ЕАЭО. Айдаһар мен көжек мысалы
«Ресей Қазақстанды өзінің бір пұшпағындай көреді»
Қазір Еуразиялық экономикалық одақ отандық кәсіпкерлерді әбден ығыр етті деген пікірлер бар. 2014 жылы Еуразиялық одақ құрылғалы оның тізгінін өз уысында нық ұстаған Ресей бүгінде өзге мүше елдерге өз бастамаларын таңа бастаған. Отандық кәсіпкерлер Одақтың талабына бағына берсек, болашақта отандық кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін деген ой айтады.
Осы одаққа кірген тұста біздің үкімет «енді отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер ашылады» деген. Кәсіп иелері шынымен осындай мүмкіндіктерге ие болды ма? 2022 жылдан бері кәсіпкерлер Еуразиялық Одақтың кері тұстарын неге өткір айта бастады? Жалпы, Одақ бізге не берді? Осы және өзге сұрақтарды отандық кәсіпкер Азат Қонысбековке қойып көрдік:
– Азат мырза, Еуразиялық экономикалық одақ отандық кәсіпкерлерге не берді?
–… Турасын айтсам, бұл одақ бізге ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе берген жоқ. Керісінше, кәсіпкерлерді қысып, тынысын тарылтып, әбден ығыр қылды.
– Неге?
– Себебі бұл Одақ тек Мәскеудің мүддесін көздейді. Ресейдің күйісін күйттейді. Қазақстанға берері аз.
– Керісінше, 2014 жылы Одаққа енгенде үкімет енді біздің кәсіпкерлерге үлкен нарық ашылды, мүмкіндіктер көбейді деген болатын…
– Үкімет айтуын айтады ғой. Бірақ біздің биліктің ісі мен сөзі қабыспай жататын сәттер өте көп. Үкіметтің шалағайлығы, қандай да бір сала мамандарының, тіпті халықтың пікірімен санаспауы көп реформалардың шикі екенін көрсетіп жатыр. Өз басым, Еуразиялық экономикалық одақты да сондай шалажансар, піспеген бастамалардың қатарына қосамын.
– Одаққа кірерде үкімет нені ескермеді деп ойлайсыз?
– Қандай да бір экономикалық одаққа енгенде оған мүше елдердің экономикасы, болашағы әбден зерттелуі керек. Экономикалық тұрғыда ғана емес, заңы, мәдениеті, руханияты жетілген, бізден көш ілгері елдермен серіктес болуды ойлағанымыз жөн. Канада, Жапония, Германия, Сингапур сияқты елдермен байланысып, экономикалық одақ құрып жатсақ, онда түсінуге болады. Ал Ресейді халықаралық сарапшылар дамыған елдердің қатарына қоспайды. Ресейдегі ахуал қазір бүкіл әлемді ойландырып отыр. Көрші елдерге үстемдігін жүргізгісі келетін елмен серіктестік байланыс орнатарда кез келген мемлекет ойланады. Біздің үкімет Одаққа енерде ең алдымен осыны ескерген жоқ.
– Қалай десек те Одақтың мүшесіміз. Бүгінде Одақ талаптарына бағына берсек тоқыраймыз дейтін кәсіпкерлер бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
– Бұл Одақ кәсіпкерлерге ғана емес, халыққа да кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, кәсіпкерлерден бөлек, кез келген қарапайым адамды алайықшы. Өзіне көлік алғысы келетін, техниканың тілін білетін адам қазір орыстың машинасын алғаннан гөрі немістің машинасын алуды жөн көреді. Ресейдің зауытынан шыққанына үш жыл болған көлігінен, немістің 10 жыл болған көлігінің сапасы артық. Осы тұста Ресей қулыққа басып отыр. Біз қазір Ресейден зауыттан шыққанына үш жыл болған көліктерді алатын болсақ, кедендік БАЖ салығы өте төмен болады. Германиядан басқа да Еуропа елдерінен көлік әкелетін болсақ, олардың кедендік салығы үлкен. Міне, Ресей қарапайым халыққа осылай ықпал етіп, өзінің сапасыз көліктерін біздің нарыққа тықпалап отыр. Өнеркәсіп саласында да Ресейдің шығарған құрал-жабдықтарының сапасы түкке тұрғысыз. Бірақ соны алуға мәжбүрміз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін де тықпалап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Ресей біздің нарықты сапасыз тауарларымен, өнімдерімен жаулап алуда. Бұл өз кезегінде біздің кәсіпкерлерге де, халыққа да кері ықпалын тигізеді.
