«Досаевтар аман болса...». Өлі депутат тірі депутатты сөзінен тандырған күн

Тәуелсіз Қазақстанның территория тұтастығына, тарихи орнына күмәнмен қарап, күңкіл сөз айтатын, тіпті ұлтты кемсітіп, мәдениетімізді мазақтайтын ресейліктер аз емес.
Империялық көзқарастан арылмаған тарихшылар, журналистер, саясаткерлер, депутаттар әр кез қазақ жеріне сұғын қадап, даулы мәлімдемелер жасап тұрады. Мұндай шовинизмнің қазанында қайнаған шоғырдың көшбасында өле-өлгенше Владимир Жириновский жүрді. Сөйткен Жириновский қазаққа көрде жатып та тыныштық бермейтін түрі бар.
Алматыда туып, Ресейде саясатпен айналысқан Жириновский ғұмыр бойы Қазақстан, Украина сияқты көрші елдердің жеріне көз сүзіп, халқын қаралаудан жалыққан жоқ. Ол сөйлегенде дипломатия, саяси тұлға ретінде сыпайылық дегенге мүлде қарамай, ойына не келсе, соны айтатын.
Жириновскийді өмірден өткенше ешкім тектей алған жоқ. Кремль «одақтас көршілерімізбен ортаға от саласың, тыныш жүр» деуге асықпады, ал мазаққа ұшыраған мемлекеттер Мәскеуге нота жолдап, мінез танытуға жарамады. Өз азаматтарын өзге этнос өкілі жайлы айтқан бір ауыз сөзі үшін ұлтаралық алауыздық туғызды деп соттай салатын Қазақстан билігі Кремльге Жириновскийдің алауыздық пен араздық туғызып жүргенін дәлелдей алмады.

Жириновскийге Алматыда ескерткіш қойыла ма?
Жалғанды жалпағынан басып, бейбіт елдердің берекесін алған Жириновский 2022 жылы 6 сәуірде өмірден өткен. Биыл 80 жылдығы. Жақында ресейлік ТАСС басылымы бірнеше қалада Владимир Жириновскийге арналған ескерткіш ашылатынын хабарлады. Сол қатарда Алматы қаласында да қазаққа қарсы саясаткерге ескерткіш орнату жоспарланып отыр екен.
2024 жылы 6 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Жириновскийдің 80 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы жарлыққа қол қойыпты. Сол бұйрық бойынша 2026 жылы Мәскеу маңындағылар дауқұмар депутатты жақсылап еске алмақ. Іс-шара аясында ескерткіш орнатудан бөлек, ол туралы деректі фильм түсіру, мектептер мен жоғары оқу орындарында «Жириновский» сабағын өткізіп, халықаралық деңгейде «Жириновский оқуларын» ұйымдастыру жоспарланып отырған көрінеді.
Мұның бәрі Ресейдің өз ішіндегі шаруалар, оған біздің алып-қосарымыз жоқ. Бізге қатыстысы – Алматыда ашылуы мүмкін ескерткіш мәселесі. Дума спикері Вячеслав Володин бастаған мерейтойды ұйымдастыру комитеті Алматы қаласын Жириновскийдің «кіші отаны» деп атаған. Бұл – Жириновскийдің сөзі. Ол өзі Қазақстанды кіші отаным деп ардақтап емес, кемсітіп өтті.
Бұл ақпарат Қазақстан қоғамында үлкен дау туғызды. Әлеуметтік желідегі жұрт Жириновскийге ескерткіш орнатуға тіс-тырнағымен қарсы. Әрине, ақпарат ресейлік БАҚ-та шықты, Қазақстанға қатысы жоқ деп, арқаны кеңге салуға болар еді. Бірақ көп жағдайда Кремльге қарап бой түзейтін ел билігі солтүстіктен осындай ұсыныс түссе, бас тарта алмай қалуы ғажап емес. Ал мұның соңы онсыз да солтүстіктен самал ессе де дауыл сияқты қабылдайтын халықтың жүйкесін мықтап сынағалы тұр.
Біз Алматы әкімдігіне хабарласып, «Жириновскийге ескерткіш орнату жөнінде Ресейден өтініш түсті ме, түссе, оған рұқсат бересіздер ме» деп сұрадық. Олардан «Алматы қаласының мәдениет басқармасына В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түскен жоқ. Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы тиісті ұсынысты қарастырған жоқ» деген жауап келді. Әкімдік жауапта өтініш түспегенін ғана айтыпты, ал түссе, не істейтінін өздері де білмейтін сияқты.
