылап жүру дегеніңіз – үлкен жүрек пен қайсарлықты қажет етпей ме? 

Серіктің міндеті – әлсізге болысып, әділетсізге қарсы   тұру. Бұл қалай дегенде де ата-ана тәрбиесімен қатар қаннан келген асыл қасиет болуы керек.  Оның үстіне Серіктің   Салтанаттай ақылы мен парасаты келіскен жан жарының да тек адалдыққа  үндеп тұратын асыл қасиеті сеп болғаны  тағы анық.  Иә, өзімізбен бірге оқыған Салтанат Хұсайынова да пайым-парасаты биік жанның бірі.  Оның да бойынан ылғи да  тек  кішіпейілділік пен ізеттілік, қамқорлық пен қарапайымдылық сияқты асыл қасиеттер аңқып тұрады. Бұл асыл қасиеттер      әлі күнге талайларға үлгі болып келеді.  Міне, қаншама жыл өтсе де осы екеуінің бойындағы бұл қасиеттер артпаса кеміген жоқ. Сондықтан оларға деген елдің де, жұрттың да пікірі қашан да оң, ықыластары ыстық.  Өйткені, жабырқағанды жұбатып, бейтанысты қонақ етіп, кімге де болсын бәйек болып жүретін жандар – елдің есінен шықсын ба?! Олардың бәрі бұларға тек құрметпен қарайды.  Қазақстанның қай қиырына барсаңыз да ыстық ықыласпен Серік пен Салтанатты сұрап жатқан   жандарды кездестіресіз. 

Ал одан бөлек Серік пен Салтанат туралы әлеуметтік желіде  жылт еткен жазба пайда болса, оған қаншама жылы пікірлер тізбектеліп жазыла кетеді. Міне, мұның бәрі үлкен құрмет, үлкен дәреже деп ойлаймын. Айналып келгенде елдің мұндай ықыласына бөлену – Серік пен Салтанаттың адами болмыстарының үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұратын асыл қасиеттерінен болса керек.  Сондықтан біздің барша курстастар арасында «Серік пен Салтанат», «Салтанат пен Серік» деген бір ғана ұғым қалыптасып кеткен. Қалыптасқанда да ол бір ерекше сезіммен, ерекше бір мақтаныш, ерекше  қызығушылықпен айтылатын сөзге айналған. Менің асыл досым Серік  бүгінге дейін қарапайым журналистен   әр жылдары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Мемлекеттік кіріс, Қаржы министрліктерінің, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ қарасты бірқатар ұлттық компаниялардың баспасөз қызметтерін басқарып, Қазақстан Республикасының Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі болып еңбек етті.

Одан беріде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ақпараттық-талдау орталығының, «Нұр Медиа» холдингінің департамент директоры қызметтерінің бәрін де абыроймен атқарды.  Біле білген жанға мұның бәрі өте жауапты жұмыстар. Оны өз дәрежесінде атқару – екінің бірінің де қолынан келе бермесі анық. Алайда біздің Серік оның үдесінен шыға білді. Өйткені біздің Серікте де жауапты қызметті атқаратын қарым да,   қабілет те  бар.

Айтқандай,  қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев пен оның серігі Владимир Маленченкомен де дос болып,  олар жайлы елден бұрын қандай тұщымды материалдар жазғаны да әлі есте. Байқоңырдан репортаж жасады Талғат Мұсабаевтың ғарышқа сапары туралы. Еліміздің өміріндегі ерекше оқиғалардан жазған репортаждарының орны тіптен бөлек. Бұл бір жағы ғана. Ал Серік журналистік қызметте жүргенде қаншама қоғам қайраткері мен қаншама лауазымды тұлғалар жөнінде қалам тартпады дейсіз?

Иә, шығармашылық дегеннен шығады,  Серіктің бұл саладан алар асуы да, бағындырар биігі де әлі алда деп білген жөн. Оның журналистік және  мемлекеттік қызмет саласындағы жеткен жетістіктері аз емес. Ал енді менің Серік бауырымның бүгінде тағы бір қыры яғни, көркем шығармадағы  тамаша қыры енді ашылып келе жатқандай. Оны талай жұрт бүгінде  әлеуметтік желілердегі жазбаларынын байқап та жүрген болар. Ал одан бөлек, біздің Серіктің  республикалық басылымдарда жарияланып жүрген әңгімелері мен  естелік-эсселері   оны тағы бір бикке көтерді. Шыны керек, бүгінде біздің тұстастардың бәрі де Серіктің өзі сияқты елуді еңсеріп отырған азаматтар.  Ал біразымыз бұл белесті бұдан бір екі жыл бұрын бағындырғанбыз.  Міне, біздің Серік осылай ердің жасына келген барлық  курстастар жөнінде орталық басылымдарда қандай тұщымды, қандай тартымды мақалалар жазды десеңші! Оның бәрін де үлкен ізденіспен, үлкен   достықпен  және үлкен мейіріммен    толғана жазды. Бұл – үлкен еңбек! 

Ал Серік сияқты қалам тербеп, Серік сияқты  мөлдіретіп жазу – менің өзге курстастарымның екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Мен қанша жерден журналист болсам да дәл Серіктің өзі сияқты шебер жаза алмас едім. Жазу стилі қандай, ондағы ой толғамдары мен кейіпкер  болмысын ашудағы ізденістері не деген жанкештілік?! Тіпті, өзің  үшін елеусіздеу оқиға мен есіңнен шыға бастаған кейбір сәттерді қалай іздеп тауып, қалай суреттей білгенін көргенде оның  нағыз журналист, нағыз жазушы екендігіне тәнті боласың!  Рас, Серіктің стилі өте ерекше. Оның ой толғамдары мен сөз қолданыстары және айтар ойын шиырып әкеліп, шебер суреттеуі екінің бірінде кездесе бермейтін құбылыс.  Әсіресе, оның әлеуметтік желілерде жарияланып жүрген Бердібек Соқпақбав стиліндегі әңгімелері қандай! Балалықтың бал күндерінен жазған сол естелік әңгімелері жинақталса, «Балалық шаққа саяхаттың» өзі болмаса да көзі болары анық. Оны балғындар түгілі елуден асқан өзіміз сүйсініп оқып жүрген жоқпыз ба? Бұл тұрғыда да Серікке Алла Тағаланың берген артықшылығы бар деп ойлаймын. Ендігі жерде біздің Серік осы бастаған ісін ары қарай   жалғастырып,  біраз еңбектенсе жарқыраған жұлдызына қосып, Айы да қатар туар еді деп нық айта аламын.

 Иә, Серік туралы, оның азаматтығы туралы көп жазуға болады,  көп айтуға болады. Жастық күндер мен студенттік шақтардың естелігін де ерінбей жазуға болады. Бірақ, өткен шақтың жеңіл жазбалары Серіктей тұлғаның, Серіктей түрлі лауазымды қызмет атқарған, әлі де атқаратын азаматтың кісілік келбеті мен салмағын арттыра қоймас. Оны өз арамызда айтуға ғана қалдырсам деймін. Өйткені бүгінде ердің жасы елуге толып, ел танып отырған Серіктен біз қашанда салмақты дүние, салиқалы іс күтеміз. Елдің тілеуі де осы шығар.   Серікке тілеген тілегіміз қашан да ақ және шынайы болуы тиіс. Өйткені Серіктің  өзі емес, өзгеге күйетін жаны мен  алдымен өзіме емес, өзге де болсын дейтін ыстық ықылас пейілі оны қашан да көкке көтеретіні анық.  Табиғаттың  берген  мұндай  асыл мінезінен Серік те, Серіктің Салтанаты мен  олардан тараған ұрпақтары да қашан да Алланың нығметіне бөленері хақ. Міне, достыққа берік, жолдасқа адал  Серік жайлы менің аз ғана айтарым осы.

Иә, ол нағыз дос, нағыз жолдас! Ең бастысы – нағыз азамат! Ол мұндай асыл қасиеттерімен  тек таныстары алдында ғана дараланбайды. Себесеңіз, Серікпен дос болып көріңіз. Ол сізідің жасаған бір ғана қайырымыңызды ертерек он есе қып қайтаруға қашанда құмбыл және оған үнемі асығады. Себесеңіз, Серік пен Салтананттың шаңырағына барыңыз. Сізді еш жатырқамай, барын алдыңызға тосып, сыйлап күтіп шығарып салады. Және Сізден «кімісіз?» деп те сұрамайды. Өйткені бұлар  ерекше жаратылған адамдар! Біз олармен мақтанамыз! Міне, бүгін осындай  Серік досымыз да елуге келіп отыр.  Әйгілі, Балапан Базар ағам айтқандай, «мәселе,  елуде емес, елуге қалай келуде». Ия, Базекең айтқандай, Серік сол елуге бүгін әдемі келіп отыр. Қуанамыз, құттықтаймыз!  «Ердің жасы – екі елу!» деген. Ендеше сол екі елуді еңсере бер қадірлі дос, Серік!  

Тегтер: