Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 09 Қаңтар 2018

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ: Қазір бандыны қуған Хамиттан бұрын Құдіреге сәлем берер едім...

— Досхан Қалиұлы, сіздей танымал, талантты адам туралы талай мақала, талай сұхбат жазылғаны анық.

Өмір жолыңыз туралы талай рет айтқан да боларсыз. Дегенменде әңгімемізді сонау бала кезіңізден бастасақ. Бала кезіңіз туралы ойлағанда көз алдыңызға қандай көріністер келеді?

— 1951 жылдың 7 қазан айында дүниеге келіппін. Бұл біздің елде әлі қыс түсе қоймаған, қар аралас жаңбыр жауып тұрған кез болса керек. Төрт қыздан кейін дүниеге келіппін. Әке-шешем, ол кезде нағашы әжем бар, бәрі ұл баланың дүниеге келуін құдайдан күндіз-түні тілеп жүрген ғой. Нағашы әжем есімімді «Тосқан» деп қойыпты. Содан елге келіп, туу туралы куәлік алуға барғанда «сельсовет»: «Апай, «Тосқан» деген есім ыңғайсыздау, мұны өзгертсек қайтеді? Біздің облыста Досханов деген прокурор депутаттыққа түскелі жатыр. Тосқан емес, Досхан қояйық» депті. Шешем жарықтық келісе кетеді. Содан Досхан атандық. Біздің отбасымызда бір кіндіктен екі ұл, сегіз қыз тарадық. Ата-анамыз өмірде өте сергек адамдар болды. Қазаққа тән қонақжайлылығы былай түрсын ұлттық өнерге деген құштарлығы өте ғажап еді. Өзім ес білгелі бір байқағаным, біздің өңірде қандай да бір әнші, жыршы, күйшілер жарқ етіп шықса, алдымен біздің үйге келетін. Оларды алғаш болып ата-анам тыңдаушы еді. Осының талай куәгері болдық. Әкеміз партия-совет қызметінде жүрді. Шешеміз ұстаз болып, кейінірек әкеміздің жағдайын жасап үйде отырды. Бір жағы соншама бала-шаға бар. Әкемнің айтуына қарағанда кезінде біздің үйге Серке Қожамқұлов, Қамал Қармысов, Құрманбек Жандарбеков, тіпті Сәкен Сейфуллиннің өзі де бір рет келгенге ұқсайды. Сәкенді партия хатшысы ертіп келіпті, «бірақ машинадан түспей тізесіне блокнотын қойып, бірнәрселерді жазды да отырды» деп еске алушы еді әкем. Шай іштік. Ас дайын болған кезде де шақырыпты, бірақ, «іше беріңдер, қазір, қазір...» деп отырып, ақыры үйге кірмепті.

— Әкеңіз де өнерге жақын адам болды ғой деймін...

— Әкемнің достары өте көп болды. Есіктің алдына ұзына бойы стол-орындықтар қойып, сол достарын күтетін. Әкем суырыпсалма ақын еді. Әрқайсысымен өлеңдетіп амандасады. Кейбір ақсақалдар қарымта жауап қайтарып жатады. Әйтеуір, бәрі риза. Осындай бас қосуларда Абай, Мәди, Сегіз сері, Біржан сал, Махамбет туралы әңгімелерді естіп қаламын. Мәдидің Оңтүстікте болған көтеріліске қатысқанын да сол кісілердің аузынан естідім. Біржан сал Жетісуға барып, қайтып келгенде жеңгелері олжа сұрапты. Сонда ақын «Сұлу жер, Жетісуға барып келдім, Балқаш пен манаптарын көріп келдім, Жетісудың қыздары сұлу екен, бар жиған-тергенімді беріп келдім» деп жауап беріпті» дегендері есімде қалыпты. Әкем жарықтық сөз қадірін білетін адам еді. Онсыз той өтпейді. Соны күтіп отырады. Той басталғаннан әкемнің қолынан домбыра түспейді. Ақындар айтысына қатысып, біраз жерге дейін барған адам. Кейіннен «партия қалай қарайды екен?» деген күдікпен өнерін жылы жауып қоя салған сияқты. Өкінішке орай, әкемнің даусының жақсы кезін ести алмай қалдым. Әкемнің есімі — Қали, шешемнің есімі — Жазира. Үлкен кісілер «Кәкеңнің даусы қозыкөш жерден естіліп тұрушы еді. Ашық еді» деп айтып жататын. Тынысы кең. Бір жылдары ауылға Жүсіпбек Елебеков бастаған бір топ өнерпаздар келіп, біздің үйден дәм татып, әкем Мәдидің «Қарқаралысын» орындапты. Сонда Жүсекең «Шіркін-ай, сенің әніңді естіп, жаңа ер-тоқым салып, арғымақ ат мінгендей болдым ғой, сен бізбен бірге жүр, мен сені алып кетейін» депті. Әкем бара алмаған.

Әкем саятшы еді, таз иттері болды. Әлі есімде, әр екі-үш аптада шешем иттерді сабындап жуып отыратын. Төрт қыздан кейінгі ұл болғаннан кейін еркелететін болуы керек, қайда барса да әкемнің соңынан қалмаймын. Қасында ұйықтаймын. Жиналысқа кеткенде қолыма кәмпит беріп қалдырып кететін болуы керек. Әкеме еріп талай рет қансонарға бардым. Басар және Жолдыаяқ деген екі тазымыз болды. Көз ұшында кетіп бара жатады. «Қазір жоғалады ғой» деп қауіптеніп отырамын. Әкем «Қазір ізімен барамыз» дейді. Барсақ, Басар жоқ, Жолдыаяқ қамысқа кіріп шығып жүр екен. «Әп-бәрекелді, бірнәрсе болған екен» деді де, мен ат үстінде қалдым, әкем қолындағы шоқпарымен қамыстың арасына кіріп кетті. Барса, Жолдыаяқ пен қасқыр Бір-бірін ала алмай бетпе-бет отыр екен. Екеуінің де көздерін қан жапқан. Әкем кіріп қалғанда қасқыр бір сәтке мойын бұрып қарап қалса керек, сол кезде Жолдыаяқ алқымынан ала түсіпті. «Сілкілегенде қасқырдың құйрығы жерге тимеді» деп еске алушы еді әкем жарықтық. Сөйтіп тұт ағашымен иттің езуін әрең ашқан көрінеді.

— Өнер жолына қалай тап болдыңыз? Актер болуды бала кезден армандаушы ма едіңіз? Жалпы актер болуға жетелеген қандай күш?

— Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Балықшы, Ақсуат деген жерде туып-өстім. Қарақас деген ауылда алғаш қазақ мектебіне бардым. Одан әкемізді Ақсуатқа ауыстырып, орыс сыныбына баруға тура келді. Сөйтіп мектепті орысша бітірдім. Үш сыныпты Ақсуатта бітірдім де, ары қарай орыс сыныбы болмады. Аудан орталығындағы интернатта жаттым. Ол да жабылғаннан кейін Құйған деген ауылда мектеп бітірдім. 1969 жылы. Алғаш 4 сыныпта әкемнен тартып алғандай болып домбырасын үйрендім. Алғашқы шерткенім Абайдың «Сегізаяғы» еді. Әкем күй тартатын. Шертісі бөлек еді. Кезінде жазып алуды құнттамадық, талай ән, жыр, күй кетті ғой. Бірақ, Аллаға мың да бір шүкіршілік, қанмен дарыған қасиет маған қонды. Әкемнің өнерін мен жалғастырдым. Тоғызыншы сыныпта «КГБ-ның» мектебіне дайындаймыз» деп жергілікті военкомат шақырып алды. Арнайы жолдамамен Өскемендегі Защитадан пойызға мініп, Алматыға келдім. Бұрын-соңды алысқа ұзап шықпағаннан кейін бе, аз уақытта ауылды, ата-анамды сағынып, көкірегім мұңға толып кетті. Ата-анаға деген сағыныш, апа, іні, қарындастарыма деген сағыныш. Осы сағынышым басылмаған күйде Алматыға келе жаттым. Жолдың жартысынан астамында терезеден көз алмадым. Зинаш апам әкеле жатты. Сөйтсем бұл «КГБ-ға» қарасты шекарашылар училищесі екен. Достық көшесінің бойында. Үш күннен кейін құлағым ауыра бастады. Госпиталға түстім, емделіп жүргенде емтихан өтіп кетіпті. Содан «мынандай аурумен жарамайсың, басқа оқуға бар» деп шығарып салды. Үлкен әпкем Алматыда тұратын. Жалғыз шалбарымды ұрлатып алып, әйтеуір, біреудің бірдеңесін киіп, салым суға кетіп апамның үйіне келдім. Содан біраз оқу орындарының табалдырығын тоздырдық. «ЖенПИ»-ге ғана бармадық. (Күлді). Қалғанының бәрін араладық. Бірақ барлығында бірінші емтихандар өтіп кетіпті. ЖенПИ-де екінші курста оқитын Бағдат деген апам бар еді. Сол «Құрманғазы атындағы өнер институтында Кеңес Одағының халық әртісі Хадиша Бөкеева деген апамыз екінші топ жинап жатыр екен» деп айтып қалды. Сонымен өзі сөйлесіп, дайындалатын кітаптарды алып келді. Дайындалдық. Алдымен көп сынақтан өту керек екен. Өттік. Талапкерлер өте көп. Әр өңірден кеп жатқан жастар. Ішінде Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешова, «Тамашадағы» Кәдірбек Демесінов, Тараздан келген Асқарбек Сейілханов, міне, осылар бәріміз бірге емтихан тапсырдық. Сұрыптау өте қиын болды. Бір орынға 7-8 талапкер таласты. Әйтеуір, жолымыз болып, өттік. Бүгінде ойлап отырсам, осы оқу орнындағы төрт жылым лезде өте шыққан екен. Әр күн мен үшін кең сарайдың есігін ашқандай болды. Хадиша апамыз бен Әшірбек Сығай ағамыздың әрбір талабы бізді тіптен ынталандыра түсетін. Екінші курста Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының қосалқы труппасына алындым. Сахнаға жиі шығып тұрдық. Әрине, арасында әкем театрдың да сахнасында да ойнадық. Үлкен актер ағаларымызбен таныстық. Сол кісілердің ойынын көріп, өзімізше ой түйіп, өзімізше пайымдадық. Соларға ұқсағымыз келді. Міне, үлкен өнерге осылай келдім.

