Дрон көлеңкесіндегі өмір

Бірнеше апта бұрын отандық ақпарат құралдары Батыс Қазақстан облысында жергілікті тұрғындардың белгісіз ұшатын нысанды тауып алғаны туралы жарыса жазды.
Артынша, 18 ақпан күні Бөкей ордасы ауданына қарасты Ұялы ауылында табылған нысанның ұшқышсыз әскери дрон екені анықталып, әлеуметтік желілерде суреті де жарияланған еді. Дрон табылған Бөкей ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов ақпаратты растағанымен, түсініктеме бермеген.
Көпшілік құрылғыны француздық Sagem компаниясы жасаған Crecerelle барлау дронына ұқсайды десті. Ал әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында табылған аппаратты француздық Crecerelle-ден гөрі, ресейлік «Орлан 10-ға» ұқсатқанын жазған. Ең қызығы, дрон табылғаннан бір күн бұрын, яғни 17 ақпан күні 24 пайызы Ресейге, 19 пайызы Қазақстанға тиесілі (Қазақстан мұнайы тасымалданатын) Каспий құбыр консорциумына белгісіз дрондар шабуыл жасаған еді. Сарапшы бұл жағдайға да күмәнмен қарау керек сияқты деді. Консорциумның баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуылдаған. КҚК мұны «террористік шабуыл» деп атады. Бірақ ҚР мәжіліс депутаты Никита Шаталов оқиғаға байланысты Украина тарапын жауапкершілікке тарту керек екенін айтcа, Украина президентінің кеңсе басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Orda.kz редакторы Гүлнар Бажкеноваға берген сұхбатында инфрақұрылымдық нысандардың 30-35%-ын Ресей өзі қиратып отыр дейді. Сонымен дрон кімдікі, мұнай стансасын атқылаған кім, тағы да тұйық дауға ұласып кетті.
АҚШ-тың Стэнфорд және Нью-Йорк университеттерінің 2012 жылы бірлесіп жасаған Living Under Drones (Дрондардың көлеңкесінде өмір сүру) деп аталатын зерттеуі бар. Онда АҚШ-тың Пәкістандағы дрон соққыларының бейбіт тұрғындарға тигізген ұзақмерзімді әлеуметтік және психологиялық ауыр зардаптары қаралыпты. Сонда төбесінен ауық-ауық дрондар көлбеңдеп өтетін тұрғындар үнемі үреймен өмір сүріп, психологиялық травмаға ұшырағаны белгілі болған. Бұл қоғамды қорқыныш пен тұрақсыздыққа алып келеді. Көптеген халықаралық қауымдастықта үлкен резонанс тудырған бұл зерттеу АҚШ-тың дрон бағдарламасының заңдылығы мен этикасы жайлы сұрақтар туындатты.
Жалпы әскери дрондар қазіргі соғыс алаңындағы әскери күштердің қолын едәуір ұзартып отыр. Өзінің бейімделгіштігімен дрондар барлау, тікелей шабуылдау үшін ғана емес, әуе қорғанысын бұзу, логистиканы басқару және психологиялық соғыс жүргізу сияқты түрлі функцияларға тез икемделетінін қазіргі майдан алаңдары көрсетіп жүр. Украина артиллериясы оқ-дәрі мен әскери техника тапшылығын сезініп жатқанда дрондар осы олқылықты белгілі бір деңгейде толтырды. Зеленский былтыр 1 млн дрон жасауды жоспарлап, жыл соңында 2,2 млн радиобасқарылатын ұшқышсыз ұшу аппаратын өндіргенін және оның 100 мыңға жуығы алыс қашықтыққа ұшатын дрондар екенін айтты. Қазір Украина жылына төрт миллион дрон шығаруға қабілетті. Ресей де бұл қарқыннан қалыспай келеді. Осыдан да ұшқышсыз ұшу (ҰҰА) аппараттарының қазіргі қарулы қақтығыстардағы әлеуетін түсіне беруге болады. Мұндағы көз көрген Таулы Қарабақтағы соғыстан бастап, сонау қырғиқабақ кезіндегі Вьетнам соғысы, одан әрі «9/11 оқиғасы» тұсындағы антитеррорлық операциялар да әлемге дрондардың құдіретін әбден көрсетті.

Жаналғыш роботтар
2001 жылы 11 қыркүйекте 3000 адамның өмірін қиған атышулы террористік шабуылдан кейін АҚШ дрондарын жаппай қаруландыра бастады. Кейінірек «Терроризмге қарсы соғыс» жүргізгенде қарулы дрондарымен «Әл Каида» сияқты лаңкестік ұйымдар мен оны паналатып отырған мемлекеттердің басына әңгіртаяқ ойнатты. Десе де, дрондардың әскери мақсатта қолданылуы этикалық тұрғыдан әлі де үлкен дау тудырып келеді. Себебі дрондар жоғары дәлдіктегі қару ретінде насихатталатынына қарамастан, одан құрбан болған бейбіт тұрғындар аз емес. Зерттеу журналистикасы бюросының (Bureau of Investigative Journalism) мәліметінше, АҚШ 2015 жылдан бері тек Ауғанстанда 14 000-нан астам дрондық шабуыл жасаған. Бұл соққылар нәтижесінде 4 126-дан 10 076-ға дейін адам қаза тапқан болса, олардың 300-ден 909-ға дейінгісі бейбіт тұрғындар болған. Бұл тек Ауғанстандағы жағдай. Бұдан бөлек, АҚШ-тың Йемен, Пәкістан мен Сомалидегі шабуылдары қаншама жазықсыз адамның өмірін қиды. Ал бұл елдер ресми соғыс жағдайында емес. Демек АҚШ халықаралық құқықты бұзып, мемлекеттік егемендікке қол сұғып отыр деп бағалайды кей сарапшылар.
Қазір дрондарды «киллер роботтар» деп атайтындар бар. Украинадағы соғыста да дрондардың азаматтық инфрақұрылымға шабуылы көп тіркелген. Қалаларға жасалған шабуылдарда көбіне тұрғын үйлер, ауруханалар және азаматтық инфрақұрылымдар қирайды. Соған байланысты дрондарды қаруландыру мен оларды қақтығыстарда пайдаланудың этикалық ережелері әлі бұлыңғыр. Мысалы, 2021 жылы 31 тамызда Ауғанстанда он бейбіт тұрғынның, оның ішінде жеті баланың өліміне себеп болған дрон шабуылы Женева конвенцияларының негізгі қағидаларын бұзды. Алайда осы тұрғыда халықаралық заңдардың да қауқарсыз екені байқалады. Мыңдаған шақырым қашықтықта отырып, құрлықтың ар жағындағы бейбіт тұрғындарды нысанаға алған дрон операторлары жауапкершілікке тартылған жоқ.
Қазір дрондар жаһандық деңгейде дамып, оны Қытай мен Ресей сияқты ірі державалар ғана емес, аймақтық күштер де белсенді түрде қолдана бастады. АҚШ-тың көптеген одақтастары, әсіресе НАТО мүшелері барлау және бақылау (ISR) мақсатында немесе қаруландырып, ұрыс алаңында қолдану үшін өз қарулы күштерін дрондармен жабдықтай түсті. 2023 жылғы мәлімет бойынша, 19 мемлекет ұшқышсыз ұшу қарулары арқылы әуе шабуылдарын жасаған, 6 мемлекет қаруланған дрондарды дамыту бағдарламаларына ие болса, 29 мемлекет әскери дрондарды импорттаған. Қазір дрондардың ең үлкен экспорттаушылары Қытай мен Түркия. Түркияда жасалатын «Байрактар» Сириядағы, Ливиядағы әскери операциялар мен Таулы Қарабақтағы соғыста айрықша көзге түсті. Қазір бірқатар мемлекет «Байрактармен» қарулы күштерін толықтырып отыр. Оның ішінде Әзербайжан, Катар, Польша елдері бар. Қырғызстан да 2021 жылы «Байрактарды» сатып алып, Тәжікстанмен болған қақтығыста қолданған. Ал Украина 2019 жылдан бері өздерінде түрік дронының өндірісін қолға ала бастады.
Қытайдың коммерциялық дрон өндіруде тәжірибесі мол. Тіпті өздерінде дрон өндірісі бар көп мемлекеттер Қытайда өндірілетін бөлшектерге тәуелді екені айтылады. Қазақстан осы екі елдің қаруларымен әскери күшін толықтырып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда қытайлық WingLoong-1, Skylark-1LEX, Түркияның Anka дрондары бар. Жақында мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Түркияға жасаған іссапарынан соң «АҚ СҰҢҚАР» деп аталатын Түркияның жаңа соққы жасаушы дроны сатып алынатынын айтты. «Бұған дейін Қазақстанға әкелінген Anka дрондарының сынағы сәтті өткен. Ал «АҚ СҰҢҚАР» «Анка», «Байрактан» да әлдеқайда қуатты» деді депутат.

Суицидтік дрондар
Әдетте жаңа соғыс қарулары пайда болғанда олардың келешектегі жағдайға қалай әсер ететіндігі туралы түрлі болжамдар айтылып жатады. Сондай қарудың бірі – пулеметті ойлап тапқан Р. Дж. Гатлинг: «Пулеметтердің болашақ соғыстарда маңызды рөл атқаратынын болжау үшін ешқандай әулиеліктің қажеті жоқ. Басқа қарулармен салыстырсаң, пулемет ат арба мен теміржол, орақ пен шалғы, ине мен тігін машинасы сияқты» деген. Дрондардың мысалы да соған ұқсайды. Алайда қазіргі болып жатқан қақтығыстарда әскери техника, соның ішінде ұшқышсыз қарулар көз ілеспес жылдамдықпен дамып, құбылып отыр. Мұндайда соғыстың болашағын болжау түгілі, ертең, келесі аптада не болатынын әулиелігің болмаса, болжап білу қиын.
Мысалы, қазір Украинада 100-ге жуық дронның түрі қолданылуда, көлемі ойыншық өлшемінен бастап, құлашы 20 метрге дейін жететін ірі модельдерге дейін бар. Оларды барлау, радиоэлектрондық күрес және дәлдігі жоғары соққылар үшін дамытып, пайдалануда. Дрондардың технологиясы мен жасанды интеллект негізіндегі нысананы анықтау жүйелері де әскери тактиканы түбегейлі өзгертіп жатыр.
Ал Украинаның арсеналындағы АҚШ-та өндірілетін Switchblade және Phoenix Ghost үлгілері мен ресейлік Lancet-3 суицидтік дрондар деп аталады. Оның себебі бұл аппараттар белгілі бір аймақта ұзақ уақыт бойы барлау жүргізіп, нысананы анықтап, соған тікелей соғылып, жойқын соққы жасайды. «Өзін-өзі жоятын» дрондардың ұшу қашықтығы 1 500 шақырым (932 миль) немесе одан да ұзақ болуы мүмкін. Олар нысанға үйірімен шабуыл жасаса, үлкен зиян келтіре алады. Ол болмаса, қарапайым коммерциялық квадрокоптерлерге де жарылғыш заттар орнатып, өздігінен жарылатын қару ретінде қолдануға болады.
Қазір қай тарап болса да ұшқышсыз ұшу аппараттарын, әуе қорғанысын жетілдіріп, бейімдеп отыруға мұқтаж. Себебі әскери техника қарсы тарапқа төтеп беруге бейімделу арқылы жылдам дамып келеді. Тіпті сарапшылар соғыстың басында Украинаға үлкен көмек көрсеткен Түркияның Bayraktar TB2 дрондары, 2024 жылға қарай әуе қорғанысы салдарынан маңызын жоғалта бастағанын айтады. Демек бұл соғыстың келесі бір қыры бар. Ол – әскери арсеналдардың қару өндірісіндегі бәсекелестігі. Ендеше, қазір іс әлеуетті қаруларды импорттаумен бітпейді. Әсіресе дрондар әрдайым жетілдіріп, дамытып отыруды қажет етеді. Бүгінде жасанды интеллект арқылы автономды басқарылатын дрондардың да мүмкіншілігі едәуір артты. Алайда бұл мүмкіндіктермен қоса, жаңа қауіптерге де жол ашады. Дрондардың қорғаныс жүйелерін айналып өтуі, оларды кибершабуылдар арқылы басып алу немесе қарулы қақтығыстарда қолдану мемлекеттердің қорғаныс стратегияларын үнемі жаңартып отыруын талап етеді. Сондықтан елдер дрон технологиясын жетілдірумен қатар, оның бақылау механизмдерін, қарсы шараларын және халықаралық реттеу тетіктерін де дамытып, өзгермелі жағдайларға бейімделуі қажет.
Қосқанат Бауыржан