Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:40, 16 Қараша 2018

Дзюдодан алған күмісті самбоның үш алтынына айырбастамас едім

Дзюдо күресінен Астанада өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында ресми түрде елімізге танымал екі балуан спорттық карьерасын аяқтады.
Оның біреуі – 2009 жылғы әлем чемпионы Максим РАКОВ болса, екіншісі, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері  –  Азамат Мұқанов. Жастарға жолын беріп, енді бапкер болуға шешім қабылдаған Азаматпен сұхбаттасудың сәті түсті. ­Мен өзімді көк туды көтерген спортшы ретінде бақытты сезінемін. Осындай мүмкіндік берген мемлекет басшысына айтар алғысым шексіз. Мәдениет және спорт министрлігіне, ұлттық олимпиада комитетіне, Қазақстан дзюдо федерациясына көп рахмет. Спорттық карьерамды аяқтаймын деп айта алмаймын. Ссебебі осы күнге дейін жинаған тәжірибемді келешек чемиондарға үйретіп, теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді, – деп бастады Азамат әңгімесін. Өткенге өкініш жоқ па?– Менде бір ғана өкініш бар. Дзюдоны неге ерте бастамадым  деген ой мазалайды. Өйткені, менің ауылымда самбо күресі ғана болды. Сондықтан ұзақ уақыт самбомен жүріп қалдым. Ол кезде маған дзюдо қиын күрес сияқты көрінетін. Алғашында дзюдоға ауыссам нәтижем жоғары болмайды деп ойладым. Негізі, ден қойып кіріссең, күрестің кез келген түріне бейімделіп кету болады екен. Соған көзім жетті. Егер дзюдомен ертерек айналысқанда, бұдан биік шыңдарды бағындыруға болар еді деген өкініш бар. Басқасына көңілім толады.– Самбодан әлем чемпионы деген дардай атағыңыз бар, сондай-ақ дзюдо әлем чемпионатының күміс жүлдегерісіз. Өзіңізге қай жетістігіңіз ыстық сезіледі?– Әрине, дзюдо күресінен әлем чемпионатынан алған күміс жүлдем бәрінен ыстық қой. Самбоның үш алтынына дзюдодан алған бір күмісімді айырбастамас едім.2013 жылғы чемпионатқа оралсақ, финалда жапониялық  Масаси Эбинумға есе жіберіп алдыңыз. Сол сәтте қолда тұрған алтыннан айырылып қалғаныңызға өкінесіз бе?– Бұйырмады, кетті. Оған ешқандай өкініш жоқ. Жоғары да айтқанымдай, тек дзюдоға ерте ауыспадым деп қапаланамын.– Сол әлем чемпионатынан кейін сізді көпшілік Олимпиадаға сөзсіз барады деп топшылады. Бірақ Рио-де-Жанейро татамиіне жолыңыз түспеді. Осының себебіне үңіліп көрсек...– 2014 жылы Инчхонда өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлде еншіледім. Одан кейін жарақат алдым. Жарыс жолына тек бір жылдан кейін шығуым керек еді.Дәрігерлер бір жылға дейін татамиге жолама деген. Бірақ шыдамай, күресіп кеттім. Сол дұрыс болмады. Нәтиже тек бір жылдан кейін келе бастады. Гран-при, гранд-слэм жарыстарында жүлделерге іліктім. Бірақ ол кезде бәрі кеш болатын. Жарақатыма байланысты бір жыл уақыт жоғалтып, олимпиада ойындарынан тыс қалдым.– Сіз секілді самбодан дзюдоға ауысып жатқандар баршылық. Осы Қазақстан чемпионатының өзінде ақтөбелік самбодан әлем чемпионы Есет Қуанов 66 келіде қола жүлдеге ие болды. Күрестің басқа түрінен дзюдоға ойысып, жоғары жетістікке жету қаншалықты қиын?– Барлығына да мүмкіндік бар. Қазақ күресінің балуандары, самбошылар болсын осындай Қазақстан чемпионатына қатысып, оқу-жаттығу жиындарынан өтулері керек. Сол жерде көзге түскендерді біздің аға жаттықтырушылар Еуропа кубогы, гран-при, гранд-слэм жарыстарына апарады.Әрқайсысын кемі екі жарысқа қатыстырады. Олар өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланулары керек. Сонда әлем чемпионаты, Азия ойындары, олимпиада ойындарына жол ашылады. Барлығы өз қолдарында. Көбісі, дзюдоға ауысудан жүрексініп жатады. Меніңше, күрестің бәрі бірдей. Қорқатын ештеңе де жоқ. Бұл жерде кім мықты, сол жеңіп шығады ғой.– Біздің балуандарға көп жарыстарда тұрақтылық жетіспейтін секілді көрінеді?– Ұтылмайтын спортшы болмайды. Барлық уақытта бірдей спорттық бабынды ұстап жүру мүмкін емес. Спорт болғаннан кейін жеңіс болған жерде жеңіліс те қатар жүреді. Ең бастысы, балуан олимпиада, азия ойындары, әлем чемпионаттарында барын салып көрсетуі тиіс. Нағыз атой салатын жарыстар солар ғой.– Қателеспесем, өзіңіз Алматы облысының тумасысыз. Бірақ жарыстарға Батыс Қазақстан облысының атынан қатысып жүрдіңіз. Түкпірдегі Оралдың намысын қорғауға не себеп болды?– Мен спорттық карьерамды бастаған жылдары Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін Тұратбек Шарапиев деген ағамыз атқарды. Ол кісі бізге қолдау көрсетпеді. Амал жоқ, сондай шешім қабылдауға тура келді. Батыс Қазақстанның атынан жарыстарға қатысып жүргенде тек күресті ойлайтын болдым. Өзге проблемаларға бас қатырмайтындай етіп, жағдайымды жасады. Алматы облысында жүргенде жарыстарға қалай барсам деп ойлайтынмын.– Енді, алдағы жоспарыңыз қандай?Осынша жыл спортта жүрдім. Әжептәуір тәжірибе жинақтадым. Көріп-білгенім, үйренгенім көп. Енді, соны жастарға берсем деп ойлаймын. Болашақ олимпиада, әлем чемпиондарын дайындағым келеді. Соған өз үлесуді мақсат етіп отырмын. Былайша айтқанда, жинаған тәжірибемді жас өсіп келе жатқан балуандармен бөліспекшімін.– Бапкер ретінде еңбек жолыңызды қайдан бастамақшысыз?– Өз облысымнан бастағым келеді. Қазақта «Ат айналып қазығын табар, ер айналып елің табар» деген мақал бар екенін білесіздер. Сондықтан туған жеріме оралуға дайынмын.– Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне жақында қазақтың даңқты балуандарының бірі Нұрбақыт Теңізбаев тағайындалды. Бәлкім, сізді де туған жерге еңбек етуге шақырған болар?– Нұрбақыт ағам үшін қуаныштымын. Қазір бұл мәселе ойластырылып жатыр. Бұйырса, жақын арада жақсы жаңалықтар болады.– Бейнеті көп, шәкірт тәрбиелейтін бапкерлік жолға түсу, нақты шешіміңіз бе?– Енді, осыншама жинаған «багажымды» сандыққа салып қойғаным жарамас. Кейін ішімде өкініш пайда бола ма деп ойлаймын. Сондықтан шешінген судан тайынбас дегендей, түпкілікті түрде осындай шешім қабылдадым. Бар білгенімді жастарға үйретіп кетпекшімін. Өзімізбен бірге күрескен Айбек Имашев жақында Маңғыстау облысына бапкер болып тағайындалды. Міне, нәтиже де көп күттірген жоқ. Осы Қазақстан чемпионатында сол өңірдің бірнеше балуаны әр салмақта чемпион болып үлгерді. Айбек татамиге терің төккен жігіт, кіммен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы біледі. Бізде көп кісілер әдіс-тәсілдерді youtobe-тен көріп, кітаптан оқып алып шәкірт тәрбиелейді. Бапкердің теоретик емес, практик болғаны дұрыс деп санаймын.– Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан Бек Төлеуов
Тегтер: