Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:07

Досаев тұрғындар төсеген жолды өз есебіне жазып жүр

Досаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Алматы қаласында тұрғындар наразылыққа шықты

Алматы қаласы Алғабас шағынауданы тұрғындары екі күннен бері наразылық өткізіп жатыр. 27-қазан күні ауданда су өшіп қалған. Қалалық суға емес, жекеменшік компаниядан қызмет алып отырған халыққа компания иесі 3-4 күн су болмайтынын айтқан. Алғабаста су болмаса, жылу да іске қосылмайды. Суық күнде не істейміз деп абдыраған тұрғындар көшеге шығып, жолды жаппақшы болған. 

Ауданда су ғана емес, жол, жарық, қоқыс сияқты қордаланған мәселелер өте көп. 29-қазан күні Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев пен тұрғындардың кездесуі өтті. «Жас Алаш» тілшісі де кездесуге барып, олардың шағымын тыңдап қайтты.

Алғабасқа қараңғы түсе жеттік. Дала көзге түртсе көргісіз қараңғы, тек телефондағы айтылған орынға қарай жол сілтеп келе жатқан картаға ғана сеніп келеміз. Жаңбыр сіркіреп тұр. Екі қадам сайын шалшық суға түсіп кетесің. Көшенің әр жерінде сығырайып қана шам жанады. Туннелдің арғы басынан көрінген жарық құсап бағытымызды соған қарай бұрып, аяқ астындағы балшық пен судан айналып өтуге тырысамыз. Ауданның орталық стадионына жақындағанымызда алыстан 150-дей адам жиналып тұрғанын көзіміз шалды. Араның ұясындай құж-құж еткен дыбыстан әкімнің де келгенін білдік. Жақындағанда байқағанымыз, халық әкімді ортаға алып, сұрақтарын жарыса қойып жатыр екен. Мәселелерді толық білу үшін сол жердегі тұрғынның бірін тыныш жерге шығарып, көкейдегі сұрақтарымызды қойдық.

Өзін Бақыт Омарова деп таныстырған тұрғынның айтуынша, кешегі судың болмай қалуы халықты наразылыққа шығарған мәселелердің біреуі ғана. Әйтпесе, бір су үшін тұрғындар наразылық өткізіп, көшеге шықпайтын еді. Бүгін наразылық екінші күн қатарынан өтіп жатыр. Алғашқы күні, яғни 27-қазанда 400-дей тұрғын арызын айтып, көшеге шыққан. Себебі халық жиырма жылдан бері әкімдердің құрғақ уәдесінен шаршаған. Қазір жаңадан келген әкімге де онша сенбейді. Тұрғындар осы уақытқа дейін әкімдерге сенбегендіктен суды да өз ақшасына тарттырып, жолды да өздерінің қаржысына салдырған.

Алғабас көшесіндегі жолдар
Алғабас көшесіндегі жолдар

«Өзіміз төсеп алған асфальтты әкімдік қопарып тастады»

«Бүгін де қаншама адам жиналды. Күн болса суық, жаңбыр жауып тұр. Бала-шағамызбен келіп, мәселемізді айтып жатырмыз. Бір әкім келеді, құрғақ сөзге тойдырып кетіп қалады. Қазір Талғат деген жаңа әкім келіпті. Оған біз жол, су, жарық, қоқыс мәселесін көтеріп, кездесіп тұрмыз. Біз аспандағы айды сұрамаймыз. Осы уақытқа дейін суды да өз ақшамызға тарттық, асфальтты да өз қаржымызға төседік. Енді келіп жарық, су тартамыз деп асфальтымызды қопарып тастады. Міне, балшыққа батып, өмір сүріп жатырмыз. Не жедел жәрдем, не такси келмейді. Келсе де «4 мың теңгеге сіздің батпақтарыңызды жудық, бұдан кейін бармаймыз» дейді. Жедел жәрдем келсе батып қалады, у-шу боп көршілерімізбен итеріп жатамыз. Бұл не деген сұмдық! ХХІ ғасырда осылай өмір сүруге бола ма? Біздің жанайқайымызды еститін адам бар ма, әділеттілік деген бар ма?! Біз қайда барып зарымызды айтамыз, кімге мұңымызды шағамыз?! Қашан бізді түсінетін адам келіп, жұмыс істейді?! Кеше 400 адам шығып, наразылық білдірген едік, бүгін әкімдік қозғалып, жұмыс істеп жатыр. Қарап, күліп отырмыз. Қап ұстағандар көшені тазалап жүр, бір көшелерге тас төсеп жатыр. Соның бәрін айғаймен істеу керек пе? Былай да істелетін жұмыс емес пе? Адам сияқты жолға шыға алмаймыз. Көшеміздің бәрі лай-су, жүре алмайсың. Ауданымызда проблема жетеді, бірақ оны шешетін адам жоқ. Келеді, құрғақ уәде береді, кетеді. Бітті. Мұндай сөздерге халық тойған», – дейді Алғабастың тұрғыны.

Омарованың айтуынша, ауданда төрт күн су болмаса жылу да іске қосылмайды. Ал қазір күн суық, жаңбыр жауып, үйдің іші ылғал тартып кеткен. Кейбір отбасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, кейбір отбасының бесіктегі сәбиі бар. Электр пешпен отыра тұрам деудің өзі қиын, жарық та бірде болады, бірде өшіп қалады. Әкім ауысқан сайын мұның бәрін реттеп береміз деп уәде береді екен. Бірақ қаншама жыл өтсе де алғабастықтардың мәселелері шешілмей, керісінше, қордалана түскен. Ал тұрғындар қала әкімін көрмеген. Досаевты Алатау ауданы халқымен кездесуге келіпті дегенді де естімеген. Маусым айында «Жас Алаш» тілшісі осы Алатау ауданына қарайтын Мәдениет шағынауданына барып, тұрғындардың арызын тыңдап қайтқан. Ол газетімізге «Досаев жазда сараң, қыста жомарт» деген атпен жарияланған. Сол кезде де Мәдениет тұрғындары Досаевтың Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуге келгенін көрмегендерін айтқан.

«Кеше де біз еріккеннен наразылыққа шыққан жоқпыз. Бала-шағамыз бар, жұмыс істейміз. Кеше бізге суды өшіретіні туралы хабар келді. Бір жерде құбыр жарылыпты, соның кесірінен 4 күн су болмайды екен. Қазір де жылу мен су жоқ. Кеше айғай-шу боп, жолды жабамыз дегенде бұрынғы кеңес заманындағы водовозбен су әкелді. Ел кезекке тұрып, су алды. Біз қай заманда өмір сүріп жатырмыз. Қарап, күлкің келеді. Жарық та өшіп қала береді. Үйдегі тұрмыстық техникамыз да жарық болмағасын істемейді. Қонақ шақырып жатқанда тіпті қиын. Көшедегі жарықты тіпті айтпай-ақ қояйық. Мысалы, Ақыртас көшесінде 40 шақты үй болса, ұзын көшенің 4 жерінде ғана жарық бар. «Отчет» бойынша бүкіл көшеге жарық берілді деп жазып қойған шығар. Тіпті жарығы жоқ көшелеріміз де бар. Түнде телефонымыздың жарығымен жүреміз. Кеше Алатау ауданы әкімін шақырдық. Көшені көрсеттік. Жүретін жер жоқ. Су мен батпақты кештірдік. Досаевқа қолымыз жетпейді. Алатау ауданымен кездесу өткізбейді. Біз оны көрмегенбіз. Аудандық әкімге қолымызды зорға жеткізіп, қазір айтып жатырмыз. Жаңа әкім уәдесін берді, қарашаның жиырмасына дейін жол төсеп, жарық пен қоқысты реттеп беремін деп жатыр. Бұл да құр уәде болып қалмаса болды», – дейді Бақыт Омарова.

1
Алғабас көшесіндегі жолдар

Көшесіне дейін сатылып кеткен Алғабас

Тұрғындармен кездесуге келген Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев аудандағы қордаланған мәселелерді бір күнде шешуге болмайтынын айтады. Әкім бір сөзінде үлкен ауданның проблемасы да үлкен болады деп қалды, соған қарағанда, әкімдерге бұл аудан тым үлкендік қылып жүрген сияқты. Дегенмен әкім сасқан жоқ, құлақ үйренген «кезең-кезеңімен атқарылып жатқан шаруаларды» рет-ретімен айтып берді. Иә, тұрғындардың наразылығына себеп болған – жол, су, жарық, қоқыс мәселесі алдағы уақытта (!) кезең-кезеңімен (!) шешіледі.

«Халықтың наразылығын түсінемін. Бұл жерге келу – менің міндетім. Сондықтан келіп тұрмын. Тұрғындармен сөйлестім. Халық айтып жатқан жарық мәселесін жолмен бірге шешетін боламыз. Берілген уақыт бар, мердігерлер бар. Суға қатысты да мәселенің шешілетінін айтқым келеді. Себебі халық қалалық суға бір жетінің ішінде қосылады. Кешегі наразылықтың туған себебі – аудан тұрғындарына осы уақытқа дейін жеке су компаниясы қызмет көрсетіп келді. Кеше олар суды өшірген. Сумен бірге жылу да өшкен. Сондықтан осындай мәселе туып тұр. Қазір жеке су компаниясының мәселесін шешіп жатырмыз. Алдағы жұмадан бастап қалалық су жүйесіне аудан тұрғындары кезең-кезеңімен қосылады. Ал қарашаның 20-сына дейін аудандағы негізгі сегіз және қиылысқан үш көшеге асфальттың бірінші қабатын төсейміз», – деді әкім.

 Талғат Малыбаев
Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев. Фото: gov.kz

Тұрғындармен сөйлескенімізде аудандағы кейбір көшелер сатылып кеткенін білдік. Қазір жекенің қолында. Бұл көше қатынас жолдарының бірі. Оның иесі көшенің орнына ғимарат соққысы келеді екен. Егер ғимарат соғатын болса тұрғындар өте алмай қаламыз, қатынас жолымыз қиындайды деп алаңдайды.

«Иесі үй салатынға ұқсайды. Көшенің астынан кәріз жүйесі мен су құбыры өтіп қойған. Әкімдікке айттық. Бірақ қанша жыл болды, әлі шешілмей келе жатыр. Иесі үй салғысы келгеннен кейін үкімет жолға асфальт төсемейді. Күнделікті жүретін жолымыз болғасын амал жоқ, батпақ пен су кешуге мәжбүрміз. Бізді қойшы, сабаққа баратын балаларға қиын. Үй салынса жол жабылады, біз де өте алмай қаламыз, көлік те кіре алмайды. Сосын қайда барамыз?!» – дейді Қуанышбек атты тұрғын.

Ал әкімнің айтуынша, аудан қалаға өтпей тұрып бұл көшелер сатылып кеткен. Қазіргі күнде әкімдік оларды сатып алу жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Сондықтан қазір жекенің мүлкіндегі жерге асфальт төсей алмайды. Тұрғындар әкімнен жолды қашан сатып алатынын және нақты қай күннен бастап асфальт төсейтінін айтуды талап етті.

«Біз көшенің құжаттары әкімдікке өтпей, жол төсей алмаймыз. Басқа көшелеріміз де бар ғой. Соларға біртіндеп асфальт төсейміз. Жекенің қолындағы көшелерді нақты қай уақытта сатып алатынымызды дәл айта алмаймын. Комиссия бар. Олар сатып алатын болып шешсе, келер жылы ақша бөлінеді. Көшеге жол салып жатқан мердігерлер бар ғой. Солар мемлекеттің мүлкі болып саналғаннан кейін ғана жұмысын ары қарай аяқтайды. Біз қазір бюджеттегі ақшаны жекеге қарайтын жерге жұмсай алмаймыз. Сондықтан келер жылы маусым айына дейін күтесіздер», – деді Талғат Малыбаев.

1

«Жарықтың көшеден гөрі үйде болғаны дұрыс»

Тұрғындар әкімнен жарықтың мәселесін шешіп беруді де сұрады. Әкімдіктен келген маман жиналған халыққа нақты жауап бере алмады. «Жарық өше беруден шаршадық» деген тұрғындар ауданнан келген маманның жұмысына көңілі толмай, әкімнен оны жұмыстан босатуды талап етті. «Әркім өзінің жұмысына жауапты түрде қараса, бұл жерде мынадай былық болмайтын еді. Алғабас баяғыдан алға басатын еді. «Колхоз» сияқты болып кеттік. Үсті-басымызға қараңыздар», – деген тұрғындар сөзінен кейін әкімнің өзі жауап беруге мәжбүр болды.

«Ауданда жарыққа қатысты екі компания бар. Бірі – Алатау жарық компаниясы, екіншісі – Алматы жарық компаниясы. Қазір біз асфальт төсеумен бірге көшелерге шамдарды да орнатамыз. Мына қызметкердің айтып отырғаны қосалқы станция. Ол бізде ескі. Егер көшелерге жарық беретін болсақ, үйде жарық өшіп қалады. Көшеден гөрі үйде жарық болғаны дұрыс емес пе? Қарашаның соңына дейін бағандарда жарық қосылады. Қосалқы екі станция да қараша айында іске қосылады. Ал үйлерге жарықтың берілуін алдымен мамандармен ақылдасып алайын, жұма күні сіздер маған келгенде нақты жауабын айтамын», – деді Талғат Малыбаев.

Бұдан кейін тұрғындар әкімнен қоқыстың мәселесін шешіп беруді сұрады. Олардың айтуынша, ауданда қоқысқа жауапты компания дұрыс жұмыс істемейді. Қоқыс бірнеше апта жиналмай тұра береді. Әкімнің айтуынша, қоқысқа жауапты басқа басқарма. Қазіргі күнде олар мердігер компаниямен арадағы келісімшартты бұзған. «Ақшасын уақытында төлейміз, бірақ жұмысын істемейді» деген тұрғындар әкімнен бұл компанияны да қызметтен алып тастауды талап етті.

«Жиырма күн күтіңіздер. Қазір басқа компаниямен келісімшарт жасалып жатыр. График құрамыз, чат ашамыз. Апта сайын немесе аптасына екі-үш рет қоқысты алып кетеді», – деп сендірді әкім.

Тұрғындар әкімдіктен келгендерге балаларды сабаққа алып баратын автобус сатып алуды да сұрады. Өзін Жәнібек Мананбаев деп таныстырған Алатау ауданы қоғамдық көлікке жауапты қызметкері қазір ауданға арнайы екі автобус сатып алынғанын айтты. Әкім тұрғындарға қалалық әкімдікке барып, екі автобусты жеке өзі сұрап алып беретін болып, уәде берді.

«Алдымен жол мәселесін шешіп алайық. Сосын мен білім басқармасынан міне, жол бар, автобус беріңдер деп талап ете аламын. Қазір олар жол жоқ болғасын автобус бермейді», – деді әкім.

P.S. Кездесу барысында әкімді оңашаға алып кетіп, сөйлескен адамдар да болды. Бұл жиналған халықтың наразылығын туғызды. Тұрғындардан сұрап білгеніміз, бүгінгі кездесуге әкімдіктен титушкалар да келіпті. Әкімді оңашалап жүрген солар көрінеді. Айналамызға барлап қарағанда, алыстан бақылап тұрған полицияны да көзіміз шалды. Бұдан бөлек, журналистер арасында да әкімнен сұхбат алып жатқан кезде оның ығына жығылып, жекелей танысып, «сіз жаңадан келдіңіз ғой, халық оны түсінбейді» деп, әкімге көпшік қойып жатқандар да болды.

Биыл қала әкімі Ерболат Досаев Алатау әкімдігі тұрғындарымен наурыз айында кездескен екен. Сол жердегі хабарға қарағанда, Алатау ауданындағы 16 проблемалық учаскеде су желілері түбегейлі жаңартылып, жол жабындысы қалыпқа келтіріліпті. Бірақ біз маусым айында барған Алатау әкімдігіне қарайтын Мәдениет шағынауданында кәріз-су жүйесі тартылмағанын, ешқандай жол төселмегенін көзімізбен көріп қайтқан едік. Қала әкімі есеп берердің алдында тұрғындардың өздері ақша жинап төсеген жолын өз есебіне кіргізіп жіберді ме екен... Кей журналистердің әкім алдында өзін ұстауын көріп, бүгін сол жағдай есімізге түсті. Алдағы уақытта теледидардан «Алатау ауданының әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, қордаланған мәселелер шешімін тапты» деп жарияланып жатса, таңғалмаңыздар.

Тұрсынбек Башар