Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 07 Наурыз 2025

Джудиттің әлемі: шынайылық пен қиялдың қақтығысы

Джудит жасаған қиын таңдау

Қазіргі уақытта бала тәрбиесі – қоғамның назарындағы ең өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас ежелден адамзат мәдениетінің маңызды бөлігі саналып келеді. Дегенмен, цифрлық дәуір бұл байланысқа жаңа сын-тегеуріндер алып келді. Интернеттің шексіз мүмкіндіктері мен ақпараттық кеңістіктің балалардың күнделікті өміріне терең енуі ата-аналар мен балалар арасындағы түсініспеушіліктерді күрделендіріп, жаңа мәдени-әлеуметтік дағдарыстарды тудырып отыр. Нәтижесінде, психологиялық күйзеліс, жалғыздық сезімі және коммуникациялық дағдарыс сияқты теріс құбылыстар көбейіп, виртуалды әлем шынайы өмірден басымдық ала бастады.

Осындай маңызды тақырыпты сахнаға алып шыққан Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ драма театрының «Джудит жасаған қиын таңдау» спектаклі – тек балаларға ғана емес, ересектерге де арналған ерекше туынды.

Бұл қойылым Грейс Маклиннің «Дүниедегі ең тамаша жер» атты романының желісі бойынша жасалған. Инсценировканың авторы әрі режиссері Сергей Левицкий шығарманың түпкі мазмұнынан – дін мәселесін балалар көзімен түсіну және сезіну – бас тартып, оны бүгінгі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі – бала тәрбиесіне бейімдеп ұсынған. Бұл режиссерлік шешім қойылымның қазіргі көрерменге жақын әрі түсінікті болуына мүмкіндік берген.

Спектакльдің басты кейіпкері Джудиттің жалғыздығы мен шынайы өмірден қашып, өзі ойлап тапқан Сиқыршымен әңгімелесуі – бүгінгі заман балаларының виртуалды әлемге тәуелділігін көркемдік тұрғыдан бейнелейді. Джудиттің ішкі жан дүниесіндегі күйзеліс – режиссердің виртуализацияға ұшыраған балалар психологиясын зерттеп, оның себептерін көрерменге жеткізуге ұмтылысын көрсетеді. Бұл образ заманауи балалардың өміріндегі жалғыздық мәселесін ғана емес, сонымен қатар ата-ана мен бала арасындағы шынайы қарым-қатынастың маңыздылығын да алдыңғы қатарға шығарады.

«Джудит жасаған қиын таңдау» спектаклі режиссердің көркемдік тәсілдері арқылы балалардың ішкі әлемін ғана ашып қоймай, ересек көрермендерді де терең ойға шақырады. Бұл қойылым ата-аналарға балаларының психологиялық жай-күйіне мұқият назар аударып, олармен сенімді әрі жылы қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, жас көрермендерді қауіпті қадамдардан сақтандыруға бағытталған тәрбиелік маңызы да зор.

Джудит жасаған қиын таңдау

Театр сахнасының мүмкіндіктері арқылы бүгінгі цифрлық дәуірдің маңызды мәселелерін көтеріп, қоғам назарын осы тақырыптарға аудару – өнердің үлкен жетістігі. «Джудит жасаған қиын таңдау» спектаклі көркемдік формасы мен философиялық мазмұнының үйлесімі арқылы қазақстандық театр кеңістігіне тың серпіліс әкелді. Бұл қойылым балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты жаңа қырынан қарастырып, болашақ ұрпақтың жарқын да бақытты өмір сүруі үшін маңызды қадам болып табылады.

Он жасар Джудит – өзіне ғана тән қиял әлемінде өмір сүретін ерекше бала. Ол қолындағы заттардан өзінің «тамаша жерін» жасап, идеалды әлемнің кішкентай моделін құрастырып алған. Джудит бұл әлеммен ойнайды, сол жерде өмір сүруді армандайды. Шынайы өмірдің шектеулерінен қашып, мектепке бармау үшін «қар қалың жауса екен» деп тілеген арман-ойының ертеңінде орындалуы, оның өміріне қарға бейнесіндегі Сиқыршының келуімен жаңа кезең ашады. Джудиттің алдында екі әлемнің бірін таңдау қажеттігі пайда болады.

Джудиттің өміріндегі үлкен драма оның әкесіне қатысты. Әрдайым онымен ойнап, бірге уақыт өткізетін әкесін өзгертуді армандап, жаңа әке тілейді. Алайда, шынайы өмірде әкесіне көмектеспек болып, оның күн-түн демей жасаған жұмыс қағаздарын бүлдіріп алып, ұрыс естігеннен кейін Джудит қиял әлеміне толығымен енеді. Ол бұл әлемді сиқыр мен қуанышқа, ойын-сауық пен ән мен биге толы орын ретінде көреді. Бірақ бұл қиялдың бәрі өтірік екенін түсінген сәтте Джудит өз үйіне, әкесіне, шынайы өміріне оралуды армандайды.

Шарықтау шегінде Джудиттің алдында үлкен қауіп төнеді. Дегенмен, ол шынайы өмір мен әлемді аман сақтап қалу үшін үлкен қатерге бас тігеді. Әкесінің оны шексіз жақсы көретінін, оның қамын ойлап, қолынан келген жақсылықты жасап жүргенін түсінеді. Циркке, клоундарға апармаса да, әкесінің әрбір әрекеті оның шынайы қамқорлығын көрсететінін ұғынады. Джудит өз таңдауын жасап, қиял әлемін жеңіп, шынайылыққа қайта оралады. Осы арқылы режиссер балаларымызды заманауи жалғыздықтан, технологиялық тәуелділіктен құтқарудың мүмкін екендігін көрсетеді.

Джудит ролінде өнер көрсеткен театрдың жас актрисасы Дильназ Қиятова – кейіпкердің ішкі әлемін көрерменге шынайы жеткізе білді. Ол жасөспірімнің мінез-құлқын, қимыл-әрекеттерін, оның қиял мен шынайылық арасындағы тартысын әсерлі сомдады. Қиял әлеміндегі баланың тұйықтығын, сыныптастарымен қарым-қатынасындағы қарама-қайшылықтарын, қарғаны алғаш көргендегі сенімі мен тілектерін жеткізудегі актерлік шеберлігі ерекше болды. Оның армандарын ашық айтуы – баланың жастығына қарамастан, жан дүниесінің тереңдігін көрсетеді. Ал, шкафтың ішінен шыққан клоундармен ойнап, билеуі – ойын-сауыққа құмар баланың бейнесін аша түсті. Дегенмен, жас актрисаның сахна тілін меңгеру тұрғысынан әлі де жұмыс істеуі қажет екені байқалды. Бұл кемшілік оның болашақтағы потенциалын төмендетпейді. Керісінше, оны жетілдіру арқылы Дильназ Қиятова болашақта жақсы маман бола алатынын көрсетті.

Джудит жасаған қиын таңдау

Джудиттің шынайы әкесі және оның тілегі бойынша пайда болған Жаңа әкенің ролін сахнада Руслан Нығман сомдады. Актердің бір мезетте екі түрлі бейнені алып шығуы оның актерлік диапазонының кеңдігін және образдар арасында жылдам ауыса алу қабілетін айқын көрсетті. Тұрмыстың ауыр жүгінен шаршаған, тек үйі мен жұмысының, қызының қамын ойлаған шынайы әке бейнесін актер қарапайым тұрмыстық әрекеттер арқылы жеткізді. Ал Жаңа әкенің ролінде Руслан Нығман уайымсыз, еркін ойнап-күлетін, акробатикалық трюктер жасап, сайран салатын жарқын бейнені шеберлікпен орыдады. Актердің шынайы әке роліндегі ойыны көрерменді баурағанымен, бұл образдың ішкі драмасын тереңдете түссе, оқиғаның мазмұны одан әрі байи түсер еді. Мысалы, Джудитті қатал тәртіпте ұстауға тырысуының себептерін, қызына деген алаңдаушылығы мен қарым-қатынасындағы қиындықтарды тереңірек ашу арқылы шынайы әке бейнесі одан әрі нанымды болар еді.

Құстың костюмінде сахнаға шыққан актер Бауыржан Манатбекұлы қарғаның мінез-құлқы мен қимыл-қозғалысын айнытпай жеткізе алды. Оның кішкентай Джудитті өз ырқына бағындыру қабілеті сиқыршының айлакерлігін және мінезін дәл көрсетті.

Джудиттің сыныптасы, тентек Нил Льюистің ролін сомдаған Ақжол Дүйсенұлы сотқар баланың мінезін өте нақты жеткізді. Әсіресе, Джудит әкесіне көмектеспек болып жинаған қағаздарын Нилдің ойланбастан жыртып, қашып кетуі – балалық еркеліктің нағыз көрінісі. Бұл сәт драмалық тартысты күшейтіп, оқиғаның шиеленісуіне ықпал етті.

Оқиғаны баяндаушы – автор дауысы (мәтінді оқыған Жұмахан Доспаев) сахнаның сыртынан естіліп тұрды. Бұл көрерменге оқиғаның негізгі желісін түсінуге көмектескенімен, баяндаушының дауысы жеткілікті эмоционалды болмады. Дауыста бояу мен сезімнің аздығы оқиғаға деген қызығушылықты төмендетіп, оның әсерін әлсіретті.

Актерлер микрофондармен (петличка) жұмыс істегендіктен, техникалық аспектілерге ерекше көңіл бөлу қажет болды. Микрофон арқылы берілетін дыбыстардың тазалығы сақталмады: кей жерлерде дауыстар анық естілмей қалса, кейде дем алу мен паузалардағы дыбыстар артықшылық етті. Дем алу техникасын жетілдіру, пауза жасау, дауысты басқару сияқты элементтерге ерекше назар аударылса, спектакльдің жалпы сапасы арта түсетіні анық. Сондай-ақ, актерлердің шығарманың мәтіндік құрылымын толық игеріп үлгермегендігі кей жерлерде байқалды. Мәтіндік интонация мен драматургиялық мағынаны жеткізуде кідірістер мен шынайылықтың жетіспеуі байқалғанымен, бұл уақыт өте келе шешілетін мәселе деп бағаланды.

Қойылым барысында актерлер режиссердің қойған мизансценаларын дәл орындап, сахналық әрекеттерді пластикалық және хореографиялық элементтермен шебер ұштастыра білді. Бұл ретте пластикалық режиссер Игорь Григурконың еңбегі орасан зор болғаны байқалып тұрды. Әсіресе, актерлік ансамбльдің сахнадағы қимыл-қозғалысы мен дене пластикасы спектакльдің көркемдік тұтастығын айқындап, режиссерлік шешімдер мен хореографиялық композициялардың үйлесімділігін көрсетті. Тынымсыз әрекеттер, баланың фантазиясын бейнелейтін шиыршық атқан динамика, жарқыраған түстердің фейерверкі көрерменді әсерлендіріп, спектакльге баурады.

Клоундар – Арман Серікқазыев, Жасұлан Әмірхан, Жақсылық Әбдірашым, Темірлан Мұқатай және клоунесса Райхан Жұмақанова акробаттық трюктерді еркін меңгеріп, сахнада жеңіл қимылдап, ойын-сауық пен қуаныш-күлкінің атмосферасын керемет жеткізді.

Спектакльдің күрделі философиялық және эмоционалдық астарын ашуда режиссер пластикалық шешімдерді шебер қолданған. Сахналық қозғалыстар, жарық пен көлеңкенің үйлесімі және әрекетті сценография қойылымның негізгі идеяларын айқындап, көрерменге жаңа эстетикалық әсер сыйлады.

Кішкентай қыздың қарапайым бөлмесінің бір сәтте сиқырлы әлемге айналуы – бұл Левицкийдің көркем қиялы мен сценографиялық дарынының теңдессіз көрінісі. Шкафтың есігі ашылғанда, ішінен көрінген жұлдызды аспан мен жұмбақ әлемді еркін шарлаған ғажайып балықтардың бейнесі көрерменді тылсымның тереңіне жетелейді. Ал сахнада вагон-вагон бургерлер мен тәттілерге толы себеттердің кенеттен пайда болуы – басты кейіпкер Джудиттің ғана емес, зал толы балақайлардың жүректеріндегі бар арман-тілектері орындалғандай күйге бөлейді. Бұл көріністер – балалар қиялының шексіздігі мен театр магиясының шынайы тоғысын паш ететін сәттер.

Джудитті мазақтап, терезесіне тас лақтырған сотқар ұлдың әрекетінен шыны сынып, үйге суық пен қардың кіруі режиссердің ерекше тапқырлығын көрсеткен сахналық шешім болды. Ұйытқыған қардың сахнаға енуі тек физикалық кеңістікті түрлендіріп қана қоймай, Джудиттің ішкі әлемі мен оның шынайы өмірі мен қиялындағы фантазиялық әлем арасындағы контрастты ерекше айқындады.

Режиссердің пантомима мен клоунада элементтерін енгізуі Джудиттің қиял әлемін бейнелеудегі маңызды құралға айналды. Мұндай жанрлық әртараптандыру көрерменнің зейінін ұстап тұру мүмкіндігін арттырды. Сиқыр мен шынайылықты үйлестіре отырып, режиссер сахналық өнердің заманауи мүмкіндіктерін жаңа қырынан танытты. Қойылым қазіргі интернет заманының балаларын ешқандай компьютерлік технологияларсыз-ақ сиқырлы әлемнің таңғажайып әсерімен баурай алатынын көрсетті.

Сергей Левицкий тек балаларға ғана емес, ересектерге де терең ой салып, сахналық өнердің шексіз әлеуетін дәлелдей алды. Спектакль көрерменге эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, заманауи қоғамдағы маңызды мәселелерді – балалардың қиялы, шынайы қарым-қатынас және ата-ананың тәрбиелік жауапкершілігі тақырыптарын тереңдете зерделеуге шақырады.

«Джудит жасаған қиын таңдау» – қазіргі заманның өзекті мәселелерін сахна тілімен шебер бейнеледі. Бұл қойылым көрерменді эстетикалық ләззатқа бөлеп, терең ойға жетелейді. Режиссер мен шығармашылық топтың ізденісі Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ драма театрының әлеуетін тағы бір дәлелдеді.

Анар Еркебай,

театртанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры