Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 08 Тамыз 2024

Досаев Қасымбектен қалыспайды

Досаев
Фото: из открытых источников

Алматыда жол жүру ақысы өсті. 3 тамыздан бастап мегаполис тұрғындары мен қонақтары қоғамдық көлікке отырғаны үшін 120 теңге төлейді.

 Бұл шешімге байланысты тұрғындар пікірі екіге жарылды. Кейбірі елде бәрі қымбаттап жатқандықтан, жолақысының өскені ақылға қонымды десе, екінші топ бұған үзілді-кесілді қарсы.

Мегаполис мәслихаты жолақыны жоғарылату туралы шешімді 19 шілдеде мақұлдаған. Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев бағаның өсуіне қосалқы бөлшек және өзге материалдардың қымбаттауы әсер еткенін айтты. Оның айтуынша, тасымалдаушылардың нақты шығысы 310 теңгеден асып кеткен. Осыған орай әкімдік автопарктерге өте көп субсидия төлеп отыр. Жаңа баға 2024 жылғы субсидия сомасын 7 миллиард теңге төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шенді қала тұрғындарын сапалы, қауіпсіз және жайлы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етуге уәде берді.

Баға бір жылда екі рет өсті

Бұған дейін 2023 жылы 21 тамызда қоғамдық көлікпен жол жүру ақысы жоғарылаған. Атап айтқанда, карта немесе SMS код арқылы төлегенде жол ақысы 100 теңге, ал қолма-қол төлегенде 200 теңге болды. Оған дейін билет құны тиісінше 80 және 150 теңге болған.

Алматылықтар 2012 жылғы 23 шілдеден былтыр тамызға дейін автобусқа 80 теңге төлеп жүрді. Оның алдындағы 50 теңгелік меже де бірнеше жыл бойы өзгермеген. Ол кезде де елде инфляция, экономикалық қиындықтар болып жатты, бірақ ешқашан билет құны мұнша тез құбылмаған. 10 жылдан аса сақталған баға қала тізгінін Ерболат Досаев ұстағаннан бері екі рет өсті.

автобус
Фото: alatransit.kz

Баға неге көтерілді деген сұраққа қала әкімдігі мен тасымалдаушылардың жауабы дайын. Олар қазіргі бағамен шығынға белшесінен батқанын айтады. Әкімдік хабарлағандай, жолақысы арзан болғандықтан, тасымалдаушылар шығынын жабуға үлкен мөлшерде субсидия төлеуге тура келеді. Мысалы, субсидияға 2023 жылы 68,7 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы оның сомасы 97,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл қала бюджетіне ауыр салмақ салып отыр.

Ал тасымалдаушылар қазіргі тариф үкіметтің көмегін қосқанның өзінде шығынды өтей алмайды деп санайды. Алматыдағы жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар ассоциациясының мәліметінше, қазіргі жолақы негізгі шығынды жабуға да жетпейді. Былтыр тарифтің 20 теңге өскені, саладағы шығын мәселесін жоя алмапты.

Автопарк басшылары жаңа әрі экологиялық тұрғыда таза автобустар сатып алып жатқанын алға тартады. Олардың айтуынша, автобустар жылдан жылға қымбаттап барады, автобөлшек бағасы да 10-15 пайыз өскен. Оның үстіне жолаушылар қоғамдық көліктің жайлы әрі қауіпсіз болғанын қалайды. Осының бәрі едәуір шығынды қажет етеді.

Жаңа автобус сатып алып жатырмыз дегенді қала әкімдігі де жыр етіп айтып жүр. «Экологиялық таза көлікті көбейту үшін 2023 жылы 600 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алынды, биыл тағы 600 автобус, 112 троллейбус және 100 электробус алуды жоспарлап отырмыз» деп жазды әкімдіктің ресми сайты. Оларды алуға 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.

Бұл статистиканы президенттің қабылдауына барғанда Досаев та айтты. «Биыл экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70 пайызға жетеді, былтыр бұл көрсеткіш 53,7 пайыз болған. Сондай-ақ қаланың троллейбус паркі толық жаңарды» деп есеп берді қала әкімі.

автобус
Фото: ашық дереккөз

Баға өскенмен, сапа өскен жоқ

Иә, әкімдік пен тасымалдаушылардың сөзіне сенсек, қала автобустары жаңарып, жайнап келеді. Бірақ Досаев бастап, кәсіпкерлер қостап, қанша мақтанса да, Алматының қоғамдық көліктеріне айтылар сын көп. Қалада екі миллионнан аса адам тұрып жатыр, оның көбі автобусқа мінеді.

«Алматыда тұрып жатқаныма 20 жылдай болды. Қоғамдық көлікке жиі отырамын. Егер кептеліс болмаса, автобус дер кезінде келсе, үйімнен жұмыс орныма 35 минутта жетер едім. Бірақ қазір 1 сағат 40 минут жүреміз. Басқаша айтқанда, күніне 4 сағатқа жуық уақытым жолда, автобуста өтеді. Не үшін?

Біріншіден, автобустар белгіленген уақытта жүрмейді. Саны аз ба, әлде басқа себеп пе, аялдамада ұзақ уақыт күтеміз. Автобус келгенше аялдамада бір қауым ел жиналып қалады, салдарынан 30 адамға арналған машинада 50-60 адам иін тіресіп тұрады. Оның үстіне, автобустарда кондиционер жоқ немесе оны қоспайды. Сонша адам қысылып, ыстықтап тұрады. Жүргізушілердің мәдениеті де төмен, бір-бірімен жарысып, жолаушылармен ұрсысып жатады. Қауіпсіздік талаптарын да сақтамайды. Шұғыл тоқтайды, кей аялдамаға тоқтамай өтіп кетеді.

Екіншіден, бізде автобустар күтім көрмегендіктен, тез тозады. Әкімдік жаңа көлік алдық деп жатады, бірақ бірер жыл өтпей сол машинаның тозығы жетеді. Оған жиі болатын жол апаты да әсер ететіні анық.

Үшіншіден, қала кептелістен көз ашпайды. Еуропаның бірнеше қаласында болып, автобустарына отырып көрдім. Жолақысы бізден бірнеше есе қымбат. Бірақ қызмет көрсетуі соған сай. Іші жайлы, кондиционер, смартфон қуаттағыш болады. Оның үстіне, автобусты ұзақ күтпейсіз. Біреуі кетіп қалса, бір минутқа жетпей екіншісі келеді. Салонда ешкім қысылып тұрмайды. Ал бізде қызмет көрсету жолақысына мүлде сай емес», – дейді Алматы тұрғыны Қайрат.

Ал қала маңында тұратын Бота есімді тұрғын автобустардың саны өте аз екеніне шағымданды. Оның айтуынша, мегаполиске жақын аудандарға қоғамдық көлік қатынағаны мақтауға тұратын жұмыс. Бірақ олар тым сирек жүреді, бір автобусқа үлгермей қалсаңыз, екіншісін сағаттап күтуге тура келеді. Оның үстіне ауылдарға негізінен ескі автобустар жүреді, оған міну қауіпті әрі өте жайсыз. Сол үшін адамдар таксиге отыруға тырысады. Алматының шыға берістеріндегі иін тірескен адамдарды көргеніңіз бар шығар, міне, таксидің тұтынушылары солар. Жайлы, жақсы автобус жүріп тұрса, таласа-тармаса таксидің есігіне ұмтылып тұрмас еді. Әрине, таксидің бағасы да аспандап тұр.

Ал урбанист Диас Маратұлы әкімдік ескермеген бірнеше кемшілікті тізіп берді.

Диас Маратұлы
Фото: urbanforum.kz

«Алматыдағы автобустардың қызмет көрсету сапасы жақсы не жаман деп кесіп айтуға келмейді. Қоғамдық көлік саласын дамытуға бағытталған көптеген жұмыс жасалып жатыр. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстар аз болып тұр. Мысалы, жолақысын көтерді, бірақ төлем жүйесін тиімді етудің амалын қарастырған жоқ. Баға өсірумен бірге, тегін автобус алмастырып мінуге мүмкіндік берсе, тұрғындарға әлдеқайда тиімді болар еді. Бір айға берілетін жол жүру билеті жүйесін де жақсартқан жоқ.

Бұдан өзге әкімдік көптен бері уәде беріп келе жатқан жұмыстар да шешілген жоқ. Атап айтқанда, трамвай жүйесі әлі салынған жоқ. Қазір қолданыстағы автобус жолақтарында да кемшілік көп, оны жеңіл автомобиль кіре алмайтындай етіп жасау керек еді. BRT желісі де оң нәтиже берген жоқ, оны көбейту жоспарланған, бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр.

Алматыдағы қоғамдық көлік жүйесінде проблема көп. Бірақ автобустар дайын емес деп қарап отыруға болмайды, адамдарды қоғамдық көлікпен жүруге шақыру керек. Бұл тұрғыда әкімдіктің ұстанымы дұрыс. Кез келген қаланың әкімдігі адамдарды жеке автомобильден түсіріп, автобусқа отырғызуды мақсат етеді. Өйткені қоғамдық көлік желісі даму үшін оны адамдар пайдалану керек, сонда ғана бұл саланың сапасы артады», – дейді маман.

Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев Алматыда 22 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі жұмыс істеп тұрғанын айтады. Қалада күн сайын 2 468 автобус пен троллейбус жолға шығып, оларға күніне 1,5 миллион адам отырады екен. Біз қарапайым арифметикаға сүйеніп, 607 адамға бір автобустан келетінін есептедік. Осының өзі мегаполисте қоғамдық көлік саны аз екенін аңғартып тұр.

Автобустың саны ғана емес, сапасы сын көтермейтінін айттық. Әкімдік әлеуметтік желіде жариялаған жолақы өсетіні жайлы хабарламаның асты тұрғындардың пікіріне толып қалыпты. Оның көбі жоғарыда біз атаған кемшіліктерді тізіп жазып отыр. «Бағаны көтерсеңдер, автобусты жаңартып, қызмет сапасын жақсартыңдар» деп ашық талап қойғандар да бар. Бұл пікірлерге Досаев құлақ аса ма, әлде президентке оқып берген қолындағы мінсіз цифрларға сеніп жүре бере ме, белгісіз.

Биыл 1 тамызда Астанада жолақы 90 теңгеден 110 теңгеге өсті. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек автобусқа отырған әр жолаушы үшін тасымалдаушыларға 250-300 теңге субсидия төлеп отырғанын айтып, билетті қымбаттатуға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Қасымбектен қалыспай Досаев та жолақыны жоғарылатты.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: