Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:44, 14 Қыркүйек 2022

Дулат Исабеков, жазушы-драматург: Жолдауда жаңалық көп болды

None
None

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқарып келе жатқанына 3 жылдан астам уақыт өтті.

Билікке табанды түрде орнықты, оң-солын таныды, ориентациясын нықтап жасады. Тікелей тура мақсатпен алға басып келеді. Жолдауда жаныма жаққан, ұнаған, іліп аларлық тұстары көп болды. Атап айтатын болсам, біріншіден, елімізде ендігі президенттердің тек бір кезеңге, 7 жылға ғана сайланатыны. Одан соң үзілді-кесілді сайлауға қатыса алмайды. Бұл құптауға тұрарлық қадам. Осы арқылы биліктегілер жемқорлықтан алыс жүреді деп ойлаймын. Өзінің билік мерзімі шектеулі екенін білген басшы артық әрекет істеп, кемшілік жібермеуге тырысады. Екіншіден, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары жүйелі атқарылып келеді. Кәсібі дамыған елдің өзге елдермен терезесі теңесіп, артта қалмайтыны анық. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі өрбіте берген абзал. Кәсіпті өркендету арқылы нәсібіміз де артады. Үшіншіден, мектептерде үш ауысыммен білім беруді жою бастамасы көңіліме жақты. Сол себепті мектептер көптеп салынатынын жеткізді. Егер білім ордалары көбейсе, балалардың оқуға ынтасы артып, ұстаздардың біліктілігі дами беретіні сөзсіз. Төртіншіден, Ұлттық қордағы кірістің 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына аударып отыру – өте құптарлық іс. Бала есейгенше өзі білім ала алатындай, немесе басқа да қажеттілігіне жұмсай алатындай етіп қаржы жиналса, үлкен көмек болғаны. Әзірге жоқтан бар дейміз, дегенмен алдағы уақытта ел экономикасы дамып, гүлдеп, Ұлттық қорға түсетін қаржының көлемі көбейеді деген үмітіміз бар. Біз де ел қатарлы әр Жолдаудан жаңалық күтеміз. Айтылған, ойластырылған идеялар жақсы. Алдағы кезеңде жүйелі түрде атқарылғанын қалаймыз. Үкілеген үмітіміз мол. Жолдаудың жолы оңғарылсын!   

Тегтер: