Джо Байденнің денсаулығы сыр берді
АҚШ президенті Джо Байден ковидпен қайтадан ауырып қалғаны хабарланды.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер сәрсенбіде Байденнің ауруы жеңіл екенін мәлімдеді. Ол президенттің бұған дейін негізгі және қосымша екпелерді алғанына сендірді.
81 жастағы Байден сәрсенбіде Лас-Вегастағы үгіт-насихат шарасына қатысты. Ол бүгін кешке Лас-Вегаста сөз сөйлеуі керек еді, бірақ жиын қазір тоқтатылды.
Жан-Пьердің айтуынша, президент Делавэрдегі үйінде карантинде болады, бірақ барлық қызметтік міндеттерін орындайды.
Байденнің дәрігері Кевин О'Коннор баспасөзге президенттің мұрнынан су ағып, жөтел барын және Паксловид препаратын қабылдағанын айтты. Күннің басында ол өзін жақсы сезінді, бірақ кейін тағы бір тест оның коронавирусты қайта жұқтырғанын көрсетті.
Байденнің Лас-Вегасқа сапарын жазған тілшілер оның ұшақпен баяу және абайлап көтерілгенін айтады.
АҚШ Демократиялық партиясының көптеген жетекші саясаткерлері мен осы партияның жақтастары Джо Байденді президенттік сайлаудан бас тартуға шақыруда. Олардың пікірінше, америкалық саясаттың 81 жастағы ардагерінің жағдайы Дональд Трамппен сәтті күресіп, жеңіске жеткен жағдайда тағы төрт жыл нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді.
Байден осы уақытқа дейін қарашадағы сайлауға кандидатурасын алып тастаудан бас тартты.