– Біздің кәсіпкерлер сонда қол қусырып отыр ма? Олар да өз өнімдерін Ресейге барып өткізе алады емес пе?
– Өткізе алады, бірақ үлкен машақатпен. Ресей қазір Одаққа өзге мүше елдерге өз бастамаларын таңа бастады. Соның бірі – тауарларды таңбалау («маркировка товаров»). Мәскеу бұл идеясын ізгілікпен бүркемелеп отыр. Олардың ойынша, барлық затты таңбалау контрабандаға, контрафактіге тосқауыл қояды. Таңбасы жоқ тауар «жалған» деген сөз. Бірақ контрабандаға да, қолдан жасалған өнімдерге де еш тоқтау болмады.
– Мәскеудің өзі қазір Еуропа тарапынан салынған санкцияларды айналып өту үшін «параллельді импортты», яғни контрабанданы жүргізіп отыр емес пе?
– Міне, айтпағым осы ғой. Мәскеудің өзі Одақ талабын осылай бұзды. Бірақ Ресей парламенті қабылдаған заңдарға сәйкес, ресейлік импорттаушыларға шетелдік, тіпті қазақстандық өнімдерді де өндірушінің немесе құқық иегерінің келісімінсіз Ресейге әкелуге рұқсат етілді. Бұл үшін енді ресейлік құзырлы органдар ешкімді қудаламайды, жазаламайды. Ресей осы арқылы дамыған елдердің санкцияларын айналып өтуде. Яғни осыдан кейін тауарларды маркалаудың еш мәні қалмаған еді. Алайда бізде тауарларға әлі одақтың таңбасы соғылады. Мысалы, 2022 жылдың шілде айынан бастап, Қазақстанда дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы және қадағалануы енгізіле бастады. Бұқара халық былтырдан бері дәрі-дәрмектің қатты қымбаттағанын байқады. Себебі препараттардың әрбір қорабын маркалау тегін емес, ақылы. Тиісінше, көтерме жеткізушілер мен дәріханалар оның құнын қарапайым тұтынушылардан, сырқаттардан өндіреді. Осылайша, одақ аясындағы талап –халықтың қалтасын қағып отыр.
– Демек, «елдегі қымбатшылықтың дендеуіне Еуразиялық экономикалық одақтың талаптары да әсер етіп жатыр» деген сарапшылардың пікірінің жаны бар ғой...
– Әлбетте. Қымбатшылық болады. Бірақ біздің атқарушы билік одан бас тарта алмай отыр. Үкімет осы арқылы көлеңкелі экономиканы жоямыз деген ескі әніне басуын қояр емес. Цифрлы таңбалаудан фармацевтика нарығындағы көлеңкелі экономика жойылады деп айта алмаймын. Ресей шетелдік дәрілерді Қазақстан арқылы көлеңкелі жолдармен тасуды өрістетіп жатқанда, көлеңкелі нарық өспесе, кеміген жоқ. Бұдан бөлек, одақтық таңбалау тон, ішік, зергерлік бұйымдар, аяқ киімдер, темекі өнімдері, алкоголь өнімдерін, қапталған су мен спиртсіз ішімдіктерді, жеңіл өнеркәсіп тауарларын және басқасын қамтитын болады. Сарапшылардың айтуынша, Мәскеу осы арқылы өзіне ұнамайтын елдердің өнімдерін одақ аумағына енгізбей, тежеп отыр. Кәсіпкерлер мен тұтынушылар тарапынан бұл өткір сыналып жатыр. Отандық бизнес Мәскеудің бұл бастамасынан мүлдем бас тартуды талап етіп келеді.
– Ал мұндай талаптарды үкімет орындай ала ма?
– Табандаса орындауға болады. Қазір отандық бизнес сүт өнімдерін таңбалау жобасын тоқтата алды. Бұл қымбатқа түсетін, қажеті жоқ жоба. 2020 жылы басталған сүт өнімдерін маркалау жөніндегі пилоттық жоба сүт өнімдерінің құнын тек өндіріс кезеңінде шамамен 30 пайызға қымбаттатып жіберді. Аяқ киімдерді таңбалау да бизнеске қымбатқа түсуде. Бұл дегеніміз – қазақстандық шағын бизнес әрдайым ұтылып отырады деген сөз. Шынында, бұл өз еңбегімен өсіп, өніп, өз күшімен көтеріліп келе жатқан кәсіпкерлер үшін ауыр талап. Қосымша қаражатты қажет етеді. Сондықтан үкімет құлақ асса, таңбалау атаулыны доғаруы керек. Бұдан отандық бизнес дағдарысқа кетеді. Қосымша қаражаты жоқ бизнес таңбалау ақысын шығарған өнімінің үстіне қосады да қымбатшылық дендейді. Сайып келгенде, мұның соңы тағы сол қарапайым халықтың қалтасына салмақ салады.
– Жуырда сауда жəне интеграция министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Бұл заң жобасы қабылданса, жаңағы таңбасы жоқ тауар шығарған кәсіпорындар жазалануы да мүмкін ғой…
– Иә, бұл отандық бизнестің қатты алаңдаушылығын туғызуда.Жаңа заң жобасы қабылданса, билік таңбасы жоқ тауар шығарған қазақстандық кәсіпорынды жауып тастауы да мүмкін. Аталмыш құжатқа сәйкес, өндіруші немесе өткізуші компания таңбалануға жататын тауарларды таңбаламай заңсыз сатса, алдымен ескерту жасалады. Содан соң жұмысын доғаруы мүмкін екендігі атап көрсетілген. Сауда және интеграция министрлігі бұл Еуразиялық одақтың талабы екенін айтады. Министрліктің де әуені сол – бұл заң көлеңкелі экономикамен күреске қажет. Үкімет Одақтың осы талабын орындап, кәсіпкерлерімізге қатаң жауапкершілік енгізгелі тұр. Осылай Ресейге одан әрі байланғалы отырмыз.
– Негізінде, көлеңкелі экономиканы, контрабанданы цифрлық таңбалау арқылы жеңеміз дегенге сенесіз бе?
– Жемқорлардың жемсауын бір ғана таңбалау жояды деу – ертегі. Кеденінен бастап, үкіметіне дейін қомағайлықтан тыйылғанда ғана экономика дамиды. Көлеңкелі экономика сонда тыйылады. Бізде барлық салада жемқорлық дендеп тұр. Тендердің айналасында жемқорлық. Кеден жемқорлықтан тыйылған жоқ. Ресейді де жемқорлық дендеп тұр. Жемқорлық жайлаған екі елде қандай көлеңкелі экономиканың тыйылуы болсын. Көлеңкелі экономика әр елдің заңы мықты болғанда тоқтайды. Үкіметте сауатты, білікті, өз ісінің білгірлері ғана емес, адал қызметкерлер жиналғанда ғана көлеңкелі экономика тоқтайды. Ал бізде, керісінше, үкіметтегілердің дені өз ісін білмейді. Осыдан барып Ресей айтса да, басқа айтса да бас шұлғып, соның жетегінде кетеді. Біздегі ең негізгі кемшілік – осы. Ресейдің атқамінерлері Қазақстанды өзінің бір құрамдас пұшпағындай көреді. Қазақ елінің мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені қаперіне кіріп шықпайды. Егер біздің министрлер қазақша ойын жеткізе алмай тұрса, орыстың қаперіне қайдан кірсін. Осы одақ сымақты жөнге келтіретін бірден-бір қару бұдан былайғы келіссөздерде қазақ тарапынан жасалатын құжаттар орыс тілінде емес, қазақ тілінде жасалса. Ресейліктер түсінгісі келсе аудармашы әкелсін!
– Бас шұлғу, жетекке еру, біліксіз маман, тіл білмеу тақырыбы айтыла-айтыла әбден жауыр болды. Қалай ойлайсыз, бізде неге бұдан қорытынды шықпайды?
– Өйткені үкіметте есту, айтылған пікірге құлақ асу жоқ. Бір ғана мысал айтайыншы, кешегі Абай облысындағы өрт болғандағы жағдай есі бар адамның көзін ашты. Саладағы жемқорлық, мамандардың біліксіздігі бүтін бір облысқа үлкен шығын әкелді. Экология саласын өрімдей қыздың басқаруы және оның ол саланы жетік білмеуі мәселені осыған әкеп тіреді. Қарап отырсаң, үкіметтегі министрлердің дені өз саласын түсінбейді. Кейде бір жиындарын көріп отырсаң, әлгі министрлер көмекшілері дайындап берген баяндамаларды оқып бере салады. Қосымша сұрақтар қойылса терлеп-тепшіп, жауап бере алмай қиналады. Қазақ тілін білмейтін, қазақша ойлай алмайтын министрлер ауыл жайлы реформалар ұсынады. Ауылға барып көрмеген министр ауылдың экономикасын дамыту жайлы сөз қозғайды. Кезінде Советтік кезеңде колхоз төрағасы қызметіне жету үшін қарапайым қара жұмыстан бастап, сатылап көтерілетін. Қазір «Болашақпен» оқып, орыс, ағылшын тілін білсе болды министр болып шыға келеді. Өз басым, сол «Болашақпен» оқып келгендерді бірінші ауылға, өндіріс орындарына жіберіп, қара жұмысқа жегу керек деп ойлаймын. Ол жерлерде қандай мәселелер бар, көздерімен көрсін, үйренсін. Қазақстанның шетел емес екенін, олар оқып келген шетелдегідей дамып үлгермегенін білсін. Содан кейін барып, ақыл тоқтатқан кезде бір лауазымға тағайындауға болады. Қазіргі үкіметтегі жастар «сарыауыз балапандар». Олар Ресейдің министрлерімен немесе басқа елдердің делегаттарымен кездесуге барғанда айдаһардың алдында отырған көжектей кез келген келісімге бас шұлғып, қол қоя салады. Өз саласын жете түсінбейтін, өз тілін білмейтін, қажет болса қазақылықтың не екенін ұқпайтын министрлер елдің мүддесін бірінші орынға қояды деп айта алмаймын. Сондықтан үкіметте сауатты, ұстанымы мықты кадрлар болса, кемшіліктер азаяр еді. Болашақта осыған қатты мән берілуі керек.
– Ал өзіңіз сияқты кәсіпкерлерге не айтар едіңіз?!
– Талап қоя біліңіздер дер едім. Талап қою, қарсылық білдіру көшеге шығып аттандау, ұрандау емес. Мен қазір E-GOV ашық үкімет порталы арқылы барлық арызымды, шағымымды жазамын, ұсыныстарымды білдіремін. Тек қазақ тілінде. Солай қағаз жүзінде ұсыныс, талаптарды білдіріп отыру керек. Сосын кәсіпкерлерге «ең алдымен ақшаны үнемдеуді үйреніңдер» дер едім. Бізде кәсіп иелері бар, сәл табыс тапса, қымбат көлік алып, масаттанып, табаны жерге тимей кетеді. Бұл дұрыс емес. Орташа маркадағы көлікпен жүріп-ақ істі тындыруға болады. Өз күшімен тапқан қаражатты үнемдеу керек. Үкіметке сеніп отыратын заман емес. Сондықтан тапқан түсімін үнемдеп, кәсіпорындарындағы білікті кадрларын сақтап қалуға күш салып, өз күнін өзі көру керек. Қазір «өкімет өлтірмейді» деген түсінік жоқ. Ресейдің ықпалында кеткіміз келмесе, кәсіпкерлер өзін-өзі жетілдіріп, дамуы қажет. Заңдық тұрғыда жетілуі керек. Сол кезде ғана отандық бизнес өркендейді. Бизнеспен айналыссаң, бірақ заңды білмесең, көрінгенге жем боласың. Тура қазір біздің атқарушы биліктің қалпы – осы. Әр саланы басқаратын министрлер бар, бірақ өз саласын толық меңгермеген, ондағы мәселелерді қалай шешу керектігін түсінбейді, қиын сәтте ұтымды шешім қабылдай алмайды. Мұндай жағдай қарапайым адамдардың басында болса да ұтылады, жем болады. Сондықтан әр қазақ жем болмауды үйренуі керек. Өзінің мүддесін өзі қорғайтын ел болғанымыз абзал.
– Әңгімеңізге рақмет...