Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Досым Сәтпаев ресейлік тарихшының мәлімдемесін сынға алды

Досым Сәтпаев
Фото: Жас коллаж

Саясаттанушы Досым Сәтпаев ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуровтың мәлімдемелерін Қазақстанға қарсы жаңа ақпараттық шабуыл деп бағалады.

Верхотуров сұхбатында «Ашаршылық» трагедиясын жоққа шығарып, Қазақстанды Украина сценарийі бойынша қарулы қақтығысқа душар ету арқылы қазақтарды «екінші сорт» ретінде сипаттаған. 

Сәтпаев бұл мәлімдемені соғысқа, геноцидке, шовинизм мен ксенофобияға ашық үндеу ретінде бағалады. Ол сұхбаттың Украинадағы соғыстың жылдығына тұспа-тұс жариялануын символдық жайт деп атады.

«Мұндай ақпараттық «қоқыс» тағы бір мәрте кім агрессор, кім құрбан екенін, кім империялық өшпенділік пен зұлымдықты тарататынын, ал кім тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға тырысатынын айқын көрсетеді. Бұл өзгелерге де сабақ: алдымен тарихыңызды жоққа шығарып, қайта жазуға тырысатындарға әрдайым қауіп ретінде қарау керек, өйткені сәл уақыт өткен соң олар сіздің болашағыңызды да күшпен тартып алуға дайын тұрады», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейлік саясаттанушы әрі тарихшы Дмитрий Верхотуров ашаршылық тақырыбына байланысты Қазақстанға бағытталған қоқан-лоққы сипатындағы мәлімдеме жасады.

«Ашаршылыққа қатысты осы мәселелер Қазақстан үшін жай ғана қауіпті емес, бұл – мемлекеттіліктің өзі үшін қауіпті. Украинамен не болғанын көріп отырсыздар ғой, Қазақстанмен не болады? (...) Олар Украинадағы майданшылдар жүргізген саясатты қайталай алады, бірақ бұл қарулы қақтығысқа әкеледі. Қазақстан, біріншіден, дайын емес, екіншіден, Ресейге қарсы тұратындай тым әлсіз әрі кішкентай ел», – деді Верхотуров желіде кең таралған сұхбаттарының бірінде.

Оның айтуынша, осы жағдайды есептегенде қазақтар ескеруге тиіс тағы бір жайт бар.

«Біз үшін украиндар – өте жақын туыс, дерлік өз адамдарымыз. Соған қарамастан, иә, олар бізді сондай жағдайға жеткізді. Ал қазақтар орыстар үшін туыс емес. Иә, олармен достасуға болады және тағы сол сияқты, бірақ бәрібір олар алыстау. Сондықтан, олармен соғысуға ықылас көбірек болады және, бәлкім, украиндарға қарағанда қатаңырақ болады», – деді Верхотуров.

 Верхотуров «Болмаған қазақ геноциді» атты кітаптың авторы.