Досаев: Сіз айтқан тоқ бала – менмін...
Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып «Қаңтар оқиғасынан» кейін, 2022 жылы 31 қаңтарда тағайындалды.
Уикипедия ашық энциклопедиясындағы мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік қызметтегі жолын небәрі 27 жасында бастаған ол 25 жыл ішінде 16 мекемеде әртүрлі жетекшілік, басшылық жұмыстарды атқарыпты. Айтпақшы, Е.Досаев «Байұлы тайпасының Алтын руының Мәметек бөлімінен» шығыпты, мұны да Уикипедия ашық энциклопедиясынан оқыдық.
Қош, негізгі тақырыпқа ойысайық. 8 маусым күні Алматы қаласының әкімі Е. Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу №76 жалпы білім беретін мектептің спорт залында өтті. Кездесудің беташарын қала әкімі баяндамамен ашты. Онда Түрксіб ауданындағы бірқатар өзекті мәселелердің оң шешім табылатынын айтып өтті. Уәдені үйіп төкті, оның айтуынша: «Шілде айында №70 бөбекжайы ашылады. Жыл соңына дейін «Қайрат» мемлекеттік балабақшасының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ наурыз айынан бастап Алматы техкоммуникация және машина жасау колледжінің ғимараты бұзылып, жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жүргізіліп жатыр, оны бітіру 2024 жылдың І тоқсанына жоспарланған, желтоқсан айында Әлмерек, Нұршашқан, Шуақты, Қайрат шағынаудандарында электр беру желілерін жаңғырту аяқталады» екен. Досаев сөзінің соңын: «Жол жасалады, жарық тартылады, кәріз жүйесі жөнделеді», деп түйіндеді.

Осыдан соң қала әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап бере бастады. Үш жерден қойылған микрофонға көпшілік қаз-қатар тізіліп, әкімге сауалдарын қойды. Бастапқы кезде Досаев қамшы салдырған жоқ. Тұрғындардың сұрағына жедел жауап берді. Арасында тиісті мекемелердің жауапты қызметкерлерін орнынан тұрғызып, жұрттың көзінше тергеп, зекіп те алды. Өстіп бір сыдырғы сұрақ, бірыңғай жаттанды жауап біраз уақытқа созылды. Тіпті бір қарияның сұрақты қағаздан оқып тұрғанын да көзіміз шалды.
Аздан соң Досаевқа жайсыз сұрақтар да қойыла бастады. Алғашқысы Түрксіб ауданындағы туберкулез ауруханасына қатысты болды. Сұрақ қойған тұрғын: «туберкулез ауруханасы сүріліп, орнына №32 аурухана салынады» деп естідік, халық бұған қарсы. Осыны неге ескермейсіздер? Әлде бұл «аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегеннің кебі ме? Анығында, сіз мұны жақсы білесіз, осы жайлы тиісті орындардың бәріне арыз жаздық, айналып келгенде сұрақтың бәрі сізге келіп тіреліп отыр. Сіз неге бізге жазба түрде жауап бермейсіз. Есіңізде болса, былтыр сізді далада ұстап алып, арызымызды айттық, сіз 18 май күні қабылдаймын дедіңіз, біз дәл сол күнге жазылдық. Бірақ о күні қабылдамадыңыз, осы сұрақпен алдыңызға тағы да келіп тұрмын», деді.

Үлкен экраннан байқадық, Досаевтың өңі өзгеріп сала берді. Сәл шытынап, қабағын түйді де сөзді түйеден түскендей етіп: «Сіз ел қарсы дейсіз, және «аш бала, тоқ бала» дейсіз, мен кімнің аш, кімнің тоқ екенін білмеймін ғой, ал ел дегеніңіздің артында қанша халық бар?» деп бастады. Сұрақ қоюшы әкімнің сөзін бөліп: «Ерболат, «аш бала мен тоқ бала» деп отырғаным шенеунік пен халық», деді. Бірақ Досаев оның сөзінің аяғын күтпестен: «Сонда сіз айтқан тоқ бала – менмін ғой!» – деді суық жымиып. Ары қарай әңгіме әкім мен тұрғынның қысқа-қысқа жауаптасуына ұласты, бірте-бірте қызынған тұрғын мен қызбаланған әкім бір-бірін күтпей, жарыса сөйлей жөнелді, бір кезде Досаевтың «тәте, қаланың әкімі менмін ғой, енді мені тыңдасаңызшы», деген дауысы бәрін басып түсті, зал тына қалды.
– Ол жерге ешқандай аурухана салынбайды, – деді әкім.
– Салмай-ақ қойыңыздаршы, – деді тұрғын.
– Тұрса тұра берсін, бірақ ертең анау жиналған бомждар басқасымен мына жерге келіп дау айтпаңыз маған, – деді. Бұл мәселе осымен тынды.
Келесі бір тұрғынның да сұрағы Досаевқа жайлы тие қойған жоқ. Себебі қала тұрғыны көптен күткен баспанасына әлі қол жеткізе алмағанын айтып, әкімге шағынып келіпті. Әкім бірден: «Сіздің үйіңіз дайын, кеше ғана өзім барып көрдім, бірақ әлі площадькалары дайын емес, көкөніс толтырылған жоқ (әкім көгалдандыруды көкөніс деп жаңылып айтса керек, әлде көгал орнына қымбатшылық кезінде тұрғындарға арнап көкөніс өсіргелі жатыр ма екен, онысын анық білмедік), дым жоқ, жауапты компания жақын күнде бітіруге уәде берді», деді. Тұрғын әкімнің бұл сұрағына риза болмады:
– Енді қанша күтеміз? Бір ай, екі ай?
– Олар маған 1 шілдеге дейін бітіреміз деді. Қалай болатынын тағы көреміз.
– Ақпанда келгенімде «мамырдың аяғы» дедіңіз, мамырдың аяғында «маусымда» дедіңіз.
— Онда сізді ертең-ақ жіберейін бе. Кілтіңізді берем, бірақ барып алып: «анасы жоқ, мынасы жоқ» деп жүрмеңіз. Сәл шыдасаңыз қайтеді! Тіпті үй кезегін 15-20 жылдан бері күтіп жүрген адамдар да бар.
Онан кейінгі бір сұрақ әкімге майдай жақты. Тұрғын сөзін Досаевқа алғыс айтудан бастады. Ол: «Сіздің бір ауыз сөзіңізбен жұмысқа орналастым. Бір жылдан бері істеп жатырмын, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, рақмет сізге», деді. Мұны естігенде әкімнің жүзі жылып сала берді, тіпті күлім қағып: «Жұмысыңыз құтты болсын, қабыл болсын», деп салды...
Тағы бір тұрғынның сұрағы Досаевты тіпті де ширықтыра түсті. Ол: «Біздің үйіміз құбыр жүйесінің үстіне орналасуына байланысты сүрілетін болып шешім шыққан, алайда үйді 9 жылдың алдында сатып алған сомадан да төмен бағалап тастады. Содан осы қалалық әкімдікті сотқа беріп, жеңдім. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Қазір ешқандай кірісім жоқ, соған қарамастан, мені әлеуметтік жәрдемақыдан қиып тастадыңыздар.Мен ҚазҰУ-ды қызыл дипломмен бітіргем, жұмыс сұрасам «жүргізуші бол, күтуші бол» дейсіздер, шынын айтқанда, дипломы бар адамды қара жұмысқа салудың өзі заңға қайшы. Әлеуметтік жәрдемақыны қиғанда да ешқандай ескертпеді, қолыма қағаз да бермеді. Мұны қалай түсінуге болады?» деді.
Негізі жиналыстың басында «тұрғындарға сұрақ қоюға бір жарым минут беріледі» делінген. Алайда бұл тұрғынның сұрағы бір миннуттан аса бастағанда қоңырау шалынып, екі рет ескерту жасалды да дәл 1.5 минутта микрофон өшірілді, кейін оны әкім қайта қостырды. Досаев тұрғынның сұрағына: «Бұл үкіметтің шешімі, заң бәрімізге ортақ. Ал жүргізушілік, күтушілік ұнамаса, басқа жұмыс істеңіз. Офисте істейтін жұмыс табылатын шығар. «Әлеуметтік жәрдемақы берілсін деп бұйрық шығара алмаймын», деді.
Тұрғын да әкімге қайыра уәж айтып: «Мен сізге бұйрық шығарыңыз деп отырған жоқпын. Сіздер үйдің мәселесін толық шешпей, бізді қамап ұстап отырсыздар. Егер осы мәселе оң шешілсе, біз сол жерден кетер едік, әлеуметтік жәрдемақыны да алмас едік, осыны неге шешпейсіздер?» – деді. Әкім: «Мен жауабымды бердім, басқа айтарым жоқ», – деп, қысқа қайырды.
Осыдан соң тұрғынның микрофоны өшірілді, ол үздігіп, әлденелерді айғайлап айтты, бірақ әкім бұған мүлде назар аудармады, есесіне, манадан бері сұрақ қоятын тұғындарды қатарға тұрғызып, олардың әлде атын, әлде сұрағын қағазға түртіп алып, зыр қағып жүрген екі қызметкер оны сүйрегендей болып, тұрғындардың ішіне отырғызды. Біз де қасына бардық, «Жас Алаштан» екенімізді айтып, Досаевтың соншалық «жауабымды бердім, басқа айтарым жоқ» деп шытынағаны не мәселе екенін сұрап білдік. Алматы қаласының тұрғыны Жәмила Шөмішбаеваның жанайқайын газетіміздің келесі санынан оқисыздар.