Ду қол шапалақ! Шарлапаев автоөндірісті жиендік жасап дамытпақ

Мамыр айында утиль алымы мен алғашқы тіркеу ақысына қарсы топ жариялаған петиция 50 мыңнан аса қол жинап, үкімет оны қарауға мәжбүр болды.
Осы салаға тікелей жауапты өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы комиссия құрған. Оған алты министрліктің вице-министрі, петиция авторы мен қоғамдық ұйымдардың, сарапшылар қоғамының және өнеркәсіп секторының өкілдері кірді.
Бірақ жұмыс тобының жүрісі мандымады. Комиссияның алғашқы отырысы өтпей қалды. Петиция жариялаған қоғам белсендісі Санжар Боқаев көлік министрлігінің ғимаратына телефонсыз кіруден бас тартты.
Араға бір апта салып өткен отырыс жайлы министрлік пен белсенділер екі түрлі ақпарат таратты. Шенділер мәселені жан-жақты талқыладық деп есеп берсе, Боқаев: «Біз олардың барлық шартына келістік, бірақ тағы бос сөзі көп спектакль көрдік» деп тұжырды.
Оның айтуынша, үкімет құрған комиссия утиль алымы мен Лаврентьевтің автозауытын ашық қорғайды. Белсенді жұмыс тобының жоспары проблеманы шешу емес, автоөндіріске пиар жасау екенін айтты. Ол арнайы комиссия құрғаннан оң нәтиже шығатынына сенбей отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утиль алымы мен алғашқы тіркеуді жою жоспарда жоқ екенін айтқан. Петиция қажетті дауыс жинаған соң арнайы комиссия құрып, мәселені талқылағандай көрінгенімен ол өз ұстанымынан әлі айныған жоқ. Министрлік аталған алымдардан бас тарту отандық автоөндірісті «өлтіреді» деп шыр-пыр болып отыр.
Министрдің айтуынша, утиль алымы ескі техниканы утилизация жасаудан бұрын отандық «автоөндірісті» қолдау үшін қажет, ал оны жойсақ, алыпсатарлар ғана пайда көреді. Шарлапаев осы сөзінде петицияға қол қойған 50 мың адамды «алыпсатар» деп бір шыбықпен айдағаны қызық болды. Белсенділер министрді осы сөзі үшін сотқа береміз деп белсеніп отыр.
Қанат Шарлапаев қанша қорғаса да, халық бізде автоөнеркәсіп бар дегенге аса сенбейді. Белсенділер нағыз алыпсатар – шетелден дайын көлік әкеліп, елде құрастырумен айналысатын олигархтар деп санайды.
Мұндай уәждің шығуына үкімет өзі кінәлі. Өйткені олар отандық автоөндірістің не өндіріп жатқанын әлі толық түсіндірген жоқ. Зауыттар жылына қанша машина құрастырады, оның локализация деңгейі қандай, қанша бөлшек өзімізде шығады, елде құрастырылған машинаны өзіміздікі деп айтатындай негіз бар ма деген сұрақтарға ешкім жауап бермейді. Дәл осы сұрақтарды Шарлапаев мырзаның атына біз де жолдадық, бірақ бір апта күткен хатымызға сол беті жауап келген жоқ.
Қазақстанда автоөндіріс бар ма?
Біз бұған дейін елде құрастырылған автомобильдердің саны аз, бағасы удай екенін, олар толықтай шетелдік бөлшектен жасалатынын жазған едік. Ал қазір сол жартылай өндірістің бар-жоғына күмән туып отыр. Белсенділер әлеуметтік желіде жариялаған видеодан Қостанайда шықты делінетін машиналар екі VIN-кодпен жүргені белгілі болды. Яғни автомобильдің жүргізуші жақ есігінде «СарыарқаАвтоПромның», екінші жағында «UzAuto Motors» немесе өзге ел өндірушілерінің VIN-коды тұрады.
Біз де Алматы маңындағы Талғар тас жолының бойында орналасқан Chevrolet дилеріне барып, тексеріп көрдік. Бюджеттік Chevrolet Onix седаны да, қымбаттау Chevrolet Tracker кроссовері де «UzAuto Motors» VIN-кодымен тұр. Сатушы өзімізде құрастырылған машинаға не үшін шетелдік VIN-код жапсырылғанын білмейтінін айтты. Ал мамандардың айтуынша, VIN-код автомобиль зауыттан шығып, сынақтан өтіп, жүруге дайын болғанда ғана ұрылады. Сонда біздің зауыттар шетелден дайын машина әкеліп, өзіміз құрастырдық деп сатып жатқаны ма?
«Әлемдік практикада автомобиль конвейерден шыққан соң, яғни өз дөңгелегімен жүріп, арнайы техникалық сынақтан өткеннен кейін машина пайдалануға жарамды деп VIN-код береді. Бұл код бір-ақ рет беріледі, оны автомобильді шығарған зауыт береді. Мұндай машина мінуге дайын деген сөз.
Ал Санжар Боқаев көрсеткен машиналардың VIN-коды Өзбекстан, Қытай немесе Оңтүстік Кореяда соғылған. Көлік шынымен Қазақстанда құрастырылса, тек отандық зауыттың VIN-коды болуы керек еді. Ал екі код болса, машина шетелде құрастырылғанын білдіреді. Ендеше, шетелде шыққан машинаны әкеліп, екінші VIN-код соғып, Қазақстан автоөндірісі деп сатудың қажеті бар ма? Бұл шынымен автоөнеркәсіп пе, әлде делдалдық па?
Мысалы, мен компания ашып, шетелден автомобиль әкеліп сатсам болады. Мұны автоөндіріс деп атай алмаймыз, бұл тек алыпсатарлық қызмет. Егер біздің автозауыттар шетелден, мысалы, Өзбекстан халқын жұмыспен қамтып отырған, сол елдің экономикасына қаржы құйып отырған зауыттан өнімді әкеліп, VIN-код соғып сатса, мұны автоөндіріс деуге бола ма? Менің ойымша, бұл делдалдықтың бір түрі.
Бірақ бізде шыққан машинаның бәрі мұндай деуге де келмейді. Шынымен өзімізде құрастырылып, жалғыз VIN-код соғылған машиналар бар. Бірақ олар өзімізде шықты деп жүрген жалпы көліктің қанша пайызы екенін анықтау керек, ең маңыздысы – осы. Бірақ Қазақстан автоөндірісін тізгіндеп отырған екі азамат бұл мәліметті ешқашан бермейді», – дейді авто тақырыбында жазып жүрген белсенді Ербол Жанатұлы.
Ең қызығы, осындай өткір сынға үкімет мүшелері нақты жауап бере алмайды. Олар «автопаркті жаңартуды ынталандыру», «экологиялық жағдайды жақсарту», «автомобиль құрастырудағы инвестициялық тұрақтылық» деген сияқты тайғанақ сөздермен жауаптан жалтарады. Осының өзі бірдеңенің дұрыс емес екенін білдіреді, билік шындықты жасырып отыр немесе не істеп жүргендерін өздері де білмейді.
Ресми органдар 2023 жылы 148 885 автомобиль құрастырылғанын айтып жүр. Ал оның қаншасы шетелдік бөлшектен болса да елде құрастырылды, қаншасы шетелден дайын күйінде келіп, екі VIN-кодпен жүр деген сұрақтың жауабы жоқ. Егер осы 150 мыңның кемі 130 мыңы Қазақстанда жасалып, 20 мыңы өзге елден келсе, Шарлапаевтың «отандық автоөндірісіне» шапалақ соғатын күйде отырмыз. Ал, керісінше, 20 мыңы өзімізде, 130 мыңы шетелде шыққан болса, Қазақстан автоөнеркәсібінің біткен жері осы. Жауапты мекемелер нақты ақпарат бермегендіктен, БАҚ-тағы түрлі ақпаратқа және өзіміз барған Chevrolet автосалонындағы жағдайға қарап, елде екі VIN-кодпен жүрген машина көп сияқты көрінеді бізге. Шарлапаев мырза бұл болжамды жоққа шығарып, «отандық автоөндірістің» есебін ашық жарияласа, қанеки!
Елде автобөлшек шығару мәселесі де ақсап тұр. Тіпті бірде-бір компонент шықпайды деуге негіз бар. Шарлапаев бұл жұмысты биылдан бастап қолға алам деп белсеніп жүр. Бірақ бұған дейін мың мәрте айтылып, айтылған жерінде қалған уәденің енді орындала қоятынына сену қиын.
Қазір Қазақстан дәнекерлеу мен шанақ бояуды қамтитын шағын торапты әдіспен құрастырылатын көлік саны 20 пайызға да жетпейді. Мұны өнеркәсіп министрінің өзі айтқан. «Автоөндірушілер алдында шағын торапты құрастыру үлесін 2027 жылы жалпы өндіріс көлемінің 50%-ға дейін ұлғайту міндеті тұр. Бұл көрсеткішті 2024 жылы – 20%, 2025 жылы – 30%, 2026 жылы – 40%-ға жеткізуіміз керек» дейді Шарлапаев.
Министрдің осы сөзіне қарап, былтыр елде құрастырылған 148 мың машинаның 80-90 пайызы ірі торапты әдіспен жасалғанын болжауға болады. Ірі торапты әдісі – аты айтып тұрғандай, шетелден дайын күйінде келген ірі бөлшектерді пайдаланатын автомобиль құрастырудың ең қарапайым технологиясы. Бұл әдіс көбіне өнеркәсіпті дамыту мақсатында емес, импорттық салықтан жалтару үшін қолданылады, өйткені бөлшекке салынатын баж салығы дайын автомобильге қарағанда төмен болатыны анық. Осының өзі Қазақстан «автоөндірісінің» шынайы деңгейін көрсетеді.
Автозауытқа ақша бөлу дұрыс па?
Біз автомобиль құрастыратын зауыттар жайлы ғана айтып отырмыз. Ал толықциклда машина шығаратын өндіріс орны бізде әлі жоқ, тіпті жақын арада болмайтын да шығар. Соған қарамастан билік автоқұрастырушыларды жан сала қолдап-қорғаштап отыр. Олар утиль алымын жойсақ, отандық автоөндіріс құрдымға кетеді дегенді жиі айтады. Бірақ шетелден келетін ескі машинамен бәсекеге түсе алмайтын әлсіз, дімкәс автоөндіріс бізге не үшін қажет дегенді мүлде ойламайды.
Ең қызығы, бұл зауыттар үкіметтікі де емес, жеке тұлғаларға тиесілі. Ендеше, билік не үшін халықтың ақшасын жеке адамның бизнесін қолдауға жұмсайтыны түсініксіз. Автозауыттарға мемлекет субсидия бөледі, салық бойынша жеңілдіктер тағы бар. Оның сыртында утиль алымынан түскен қаржының көбі солардың қалтасына түседі. Мысалы, былтыр ҚР Жоғары аудиторлық палатасы 2022 жылы жиналған жалпы утиль алымның 99,6 пайызы (259 млрд теңге) автоөндірісті қолдауға жұмсалғанын айтқан.
Үкімет утиль алымы ретінде қанша ақша жиналды, ол қайда, қалай жұмсалды, автоқұрастырушыларға қандай мақсатпен берілді деген сұраққа жауап беруден ашық бас тартып келеді. Олар мұны коммерциялық құпия деп санайтыны тіптен қызық. Коммерциялық құпия деген әділ бәсекенің арқасында нарықтан өз орнын тапқан компанияларға қатысты айтылса керек еді, ал халықтың есебінен миллиардтаған қаржы алып отырған, бәсекелестерін әкімшілік жолмен (утиль алымы) ауыздықтап отырған автоқұрастырушыларда қайдағы коммерциялық құпия?!
Қазақстан автоөндірісінде не болып жатқанын Ресейге қарап шамалауға болады. Ол елде Максим Соколов деген монополист бар. Ол басқарып отырған АВТОВАЗ Мәскеудің мойнына мініп алған. Билік Lada көліктері өтпей қалмасын деп утиль алымын енгізеді, Lada шықпай қалмасын деп мемлекеттен ақша бөледі. Мұны азсынған Ресей автоөндірушілері кейінгі кезде Қытай маркаларына «жиендік» жасай бастады. Мысалы, қытайлық JAC-тың капоты мен рөліндегі логотипін жұлып тастап, «Москвич» деп шығарып жатыр. Сондай-ақ қазақстандықтарға жақсы таныс Changan-ды «Волга» деген атпен сатуға ниетті.
Қанат Шарлапаевтың қазіргі қарқынына қарасақ, Ресей тәжірибесі бізге де жақындап келе жатқандай көрінеді. Бүгін екі VIN-коды бар машинаны отандық өнім деп сатқан үкімет, ертең шетел машинасын өз маркамыз демесіне кім кепіл?! Шарлапаев отандық автоөндірісті дамытқысы келсе, халықтың қалтасына қол салмай, монополист автоқұрастырушыларды жөнге салғаны жөн. Шетелде шыққан автомобильді өзімдікі деп сату өндіріс емес екенін министр мырзаның есіне саламыз.
Қуаныш Қаппас