— Театрдағы ең алғашқы үлкен рөліңіз есіңізде ме?

— Спектакльде рөл ойнап жүріп, тәжірибе жинақтайсың. Батылдық, еркіндік пайда болады. Бірақ мұның бәрін саналы түрде, кәсіби түрде өткізуге тырысасың. Театрда ең қажеттісі — бұл актердің пайымы. Ішкі дүниесі. Ол актердің таным-түйсігіне байланысты. Осы қасиеттер болмаса, актер сыңаржақтанып кетуі де мүмкін. Болмаса кез-келген рөлі бір-біріне ұқсас болып тұруы да мүмкін. Әрине, көп нәрсе режиссерға да байланысты. Осы сынның бәрінен дұрыс өткендей болдық. Театрымыз жаңа ғимаратқа көшті. Бұрынғы әкем театрдың ғимаратына. Сол шаңырақтағы ең сүбелі рөлдерімнің бірі – «Ақан сері-Ақтотыдағы» Ақан рөлі еді. Бұл спектакль Ғабит Мүсіреповтің көзі тірісінде қойылды. Ғабең жарықтық спектакльдің әр дайындығын келіп-кетіп көріп жүрді. Театрымыздағы ұлты кәріс режиссер өте тәжірибелі маман болатын. Бірақ бір кемшілігі, ұлттық өнерді жақсы білмегендіктен көп жерде қателіктер жіберді. Соңғы қателігінің бірі — Ақан серіден Махамбет жасағысы келді. Біз мұның дұрыс емес екенін айттық. Бірақ қанша дегенмен режиссердің мысы басты. Билігі де бар. Сонымен үш топқа бөлініп, үш Ақан сері, үш Ақтоты шықты. Сөйтіп Ғабеңе көрсететін болдық. Ғабең бір картинасын көрді де «Это не моя пьеса, я умываю руки, кеттік, бәйбіше» деп қасындағы жұбайын ертіп кетіп қалды. Режиссер «Ғабең не пониаеть современную мышления» деп шыр-пыр боп жатыр. Сол кездегі театрдың директоры Гүлжахан Жетпісбаева деген апайымыз «Әй, сен Ғабеңнен кейін «ООН-ға» барып жалын, ештеңе шықпайды, бітті» деді. Сөйтіп ол режиссердің орнына Райымбек Сейтметов келді. Бұл кісі де жұмысты осы Ақан серіден бастап, басты рөлді маған берді. Ғабең бұл жолғы дайындығымызды да көріп, мені шақырып алып «Айналайын, Досхан, мен тіпті шұбалаңқы қып өте көп жазыппын, қысқартамын десең, қысқарта ғой, ойының жақсы екен, тілің жатық екен» деп, риза болды. Жаттауға қиын бола ма деп жаны ашығаны ғой. Ал, Ғабеңнің бір сөзін қысқарту мүмкін бе? Ақ өлеңмен жазылған, тіптен мүмкін емес. Тұтас сөйлем түгілі бір сөзді алып тастасаң, мағынасы кетеді. Содан Ғабеңнің алдында ойнадық. Өте қатты риза болды. «Ақан да, Ақтоқты да өз жасында екен, бір-бірлеріңе жарасып тұрсыңдар» деп, бізді әбден мақтады.

Айтпақшы, тағы бір есімде қалғаны, бір күні Ғабең мені үйіне шақырды. Ұяла-ұяла үйіне әрең кірдім. Атағы жер жарған жазушының шаңырағының табалдырығын аттау оңай болмады. Сәлем бердім. «Дайындықтарың қалай, жақсы ма? Айтатын әндеріңді жақсы екен, біздің үйде бір домбыра бар, соны көрші» деді. Жамбыл домыра екен. Біраз жерінде пернесі кеткен. Тиегі жоқ. «Ғабе, мен алып кетіп жөндейін» деп, өзіммен бірге алып кеттім. Соның алдында ғана Довженко атындағы киностудияда Шыңғыс Айтматовтың «Көл жағалай жүгірген тарғыл төбет» киносына түскенмін. Сонда бір пілдің сүйегі қолыма тиіп еді. Соны егеп отырып, тиек жасадым. Пернесін жөндеп, Ғабеңе алып бардым. Сол кісінің көзінше Ақан серінің бір әнін салып бердім. Міне, бұл сал-серілер әлеміне алғашқы қадамым болды.

— Сіз Қазақ жастар мен балалар театрын басқарған жылдары еліміздің өнері мен мәдениеті әлі есін жинай алмай жатқан қиын кезеңдер еді. Өнер ұжымдарына басшылық жасау мен қызметкерлерге жағдай жасау өте қиын болғаны анық. Әйтсе де осынау театрда еңбек еткен жылдарыңыз несімен есте қалды?

— Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Әмина апам бастаған театр ұжымы «сен директор бол» деп қолқа салды. Ауруханада жатыр едім, қашқақтап көріп едім, болмады. «Өзің өскен театрың, беделің бар, атағың бар, сен болмағанда кім болады?» деді. Ойлана келе келісімді бердім. Ұжым басқарамын деп ойламаған едім. Креслода отырып, бұйрық беру, ол да бір қызық дүние боп көрінді. Бірақ бұл үлкен өнер ұжымы, киелі сахнасы бар, көрермені көп, осыны ойлағанда түн ұйқым төрт бөлінді. Спектакль қою керек. Қаржы жоқ. Бір досым американдықтардың компаниясында жұмыс істейді екен. Көмек сұрап едім, «менің қолымнан келмейді, бірақ американдықтармен кездестірейін, өзіңіз әңгімелесеңіз» деді. Сол кезде «Қыз Жібекті» қоймақ болғанбыз. Кездестік. Бір ғажабы, шетелдік компанияның басшысы адамды мұқият тыңдайды екен. Айтқаныңның бәріне балаша сенеді. «Қыз Жібек» «Ромео Джулетта» сияқты кең таралған эпосымыз» дедім. Шынында солай ғой. Барынша түсіндіруге тырыстым. Сөйтіп, екі аптаның ішінде 1 миллион теңге бөлінді. «ЦУМ-ның» бастығы да жақсы танысым еді, содан көмек сұрадым. Ол «матамен көмектесейін» деді. Суретшімді ертіп апарып, маталарды таңдап алдық. Сөйтіп «Қыз Жібек» қойылды. Бірақ, менің түсінгенім, мен сияқты өнер адамына бастық болу қол емес екен. Біріншіден, өз өнерім ұмыт қалды. Есіктің алдынан сахнаға дейін өзім тексеремін. Киім ілгішінен бастап қолға алып, қал-қадіріміз келгенше қызмет еттік. Өнер адамдарына баласына қараған ата-анадай болмасаңыз, пұшайман болады. Еркін ұстауға тырыстым. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамадым. Қызметтік көлікке де үйрене бастадым. Жұмысқа мұнтаздай боп келіп, мұнтаздай боп кетесің. Бір спектакль түгіл бір эпизод та ойнамадым. Режиссерлар «осы рөлді сіз ойнасаңыз» деп айтқандары да болды, бірақ директор ретінде біреудің нәпақасын тартып алғандай болмайын деп шештім. Сол рөлге қосалқы адамды тіркеп қойып, соны ойнатуға тырысам.

— «Көшпенділер» фильмінде де басты рөлдердің бірін сомдадыңыз...

— 2004 жылы «Көшпенділер» фильмі түсірілетін болды. «Уақытым жоқ» десем де, шақырып болмады. Театрдың жұмысы шаш-етектен. Жыл сайын гастролдік сапарға шығып, қаржы тауып жүргенбіз. Содан үйдегі жеңгең Қарагөз «Бару керек. Тарихи дүние, оның үстіне мұны Голливуд түсіріп жатыр» деп болмады. «Кім біледі, бұл сенің келешегің ғой» деген ой салды. Содан бардым. Алғашында мені Әбілқайыр ханның рөліне көріп еді. Бірақ, кейінірек шашымды алып тастап, шүйдеме жұдырықтай шаш жапсырып, Қалдан Серен рөліне бекітті.

— Қандай әсер берді? Олардың кино түсіру тәсілдері бөлек пе екен?

