Джеффри Эпштейн файлдарында Кәрім Мәсімовтің есімі кемінде сегіз рет аталады
Джеффри Эпштейн ісі бойынша жарияланған материалдарда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің есімі бірнеше мәрте кездеседі.
Құжаттарға сәйкес, Мәсімовтің аты кемінде сегіз фрагментте, оның ішінде электронды хат алмасуларда аталған. Кейбір материалдарда «Келімбетов» деген тегі де көрсетіледі. Алайда хат-хабарларда қандай да бір заңсыз әрекеттер туралы мәлімет жоқ.

Жарияланған материалдар 2011-2015 жылдар аралығын қамтиды. Атап айтқанда, 2011 жылғы тамызда Эпштейнге жолданған хаттардың бірінде аты-жөні көрсетілмеген автор өзін Қазақстанда Кәрім Мәсімовтің көршісі ретінде таныстырып, Эпштейннен оны танитынын-танымайтынын сұрайды.
«Мен тұратын үйдің жанында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің үйі орналасқан. Сіз оны танисыз ба?» - деп жазылған құжаттардың бірінде.
Тағы бір хат алмасуда аты аталмаған жіберуші Эпштейнге Мәсімовке «сәлем жеткізгенін» хабарлайды.
Материалдарда «Келімбетов» тегі де бірнеше рет кездеседі. Болжам бойынша, бұл – бұрынғы вице-премьер және Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарған Қайрат Келімбетов болуы мүмкін. Бұған дейін azh.kz редакциясы оның есімі Эпштейн ісіне қатысты өзге файлдарда да аталғанын хабарлаған еді.

2014 жылға тиесілі хаттардың бірінде Olivier Colom есімді адам Эпштейнге:
«Мәсімовке айтып жеткізгім келетін қандай да бір сөзіңіз бар ма?» - деп сұрайды.
Эпштейн оған тек «еркін әңгімелесіп қоюды» ұсынады әрі үшінші бір адам оның «құшақтауын» Нью-Йоркте «жақсы уақыт өткізген» «Келімбетовке» жеткізе алатынын жазады. Мұнда да Қайрат Келімбетов туралы айтылуы мүмкін.
Хаттар мен хабарламалардың скриншоттары АҚШ Әділет министрлігінің ресми файлдары құрамында жарияланған. Материалдарда Кәрім Мәсімов пен Джеффри Эпштейннің жеке кездесулері туралы нақты деректер келтірілмейді.
Еске сала кетейік, Джеффри Эпштейн – америкалық қаржыгер, миллиардер әрі қылмыскер. 2008 жылы ол кәмелетке толмағанды жезөкшелікке тарту ісі бойынша кінәсін мойындап, сотталған. 2019 жылы адам саудасы мен жезөкшелікке тарту айыптарымен қайта қамауға алынып, сот шешімін күтпестен түрмеде өз-өзіне қол жұмсаған.
Эпштейн кәмелетке толмаған қыздарды жыныстық қанауға тартқан кең ауқымды желіні ұйымдастырушы ретінде аталады. 30 қаңтар күні АҚШ-та бұл іске қатысты миллиондаған бет құжат, сондай-ақ бейнежазбалар мен фотоматериалдар жарияланды.