Дубай әуежайында дрон шабуылынан кейін рейстер уақытша тоқтатылды
Дубай халықаралық әуежайының маңында дрон шабуылынан кейін өрт шығып, әуе қатынасы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
16 наурыз, дүйсенбі күні БАӘ Азаматтық авиация басқармасы X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жариялаған мәліметке сәйкес, Дубай халықаралық әуежайы маңындағы дрон оқиғасынан кейін қауіпсіздік мақсатында рейстер уақытша тоқтатылған. Рейстер қашан қайта басталатыны әзірге нақтыланбаған.
Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім жолаушылар мен әуежай қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған сақтық шарасы болған.
Дубай билігінің хабарлауынша, дрон әуежай маңындағы жанармай қоймаларының біріне зақым келтірген. Соның салдарынан шыққан өрт көп ұзамай бақылауға алынды.
Полиция әуежайға апаратын жолдар мен туннельдер уақытша жабылғанын мәлімдеді. Ал Emirates әуе компаниясы Дубайға бағытталған рейстерді уақытша тоқтатты. Бірқатар ұшақтар Аль-Мактум халықаралық әуежайына бағытталды.
Соғыс басталғалы үшінші дрон шабуылы
Reuters агенттігінің жазуынша, бұл оқиға 28 ақпанда басталған соғыстан бері Дубай халықаралық әуежайына жасалған үшінші дрон шабуылы. Бұл әуежай – әлемдегі ең қарбалас әуе тораптарының бірі.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы халықаралық авиация жүйесіне айтарлықтай әсер етті. Қазір Таяу Шығыстың көптеген әуе кеңістігі зымыран мен дрон шабуылы қаупіне байланысты жабық, сондықтан рейстер тоқтатылып, кейінге шегеріліп немесе басқа бағыттарға бұрылып жатыр. Сонымен қатар жанармай бағасы күрт өсіп кеткен.
БАӘ билігінің мәліметінше, соғыс басталғалы елдің әуе қорғаныс жүйесі Ираннан ұшырылған 1500-ден астам дрон мен шамамен 300 зымыранды атып түсірген. Қақтығыстың ең шиеленісті кезеңі басталғалы алты адам қаза тапқан, олардың төртеуі – бейбіт тұрғын.
Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы
28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иранға жаппай әуе соққыларын жасай бастады. Соның салдарынан Ислам Республикасының жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи және Иран басшылығының бірнеше мүшесі қаза тапқаны хабарланған.
Бұған жауап ретінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы бірқатар елдердің аумағына соққы жасауда.
Сонымен қатар Тегеран Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты арасындағы Ормуз бұғазын коммерциялық кемелер үшін жабатынын жариялады. Соғысқа дейін бұл аймақ арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен бестен бірі өтетін.
Бұл шешім әлемдік жанармай бағасының күрт өсуіне себеп болды.
10 наурызда Иран Ормуз бұғазын миналауды бастағаны туралы хабар тарады. Кейін АҚШ әскери күштері Иранның 16 катерін жойғанын мәлімдеді.