Дүйсенова «тайм-ауттан» қашан шығады?!
Анығы осы. Біздің халыққа ең жанашыр атануы тиіс еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазір «тайм-аутта» жатқандай.
Аталмыш ведомствоның басшылары да, қосшылары да нақ қазіргідей, дағдарыс кезеңінде ұршықша иіріп жұмыс істеп, үкіметке қайта-қайта елдің күнкөрісі қиындап кеткенін жеткізіп отыруы тиіс еді. Алайда Тамара Дүйсенова басқарып отырған министрлік бұған асықпайды. Себебі сарапшылардың айтуынша, бүгінде Дүйсенованың өзі шаршаған...
Министрлікке бес рет оралған Тамара Дүйсенова бұл жолғы оралуында өзіне сауал тастаған БАҚ өкілдеріне «маған бір ай уақыт беріңіздер» деп өтінген-ді. Содан бері бір ай емес, бір жылға жуықтаса да халық Дүйсенова басқарып отырған министрліктің ілкімді жұмыстарын көре алмай дал.
Әсіресе елдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың аталмыш министрлікке айтар базынасы көп. Мәселен, 2023 жыл басталғалы бірқатар әлеуметтік төлемдер өсті.2022 жылы I топтағы мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері 71 787 теңге болса, биыл 77 889 теңге. II топтағылар – 57 206 теңге алған болса, биыл 62 068 теңге, III топтағылар былтыр – 38 885 теңге алса, биыл 42 190 теңге алады. Күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты еңбекмин мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақыны осылай индекстеді. Алайда жәрдемақыға қосқан 8,5 пайыз үстемеге мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілі тола қойған жоқ. Бұл ретте, Алматы қаласы, Жетісу ауданының тұрғыныІІ топтағы мүгедек Жансая Әбдіжаппарқызы былай дейді:
– Өзі жарымжан адамдардың жәрдемақысын «көбейттік» деп, 5000 теңге қосу бұл қорлық. Еңбек министрлігі халықты қорғай ма әлде қорлай ма?! 62 000 теңге менің тамағыма да жетпейтін қаражат. Күнделікті қаншама дәрі ішетін, әр күні дәріге тәуелді біз сияқты жандар бұл қаражатты қайтіп бір айға жеткізеді?! Қымбатшылық қатты дендеп тұр. Бізге бөлетін қаражатпен министрдің өзі күнін көре алар ма екен?!
Қарапайым жандардан бөлек, сала мамандары да «қазіргідей қымбатшылықта әлеуметтік төлемдерді болар болмашы ғана өсіру – бұл елді емексіту» дейді.
Әлеуметтанушы Серік Еңсебаевтың айтуынша, атқарушы билік мұндай әрекеттері арқылы ел алдында жалған бедел, арзан атақ жиғысы келетін тәрізді.
– Шындап келгенде, инфляция қазір 20 пайыздан асып кетті. Ал осы тұста атқарушы билік әлеуметтік аз қамтылған топтарға, мүгедектерге 8,5 пайыз үстеме қосады. Ақиқатында, сол ұсынысты үкіметке жолдаған министрлер өздері 850 мың теңгеден асырып жалақы алады. Осыдан-ақ біздің шенеуніктердің халыққа жанашырлығын бағамдай беруге болады. Дүйсенова басқарып отырған министрлікке артылған жүк ауыр. Тұтас бір халықтың әлеуметтік жағдайын үйлестіру керек. Көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүгедек жандар, әлеуметтік аз қамтылған топтар – мұның барлығы қоғамның ең жанды жері. Олар ашынса, қиын болады. Сондықтан бұл саланы басқаратын министрдің әрбір ісі тастай тиянақты болуы керек, – дейді Серік Еңсебаев.
Іске тиянақтылығын қайдам, бірақ саясатта жүрген әйелдер тізімінде Дүйсенова әлі бар. Бұған дейін бұл тізімде Дариға Назарбаева, Зағипа Бәлиева, Гүлшара Әбдіқалықова Гүлжан Қарағұсова, Бақытгүл Хаменова, Наталья Коржова болған еді. Қазір олар түрлі себептермен саяси сахнамен қоштасты. Ал Дүйсенова министрліктегі қызмет көшін әлі сүйреп келе жатыр.
Министрлік шешетін мәселелер де шаш-етектен.
Бұған қатысты экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов:
– Қазір қоғамда көпбалалы аналардың жайы қайта-қайта көтеріліп жүр. Бұдан бөлек, зейнеткерлердің де шекесі шылқып тұрған жоқ. Олардың мәселесіне, зейнет жасын төмендетуге қатысты министр Тамара Дүйсенова қоғамнан біраз «тайм аут» сұрады. «Сәл үзіліс алып, бір ұсыныс айтамыз», деді. Сол беті әлі сол үзілісте жүр-ау. Әйтеуір, бұл дүниелерді министрлік ақыры шеше алмады. Халықтың әлеуметтік жағдайын толыққанды шешкен мемлекет жоқ десек те, біздегі жердің асты-үстіндегі байлықпен елдің ахуалын әлдеқашан көтеруге болатын еді, – дейді.
Жалпы, біз осы уақытқа дейін үкімет бөліп отырған болмашы жәрдемақының шындап келгенде, «жыртыққа да жамау болмайтынын», онымен елдің ахуалы көтерілмейтінін, ең алдымен, министрлердің, басшылардың халықтың үнін естіп, елдің мәселесін көруі керектігін бірнеше мәрте жаздық, талқыладық.
Жаңабай Алдабергеновтіңайтуынша, пандемия кезінде үкімет жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге төледі. Сол кезде 42 500 теңгенің әлеуметтік маңызынан гөрі символикалық сипаты артып кетті. Бұл үкіметке «біз осындай қадамға барып отырмыз, халыққа көмектесіп жатырмыз» деп, есеп беру үшін қажет болған қадам болды. Сол тәрізді жағдай. Қазіргідей қымбатшылықта, әлемдік дағдарыс орын алып отырған тұста халықтың әлеуметтік төлемдеріне де азын-аулақ пайыз үстеме қосу – үкіметке және министрлерге «халыққа көмектесіп жатырмыз» деген желеу үшін, популизмге ғана қажет.
Расымен де елде қалыптасқан жағдайға қарап, мамандардың мұндай пікірлермен келіспеске тағы болмайды. Мысалы, қазір белгілі болғандай республика халқының 45 пайызы, яғни жартысына жуығы қаражатын тек ас-ауқаттан үнемдеп отыр. Себебі қымбатшылық қатты иек алып барады. Дүниежүзілік банктің есебінше биылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша жаһандық экономиканың өсуі 3 пайыздан 1,7 пайызға төмендеді. Бұл соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бұған қарап, расында ойланасың. Қазір біз «тізгін ұстап жүрген министрлер бір сәт «тайм-ауттан» шығып, есін жиып, халықтың қамын ойлап, ширақ жұмыс істеуге ұмтылса ғой шіркін», деп армандайтын жағдайға жеттік. Негізі, олардан мұны талап етуіміз керек қой...