Бірақ Мәскеудегілер мұндай ойға шын бекінсе, Алматының мәдениет басқармасына хабарласып, «майдаланбайтыны» анық. Олар тіпті мегаполис әкімі Ерболат Досаевты да менсінбеуі мүмкін. Мұндай мәселе бірден Астанаға барып тірелері анық. Ендігі басты сұрақ – Кремльден ұсыныс түссе, қазақ билігі қандай жауап береді? Жириновский сияқтылар аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, Қазақстан мүддесіне қайшы мәлімдеме жасап жатқанда үнемі үнсіз қалатын немесе сырттан кіжініп қана қоятын, Жириновскийдің өзін тектей алмаған біздің билік ескерткішіне қарсы тұра ала ма?
Қоғамның реакциясы түсінікті. Әлбетте, наразылықтар болады, акциялар ұйымдастырылады. Себебі бұл халықтың сезімімен ойнаудың ең бір шырқау шегі болмақ. Қазақстанда мұндай жағдай бұған дейін де болған. 2023 жылы Алматыда көпшіліктің наразылығына қарамай, орыс князі Александр Невскийдің ескерткіші ашылды. Діни қайраткерге ескерткіш қоюға қала халқы ғана емес, тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия да қарсы болған. Олар Невскийдің қалаға, тіпті Қазақстанға еш қатысы жоқ екенін айтып, ескерткіш қою жөніндегі өтінішті 3 рет қабылдамай қойған.
Бірақ іске Путиннің кеңесшісі Владимир Мединский сияқты адамдар араласқан соң біздің тарап тез жуасып, Невский ескерткіші Алматы төріне қоя салды. Тіпті 13 шілдедегі ескерткіштің ашылу рәсіміне қала әкімі Досаевтың өзі қатысып, шіркеу басының қолынан орден алып, марқайып қайтқан.
Әкімнің осы әрекетін меңзегені болар, мәжіліс депутаты Ринат Зайытов 12 наурыз күні парламент кулуарында журналистер сауалына «бұл негізі ақылға қонбайтын нәрсе. Бірақ Досаев сияқты әкімдер аман болса ескерткіш қойылып та кетуі мүмкін» деп, жауап берген. Бірақ түстен кейін бұл ойынан тез айнып, Алматы әкімдігінің ресми жауабымен таныспай жатып пікір айтқаным дұрыс болмапты деп ақталды. «Ақындық арынмен ресми жауаппен таныспай жатып, айтқан ойым негізсіз екенін растаймын» деп жалтарды депутат.
«Жириновскийге ескерткіш орнатуды қолдамаймын. Біз үшін ол кім? Қазақстанға қандай еңбегі сіңді? Алматыда туып, мектеп бітіргені үшін оған ескерткіш орнатуымыз керек пе? Елімізге, халқымызға сіңірген еңбегі болса, әңгіме басқа. Ал Ресейдің саясаткеріне Қазақстанда ескерткіш қою ақылға қонбайды. Ол әлемдік тұлға емес, Пушкин немесе Толстой емес. Сондықтан Алматыда оған ескерткіш қоятындай еш негіз жоқ.
Бұл Ресей тарапынан туып отырған ұсыныс қана. Мұндай ұсыныстың айтылғанына мән берудің қажеті жоқ. Егер ресми ұсыныс түсіп жатса, Жириновскийдің бізге еш еңбегі сіңбеген адам екенін алға тарту қажет. Ресей тарапынан Қазақстанға қатысты түрлі сөз айтылып жатыр, оның қайсыбірінің аузына қақпақ боламыз. Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Ресей тарапынан шыққан дабыраға тиісті жауап бермейміз. Өзіміздің дипломатиялық саясатымыз бар, көршілер арасындағы мәселелерді әлдеқайда ұстамды жолдармен шешеміз. Бізде басқа жол жоқ. Біз мінез көрсете алмаймыз. Өйткені біздің экономикамыз, қарулы күштеріміздің жағдайы Ресеймен салыстыруға келмейді. Оның үстіне әскери доктринамыздың өзі қорғанысқа, бейбітшілікке арналған. Сондықтан әлдебір жақтан сөз шықты екен деп, айғайға аттан қоса алмаймыз», – деп жауап берді журналистер сауалына тағы бір депутат Ермұрат Бапи.
Ең қызығы, мәжіліс кулуарында айтылған осы сөзді ешбір отандық БАҚ жариялаған жоқ. Ал жариялағандары кейін өшіріп тастағанын байқадық. Ринат Зайытовтың «Досаев сияқты әкімдер ескерткіш қоюы да мүмкін» деген пікірінің де кей сайтта ізі ғана қалыпты. Бұл кездейсоқтық па, әлде ескерткіш орнатуға қарсы пікірді әдейі ауыздықтап жатыр ма, белгісіз.
Жириновский Қазақстан туралы не айтқан?
Жириновский Ресей мемлекеттік думасы құрылғаннан бастап, барлық 8 шақырылымына депутат болды. Өмірінің соңына дейін креслодан түспесе де көп адам оны салмақты саясаткер деп есептемейді, тіпті сайқымазақ ретінде көретіндер де бар.
Ал Ресей билігіне неге мұнша қадірлі болды? Біріншіден, ол Путинге қарсы шықпай, оппозицияның рөлін сомдады. Екіншіден, билік басындағылар өз ойындағы кей сөзді Жириновскийдің аузымен айтқызып, соның қолымен от көсейтін. Сарапшылар оны ультранационалист, неофашист деп бағалайды.
Оның Қазақстан жайлы мәлімдемелерінің арасында да Мәскеу билігінің емеуріні жататын. Мысалы, 2014 жылы Жириновский Қазақстан және өзге Орта Азия елдерін Ресейге қосып, федералды округ құруды ұсынған. Енді бірде «Адамзат тарихында Қазақстан деген ел болмаған. Қазақтарда не мемлекет, не жер болған емес. Солтүстік облыстарының барлығы Ресей жері» десе, тағы бірде «Қазақ тілі деген не өзі? Жазба әдебиеті болмаған ұлтта қайдағы тіл» деп, шектен шыққан. Жириновский домбыраны «Екі ішек, бір таяқ. Тақыр далада ертеден кеш, не тұшымды сөзі жоқ, аңыраған әнінен басқаға жарамайтын қу таяқ» деп, қазақтың өзін «бабалары жабайы, қыдырымпаз, көшеді де жүреді, тұрақты мекендері жоқ, қолдарындағы ағаштарын (домбыра) сабалап, өздері айтып, өздері мәз халықтың бүгінгі ұрпақтары солар. Мәдениеттен жұрдай» деп, кемсіткенін ешкім ұмыта қойған жоқ.
Еліміз туралы айтқан осынша ауыр сөздерінен кейін де Жириновский түк болмағандай Қазақстанға келіп-кетіп жүрді. Оның бұл сапарына 2005 жылы ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің оны персона нон грата деп жариялағаны да әсер еткен жоқ. Негізі мұндай айыпқа ұшараған адам ол елге аттап баса алмауы керек. Бірақ Қазақстан үкіметінің шешімі Жириновскийдің екпініне шыдас бермеген сияқты.
Кейін қазақстандық журналистерге берген сұхбатында «Қазақстан менің кіші отаным. Алматыдағы Масанчи көшесін менің атыма берсе қарсылығым жоқ. Мен оқыған №25 мектепке де менің атымды берсе тіпті қатып кетер еді. Мен тұрған үйді мұражайға айналдырса болады. Есесіне, сіздерге туристер келеді», – деп, мазақтағаны бар.
Жириновскийдің кім екенін, Қазақстан жайлы не айтқанын жұрттың бәрі біліп отыр. Соның бәрін біле тұра Алматыда оның ескерткішін орнатсақ, досқа күлкі, дұшпанға таба боларымыз анық. Қазақ билігі қайткенде де мұның алдын алуға тиіс, әйтпесе, өзі тыныштық бермеген қазақтар оның ескерткішіне де тыныштық бермесі анық. Ал оның ақыры үлкен әңгімеге ұласады...

Толғанай Үмбетәлиева, саясаттанушы:
Ескерткіш қоюға қарсы екенімізді ашық көрсетуіміз керек
Жириновский Қазақстанда дүниеге келгенімен, ресейлік саясаткер, Ресейде саясаткер ретінде қалыптасқан. Сондықтан оның ол елде не істегеніне біздің еш қатысымыз жоқ. Онымен келіспеуге, оны ұнатпауға болады, бірақ Ресей мемлекетінің Жириновскийге қалай қарайтынына біз әсер ете алмаймыз. Оған құқығымыз да жоқ. Бұл Ресейдің мәдениеті мен саясаты деп есептеймін. Жириновский Ресейде тұрып, сол ел үшін жұмыс істеді. Сондықтан ұстанымына қатысты дұрыс немесе теріс деп бағалай алмаймыз.
Жириновский бұрынғы Қазақстан азаматы болғанымен, нон грата тізіміндегі адам, сондықтан оған ескерткіш орнатуға қарсы бола аламыз. Ол Қазақстан туралы көптеген жағымсыз сөздер айтқаны үшін бұл ұсынысқа келіспеуге құқығымыз бар. Егер Ресей мұны бізден шындап талап етсе, үзілді-кесілді бас тартпай-ақ, басқа нұсқа ұсынсақ болады. Мысалы, Ресейдің әлемдік деңгейдегі танымал тұлғасына ескерткіш орнатайық. Оның саясаткер болуы міндетті емес, ғалым немесе өнер адамдарының арасынан біреуді таңдасақ болады. Ал Жириновскийге Алматыда ескерткіш қоюға мүлде қарсы екендігімізді ашық көрсетуіміз керек деп есептеймін.
Қуаныш Қаппас