Дубай маңында Кувейттің мұнай танкеріне шабуыл жасалды
Дубай порты маңында тұрған Кувейттің мұнай танкеріне шабуыл жасалып, салдарынан өрт шықты. Жергілікті биліктің мәліметінше, кемеге Иран дроны соққы берген.
2026 жылғы 31 наурызға қараған түні Ұлыбритания Әскери-теңіз күштері жанындағы UKMTO сайтында хабарлағандай, БАӘ жағалауына жақын, Дубай қаласынан шамамен 57 шақырым жерде белгісіз снаряд танкерге тиіп, өртке себеп болған.
Кувейттің KUNA агенттігінің дерегінше, әңгіме Al-Salmi атты танкер туралы болып отыр.
UKMTO мәліметінде «белгісіз снаряд танкердің оң жақ бортына тиіп, өрт шығарғаны» айтылған.
«Экипаж аман. Қоршаған ортаға зиян келмеді», — делінген хабарламада.
Дубай билігі кемедегі өрттің сөндірілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар соққының дрон арқылы жасалғанын растады.
KUNA агенттігінің нақтылауынша, шабуыл кезінде кеме толық жүктелген күйде якорьде тұрған. Оның сыйымдылығы шамамен 320 мың тонна мұнайды құрайды. Агенттік бұл «тікелей және қасақана жасалған» шабуыл екенін, кеме корпусына зақым келгенін және мұнай төгілу қаупі туындағанын хабарлады.
Сол түні Дубайда тағы бір өрт зымыран қалдықтарының Аль-Бада ауданы аумағындағы қараусыз қалған үйге құлауынан шыққан. Қала билігінің мәліметінше, жақын маңда болған төрт адам жеңіл жарақат алған.
Сол түні басқа елдер де шабуылдар туралы хабарлады. Кувейттің Қорғаныс министрлігі «дұшпанның зымыран және дрон шабуылдары тойтарылып жатқанын» мәлімдеді. Ал Бахрейн ІІМ қауіпке байланысты түнде сиреналар қосылғанын хабарлады.
Сауд Арабиясы Қорғаныс министрлігі елге бағытталған сегіз баллистикалық зымыран жойылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар UKMTO контейнер тасымалдайтын кеменің жанына екі снаряд түскенін хабарлады. Бұл оқиға Сауд Арабиясындағы Рас-Таннура маңында, шамамен 40 шақырым жерде болған.