Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:09, 20 Маусым 2024

Дос іздеген Путин Ким Чен Ынның құшағына кірді

Путин
Фото: Жас Алаш коллаж

Ресей президенті Владимир Путин маусымның 18-інен 19-ына қараған түні Солтүстік Кореяға барды.

 Бұл оның президент ретінде Пхеньянға екінші сапары және Солтүстік Корея диктаторы Ким Чен Ынмен 2019 жылдан бері үшінші мәрте кездесуі. Алдыңғы екі кездесу Ресейде өткен. 

Ресей президенті араға ширек ғасыр салып Солтүстік Кореяға екінші рет келді. 2000 жылы билікті енді ғана қолына алғанда бір барып кеткен. Ол кезде диктатор Ким Чен Ирдің қабылдауында болып, дастарқанынан дәм татқан. Бұл жолы оның баласы, халқын кедейлік пен үрей құшағында ұстап отырған «ракета адам» (АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ким Чен Ынды «rocket man» деп атаған) Ким Чен Ынның шақыруымен келіп отыр. Кремль «екі күндік сапар» деп айдар тағып, сапар датасын 18-19 маусымға белгілесе де Путин алғашқы күнді өткізіп барып қана жетті. Путиннің өзі кешікті ме, әлде қабылдаушы тарап дайын болмады ма, әйтеуір Ресей президентінің ұшағы Пхеньянға жергілікті уақыт түнгі 3 шамасында әрең қонды. Бұл кез Солтүстік Корея халқы шырт ұйқыда жататын сәт. Кім білсін, Ким Чен Ынның құрметті қонағы келе жатқанда ешкім жастыққа жантаймаған да болуы мүмкін. Өйткені халықаралық Reuters, AFP сынды ақпарат агенттіктері Пхеньян көшелерін сыпырып, жол бойында ағаш егіп, сурет іліп, еңбектеніп жатқан жұртты, олардың әрекетін қадағалап, бәрін қойша иіріп жүрген әскерилерді көрсетті.

Ресей президентінің Ил-96 ұшағы келіп тоқтап, есігіне жылжымалы саты жеткенше Ким төраға қызыл кілемде жалғыз өзі тұрды. Сап түзеген қарауыл, қолына гүл ұстаған қызметші қыздар оған аса жақындамай, оншақты қадам кейін тізілген. Есік ашылып, ішінен ширақ қимылдап шыққан Путин үй иесін көп күттіргісі келмегендей баспалдақтан жеңіл жүгіре түскендей көрінді. Жете бере жымиып, қолын созып еді Ким Чен Ын бірден құшағын ашты. Біріне-бірі бойы сәйкесе кеткен екеу төс қағыстырып, ескі достарша табысты. Әуежайда тұрып аз-кем сөйлескен соң Путин мінген кортеж әр қадам сайын өзінің портреттері ілінген кең даңғылға түсіп, дайын тұрған қонақ үйге бағыт алды. Батыс баспасөзінің хабарлауынша, Путин 2019 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин түнеген қонақ үйге тоқтаған.

Ресейдің ТАСС агенттігі таратқан алдын ала ақпаратқа қарағанда, Путин мен Ким Чен Ынның кездесуі 9 сағатқа созылады деп жоспарланған. Солай болды да. Жеке жүздесу, кең құрамда кездесу, екінші дүниежүзілік соғыс ескерткішіне гүл қою, Путиннің құрметіне арналған концертті тамашалау мен қонаққа жайылған дастарқаннан дәм татудың бәрі осы санаулы сағаттарға сыйып кетті. Кеңейтілген құрамда тараптар бір жарым сағат сөйлесті. Әрбір сөйлемді аударуға кететін уақытты есептегенде маңызды нәрсе айтылған уақыт 40 минуттың ар жақ, бер жағы. Осы жиында Путин үстелдің қарсы бетінде отырған солтүстіккореялық әріптесін қайта көргеніне қуанғанын айта келіп, оны Мәскеуге шақырған. Қуанып кеткен Ким төраға: «Халқымыздың сізге көрсетіп жатқан құрметі екі елдің шынайы қарым-қатынасы қандай деңгейде екенін көрсетті» деп ағынан жарылған. Бір қарағанда сыртқы көрініс шынында да солай. Пхеньян көшелері таң атпай қызыл ала ту көтерген, түрлі-түсті гүл ұстаған, шар ұшырған жасөспірім балаға толды. Әдетте авторитар елдерде мұндай картинаның алдамшы екенін елдің бәрі біледі. Ол орыс делегациясына да жақсы таныс. Кең құрамдағы отырыс аяқтала сала екі басшы бөтен көз, бөгде құлақтан аулақ жеке бөлмеге кіріп кеткен. Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков: «Ең маңызды мәселелер сол жерде талқыланады» деді.

Украинаға соғыс ашып, Батыстан арасы алшақтағалы Ресей шығысқа, соның ішінде Солтүстік Кореяға да етене жақындай түскен. Әскери әлеуеті қанша күшті болса да Мәскеу қару-жарақ, оқ-дәріге мұқтаж. Экономикасын әуел бастан әскери мақсатқа жұмылдырған Солтүстік Кореяда ол жетіп артылады. Бірақ ұзақ жыл түрлі санкциялардан көз ашпаған Пхеньянда қаражат, ақша тапшы. «Іздегенге сұраған» дегендей, «екі жарты бір бүтін» болып, ортақ дұшпан АҚШ пен Еуропаға бірге қарсы тұрмақ. Екеуін арқадан қағып, қолтығынан демейтін Қытай тағы бар. Бұл достықтарын әлемге паш ету үшін екі ел басшылары стратегиялық серіктестік және қауіпсіздік шаралары жөнінде келісімдерге қол қойған. Дегенмен BBC агенттігі «Ресей үшін Солтүстік Корея дәл қазір экономикалық тұрғыда ешқандай пайдасы жоқ» ел деп жазды. Германияның DW телеарнасына («Неміс толқыны») берген сұхбатында Оңтүстік Кореяның Конджу университеті профессоры, саяси сарапшы Лим Ын Чжун Путин сапарынан Ким Чен Ын саяси тұрғыда пайда көретінін айтқан. Оның сөзінше, экономикалық тұрғыда көп жылдан бері жалғыз Қытайға ғана тәуелді Солтүстік Корея басшысы қаражат табатын, азық-түлік, көмір мен металл алатын балама көз іздейді. «Тұтас әлемге жеккөрінішті атанып, ертеден оқшауланып қалған Пхеньян Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық қолдаудан жасқанбай, Мәскеудің көңілін тапты» дейді профессор.

Инхва университетінің профессоры Лейф-Эрик Исли Мәскеу мен Пхеньян достығын берік емес деп есептейді. «Мұндай мемлекеттердің өзара жақындасуы жаһанның сауда-саттық тәртібіне нұқсан келтіретіні шын. Алайда оларды адамзаттық құндылықтар, іргелі институттар біріктіріп тұрған жоқ. Екеуін аздап қана жақындастыратын нәрсе – халықаралық нормалар мен ережелерге бағынбау» деген сарапшы.

Путин Пхеньянға барардан бір күн бұрын Солтүстік Кореяның «Нодон синмун» газетіне мақала жариялады. «Украинадағы арнайы әскери операциямызды қуаттап, халықаралық мәселеде бізді қолдап отырған Солтүстік Кореяның әрекетін жоғары бағалаймыз. Әділдікке негізделген, егемендікті құрметтейтін әрі бір-бірінің мүддесін қадірлейтін көпполярлы жаһандық тәртіпке жол бергісі келмейтін «ұжымдық Батысқа» қарсы күресте Пхеньянмен ойымыз бір әрі сенімді серіктеспіз» деді ол сөзінің түйінін. Мақала деген аты ғана болмаса, мәтіннің басы – Ким Чен Ынға салауат, аяғы Батысқа айтылған балағат. Сонау совет дәуірінен бері екі елдің қарым-қатынасын сипаттай келе Путин Ресей мен Солтүстік Кореяның өзара қарым-қатынасы соңғы жылдары жаңа қарқынмен дами бастағанын жазған. Бірақ сауда-саттық мөлшері, алыс-беріс сомасы жөнінде бір сөз жоқ. Оны атаса өзіне сын жебесінің борайтынын біледі, сондықтан жақ ашпаған. Өйткені Біріккен ұлттар ұйымының Солтүстік Кореяға қарсы қабылдаған қарарларында бұл елмен ресми түрде сауда-саттық жасауға тыйым салынған. Оған қазір «доспын» деп отырған Ресей де қол қойып берген. Алайда Кремль қожасы 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға қарсы ашқан соғысының тұзағына өзі түсіп, амалсыз Ким Чен Ынға алақан жаюға мәжбүр. Ядролық қаруын жетілдіруге, ғарышқа барлаушы әрі тыңшы спутниктерін ұшыруға ынталы Ким диктатор оның бәрін «кешіруге» дайын. Сондықтан Путиннің сұрағанын беріп, өзінің қалағанын алғысы келеді.

   Батыс ақпарат құралдары былтыр Солтүстік Корея Ресейге кемі 1 миллион снаряд жібергенін жазған. 14 маусымда Оңтүстік Корея басылымдары Пхеньянның былтырдан бері Мәскеуге кемі 5 миллион снаряд сиятын 10 мыңнан астам контейнер жөнелткенін жазған. Бұл АҚШ пен оның одақтастарының соғыс басталғалы Украинаға жіберген немесе уәде еткен снарядтарынан әлдеқайда көп. Былтыр көктемде НАТО елдері Киевке 1 миллион снаряд жеткізуге келіскен, бірақ Украина қорғаныс министрлігі биыл көктемге дейін оның жартысы да келмегенін мәлімдеген. Украинаға көмектің әлі де жеткіліксіз екенін 18 маусым күні Вашингтонға барып, АҚШ президентімен кездескен НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те растайды. Америкалық CNN телеарнасы Столтенбергтің «Бұл сапар Путиннің диктаторларға тәуелді екеніне тағы бір дәлел. Оның достары қазір Солтүстік Корея, Иран мен Қытай» деген сөзін келтірді. BBC агенттігі НАТО бас хатшысының «Путиннің Пхеньянға сапарынан біздің қауіпсіздігіміз жаһандық мәселе екенін ұғуымыз керек. Қазір Еуропада болып жатқан оқиғаның бәрі Азияға, Азиядағы жайттың бәрі Еуропаға, өзге құрлықтарға да қатысы бар» дегенін жазды.

Ресей президентінің Солтүстік Кореяға сапарына Америка үкіметі де алаңдаушылық білдірді. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Мэтью Миллер «Солтүстік Корея оқ-дәрілерінің Украина майданында қалай пайда болғанын білеміз. Сондықтан алаңдаймыз. Ресей мен Солтүстік Корея қарым-қатынасының тереңдей түсуі АҚШ-ты ғана емес, Корей аралдарында тұрақтылық пен бейбітшілікті жақтайтын, Біріккен ұлттар ұйымы жарғыларының бұзылмауын қалайтын және Ресей басқыншылығынан өзінің еркіндігін сақтап қалу үшін күресіп жатқан Украина халқын қолдайтындардың бәрін алаңдатады» деп мәлімдеді. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің баспасөз хатшысы Джон Кирби де президент Джо Байденнің айналасы сапарды мұқият бақылап отырғанын айтты.

2006 жылы Пхеньян алғаш рет ядролық қаруын сынақтан өткізгенде Біріккен ұлттар ұйымы арнайы қарар қабылдап, Солтүстік Кореяға санкция салғанын айттық. Содан бері оларға жеткізуге болмайтын тауарлардың тізімі ұзарып, қысым күшейді де, елдің тынысы тарылды. Биліктегі бір адамның, (билік бұл елде атадан балаға мұра боп қалып жатқандықтан бір әулеттің деген дұрыс шығар) әрекетінен миллиондаған тұрғын зардап шегіп отыр. Мәселен, қазір БҰҰ санкция тізімінде Солтүстік Кореяға әскери әрі азаматтық авиацияға, яғни екі мақсатта қолданатын тауарларды сатуға тыйым салынған. Қару-жарақты былай қойғанда газ, мұнай, көмір, металл, техника, жиһаз, теңіз тағамдары, табиғи байлықтың ешбірін ресми түрде тасымалдауға болмайды. Шетелде Солтүстік Кореяға тиесілі мүлік бұғатталған, банктеріне ешкім ақша аудармайды, тіпті бұл елдің адамдарын қара жұмысқа алудың да шегі бар. Мұндай санкцияларға Ресей енді-енді ғана бой үйретіп келе жатса, Солтүстік Корея ерте бейімделген. Сондықтан екі тараптың қазір біріне-бірі аса мұқтаж екені осы сапарлардан-ақ аңғарылады. Ресей Солтүстік Кореяға БҰҰ қарарларына қарамай сауда-саттық дәлізін ашып беруі де мүмкін. Путин өз мақаласында осыған меңзегендей етіп «біз Солтүстік Корея экономикасына Батыс әсер ете алмайтындай жәрдем береміз» деп жазды.

 Путин Солтүстік Кореядан соң Вьетнамға ұшты. Ол жақта да екі күн болмақ. Жалпы Ресей президенті COVID-19 пандемиясына дейін алыс-жақын шетелге жиі шығатын. Вирус тарағанда Кремль қожасы жүрісті күрт азайтты. Одан кейін соғыс басталды да, сапарлар саны тіпті қысқарды. Былтыр наурызда халықаралық Гаага соты Ресей президентін тұтқындауға ордер бергелі Путиннің өрісі тарыла түсті. Көбіне Рим статуты құжатының күші жоқ Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан сынды елдерге ғана барады. Оны АҚШ-қа барса да, ешкім қолына кісен салмайды. Мәскеу мен Пекин іспетті Вашингтонға да Гаага сотының пәрмені жүрмейді.

Айгүл Баба