Дубликат олимпиада.«Бай баласы мен жарлы баласы» ертегісінің жалғасы
25 қыркүйек күні ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада басталды.
Бұл дәстүрлі пәндік олимпиада емес, тек ауыл оқушыларына арналған жаңа сайыс. Өткен жылы тұңғыш рет өткізілген. Мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту, ауыл дарындарына мүмкіндік беру. Министрлік солай дейді. Алайда ауыл мен қаладағы білім сапасын теңестіру ісінде олимпиаданы бөлек өткізу қаншалықты маңызды?
Қазақстандағы ауылдың жағдайы мен ауылдарды сақтап қалуға деген ұмтылыс баршамызға белгілі. Ондағы жұмыссыздық, әлеуметтік салалардың сапасыз ұйымдастырылуы, инфрақұрылымның нашарлығы, жалпы өмір сапасының мәз емес екені бұрыннан айтылып жүр. Соның ішінде орта білім беру жағы да қаламен салыстырғанда төменірек. Мұны нақты статистикалар да дәлелдейді. Халықаралық тестілеулер мен ішкі индикаторлардың нәтижесі ауылдағы білім сапасының қалаға қарағанда біршама төмен екенін көрсетеді. Мұның себебін анықтау үшін кезінде білім және ғылым министрлігі біраз зерттеулер жүргізген. Ақыры екі факторды атады. Олар: Ауыл мектептерінде жұмыс істейтін педагогтар мен кадрдың сапасы, біліктілігі мен кәсібилігі; Мектептің жалпы жағдайы. Екі мәселенің де мән-жайы түсінікті. Ауылдағы өмір сапасы көңіл қуантарлық болмаған соң, білікті мамандар, магистрлер мен докторлар, тіпті университет бітірген жас мамандар онда көшкісі келмейді. Ал мектептердің өзіне келсек, апатты жағдайда тұрған, екі немесе үш ауысымды, орын саны жетіспейтін, суық, қажетті жиһаздармен немесе керекті заманауи технологиялармен жабдықталмаған білім беру ғимараттары аз емес. Оның бәрі білім беру процесі мен оқушылардың қабылдауына кері әсер ететіні анық. Сондықтан ұйымдастырылған жұмыс қажет еді. Бірақ беріге дейін көзге көрінерлік өзгеріс болған жоқ.
2020 жылы елдегі мектептердің 75 пайызы ауылда орналасқаны айтылды. 2021 жылы сол кездегі министр Асхат Аймағамбетов «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыратындарын, оның басты міндеттерінің бірі қалалық және ауылдық мектептердің арасындағы сапа алшақтықтығын азайту екенін айтты. Кешенді шаралар қабылдайтынын жеткізді. Жоғарыда аталған ұлттық жоба бойынша даму жоспары жасалып, бірнеше міндеттер мен индикаторлар белгіленген, жауаптылар көрсетілген. Алайда процесс пен нәтиже көрінбеген күйі қалғандай. Министрлік екіге бөлінген соң, 2022 жылы оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан халқына» қоры, НЗМ, «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорымен бірігіп, жаңа жоба бастады. Атауы – «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру». Оның да мақсаты тең мүмкіндік қалыптастыру. Осы бағытта мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, заманауи лабораториялармен, робототехника, STEM-лаборатория, физика, химия кабинеттерімен жабдықтау, акт залы мен спорт залдардағы, мұғалімдер бөлмесіндегі жиһаздарды, құрал-жабдықтарды жаңарту көзделген. Ал кадр мәселесін шешу үшін мектеп директорлары мен ұстаздарын курстарға жіберу ұйымдастырылыпты (содан шыққан нәтиже қандай екенін әлі ешкім білмейді). Аты да, сипаты да керемет. Десек те, бұл жоба Қазақстандағы 5 мыңнан аса ауыл мектебінің тек 135-ін ғана қамтыған.
Тағы бір қадам – ауыл мектептеріне арнап бөлек олимпиада өткізу дейді жауапты ведомство. Өткен жылы алғаш рет өткізіліп, биыл жалғасын тауып жатқан ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадасының мектепішілік кезеңі өткізілген. Оған 113 мың оқушы тіркелген. Енді қазанда аудандық, қарашада облыстық, желтоқсанда республикалық кезең өтпекші. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі былай деп хабарлаған:
«Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бұл олимпиада алғаш рет өткен оқу жылында өткізілді. Ол Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтауға және нығайтуға бағытталған. Осылайша, олимпиаданың бірінші жылының қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған ауыл оқушыларының саны 8 есеге жуық артты».
Ауылға бөлек олимпиада емес, жағдай керек
Ал министр мұндай ауқымды шара елдегі оқу-ағарту жүйесінің жетістігі екенін жеткізген. Алайда мұндай олимпиаданы өткізу ауыл балалары мен мектебі үшін не беретіні түсініксіз. Бұл қандай мәселені шешеді?
«Ауыл мектептеріне арнап бөлек олимпиада ұйымдастыру «не логично». Оның мәнісі неде? Қалыпты олимпиаданың өзі әділ өтпейді. Мысалы, спорттық немесе тағы сол секілді халық алдында өтетін жарыстарда объективтілік деңгейі тым төмен болмайды. Кім бірінші жүзіп келе жатты, кім кімді жықты, көріп отырасың. Ал пән олимпиадасында тек алған балың мен орныңды айтады. Сертификат сатылатыны секілді, орындар да сатылады. Оны бәрі біледі. Ауылдарға бөлек олимпиада ұйымдастырудың орнына – ортақ бір олимпиаданы әділетті өткізуге қаржы, күш салса ғой. Сонда ауылдан шыққаны да, басқасы да өз күшінің бағаланатынын біліп, тырысар еді. Білім алуға, ізденіске құлшыныс артар еді. Әрі баланың зеректігі ауыл немесе қалаға қарамайды. Қалаға ауысып келетін оқушылардың арасында үздігі де, екпіндісі де, үлгерімі нашары да бар. Тура сол секілді ауыл мұғалімдері дәл қала мұғалімдері секілді тест тапсырып, аттестациядан өтеді. Біліктілік санаттарын алады. Жалақыларымыз да тең. Ауылда жүргенің үшін үстемеақы да берілетін болуы керек. Сонда да олардың оқушыларына республика деңгейінде бөлек олимпиада жасалуы нені білдіреді? Құжатпен негізделген біліктілік санаты бар ұстаздардың да шын мәнінде осал екенін бе?
Әрине, ауыл мен қаланың жайын салыстыруға да келмес. Массалық тұрғыда алып қарасақ, барлық зерттеулер мен индекстер ауылдағы білім сапасының қалалармен салыстырғанда төмендеу екенін көрсетеді. Бірақ олимпиада ол мәселені шешпейді. Ауылдағы өмір сапасы қанағаттандырмаса, онда жұмыс орындары болмаса, әлі күнге бірінде газ, бірінде су, бірінде жарық болмаса, қайдағы мықты кадр тарту, қайдағы білім сапасы?» – дейді педагог Бану Тургинова.
Расында, ауылдық олимпиада ондағы білім сапасын арттыруға қай қырынан жәрдемдесетіні түсініксіз. Бірақ ол диплом мен сертификаттың қатарын көбейтеді. Осы арқылы кейбір мәселелерді шеше алады. Ол туралы педагог Салтанат Ертайқызы айтып берді:
«Ауыл мектептерінде бәрін қойғанда интернет мәселесі толық шешілмеген. Бірде бар, бірде жоқ. Бірде қатты, бірде жай. Осының өзі-ақ көп нәрсеге келгенде қолды байлайды. Қазіргі ақпараттық дәуірде ғаламторсыз білім беру жүйесін елестету қиын. Бірақ көп ауылдар мен жүз мыңдаған оқушы солай білім алуда. Басқа жағдайларды да білесіздер. Енді ауыл мен қала арасындағы осындай айырмашылыққа қарамастан, аттестацияда мұғалімдерге бірдей талап қояды. Бұл менің емес, бүкіл ауыл ұстаздарының сөзі. Ауданнан орын алудың, облысқа барудың өзі сирек. Ал республикалық, халықаралық сайыстар тіптен қиял секілді. Осындай жағдайда ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиада өткізу – жақсы шешім. Ол оқушыларға да, мұғалімдерге де тек пайдасын тигізеді. Мәселен, осыған дейін ауданнан орын алу дегенді көрмегенбіз. Өткен жылы төрт оқушымның үшеуі ауданнан, оның екеуі облыстан орын алды».
Оқушыға сенім сыйлау білімін арттыра ма?
Демек, аттестацияға портфолиосы толмай тұрған ұстаз бен жалпы жарыстарда қалалық қатарластарына жол беретін ауылдық оқушылар үшін жаңа олимпиада пайдалы. Ал ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығы мәселесін шешу деген мақсат ше?! Осы сұрақты жауапты мамандарға қойдық.
«Ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын азайту бір күнде шешілетін мәселе емес. Бірақ біз ұйымдастырып отырған олимпиада осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл тек білім додасы емес, сонымен қатар оқушының өзіне деген сенімділігі мен бәсекеге қабілетті болуына септесетін сайыс. Олимпиада нәтижесінде жақсы көрсеткішке жеткен оқушылар өздерінің мүмкіндіктері бар екенін көріп, оқуға, дамуға деген құлшынысы артады. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар оқушылар мен ұстаздардың білім беру ресурстарына, заманауи әдістемелерге қол жеткізуіне себепкер болады. Бұл ауыл мен қала арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп азайтуға көмектеседі деп білеміз», – деп жауап берді оқу-ағарту министрлігі РҒПО «Дарын» орталығының бөлім басшысының міндетін атқарушы Серікжан Дамысханұлы.
Қазақстандағы мектептердің 70 пайызға жуығы ауылдарда орналасқан. Ондағы оқушылар қала оқушыларына қарағанда белгілі бір деңгейде «аз қамтылған». Бірақ ол мәселені шешу процесі тым баяу жүріп жатыр. Жағдайдың ушыққаны соншалық, мемлекеттік білім беру грантында «ауыл квотасы» деген жеңілдік бар. Енді келіп, ауыл оқушылары да облыстан, республикадан орын алады деген «сенім» үшін республикалық пән олимпиадасының дубликаты жасалды. Бұлай жалғаса берсе, алдаусыратқан сөздер мен мақтаулар, орындар мен жүлделер көбейер. Тек ауыл баласы қаладағыдай білімге қол жетпеген күйі қалып қоятындай.
Совет өкіметінде қазақ атаулыны бай, кедей деп бөлетін социалистік шығармалар көп болды ғой. Қазақ баласы мектепте «Бай баласы мен жарлы баласы» атты ертегіні оқып, осы идеологиямен ауызданатын. Мәнісі түсінікті, бай баласы – бос белбеу, жылаңқы, жарлы баласы – алғыр, сабырлы... Кедей таптан шықтық дейтін балалар осыдан бастап бай балаларын жек көруге тиіс болған. Бұл өсе келе байлыққа деген жеккөрініш тудыратын. Ауыл мен қала балалары деп бөлудің ақыры осындай қарым-қатынасқа әкеліп жүрмес пе екен?..
Баян Мұратбекқызы