Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:45

Дүниежүзілік соғыстың ауылы алыс

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Менің ойымша, АҚШ-тың Иранға шабуыл жасағаны дұрыс болмады. Бұл жерде еврей миллиардерлерінің лоббиі бар деп есептеймін, Трамп солардың сөзінен шыға алмай отыруы мүмкін. Оның үстіне өзі де тұрақсыздау адам, сондықтан оның Израильді жақтайтыны екібастан анық болатын.

Қазір өте қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Мәселе ушыға беретін болса, әлемдік тәртіпке үлкен қауіп төнуі мүмкін. Қазір әлем өзгеріп, адамзат қоғамы үлкен соғыс психозының алдында тұр. Мына жақта Ресей мен Украина, ана жақта Иран мен Израиль соғысып жатыр. Кейінгі кезде Израиль фашистік мемлекетке айналып кетті. Жан-жағына соғыс ашып, халыққа қауіп төндіріп отыр. Сондықтан бұл өте қатерге толы жағдай болып тұр деп есептеймін. АҚШ-та Сенат бар, Конгресс бар, солар тоқтау салып, Америка билігі ақылға келер. Егер олар тоқтау салмаса, әлемдік жағдай тіптен қиындай түседі.

Соғыстың әсерінен мұнай бағасы көтеріліп келеді. Бұл бізге өте пайдалы. Барреліне 62 доллар болған, қазір 80 долларға таяп қалды. Бұл үлкен өсім, бұл бізге оң әсер етуі керек. Бірақ жалпы әлем үшін мұның пайдасы шамалы деп есептеймін.

Иран мен Израиль арасында қақтығыс ушығып тұр. Оған АҚШ қосылды. Үшінші дүниежүзілік соғыс болуы мүмкін бе? Егер мұсылман мемлекеттері Иранды қолдап, ұрысқа араласса, соңы дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуі мүмкін. Ал мұсылман елдері үнсіз отырса, соғыс Иранның жеңілісімен аяқталатын шығар. Сауд Арабиясы, Катар сияқты бай араб мемлекеттері АҚШ саясатын қолдап отырғанын ескерсек, олардың соғысқа араласа қоюы екіталай. Демек дүниежүзілік соғыстың да ауылы алыс. Ал Қытай мен Ресейден үміт аз, олар әскери көмек көрсете қоймайды. Қазір Ресейдің өзінің жағдайы қиын, олар әскери көмек бере алмайды. Қытайдың соғысқа араласпайтыны анық. Иран сыртқы істер министрі Ресейге көмек сұрағалы келген болар, қанша дегенмен одақтас қой. Мүмкін Ресей техника беріп, моральдық жақтан көмектесетін шығар. Бірақ Мәскеудің де әуе күші әлсіреп тұр, өткенде Украинаның операциясынан кейін авиациясының тас-талқаны шыққанын бәріміз көрдік.

Сайын Борбасов,

саясаттанушы