Дүйсенова халықты діңкелетті
Елді «масыл» көретін министрлік қажет пе?!
Бүгінде Қазақстанда халықты масылға телитін шенеуніктердің қарасы көп. Осыдан біраз жыл бұрын мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова несиелік амнистияға іліккендер мен мемлекеттік жәрдемақыға күнелткендерді «масылдар» деген еді. Өткен жылы сенат депутаты Әли Бектаев та халық арасында масылдық психологиясы меңдей бастағанына алаңдаушылық білдіріп, «жәрдемақыға бөлінетін қаржы ауыл, су, балық, орман шаруашылығына бөлінетін қаржыдан әлдеқайда көп», деп налыды. Ал күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов «жәрдемақы мөлшері артқан сайын халықты масылдық та жайлай береді», деген ойын көпшілікке жайып салды. Низовтың ойынша, әлеуметтік көмекті өсірген сайын адамдар жұмыс істемей, үйде отырып алады.
Жалпы, бізде осы АӘК қатысты дау көп. Елімізде кедей-кепшікке берілетін аталмыш жәрдемақыны алып отырған отбасыны тиісті органдар қатты тексереді. Әрбір кірісін есептейді. Ол кірістің ішінде қанша сиыры, қанша тауығы бар – соның барлығын есепке алады. АӘК алатындардың кірісі сәл ғана асып кететін болса, ол төлем төленбейді. Негізінде, бұл өзі аса қомақты да сома емес. Әр адамға берілетіні – 25 212 мың теңге. Бірақ осы төлемді алу үшін қарапайым халық қырық түрлі құжат жинап, төлем тағайындалған күні «қыл көпірден» аман өткендей, бір-бірінен сүйінші сұрайтын халге жеткен. Шындап келгенде, осы кедейдің тауығын табыс қылып жүрген шенеуніктер мұндай мардымсыз әлеуметтік төлемдермен күндерін көре алмайтыны анық. Мұны бір білсе, осы саланың жай-жапсарын әбден меңгерген, қатарынан бірнеше рет министрлікке басшы болып тағайындалған, қазіргі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова білуі тиіс еді. Бірақ 2013-2014 жылдары, бұдан соң, 2017-2018 жылдары саланы басқарып, бір кетіп, одан кейін биыл қайта осы орынтаққа жайғасқан Дүйсенованы бұл мәселелер толғандырмайтын сыңайлы. Егер толғандырар болса, қол астындағы Әлеуметтік көмек департаментінің директорына «жәрдемақы артса, халық масыл болып алады», деген сөздері үшін шара қолданар еді.
Негізінде, әлеуметтік саланы Дүйсенова басқарғалы бері еңбекмині біраз жобаларды үкіметке ұсынды. Соның бірі ретінде айтсақ, кезінде бұл министр «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жарнамасын қатты асырды. Бір сөзінде оның «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» шараларына 600 мыңға тарта адам қатысты. Оның ішінде, 49 пайызы әйелдер болса, соның жартысына жуығы ауылдық жерде өмір сүруде», деп есеп бергені біздің әлі есімізде. Бірақ министрдің бұл сөзі шындыққа жанасымды болса, қазірде елде ашынған аналардың қарасы да азайған болар еді. Керісінше, соңғы бес жыл қоғамда қазақ әйелдерінің наразылығы күшейіп тұрғанын біз тағы жасыра алмаймыз. Пикетке, митингіге шығып, әкімге шағымданып, министрліктердің есік алдына түнеп жүргендер – тек қана қазақ әйелдері. Билікті диалогқа шақырып жүргендердің басым бөлігі де қазақ аналары. «Ал енді осы қазақ әйелдерін көшеге алып шыққан қандай жағдай? Атойлап, айқайлап, көшеге шықпақ түгілі, еріне имене сөйлемейтін қазақ әйелі неге қайта-қайта билікке наразылығын білдіріп кетті? Қазақ әйелін ашындырған не?» деген сауал басқа басқа емес, халықты әлеуметтік жағынан қорғауы тиіс министр Дүйсенованы толғандыруы тиіс еді.
Бұл мәселеге қатысты, «Барометр» талдау-зерттеу орталығы Алматы және Нұр-Сұлтанда тұратын, жалпы саны 1 млн 200 мың ана қатысқан сауалнама жүргізіпті. Орталық жүргізген зерттеулердің қорытындысына жүгінсек, жұмыс істемей, үйде отыратын қазақ әйелдерінің 86 пайызы елдегі әлеуметтік қамсыздандыру, жәрдемақы тағайындау, атаулы әлеуметтік көмек белгілеу, зейнет жасын ұзарту жөніндегі шараларға көңілі толмайды. Бізде ошақбасында жүрген қазақ әйелдерінің басым бөлігі орта жастан асқандағы тағдырларына қатты алаңдап отырған жайы бар.
Ал осы ретте, біздің шенділер жиі үлгі алатын өркениетті елдердің үйінде отырған әйелдеріне көрсетер құрметін мысал етсек, Германияда қандай да бір себеппен – бала күтіміне немесе жұмыстан қысқарып қалуына байланысты үш баласы бар әйел адам үйінде алты ай мерзімнен артық отырар болса, өкіметтен арнайы 900 евро жалақы алады. Ал финдік әйелдер 760 евро көлеміндегі жәрдемақы алса, Голландияда мұндай үйде отыратын әйелдерге ай сайынғы жәрдемақының ең төменгі мөлшері 600 евроны құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердегі әйелдер жұмыс істеген болса, бірінші, жинақтаушы қорының есебінен, екінші, кәсіпорынның жинақтаушы қорынан, үшінші, тіптен жұмыс істемеген әйел болса, мемлекеттік бюджет есебінен жәрдемақы алады. Міне, осы үш бірдей қордан алынатын қаржы Еуропа әйелдерінің өмірін қамсыз еткені анық.
Тақырыпқа тұздық:
«Халыққа пайдасы бар жаңашылдықтар үкіметке ұсынылмайды»
Тақырыпқа орай, «Жас Алашқа» пікір білдірген «Барометр» маркетингтік-зерттеу орталығының сарапшысы Марал Төртенова былай дейді:
– Әрине, біз өзімізді Еуропамен салыстыра алмаймыз. Бірақ мен Германия, Голландия елдерінде болдым. Аталмыш елдерде әйел адамның асырауында үш баласы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба, мемлекеттік органдар оған дереу жәрдемақы рәсімдейді. Ал бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге бұл елдерде арнайы жалақы төленеді. Қазірде көптеген елде мұндай жүйе бар. Жапонияның «Бала капиталы» атты арнайы бағдарлама қабылдап, жаңа туған балаға мемлекеттің арнайы капитал салуы, Ресейдегі «Ана капиталы», Оңтүстік Корея еліндегі «Бала ресурсы» бағдарламалары бізге сабақ болатын дүниелер. Әттеген-айы министрліктер жәрдемақыға, зейнетақы төлеміне қатысты халыққа пайдасы бар халықаралық жаңашылдықтарды үкіметке ұсына бермейді. Болашақта бұл дүниелер ескеріліп, бізде де жүзеге асса, жақсы болар еді.
Рас, ескерілсе, жақсы ғой, бірақ министр Дүйсенованың үкіметке мұндай жаңашылдықты ұсынуы екіталай. Себебі мұқтаждарға жәрдемақы төлеуге келгенде, сараңдық танытып жүрген министрлік бүгінде зейнет жасын төмендетуге қатысты да түрлі сылтауларын айта бастады. Мысалы, өткенде, депутаттар еңбекминге әйелдердің зейнет жасын қысқартуға байланысты сауал ұсынды. Бұған қатысты Тамара Дүйсенова «зейнет жасын төмендету халық табысының азаюына әкелуі мүмкін», деп қысқа қайырды.
Қазірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне қатысты көптің көңілінде «бір келіп, бір кетіп, діңкелетіп жүрген бұл министр не бітіріп жүр өзі», деген сауал көп. Бір қарағанда, біздегі министрлер мінбеге шығып алып, сөйлеп жатады, реформаларын ұсынып-ақ, істі тындырып-ақ жүргендей, көрінеді. Бірақ оның нәтижесін қарапайым халықтың көріп жатқаны шамалы. Осындайдеріксіз «министрлер әдемі кеңсесінен шығып, жұмсақ креслосынан көтеріліп, елмен етене араласып, сол елге қажетті дүниелерді жүзеге асыруға асықса ғой», деп армандайсың...