Досаевқа отставка талап еткен белсенділерге митинг өткізуге рұқсат берілмеді

Алматы әкімдігі қоғам белсенділері Мұрат Адам мен Санжар Бокаевқа қала әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап еткен митинг өткізуге рұқсаттан бас тартты.
Бұл жайында Мұрат Адам мәлімдеді. Оның айтуынша, олар 2025 жылдың 24 мамыры күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Амангелді Иманов атындағы скверде митинг өткізуді жоспарлап, ресми түрде өтініш берген. Алайда әкімдік шараны өткізуге тек сағат 12:00 мен 15:00 аралығында шектеу қойған. Демек, бұл уақыттан тыс кезеңге тікелей тыйым салынбаған.
— Бұл жауаптан ұғатынымыз, басқа уақыттарда митинг өткізуге әкімдік тыйым салмаған болып тұр, - дейді Мұрат Адам.
Оның сөзінше, заңға сәйкес, егер ұсынылған орын бос болмаса, жергілікті атқарушы орган балама орын ұсынуға міндетті. Алайда белсендінің айтуынша, қала әкімі Ерболат Досаевтың есімі аталатын кез келген шараға келгенде, Алматыдағы барлық алаңдардың "бос емес" болып шығуы әдетке айналған.
— Біз мұндай жағдайды бұған дейін де басымыздан өткергенбіз. Айман Омарова, адвокат Рена Керімова, Елена Жигаленок сынды әріптестерімізбен бірге Досаевқа қатысты митингке өтініш бергенде де әкімдіктің өкілдері сотта нақты жауап бере алмай, судья оларды «құлағынан сүйреп» әрең шығарып еді, - деп еске алды белсенді.
Мұрат Адамның айтуынша, бұл жолы да әкімдік заң талаптарын өрескел бұзған. Ол әкімдік қызметкерлері митингке қатысты өтінішті шұғыл түрде кері қайтаруға тырысып, әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті (ӘРПК) назардан тыс қалдырғанын атап өтті.
— Олар біздің өтініш бойынша алдын ала тыңдау өткізуді мүлде ұмытып кеткен. Бұл әкімдіктің қаншалықты мазасызданып отырғанын көрсетеді. Қолдарынан келсе болды, бастысы — митингке рұқсат бермеу, - деді Мұрат Адам.
Белсенділер енді сотқа жүгінетіндерін мәлімдеді. Олар өз құқықтарын қорғап, қала әкімі Ерболат Досаевтың әрекетін заңсыз деп тануды талап етпек.