Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:20

Думан Мұхаммедкәрім денсаулығына қарамастан, жазасын жеңілдетуді сұрамай отыр

Иран
Фото: zhasalash.kz

Қызылордадағы түрмеде отырған журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім денсаулығының күрт нашарлауына қарамастан, жазасын жеңілдету туралы сотқа өтініш беруден бас тартты. 

Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

25 маусым күні Думанның түрмеде «жазасын» өтегеніне 2,8 жыл болды. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, оның түрмеде отырған әрбір күні 1,5 күн болып есептеледі. Соған байланысты, ол өзіне белгіленген 7 жылдың үштен бірін өтеді. Қылмыстық кодекстің нормасына сәйкес, ол өзіне тағайындалған түрме жазасын жеңілдетуді сұрап, не айыппұл төлеуді, не бостандығын шектеуді сұрап сотқа өтініш хат жазуына мүмкіндігі бар. Алайда Думан Мұхамедкәрім мұндай өтініш беруден түбегейлі бас тартты.

Адвокаттың айтуынша, белсендінің бүйрегі мен жамбасынан қатты ауыратыны анықталған. Сонымен қатар протрузия диагнозы да қойылған.

«Жатқанда тыныш жата алмайды. Түрме әкімшілігімен сөйлескенімде, 30 маусым күні оны ауруханаға апару жоспарланып отырғанын айтты», - деді Нұрпейісов.

Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің “тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу” (405-бап, 2-бөлім) және “экстремизмді қаржыландыру” (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша айыпталған. Бұл айыптауларға оның қуғындағы экс-банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен жүргізген сұхбаты себеп болған. Сұхбат кезінде ол Мұхтар Әблязовқа өзі құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысты бірқатар сұрақ қойған.

Бұл жалған айып. Думан бар болғаны кәсіби жұмысын атқарды. Сұхбат кезінде ҚДТ қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылғанын да атап өткен. Осыған қарамастан "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деу негізсіз, - дейді Ғалым Нұрпейісов.

 

Оның айтуынша, Мұхаммедкәрімге "экстремизмді қаржыландыру" деген бап бойынша айыпты Әблязовтан алған сұхбатында "ҚДТ ұйымына қатысты есепшотты көрсетіп қойғаны үшін" таққан. Сондай-ақ, ол билікті қатаң сынап, Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтар туралы материалдар дайындап көпшілікке белгілі болды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналисті «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.