Досмұхамбетовта оңған орынбасар бар ма?
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталуы елді шулатып жатыр.
Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда анау-мынау емес, Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасасқаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алған екен.
Баспасөздегі соңғы ақпараттар Рысқалиевтың кінәсін мойындағанын, ал Хаменованың жауап алынған соң, тергеу абақтысынан босатылып, үйқамаққа жіберілгенін айтады.
Ең сорақысы, қазіргі уақытта Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тағы екі орынбасары сотталып жатыр. Бірі «182 миллион теңге көлемінде пара алды» деп айыпталған Нұрлан Таубаев, екіншісі – «ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған кезде 80 миллион долларлық ауыл шаруашылығы субсидиясын заңсыз бөлді» деген айыппен сотталып жатқан Қайрат Нұрлыбаев.
Оған Рысқалиев пен Хаменованы қоссақ, әкім сенім артқан төрт басшы жемқорлықпен ұсталып отыр. Сұмдық қой...