Дрон шабылуынан Орынбор газ өңдеу зауыты Қазақстан газын қабылдауды тоқтатты

19 қазан күні Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына украиналық дрондар шабуыл жасағаннан кейін Қазақстанның Қарашығанақ кен орнынан келетін газды қабылдау және өңдеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Бұл туралы Қазақстан Энергетика министрлігі «Газпром» компаниясының ресми ақпаратына сілтеме жасап хабарлады.
Шабуыл салдары
Азаттық Радиосының жазуынша, шабуыл кезінде зауыттың бір цехында өрт шыққан. Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевтің айтуынша, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған, алайда адам шығыны тіркелмеген.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, өрт дер кезінде сөндірілген, бірақ зауыттың зақымдалу көлемі мен толық қалпына келтіру мерзімі әлі анықталып жатыр.
Қазақстан жағының түсіндірмесі
Энергетика министрлігі мәлімдемесінде елдің ішкі газбен қамту жүйесі бұзылмағанын, барлық тұтынушыларға газ қалыпты режимде жеткізіліп жатқанын атап өтті.
Орынбор газ өңдеу зауыты – Ресейдегі ең ірі газ өңдеу кәсіпорындарының бірі. Ол Қарашығанақ кен орнынан (Батыс Қазақстан облысы) келетін газды қабылдап, қайта өңдеп, экспортқа өнім шығарады.
Зауыт жұмысының тоқтауы Қарашығанақтағы мұнай-газ өндірісіне де әсер етуі мүмкін, өйткені онда өндірілетін шикізаттың бір бөлігі дәл осы Орынборға бағытталады.
Бұл оқиға соңғы апталардағы украин дрондарының Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына жасаған жүйелі шабуылдарының бір бөлігі болып отыр. The Guardian және Reuters агенттіктерінің хабарлауынша, соңғы уақытта Орынбор мен Самара облыстарындағы бірқатар мұнай-газ нысандарына да шабуыл жасалған.
Ресей тарапы зауыттың қашан толық қалпына келтірілетінін нақтылаған жоқ. Қазақстан билігі болса, жағдайды үздіксіз бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.