Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:10

Досай КЕНЖЕТАЙ: Менің ойымша, бұл халықтың Конституциясы емес

Досай КЕНЖЕТАЙ
Фото: ашық дереккөз

Жаңа Конституция жобасындағы талап бойынша құқықтық тұрғыда қазақ тілі мен орыс тілі екеуі бірдей мемлекеттік тіл болып тұр. Екеуі бірдей болған соң «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген сөздің ешқандай құқықтық қуаты қалмайды.

 Кез келген органға барып, маған тек қазақ тілінде қызмет көрсет немесе қазақ тілінде жазылған құжат бер деп талап ете алмайсыз. Менің Конституциям – менің тіліме, менің мәдениетіме үлкен кеңістік ашатын платформа болу керек. Мынадай жағдайда менің тіліме ешқандай кеңістік ашып, болашағын анықтау мүмкіндігін беріп тұрған жоқ.

Егер мемлекеттік органдарда, барлық ресми қатынаста екі тіл тең қолданылса, онда «мемлекеттік тіл» атауы жай декларацияға айналғаны. Мемлекеттік тіл – символ емес, басым құқықтық құрал болуы керек. Менің ойымша, азамат қалаған тілінде сөйлеуге құқылы, ал мемлекет мемлекеттік тілде жұмыс істеуге міндетті. Ұсынылған нормада мемлекеттің міндеті жоқ, керісінше, мемлекеттік тіл баламаға айналып тұр. Бұл халықаралық унитарлық тәжірибеге қайшы.

Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында өте қауіпті тенденциялар бар. Мысалы, «бір аймаққа арнаулы құқықтық режим белгіленуі мүмкін» деген дүдәмал, екіұшты идея айтылып отыр. Мұның өзі Конституцияның нормасы мен табиғатына қайшы. Конституция – бекіту, бұйрық мәніндегі құжат. «Болуы мүмкін» деген сияқты сөз-сөйлем Конституцияда болмауы қажет. Мұндай бап ертең халықты алдау үшін, манипуляция жасау үшін қажет деп есептеймін. Мысалы, Алатау қаласын Қытай компаниясына салғызып, онда 2 млн халық қоныстандырамыз деп отыр. Осыны Конституцияда нақтыламақшы. Мұндай қала салуға қарсы емеспін, бірақ ол Конституцияда көрініс таппауы қажет. Бір қаланы салу үшін Ата заңды өзгерту – құлдық режимнің белгісі. Мұндай мәселелер қосымша заңдар негізінде шешіледі, оны Конституциядан алып тастау қажет. Оны алмасақ, өзге күштер осы заң негізінде мемлекетті қысымға алуы мүмкін. Мысалы, Батыс өңірді ерекше экономикалық аймақ етіп ашайық деген талап туындаса, Конституциядағы бапқа орай талапты қабылдауға мәжбүр болып қалуымыз мүмкін.

Тағы бір мәселе бар. 20 млн халық өз өкілі ретінде 145 депутатты сайлап, Құрылтайға жібереді. Яғни, 20 млн халық өз өкілін сонда қойып отыр. Бірақ оларда өкілеттік жоқ, халықтың еркін білдіретін құзырет жоқ. Конституцияда депутат парламентте өкіл ретінде бар, бірақ саяси субъект ретінде жоқтың қасы, құзыреті әлсіз. Яғни, депутаттың жеке, ұжымдық құқықтары нақты қорғалмаған. Міндеттері мен шектеулері көп. Еркін мандат толық кепілденбеген. Теорияда депутат – халық атынан сөйлейтін өкіл. Іс жүзінде партиялық тәртіп, фракциялық шешімдер, депутаттың еркін пікір айтуына тосқауыл болады. Мысалы, халық депутатты сайлайды, ол депутат өз пікірін білдіреді дедік. Бірақ Құрылтай президент ұсынған кандидатқа қарсы дауыс берсе, Құрылтай таратылады. Ендеше, сайлау – демократиялық еркін шешім емес, көзбояушылық рәсімге айналмай ма?

Құрылтайдың сайлауын өткізу үшін мемлекеттік бюджеттен мол қаржы бөлінеді, көптеген жұмыс атқарылады, 20 млн адам уақыт бөліп, таңдау жасайды. Тұтас республиканың жұмыс атқаруымен сайланған Құрылтай белгілі лауазым иесін тағайындауға қарсы дауыс бергені үшін таратылып кетсе, бүкіл еңбек еш болмай ма? Демократия қайда қалды? Конституцияда Президент, Парламент, Үкімет арасында қызметтік функциялар бөлініске салынып, теңгерім қалыптасуы қажет, бір-бірін тежеуі керек. Ал мына бапта Парламенттің қызметі жоққа шығарылып отыр. Менің ойымша, бұл халықтың Конституциясы емес.