— Шынымды айтсам, шетелдің кино түсіру тәсілдерін, өнерге деген тақуалығын, кәсіптеріне деген үлкен жауапкершілігін, актерға деген шынайы сүйіспеншілігін көріп рухтанып қалдым. Түсірілім бір ғажап түс көргендей болып өтті. Түнгі сағат үште тұрсақ та машина күтіп тұрады. «Мистер Досхан» деп қарсы алады. Арнайы вагон бар, киетін киімің дайын, «он-он бес минөт жатып тынығып алыңыз, өзі оятамын» деп кетеді. Шынында оятады, гримге апарады. Гример де «Сіз ыңғайланып ұйықтай беріңіз, мен грим сала беремін» дейді. Бір кезде оятады. Оянсаңыз, өз-өзіңізді танымай қаласыз. Алдыңызда — Қалдан Серен. Машинамен кино алаңына апарады. Сізбен тек режиссер мен бас оператордың ғана амандасуға құқы бар. Отыратын креслоның артына дейін «мистер Жолжақсынов» деп жазып қойған. Шай, жейтін бірнәрселер алып келеді. Жастар «қолтаңба беріңізші» деп жүгіреді. Бірде-біреуін жолатпайды. «Актер дайындық үстінде» дейді, болды. Актерға деген құрмет қандай, қараңызшы… Қатты ойға қалдым. Бір айқай жоқ. Біздің режиссерлардың екі-үш күннен кейін дауыстары қарлығып қалады. Бірінші планда мен, одан бөлек 5-6 план бар, солардың бәрі жұмыс істеп жатады. Мұны қай уақытта дайындап үлгерді? Қосымша режиссерлар, олардың бәрі ассистенттері бәрі жанын салып қызмет етеді. Қатты риза болдым.

— Көпшілік сізді кино арқылы жақсы таныды. Алғаш рет қандай фильмге түстіңіз? Қандай әсерде болдыңыз?

— Ең алғаш түскен кином «Көкжиектер» деп аталады. Қаныш Сәтбаевқа арналған фильм еді. Сәтбаевтың рөлін қырғыздың актері сомдады. Мен сол кісінің інісінің рөлін ойнадым. Бұл киноға түсуімнің өзі бір қызық дүние. Менен бір курс жоғары оқыған бір жігіт екеуіміз бір бөлмеде тұрдық. Бір күні кешке «киноға түсуге барамын, түсірілім қалай болатынын көресің бе?» деді. «Ойбай, әрине, барамын». Содан «Қазақфильмге» келдік. Кино алаңынан Әмина апамды, Кененбай ағамды, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл ағамызды көріп қалдым. Досым киініп эпизодқа түсті. Бірақ режиссердің көңілінен шықпады. Бір түсірді, екі түсірді. Режиссер қайта-қайта тоқтатады. Бір кезде Әмина апам қолымен режиссерға мені көрсетіп «Әй, ана бала біздің театрда істеуші еді, осыны көрші...» деді. Досымды шешіндіріп, мені киіндірді. Шолжаң баланың рөлін ойнау керек екен. Режиссердың айтқанын істеп шықтым. Бір бөлмеде отырғанда атам «әй, бала, ағаларыңа амандас» дейді. Бала басын бір изейді де, өз шаруасын істеп отыра береді. «Міне, болды, осы бала дайын екен» деді бірден режиссер. Сөйтіп досымның орнына мен түсіп кеттім. Қалай түстік, не болып жатыр, сезінген де жоқпын. Сезінетіндей де емес. Екі-үш ауыз ғана сөзі бар. Тағы бір-екі жерде көрініс береді. Соның өзін әлдеқандай қып ауылға хабар жібердік. (Күлді). «Киноға түстік» деп. Ауылдағылар ол киноны күтті. Бірақ ол кино нашар болып шығып, ауылға бармады. Ол кезде киноның категориясын Мәскеу бекітеді. 1, 2 категория болса республиканы аралауға мүмкіндігі бар. 3 категориядағылар жарамсыз күйінде қалады. Дұрыс болмады білем, әйтеуір, сол кино шықпады.

— Көптеген киноларда талай рөлдерді сомдадыңыз. Әсіресе «Бандыны қуған Хамит» («Даладағы қуғын») фильмі сіздің танымалдығыңызды арттырып, болашағыңызға кең жол ашқандай… «Гауһартас», «Өтелмеген парыз» кинолары да көрерменге көп ой салады...

— Құдай қолдап, мені Шәріп Бейсенбаев ағамызбен таныстырды ғой. Қазақтың зиялы, текті отбасында туып өскен ағамыз Максим Горькииге қатты ұқсайтын. Мақалдап-мәтелдеп сөйлейді. Алғашқы киноларының бірі «Бұлақ» деп аталды. Сол кинода ұстаның рөлін ойнадым. Одан «Гауһартасқа» келдім. Сол кинода бірер эпизод ойнадым. Жақсы болды. Ол киноның түсірілгеніне отыз жылдан асты. Қайталап көріп едім, шын мәнінде керемет дүние екеніне көзім жетті. Жанға жылы, атыс-шабысы жоқ, айқайы жоқ, тәрбиеге толы. Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Жанат Қуанышева түсті. «Бұлақ» киносында да, «Гауһартаста» да бір әндер айтылды. Мен естімеген әндер. Кейінірек Шәріп ағамыздан сұрасам, «бұл Мағжанның сөзіне жазылған әндер» деді. Ол кезде Мағжан туралы жақсы білмейміз. Ол кісінің өлеңдері, әндері Шәріп ағамыздың есінде екен.

Одан кейінгі үлесіме тиген рөл Сәкен Сейфуллин ағамыздың шығармасы бойынша түсірілген «Даладағы қуғын» фильмі. Өкінішке орай, бұл фильмнің сценарийін орыс жазды да, ұлттық киімдер, ұлтымыздың әдет-ғұрпы жақсы көрінбей қалды. Бұл фильм шынында менің танымалдығымды арттырды. Кинодағы төлқұжатым сияқты болды. Алғаш рет көрерменге актер ретінде, азамат ретінде танылған рөлім болды. Сондықтан бұл рөл маған осы уақытқа дейін ыстық. Бір кездері маған «Құдіре мен Хамитты көрсеңіз, алдымен қайсысына сәлем берер едіңіз?» деген де сұрақ қойылды. Мен айттым, әрине, алдымен Құдіреге сәлем берер едім, өйткені оның бойында елге, жерге, ұлтқа деген сүйіспеншілік жатты. Бірақ, Хамитты да сөгуге болмайды. Коммунистік идеямен «қаруланған» жігіт. Ол да өз сенімі бойынша өз елін тап жауларынан қолындағы наганымен қорғады. Негізінде бұл фильм өте сәтті түсірілген дүние. Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың жемісті еңбек етіп жүрген жылдары еді. Бұл фильм Душанбеде өткен 14 кинофестивальда көрсетіліп, мен ер-азаматтар рөліне арналған жүлдені алдым. Хамит рөлі мені танытты. Одан кейін өзбек, қырғыз елдерінде, «Мосфильмде» біраз рөлдерді ойнадым. «Көл жағалай жүгірген тарғыл төбетке» бес жылымыз кетті. Аздық, тоздық. «Елімізге аман қайтамыз ба?» деген де күдік болды. Әйтеуір, түсірілді. Сол киномен Мәскеуде өткен халықаралық кинофестивалға қатысып, Софи Лореннің қолынан гран приді алдық. Сол кезеңдердің бәрін бүгінде қуанышпен еске алып отырамын. Қаншама қиыншылықтар басымыздан өтті.

— Өзіңіздің өнеріңізді ұштап, шеберлігіңізді шыңдаған осынау фильмдердегі қиыншылықтар мен тосын жағдайлар туралы айта кетсеңіз. Қандай қызықты жәйттер өтті? Қандай ой түйдіңіз? Қандай «әттеген-айлар» болды?

— Әлі есімде, Сатыбалды Нарымбетов ағамыз түсірген «Омпа» фильмін түсіру барысында бір тосын жағдай орын алды. Ол фильмде белгілі актер Панкратов-Черный екеуіміз ұшқыштардың рөлін ойнаймыз. Бір күні түсірілімде бізді спорттық ұшаққа отырғызып, әуеде ұшып келе жатқан сәтімізді түсіру керек болды. Кино Ақсеркедегі аэропортта түсіріліп жатқан. Әлгі эпизодты сәтті түсірдік. Содан Шонжының аэропортына қонамыз, сол жерде тамақтанып, түсірілім ары қарай жалғасады деген хабар алдық. Алдымен «кукурузник» ұшағы қонды. Спорттық ұшақта Панкратов-Черный, мен, оператор, ұшқыш төртеуіміз отырмыз. Қона берген кезде жерге бір ұрылдық, екі ұрылдық, қанат сабаланып, біреуі сынып түсіп қалды. Пропеллер бір жаққа ұшып кетті. Жерді сызып отырып, шаң-тозаң, түтін, әрең тоқтадық. Содан ұшқыш басын сылқ еткізіп рөлге салды. Басын шайқап жатыр. «Ойбай-ау, не болды?» дейміз ғой. Шынымды айтсам, үрейленіп те үлгермедік. Сөйтсек, ұшқыш шассиды шығаруды ұмытып кетіпті. Дөңгелек жоқ, қарнымызбен келіп қонғанбыз ғой. Құдай сақтағанда, бензин құятын багы қанатының үстінде екен, әйтеуір. Астында болғанда жарылады екенбіз. Сөйтіп бір ажалдан аман қалдық.

Сондай-ақ, «Бандыны қуған Хамитты» түсіру кезінде оңбай жарақат алдым. Каскердарлардың көмегімен жасайтын түсірілім бар еді. Бір түсірілімнен кейін кешке ақшалары қолдарына тиген каскадерлар түнімен ішіп-жеп, бір-бірімен төбелесіп, кетіп қалыпты. Ертеңінде каскадерлар жоқ. Алдында «барлық трюкті өзім-ақ жасаймын» деп едім, «Мертігіп қалсаң, кино тоқтап қалады» деп режиссер рұқсат бермеді. Бірақ, кейінірек басқа мүмкіндік болмады. Амал жоқ, «Ал, батырым, енді өзің дайындал, бір сағат уақыт берем, содан кейін түсіреміз» деді режиссер. Дайындалған болдым. Аттың ер-тоқымы да ыңғайсыз екен. «Тәуекел» деп атқа отырдым. Алдымен қос аяқпен ер-тоқымның үстіне тұруым керек, одан аттың бауырына дейін түсіп, қайтадан көтеріліп мінуім керек. Бірақ, аяғымды көтере бергенде атым кетіп қалып, екі жұдырықтай тасқа келіп құйымшақпен құладым. Арқамнан оқ атылғандай болды. Тынысым жоқ. Қатты ышқынып едім, әрең дегенде демім ашылды. Бәрі жүгіріп келді. «Өлдім» деп ойладым. «Чайка» машинасына салып, жақын маңдағы ауылға алып барды. Рентгенге салды. Сынық жоқ. Әйтеуір, сол күнгі түсірілімді ілдәлап жүріп бітірдік. Режиссер содан кейін он күн үзіліс берді. Тақтайдың үстінде жатып үйге келдім. Ол кезде де спортпен айналысып, күн сайын жүгіретінмін. Бес-алты күннің ішінде қалпыма келдім. Бірақ мұның зардабы 20 жылдан кейін білінді. Төсек тартып жатып қалдым. Арқамның бес жерінен «грыжа» деген бәле шығыпты. Содан мойын жағында маза бермеген біреуін осыдан 8-9 жыл бұрын алдырдым. Әлі төртеуі арқамда. Қасым Жәкібаев ағамыз айтуышы еді, жас кезіңде ненің ләззатын көрсең, қартайғанда соның азабын тартасың деп… Сол кісінің айтқаны рас екен. Дегенменде спортпен әлі күнге айналысып келемін.

— Әрине, тәжірибесі толысқан актерлардың режиссерлыққа ауысып, кино түсіріп жатуы таң қаларлық жағдай емес. Дегенменде кино түсіруге бірден тәуекел етпеген боларсыз… Режиссер болып, кино түсіру идеясы қайдан туындады?

— Сал-серілер туралы кино түсіру көптен бері ойымда жүрген еді. Осы кино мен театрдан жинаған тәжірибем бар және «Көшпенділерден» кейін ойлана келе кино түсіруге тәуекел еттім. Бала кезімде естіген әңгімелерім бар, мықты әнші болмасам да домбыраның табиғатын сезем. Осының бәрі үлкен күш берді. Содан мықты сценарист іздедім. Бірде Әлия Бөпежанова апамыз марқұм Таласбек Әсемқұлов бауырыммен таныстырды. Ол кезде Таласбек француздардың өтінішімен Абылай туралы бір сценарий жазып қойған екен. Абылайдың аты туралы. Өкінішке орай, француздар біз оны түсірмейтін болдық деп, жылы жауып қойған екен. «Оқып көріңіз» деп сол шығармасын тастап кетті. Үйге келіп оқып, қатты әсерленіп, бір-екі жерінде кәдімгідей көзіме жас алдым. Өте қатты ұнады. Тілі қандай шұрайлы, оқиғасы қандай керемет, өте шынайы жазылған. Ішім алай-дүлей болды, ертеңінде Таласбекке «мынау ғажап екен» деп телефон шалдым. Содан өз ойымды айттым. Таласбек бір жыл айналысып, жазғандарын көрсетіп, ақылдасып отырды. Мен де өз білгендерімді айтып отырдым. Киноның да өз дүниесі, әлемі бар. Ол да үлкен кәсібилікті талап етеді. Сценарий жазылып болған соң киностудияға алып бардым. Директор Сергей Әзімов еді. Әлі күнге рахметімді айтамын.

Біраз адамдар «бұл сценарий емес, бұдан ештеңе шықпайды» деп те айтып жатты. Ішінде ешқандай қақтығыс жоқ дегенді алдыға тартты. Олардың да пікірілерін ескердік. Ең бастысы Қуаныш Сұлтанов ағамыз бастаған депутат ағаларымызға өтінішпен шығып, қаржы таптым. Тіпті премьерге дейін хат жаздық. Обалы не керек, бәрі құп көрді. Сонымен «Біржан сал» түсірілді.

Одан кейін Таласбек екеуіміз көп ойландық. Шығармашыл адамдарға ең бастысы тақырып, идея ғой. Тақырып іздедік. Тың дүние іздедік. Содан Құнанбай қажы ойымызға оралды. Соған тоқтадық. Екі ортада 5 жыл уақыт өтті. Осы жылдарда Құнанбай туралы көп оқыдық, іздендік. Алғашында бұл жөнінде ақпарлар аз еді. Кейіннен кітаптар табылды. Қамқа мен Қодардың оқиғасының болмағаны турасында біраз адамдар сын айтты. Іздеп жүріп Шәкәрімнің «Қодар» деген поэмасын тауып алдық. Сол жерде тайға таңба басқандай етіп жазылған. Сонымен қойыңызшы… Киноны бастадық. Басты мақсат — Біржан сал мен Құнанбайдың ұлттық мінезін көрсету болды. Осыған ден қойдық. Әрине, не жазсаң да, не түсірсең де – сен мұнымен не айтқың келеді деген сұрақ тұрады. Ең негізі осы. «Біржанда» алғашқы империялық күштер, сүттей ұйып отырған ұлттың мінезін бұзып, ұлттық өнеріміздің өгейсіп бара жатқаны туралы көрсеткіміз келді. Құнанбай қазақ даласында биліктің құрылымын жасаған тұлға. Өз дербес ойы бар тұлға. «Құнанбайды» шығарарда «Абай жолы» тұрғаны хақ. Ол әрине, басқа Құнанбай. Заманына қарай солай жазылу керек болды. Біз Құнанбайды пенделікке түсіруге тырыстық. Ол да адам, пенде. Анасымен мұңдаса, сырласа білетін Құнанбай, көзіне жас ала білетін де Құнанбай, баласы Абаймен сырласа білетін Құнанбай, ел алдында тұжырымды ой айтып қана қоймай, еліктіре білетін Құнанбай, өкіне білетін, айтқанын орындата білетін, билердің ортасында сөз ұстаған Құнанбай. Сөзге қиса да өлімге қимайтын қазақ емеспіз бе? Араз боп жүрген Барақ Құнанбайды Қиыр Шығысқа айдайын деп жатыр дегенде арашалап қалу үшін барын салған… Ал, бірақ тарихта Құнанбай 687 күн бе, Омбының абақтысында отырғанда шығарып алған Шоқанның әкесі Шыңғыс. Ол патша үкіметінің полковнигі. Құнанбайды таныған Шыңғыс қандай? Үлкен қаржы қойып алып шығатындай Құнанбайдың да осал болмағаны ғой… Біржанды да, Құнанбайды да халыққа жақындаттық. Жас ұрпақ үшін өте қажет. Негізі кино дегеніміз тұнып тұрған идеология. Ұлттық идеологияны сіңіруіміз керек. «Жау жүрек мың бала», «Алмас қылыш», міне, осылардың бәрі соған сай түсірілген фильмдер.

— Ел сіздің әншілік өнеріңізге де бас иеді. Осы өнеріңізді ары қарай дамытуда қандай қадамдар жасадыңыз?

— Домбыра менің құлақ бұрауым. Домбыра менің мұратым. Әкемнен алып қалған аманатым. Серігім. Домбырамен ән айту ішкі сезімімді сыртқа шығару ғана. Өзімді әнші санамаймын. Осы күнге дейін ыңылдап ән айтатын өзімнің ортам бар. Сондықтан үлкен сахнаға шығып ән айту ойымда жоқ нәрсе. Дәстүрлі ән — біздің классикалық дүниелеріміз. Біржан, Ақан, Мәди, Жаяу Мұсаның жолын жалғастырып келе жатқан қаншама талантты әншілеріміз бар. Солардың алдында ән айту мен үшін өте ыңғайсыз. Әкем дүниеден озғаннан кейін сағыныштан туған «Ауыл қарттары», «Домбыра» деген әндерді айттым. Мен үшін сөзі құнарлы. Екеуінің де сөзін Сағи Жиенбаев жазған.  Сұраған жерде өзім орындаймын.

— Әңгімеңізге көп рахмет.

Әңгімелескен – Оралхан ДӘУІТ.

Тегтер: