Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:16, 14 Қыркүйек 2022

Дүбәра шенеуніктер халықты діңкелетті

None
None

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке «еститін мемлекетке» айналуы тиіс екенін міндеттегелі үш жылдан асты.

 Рас, «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы дәйекті түрде іске асуда», – деп есеп бергенде, біздің шенеуніктер алдарына жан салмайды. «Халыққа жақынбыз» деп, суреттерін желіге жүктеп, елдің мұң-мұқтажын «тыңдаған» болып, «естідік» деп емексіткенмен, жұмыстарынан есті нәтиже шығарып жатқандары некен-саяқ. Біздің бұлай деуімізге өзіндік негіз де жоқ емес.

Мәселен, өткенде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жергілікті халықпен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың бірі ауданда электр жарығының жиі өшетініне шағымданды. Ал Досаев болса өз жауабында «мен де қарапайым пәтерде тұрамын. Менің де үйімде күнделікті бірнеше мәрте жарық сөнеді», – деп қала тұрғындарын сендіргісі келді. 

    Жалпы, Алматы шешілмейтін мәселесі шаш-етектен әкімдерінің қанатты сөздері ел аузынан түспейтін қала. Кезінде қала әкімі болған тұсында Ахметжан Есімов те «өзімде үй жоқ, әйелімнің үйінде тұрамын», – деп айды аспанға бірақ шығарған болатын-ды. Биылғы Досаевтың да халықпен кездесуі – ел аузында қызу талқыланды. Әсіресе, әкімнің «халықтың жағдайын тыңдаймын», деп елді жиып алып, көптің алдында жас баланың тұсауын кесіп кеткен әрекетін жұрт арзан пиарға балап жүр.

  Жалғыз Досаев емес, бірқатар министрлер де, үкіметтің өзге мүшелері де қазірде тым күлкілі көрініп жүр. Өткенде оқу жылы басталардың алдында еліміздің оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баласына мектеп формасын 36 мың теңгеге сатып алғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Сол-ақ екен, Аймағамбетовтың артынан да пікірлер қарша борады. Тіпті, министрден үлгі алды ма, балаларына оқу-құрал, мектеп формасын алғандарын блогерлері бар, басқасы бар, жаппай әлеуметтік желіге жүктей бастады. Сөйтіп, балаларды мектепке даярлау «челленджі» басталды да кетті. Ал мұнымен мәселе шешілді ме?! Керісінше, мектепке қажетті дүниелердің тегін жарнамасын асырып, қымбатшылық бұғалық салғызбай кетті. Қарапайым тор көз дәптердің өзін саудагерлер «Ресейден келеді» деген желеумен 40 теңгеден асырып сата бастады. Мұның соңы осылайша, Қазақстанның қарапайым ғана қағаз шығаруға әлеуеті жоқ екендігінің артын ашып берді. 

Қымбатшылық демекші, еліміздегі бағаның бұғалық салғызбай кеткенін әлемдік экономикамен жиі байланыстыратын  экс-ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің де сөздері жұрттың жадында жиі қалды. Мысалы, өткен жылы Ерғалиев журналистердің «Күніне азық-түлік сатып алуға қанша теңге жұмсайсыз?» деген сауалына  «Отбасымызбен күніне тамаққа 50-60 мың теңге жұмсаймыз», – деді. Экс-министр артынан «Бұл сома бір айға ма?» деп нақтылаған журналистің сауалына «иә» деп жауап берді. Ерғалиевтің бұл сөзін естіген қазақстандықтардың біразы күлді, енді бірі ызаға булықты. Осыдан кейін ел арасында «айына 50-60 мың теңгені тамаққа жеткізетін сонша үнемшіл  болса,  онда 600 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жалақы алатын министрлердің  жалақысын азайтып, мемлекеттік шығындарын қысқарту қажет», – деген пікірлер де қаузалды.  

Тағы сол былтыр – Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Атырау облысының экс-әкімі Махамбет Досмұхамбетов азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны туралы сұраққа: «Мен үйден тамақ ішпеймін», – деп жауап беріп, біраз елдің табасына қалды.

    Жалпы, біздің шенеуніктер не сөйлеп, не істеп отырғандарын ұқпай ма, әлде шынымен ештеңенің иісі мұрындарына бармай ма, ауыздарынан қағынғандардың қарасы мұнымен үзілмейді. Өткенде Сауда және интеграция министрінің де қант тапшылығына қатысты жауаптарын халық қатты сынға алды. Елдегі қант тапшылығын шешуге асықпаған экс-сауда министрі Бақыт Сұлтанов шәйді қантпен емес балмен, ал су жаңа министр Серік Жұманғарин тосаппен шай ішетінін айтқан еді. Мәселе одан әрмен ушықты.   Былтыр елде жұт болып, мал қырылып, ауыл шаруашылығы өнімдері қатты қымбаттағанда, экс-ауыл шаруашылығы министрлігі Сапархан Омаров: «ажиотаж тудырып отырған халықтың өзі», – деп елді кінәлаған еді. Сұлтанов пен Жұманғарин де биыл сол әдіске басып, «қант жоқ болса, бал мен тосап жеңдер», – деп елді аң-таң қылды.

Тізе берсек, сөзінен сүрінетін шенеуніктер бізде өте көп. Мысалы, қауіпті індет келіп, ковид халықты жалмап жатқан тұста Жандарбек Бекшиннің «наконец-то вирус келеді» деген сөзі  елдің есінен әлі кете қойған жоқ. Осы уақытқа дейін бұл сөзді ерінбегеннің бәрі әңгіме қылып, «вирусты құда келетіндей күтіп», Бекшиннің  танымалдығын арттыра түстік. Вирусқа қатысты болжамдары дөп келгені сонша – қазірде жұртшылық Бекшинді және экс-денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды бақсы, балгер деп те атап кеткен.

 Жалпы, көтерген тақырыбымызға орай «осы өзге елдерде қалай екен? Олардың шенеуніктері халықтың үнін ести ме?» деп шетелде оқып, сол жақтың өркениетін көзімен көріп келген мамандарға да сұрау салып көрдік.

Бұл ретте, бізге пікір білдірген саясаттану ғылымы бойынша Лондонда оқып, ғылыми жұмысын сол елде жазып жатқан Фариза Сержаналиева:

– Өркениеті дамыған елдерде әкім, министр деген түсінік жоқ. Оларда қаланың мэрі болады. Бірақ ол мэр біздің әкімдер секілді үлкен кабинетте отырмайды, қымбат көліктер мінбейді. Мысалы, Лондонда  32 аудан бар. Осы аудандардың әкіміне атшаптырым кабинет берілмейді. Олар жол жөнделсе, жол жөндейтіндердің қасында жүреді, су құбыры тартылса, сол жерде жүреді. Қандай шаруа бар соның басы-қасында жүріп, бақылап, мәселені әп-сәтте шешеді, – дейді.

Маманның сөзінен аңғарғанымыз, шетелдерде әкім, министр болу бедел емес. Оларға бақылау – өте қатты. Қай жерде мәселе туындаса – әкімқаралар мен министрлер сол жерден табылып, оны тез арада шешуге міндетті. Мұндайда біздің шікірейіп, қымбат көлікпен жүретін, қомақты жалақы алатын, арасында дұрыс сөйлей де алмай, әжуаға қалатын біздің шенеуніктердің салғырттығы жайлы сөз қозғаудың өзі ұят.

Тегтер: