Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:01, 12 Тамыз 2023

Дүниенің көркемдігін бір сәт болсын көргім келеді

None
None

Араға 2-3 жыл салып зағип жандарға арналған арнайы кітапханаға тағы келіп тұрмын.

Бұл жерден ерекше оптимизм мен көңілді леп еседі. Дәл баяғыша әрбір қызметкердің көзінен күлкі көрдім. Олардың қауырсындай жеңіл аурасын сезіндім. Көмек көрсеткісі келіп тұрар елгезектігін түйсіндім. Түйсіне отырып, кітаптан оқыған мейірімді кітапханашылармен осында жолыққандай күй кештім. Олар кеңестік әдеби шығармаларда суреттелетін ауыл кітапханасындағы мейірімді қыз, әпке, келіншек, апалардың прототиптері секілді. Мейірімді кітапханашылар. Иә… Ал бұл мекеме – Мейірім кітапханасы деп аталуы тиіс шығар.

Осы кітапхананың «Брайль қарпімен және «дыбысталған» әдебиеттер» бөлімінде жұмыс істейтін Сыздықов Болатхан есімді жігіт бар. Қазақша кітаптарды Брайль қарпімен басып, соларға редакторлық жасайды. Бүгінгі сөйлеспегім сол жігіт. Бірақ  түскі үзіліске келген екенмін. Кеңседе бірнеше кісі жиналып, ас ішіп отыр. Амандасып, мен де дастарқанға отырдым. Осылай бір ғана Болатхан мырзамен емес, өзге де кітапхана қызметкерлерімен сөйлесудің сәті түсті. Сұхбаттың жай-жапсары туралы айтып отырғанымда Болатхан:

– Біреуді жамандау керек пе? – деп күліп алды.

– Көңіліңіз толмайтын нәрселер туралы айтсаңыз болады, аға – дедім. Қасында отырған жас қыз:

– Мүгедектерге үй алу қиындап кеткенін, оны жеңілдету керектігін жазыңызшы, – деп қалды.

– Бұрын оңайлау ма еді, – дегеніме:

– Білмеймін, бірақ арнайы бағдарламалар жоқ қазір.

– Мүгедектерге кредит бере ме өзі? Ербол деген кісі сөзге араласты.

– Бермейді. Егер зейнетақы қорыңа ақша түсіп тұрса беруі мүмкін. Бізге таңдау беріледі ғой. Зейнетақы қорына ақша аудару туралы, – деген Болатханның сөзіне:

– Сонда сіздерге зейнетақы төленбей ме, – деп едім Бауыржан деген жігіт:

– Минималды сомма төленеді. Бірақ ол кезде де таңдау бар. Не мүгедектік зейнетақыны, минималды зейнетақыны таңдайсыз. Көбі мүгедектікті таңдайды. Сол көбірек. Бірінші топтағы мүгедектер 89 мың теңге алады ғой. Ал минималды зейнетақы 45 мың теңге болса керек...

Әңгіме ауанын басқа жаққа бұру үшін басқа әңгіме бастадым:

Алдын интернеттен зағип жандарға арналған кино көрдім. Көрдім дегенде «Мәскеу көз жасыңа сенбейді» деген киноны тыңдап шықтым.

Тифология – зағиптықты зерттейтін ғылым.

Тифлопедагог – зағиптарды оқытушы.

Тифлопсихология – зағиптардағы психологиялық ауытқушылықты зерттейтін психологияның саласы.

Тактильді кітап – суреттерін қолмен ұстап, сезуге болатын кітап түрі.

Тифлокоментарии – визуалды сипаттама. Қарапайым кинотуындыны зағиптарға көрсетуде қолданылатын әдіс. Қарапайым көрерменнің экраннан көретін кадрларының бәрі қосымша дауыспен сипатталып, суреттеліп отырады.

– Иә. Ондай кинолар бар. Бірақ маған ұнамайды. Түсіндірме сөздер кейде диалог ортасына кірісіп кетіп, сөздерді түсініксіз етіп жібереді. Маған киноның өзін, ешқандай түсіндірмесіз көрген ұнайды. Әсіресе кинотеатрдан көрудің әсері мүлде бөлек. Өзің елестетіп отырасың – дейді Болатхан. Сөйтсе Ербол деген кісі:

– Сонда тифлокоментарии деген елестету қабілеті төмендерге арналған ба, – деп күліп алды. Мен басқа нәрсеге таңмын:

– Сіздер кинотеатрға барасыздар ма?

– Әрине, – дейді Бауыржан. Кинотеатр колонкаларынан шыққан әрбір дыбыс рахат сыйлайды. Көлік есігінің жабылғаны, оталғаны бәрі-бәрі ерекше онда.

Астан кейін «шылымдық» үзіліс жарияланды. Бұрқыратып тұрмыз. Оқу орнымды біліп алып, Ербол атты кісі:

– Мен де сол ҚазҰУ-дың тарих факультетінде оқыдым, –  деп қалды.

– Онда зағип жандарға арналған бөлім бар ма еді?

– Жұртпен бірге оқыдым ғой. Зағиптарды оқытатын арнайы оқу орындары жоқ. Бөлек гранд та жоқ. Бәрімен бірдей тапсырып, бірдей түсеміз оқуға. 

Болатхан мырза екеуміз кітапхананың екінші қабатына көтерілдік. Оқырмандарға арналған бөлек кабинкаға кіріп, қарсы отырдық бір-бірімізге. Алматының аптап ыстығын басқысы келіп, жауын жауып тұр.

– Аға, бұл дерт қайдан келді сізге?

– Қызылорданың Төменарық атты ауылында дүниеге келгем. Анам босанар кезінде қатты қиналған екен. Ол заманда қазіргідей ішті кесіп ала алмайды. Сондықтан басымды қысқышпен қысып, суырып алған екен. Содан желке тұсымдағы бір тамыр қысылып қалып, көзіме қан келмей қалған. Осылайша туа бітті зағиппын ғой. Гендік зағиптық емес. Сондықтан болса керек, үш баламның екеуінің көзі тәуір. Тек үлкеніме анасынан келді кесел.

– Үлкен немересін шал мен кемпірге беріп пе едіңіздер?

– Соларға бердік дегенмен, қолында емес қой. Арнайы мектепте оқиды. Екінші қызымның көзі жақсы көреді. Ешқандай ақау жоқ. Қазіргі келіншегімнен туған үшінші қызымның да көзі жақсы.

– Екінші дейсіз бе?

– Иә. Ашығын айтқанда, көпшіліктің сөзіне елемей, үйленіп едім. Жалпы өзге ұлттан қыз алу өте қате нәрсе екен. Ұққаным –  осы. 10 жыл тұрдым. Жараспадық. Біреулер «балаң үшін тұра берсеңші» дейді. Бірақ балаң екеуіңнің ұрысыңды көріп өсіп, ортаңда психикасы бұзылғанша ажырасып кеткен дұрыс шығар дедім. Сосын қазақ қызына, қазіргі келіншегіме үйлендім. Бір мектепте оқығанбыз. Өзімнен үлкен. Бірақ қазақы тәрбиенің аты қазақы тәрбие екен. Еркекті сыйлап, құрметін көрсетіп жүреді.

– Ол кісі де зағип па?

– Иә. Екі келіншегім де зағип. Бірақ қазіргі келіншегім аяғының астын көре алады. Қарапайым кітаптарды лупамен оқи алады. Автобустардың нөмірлерін көре алады...

– «Бір мектеп оқыдық» деп жатырсыз ғой, арнайы мектеп пе?

– Иә. 8 жасымнан Островский атындағы №4 зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта оқыдым. 91 жылы, мен оқуға түскенде осы мектепте тұңғыш қазақ сыныбы ашылған екен. Сол қазақ сыныбына қабылдандым. Ойлаңызшы, 90 жылдың тарихындағы тұңғыш қазақ сыныбында оқыған балалар ретінде сонда атымыз қалды. Осында жұмыс істейтін көбіміз сол мектептің түлегіміз.

– Айта кетейін, мұндай арнайы кітапханаларда көбіне орыс тілділер жұмыс істейтін шығар деп. Коллективтеріңіз қазақша сияқты.

– Бұрын сондай болатын. Соңғы 5-6 жылда көп қазақшаланды. Сондықтан қазақша кітап басып шығаруға барымызды салып жатырмыз.

– Иә, алдында келгенімде «Абай жолын» басып жатыр едіңіздер.

– Ол бітті. Брайль қарпімен төрт томы 32-33 кітап болып шықты.

– Оны алып оқып жатқан қазақ оқырмандары көп пе?

– Шыны керек, қазақ па, орыс па маңызды емес, жалпы кітап оқитындар азайып кетті. Зағип кісілердің өздері интернеттен аудиокітаптар тыңдап, кітапқа қол жүгіртпейді. Тіпті зағип бола тұрып Брайль әліпбиін білмейтіндер бар. Оларға мүлде қажет емес. Былай келгенде, бұл әліпбидің өзіне сұраныс азайып кетті ғой. Қазір кез келген қарапайым адам пайдаланатын телефон қосымшасының бәрінің соқырларға арналған нұсқасы бар. Біз де қарапайым адамдардай «Каспий», «Халық» банктердің мобильді қосымшасын пайдаланып, ақша аударымдарын еркін жасай аламыз. Youtube, Instagram, Facebook желілерін де қолданамыз. Осыдан шығар, кітапқа сұраныс қатты азайды.

– Аудиокітап туралы талас қарапайым көзі сауларда да бар. Талас көп. Сізге қайсысы ыңғайлы?

– Бала кезімнен қағаз кітапты оқығаннан кейін бе, менің есімде тыңдағаннан гөрі оқығаным көбірек қалады. Кейбіріне тыңдаған ыңғайлы екен. Қалай болғанда да кітап оқылса болды ғой.

– Брайль қарпімен басылған қазақша кітаптар аз шығар?

Әрине. Өзімізде басамыз. Айналдырған 2-3 редактор отырып, көп таралыммен және көп кітаптарды басып шығаруға мүмкіндігіміз бола бермейді. Бірақ барынша жұмыс істеп жатырмыз.

Брайль қарпі – Луи Брайль ойлап тапқан, алты бедерлі нүктеге негізделген зағип жандарға арналған қаріп түрі. Саусақ ұшымен сезу арқылы оқылады. Кирилл қарпіне негізделген брайль қаріптерінде үлкен-кіші әріптер болмайды. Тек нүкте арқылы сөйлемнің аяқталғанын білуге болады. Брайль қарпімен басылатын кітап парақтарының тығыздығы 150 грамнан жоғары болады. Ал қарапайым А4 парақтың тығыздығы 80 грамм.

­Брайль қарпі әлемнің кез келген тіліне ыңғайланып жасала бере ме?

– Иә. Әр әріпке бір таңба (алты нүкте комбинациясы) болады. Мысалы, Луи Браиль өз қаріптерін француз тілінің негізінде жасаған. Оны әр елдің ғалымдары өздерінің қаріптеріне негіздеп алды. Біз кирилл қарпіне негізделген нұсқасын қолданамыз. Ал қазақ тіліне ғана тән 9 әріптің таңбасын – Ахан Қасымов атты ғалым, Қазақстан соқырлар қоғамының мүшесі жасап кеткен. Ол таңбаларды цифрландырып, кейіннен аудармашы BrailleBox бағдарламасына енгіздік. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі кітаптарды кедергісіз брайль қарпіне ауыстыра аламыз.

– Бұл кітапханаға жұмысқа қашан келдіңіз?

– 2003 жылы әлгі арнайы мектепті бітіріп, оқуға тапсырдым. Түсе алмадым. 2005 жылы да Алматыға келіп, балым жетпей, ауылға қайттым. Ақылы оқуға жағдайымыз жоқ. Шешем еден жуушы, әкем мектептің ауласын сыпырушы болып жұмыс істеді. Мүгедектік жәрдемақым да аз. Содан ауылда 4-5 жыл жұмыссыз жатып қалдым. 2008 жылдары болса керек, Қызылордадағы арнайы мектепке жұмысқа тұрып, жарты жылдай жүрдім. Бір күні директорымыздың диплом жайлы ескертпесінен кейін М.Мәметова атындағы колледжге оқуға тапсырып, 2 жыл «кітапханашы редактор» мамандығы бойынша сырттай оқыдым. 2010 жылы Алматыға келіп «Жігер» деп аталатын көзі нашар көретіндердің ұйымына жұмысқа орналастым. Бірнеше жобалармен жұмыс істеп жүріп, осы кітапхананың директорының көзіне түстім ғой. Сол Гүлбаршын Рахымберліқызының шақыртуымен осында келдім.

– Сіз туа бітті көрмейсіз. Бірақ жүре келе жанарынан айырылатын адамдар бар ғой. Сол кісілердің психологиясы қалай болар екен?

Әлгінде өзіңіз сөйлескен Бауыржан деген жігіттің көзі 17 жасына дейін көрген. Қарапайым мектепте оқыған. Басына доп тиіп, бір көзінен айырылған. Ол екінші көзіне ауып, зағип болған. Сол жігіт қатты депрессияға түсіп, үйінде он жыл жатыпты. Бірақ біздің ортаға келіп, бірден үйренісіп кетті. Ал біреулер бар жанарынан айырылып, өмір бітті деп ойлайды. Неге бітеді өмір? Біз де қарапайым адам сияқты өмір сүреміз ғой. Кафеге барамыз жиналып. Бағана айтқандай, кинотеатрларға барамыз. Карта ойнаймыз. Ашығын айтқанда, шараптан да ұрттаймыз, оның не жасыратыны бар?

– Карта ойнаймыз?

Иә. Бұрындары қарапайым картаға брайль қарпімен белгі салып, картаның аттарын жазып ойнайтын едік. Қазір арнайы соқырларға арналған карта сатылады. Шахмат ойнаймыз. Тақтаның сыртындағы белгілермен бағыт біліп, ақ-қарасын, фигуралардағы арнайы бедерлерден анықтаймыз. Айтып тұрмын ғой, сіздер жасай алатын істің көбіне қабілеттіміз.

– Мемлекет тарапынан сіздерге қандай жағдай жасалып жатыр?

Жағдайымыз нашар деп айта алмаймын. Жәрдемақымыз бар. Күніне екі рет таксиге тегін отырамыз. Инвотакси қызметі тегін жұмысқа әкеліп, үйімізге жеткізеді. 5 жыл сайын арнайы ноутбук, телефон, оқу машинасын (қарапайым кітапты дауыстап беруші аппарат) береді. Жылына бір рет Қазақстанның кез келген оңалту орталығына жолдама ала аламыз. Кез келген арнайы жасақталған жерге жұмысқа тұра аламыз...

– Кез келген?

Заң бойынша кез келген жерге жұмысқа тұрып, арнайы жасақталған кеңседе жұмыс істеуге құқылымыз ғой. Бірақ бұл заң орындала бермейді. Көбіне арнайы мектептерде, кітапханаларда жұмыс істейді зағип жандар. Сосын массажшы болып жұмыс істейтіндер көп. Радиода жұмыс істейтін зағиптарды да білемін.

– Жұмыстан соң зейнет бар. Зейнетке ерте шығатын шығарсыздар?

Жоға. Сол 63 жас қой.

– Аға, маған бір қызық нәрсе бар. Ол соқыр адамның түс көруі...

Түс көреміз ғой. Туа бітті зағип жандар түсті дауыспен көреді. Бірақ мен түсімде бірнәрсе көретін сияқтымын. Оның не екенін түсіндіріп бере алмаймын. Ол мүлде мына әлемге ұқсамайтын да шығар. Өйткені мен жарық дүниені мүлде көрмегем. Ақ пен қара түстің өзін ажырата алмаймын. Елестете алмаймын, тіпті. Бірақ жанарынан жүре келе айырылған кісілер түсті сау адамдарша көретінін айтады. Олар бейне көре алады.

– Өкініш көп бола ма?

Жас кезімде қатты өкінетін едім. Қазір аса бір жан қинайтын өкінішім жоқ. Шүкір деймін. Бала-шағам, отбасым бар. Құдайдың сынағы ғой, енді.

– Көзіңіздің емделмейтінін айттыңыз. Бірақ ғайыптан тайып, емі табыла қалса, көзіңізді емдетер ме едіңіз?

Әрине, жұрт айтатын мына дүниенің көркемдігін бір сәт болсын көргім келеді менің. Мен секілді жанарынан айырылғанның бәрінің көкейіндегі арманы осы шығар.

– Сіздерге деген қоғамның көзқарасы қандай?

Аса түсінбейді. Мүсіркеп қарайды. Тіпті «бұлар дәретке қалай отырады екен?» деп те мүсіркеушілер табылады. Шыны керек, сау бола тұрса да ауру адамның ойы ғой бұл. Зағип қыздарға тіпті қиын. Олардың көбі тұрмыс құра алмай қалады. Комплекстері басым. Оның үстіне, үй тірлігін істеуге де қиналады ғой. Соның бәрі оларға тым ауыр жүк салады. Жалпы, зағип жігітке жанары сау қыздар көп тұрмысқа шығады. Осындағы жігіттердің көбінің келіншектерінің көздері қалпында. Ал көзі сау жігіттің соқыр қызға қарауы қиын...

– Есіме Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгімесі түсіп кетті.

Интернетте бар шығар аудионұсқасы. Оқып шығайыншы.… Сосын бізге жақсырақ қарап, жолдан өтуге, бағыт сілтеуге орыс тілді кісілер бейім. Қазақ кісілер көбіне көңіл күйі жоқ болып жүретіндей. Бәлкім, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен солай шығар. Бірақ қазіргі жастар бізге байқампаз келеді. Көмек қолын көп созады. Жалпы, көзі сау адамдар көздеріне сеніп алып, өте алаңғасар болып келетін сияқты. Үйге келген қарындас-інілерімнен байқаймын ғой. Олар бір затты алып, тауып алатынына сеніп, кез келген жерге қоя салады. Оған мен ашуланамын. Өйткені зағип адамға бір нәрсенің орын ауысқаны ұнамайды. Күнделікті жүретін жолымызды өзгертпейміз біз. Үйдегі келіншегімнің көзі сәл-пәл көретінін айттым ғой. Ол да шкафтың есігін ашық тастап немесе басқа бір нәрсені жолға қойып кете салады. Соған шалынып, бір жерімді ұрып алып жүремін. Журналистер соқырлар қоғамында шу шыққанда ғана жетіп келмей, біздің өміріміз жайлы танымдық материал дайындап тұрса, қарапайым адамдар түсінер еді. Баламызбен ойнағанымызды, үйдегі тіршілігімізді түсіріп, бір бағдарлама жасаса, көпшіліктің бізге назары, қарым-қатынасы өзгерер еді ғой. Біз адамдардан түсіністіктен өзге ештеңе сұрамаймыз.

– Жалпы, әртүрлі жерлерге баратындарыңызды айттыңыздар ғой. Қызық оқиғалар болса айта кетіңізші.

Мылқау кісілермен бірге моншаға түскеніміз бар. Әріптестер жиналып барып едік. Қысқасын айтқанда, бір-бірімізбен мүлде түсінісе алмайтын топпыз ғой. Олар жестпен сөйлейді. Оны біз көрмейміз. Біз сөйлейміз, олар естімейді. Сосын, кейбір көзі сау адамдармен отырыстарда қиналып қаламын. Бажаларым отырыстарда темекі шегуге тұрып, мені ұмытып кетеді. Сосын, осында тұра тұр деп бір жаққа кететін кездері де жүйкеге тиеді. Мен қайда барарымды білмей, дел-сал қалыпта қалып қоямын. Олар зағип адамның күтімін көрмеген ғой.

– Қоғам емес, мемлекет тарапынан сұрайтын қандай проблемаларды атай аласыз, мүгедектерге байланысты?

Көшедегі су ағатын арықтардың бетіне тор жауып, бекітсе болар еді. Әсіресе Саялы ауданындағы арықтардың тереңдігіне таяғымыз жетпейді. Байқамай құлап, аяқ-қолын сындырған зағиптар өте көп. Сосын, әлгі әріптесім айтқандай, үй алу жолдарын жеңілдетсе. Мүгедектер үшін пайызды азайтса дейміз. Тағы несиеге байланысты да айтарымыз бар. «Каспий» банк бұрындары бөліп төлеуге жиһаз, техника беретін еді. Қазір ол мүмкіндікті де жауып тастаған. Бізді төлей алмай қалады деп ойлай ма екен, білеймін. Бірақ менің таныстарымның ішінен несиесін кешіктірген мүгедектерді білмейді екем. Оның үстіне бізге ай сайын жәрдемақы түседі. Жұмыссыз қалсақ та төлей аламыз ғой.

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

Тегтер: