Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 25 Маусым 2024

Досаев Байбектен мұраға алған мыңжылдық жоспар

1
Фото: ашық дереккөз

Келер жылы Алматы трамвайының тоқтағанына 10 жыл болады. 

 Тұрғындар қимастықпен қоштасып, сағына еске алып жүрген экологиялық қоғамдық көлік 2015 жылы орын алған екі жол апатынан кейін қаланың тыныс-тіршілігінен қол үзген. Арада сонша уақыт өтсе де ескі рельстер мен тот басқан темірлер әлі жатыр. Бір емес, бірнеше көшеде...

 Қалалар мен қала тұрғындарының өсуі, электротехниканың дамуы, экологиялық қажеттіліктер трамвайдың пайда болуына әсер етті. Әлемдегі алғашқы адам тасымалдайтын трамвай 1881 жылы Берлин мен Лихтерфельд қалаларының арасында жүрген. Осыдан соң қолайлылығымен қоса экономикалық жағынан тиімді бұл көлік түрі әлем елдерінде танымал болып, 21 ғасырдың басында кеңінен қолданылды. Бірақ технология мен көліктердің дамуы жаңа деңгейге шығып, жеке автокөлік міну қолжетімдірек, ал автобустар жылдам да арзанырақ бола бастады, троллейбус пайда болды. Сәйкесінше, трамвай желілері бұрынғы қарқынын жоғалтты. Бүгінде ол Австралияның Мельбурн, Австрияның Вена, Швейцарияның Зуринген, Францияның Страсбург, Чехияның Прага, АҚШ-тың Сан-Франциско, Ресейдің Мәскеу қалаларында қолданыста бар. Алайда көпшілігі тек туристік мақсаттарда, мәдени ескерткіш есебінде. Әрине, тағы бірнеше ірілі-ұсақты қалаларда трамвайлар жүреді. Десек те аталмыш қоғамдық көлік қалалардың транспорттық саясатында басым рөлге ие деп айта алмаймыз. Бізде де дәл солай. Алматыдағы трамвай 2015 жылы, Теміртаудағысы 2023 жылдың басында тоқтады. Қарағанды трамвайы тіпті ерте 1997 жылы қолданыстан шығарылды. Қазір Өскемендегі трамвай желілері қаладағы жолаушы тасымалының 20 пайызын құраса, Павлодардағы трамвайлар бірнеше бағыттармен жүріп өтеді.

 Осының арасында ең шулысы да, даулысы да – Алматы трамвайы. 1937 жылы ашылып, содан кейін-ақ қаланың символына, эталонына айналған қоғамдық көлік транспорттық саясатта аса маңызды позицияда еді. Уақыт өте келе қозғалысы азайып, 1990 жылдардың ортасында біраз бағыттар алынып тасталды. 1999 жылдан бастап тек екі маршрут жүрді. Соның өзінде жолаушы тасымалының көлемі азая қоймаған. Халық күнделікті жүріс-тұрысқа тұрақты пайдаланатын трамвайлардың өзі де, жолдары да тиісті техникалық талаптарға сай жаңартылып, жөнделіп отырды. Ал 2002 жылы «Алматы қаласының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына» сәйкес, жыл сайын 10 шақырым трамвай жолы реконструкцияланып, жаңарады деген шешім шықты. Бұл жұмыс өз мерзімінен кешігіп, 2005 жылы басталған. Ескі рельстер жаңа бетонды шпалдары бар рельстерге ауыстырылып, балласттар жаңартылды. Ары қарай да осылай жалғаса бермек болған. Бірақ 2015 жылғы қос апаттың әсерінен, әлде сол күйі көпке белгілі болмаған басқа себептерден Алматы трамвайының қозғалысы біржола тоқтады. Сол кездегі қала әкімі Бауыржан Байбек трамвай депосына барғанда өз шешімі туралы хабарлаған. Жол жағдайы нашар деген желеуін дәлелдейтін техникалық дефектоскопия мен трамвай жолының барлық конструкциясына қатысты бағалау жұмысы жүргізілді ме, жоқ па, ол да белгісіз. Әйтеуір нәтижелері еш жерде жарияланбады. Осылайша, ешқандай ресми құжат пен бұйрықсыз-ақ Алматы трамвайының тарихи жолы тоқтады.

 Трамвайды тоқтатумен жұмыс бітсе мейлі ғой. Шаруаның машақатты тұсы алда екен. Қанша жылдық трамвай рельстерін алу, оларды сату, тасымалдау, жол салу сынды жұмыстар басталып кетті. Алдымен 2016 жылы байланыс желісі, 2017 жылы бірнеше ірі көшедегі рельстер демонтаждалды. Аталған мерзімде тиісті жұмыстар 27 пайызға орындалып, барлығы 61,4 шақырым рельстің 16,7 шақырымы алынған. Оның орнына асфальтті-бетонды жабын төселген. Бұл жұмыстарға 123 миллион теңге жұмсалды. Ал 2018 жылы тағы бірнеше көшедегі 15,7 км жолдың демонтажына 113 миллион теңге қарастырылыпты. Енді бір көшелердегі жұмыстар не басталып болмай, не аяқталып болмай, ұзаққа созылды. Тіпті әлі күнге жатқан трамвай жолдары да баршылық. Олар Төле би, Б. Момышұлы, Жетісу көшелерінде. 9 жылдан бері жүргізушілерге де, онсызда кептелісі көп қаладағы жолдарды кеңейтуге де кедергі болып келе жатқан трамвай жолдары ЛРТ деген сылтаумен әлі жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігіне хабарласып, жауапты мекемелерге сауалдарымызды қойдық.

 Еске сала кетейік, 2017 жылдың қарашасында бұрынғы әкім Бауыржан Байбек Алматы қаласында ЛРТ жолының құрылысы 2018 жылы басталатынын жеткізген. Тіпті бұл жобаға 125-130 миллиард теңге жұмсалатынын да айтқан. Алматы әкімдігі болса 2016 жылы ЛРТ мерзімі жылжыды, 2020 жылы пайдалануға беріледі деп бір айтты, 2018 жылы тағы да шегеріп, қозғалыс 2023 жылы басталады деді. Келместей көрінген 2023-те де сылтаулар табылды. Былтырғы жылдың аяғында орталық коммуникациялар алаңында есеп берген қазіргі әкім Е. Досаев ЛРТ құрылысының бірінші кезеңі 2024 жылдың күзінде басталады деп мәлімдеген. Жаз да ортасына таяды, ал күзде басталатын ЛРТ көрінбейді... ЛРТ үшін осы жолды пайдаланамыз деп қалдырған трамвай рельстері болса әлі жатыр. Бұл туралы «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ғылыми зерттеулер бөлімінің басшысы Жанат Айтілеу былай дейді:

 «Ескі трамвай жолдарын бүгінгі жаңа құрылысқа қолданудың маңызы бар деп айта алмаймыз. Рельстің өзі ескірген, оларды жаңа көліктің жолы ретінде қолдануға технологиялық аспектілер мүмкіндік бермейді. Жеңіл рельсті, жүрдек, дыбыссыз жаңа транспорттың рельстері басқаша болатыны анық. Бұл орайда тек бұрын трамвай жүрген кейбір маршруттарды қолданамыз. Әрине, әуелде ескі трамвайды қалпына келтіру туралы да ойлар болды. Сондықтан рельстер алынбай тұрып қалды. Бірақ кейінгі жоспар толығымен ЛРТ бойынша құрылғаны белгілі. Осы құрылыстың жұмыс жобасына сәйкес алдағы уақытта ескі рельстер алынып, жаңа рельстер салынады. Ал ЛРТ-ның бірінші бөлігін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр, жұмыс 2026-2027 жылдары басталмақ».

 Осыдан соң «Алматыбасжоспар» ҒЗИ құзыреттілігіне кірмейтін мәселелер бойынша Алматы қалалық мобильдік басқармасына байланыстық. Аталған басқармадағы жобалау және перспективті дамыту бөлімінің басшысы Данияр Надырханов былай деп жауап берді:

 «2016 жылдан бері ЛРТ-ның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп келеді. Ол кезде жолды 22,7 шақырымға жоспарладық. Кейіннен Алматыдағы жаңалықтарға, заман талабына сәйкес, қаланың бас жоспарын өзгерту қажет болды. Түзетілген нұсқа 2023 жылдың мамыр айында бекітілді. Дәл осы кезеңдерде Алматы қаласының көлік қаңқасының мастер планы басталып кеткен еді. Бұл құжатта 2030 жылға дейінгі көлік саласын дамыту, жол желілері, аялдамалар, тұрақтар, қалаға кіріп шығатын көлік тораптары айқындалып, бас жоспарға тағы да өзгерістер енгізілді. Осылайша, бүгінгі жоба бойынша ЛРТ-ның ұзындығы 22,7 емес, 31 шақырымға жетіп отыр. Аталған жаңа жоба бойынша жаңа техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді бастап кеттік. Бұл этапты жылдың аяғында аяқтап, инвестицияларға, капиталға қатысты келіссөздерге кірісеміз. ЛРТ құрылысы осы себептерден созылып кетті.

 Ал енді бұрынғы трамвай рельстеріне келсек, Төле би көшесінде жартылай, Б. Момышұлы, Жетісу көшелерінде трамвай рельстері әлі бар. Олар жаңа жоспардағы жүйеге келмейді, сондықтан алып тастаймыз. Бірден алып тастамай, ЛРТ-ны күттіруіміздің де өз себебі бар: рельстерді алып, орнын қалпына келтіру үшін көп қаражат қажет. Сондықтан рельстерді алып, бірден жаңасын орнатқан тиімдірек. Осы логика негізінде ескі рельстердің демонтажы ЛРТ құрылысының жобасына енгізілген. Ол жоба созылып кеткен соң тұрғындардан шағым көбейгені рас. «Рельс тұр, неге трамвайды жүргізбеске?», «Ақыры жүрмесе жолдарын неге алып тастамасқа?» деген орынды сұрақтар жиіледі, көшелерді кеңейту туралы да көп айтылды. Осыларды ескере отырып, бірқатар көшелердегі рельстерді алып тастауға тура келді. Ал әлі жатқан рельстерге байланысты айтар болсақ, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ Б. Момышұлы көшесін абаттандыру бойынша жоба жасаған. Соның негізінде рельстер алынады. Жетісудағы жолдар да кезең-кезеңімен демонтаждалады. Ал Төле би көшесі ЛРТ-ны күтеді. Өздеріңіз білетіндей, ондағы рельстерді жиектаспен қоршап қойғанбыз. Сонда көпшілік жолды кеңейту керек немесе ағаш отырғызу қажет деп көп пікір білдірді. Алайда ЛРТ осы маршрут бойынша да жүретіндіктен, қазір бір құрылыс жүргізіп, кейін тағы алып тастау тиімсіз».

 Демек, аталған үш көшедегі рельстер ЛРТ-ны 10 жылға жуық күтіп-күтіп, ақыры алынып тасталмақ. 2015 жылы трамвайды қолданыстан шығарып тастағанда-ақ құрылысы бастала қалады, әне-міне деген ЛРТ-ымыз қанша әкім ауысып, қанша уәделер берілсе де шегерілумен келеді. Енді Момышұлы мен Жетісу көшесіндегі ескі рельстерді былай қойғанда, Төле би көшесі әлі қанша жыл ескінің көзін сақтайтынын кім білсін?

Баян Мұратбекқызы 

 

 

Тегтер: