Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:17, 27 Қазан 2023

ЕАЭО өсірмеген экспортты қайта сақтандыру құтқара ма?

Экспорт
Фото: egemen.kz

Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылмақ. Аталмыш компания құрылса, Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі сауда айналымы 6 млрд долларға өседі деген болжам бар.

Сондай-ақ бұл компания қайта сақтандыруды, тәуекелдерді зерттейді, оны азайтуға күш салады. Нәтижесінде бірлескен бизнес-жобалардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашылмақ. Бір сөзбен айтқанда, компания экспорттық әлеуетімізді ұршықша иіреді-міс.

Бір жоспар, мың идея...

Негізінде бұған дейін де біздің барлық жоспарымыз экспортты ұлғайту аясында түзілген. 2007, 2014 жылдары Мәсімов үкіметті басқарып тұрған тұста «экспорттық деңгейімізді көтереміз» деп не ойлап таппады десеңші. Осы тұста индустриалды-инновациялық бағдарламалар, өңірлерді дамыту бағдарламалары, жол карталары ойластырылды. Тіпті «экспорттық әлеуетімізді, экономикалық ахуалымызды дамытамыз» деп 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа, ДСҰ-ға да кіріп алдық. Түрлі бағдарламаларды ойластырып, Қазақстанды экономикалық ұйымдарға кіргізе алғаны үшін Кәрім Мәсімовті данышпан көріп, оны «дағдарысқа қарсы менеджер» атағанымыз да күні кеше. Осы күні өзі «мемлекетке опасыздық жасап», түрмеде жатыр, мақтаулы бағдарламаларының есебін сұрап жатқан ешкім жоқ.

экспорт
Фото: henrymr.com

Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы заңды сенат мақұлдады. Негізінде бұған дейін Қазақстанның экспорттық операциясы KazakhExport компаниясы арқылы сақтандырылып келді. Алайда бұл компанияның мүмкіндіктері шектеулі бола бастаған. Сондықтан бұл компания өз тәуекелдерін Англия, Швейцария сияқты елдердегі халықаралық компанияларда қайта сақтандырып отыр. Ал бұл шетелдік компаниялар Ресей мен Украина соғысы басталғаннан кейін Ресейге тасымалданатын тауарларды сақтандырудан бас тарта бастаған. Міне, сондықтан тәуекелді қайта сақтандыру үшін Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылып жатыр. Жаңа компанияның жарғылық капиталында Қазақстанның жарнасы – 20 пайыз. Бұл шамамен 25 млрд теңге. Беларусь – 30, Армения – 3, Қырғыз Республикасы – 2, ал Ресей 45 пайыз. Аталған мемлекеттер бұл ақшаны жарна ретінде бір рет салады, ол айналымға түседі. Мемлекеттерден алынған жарна сақтандыруға кетеді. Егер кәсіпкерлердің экспортқа шығарған тауарлары жоғалып кеткен жағдай болса, аталмыш компания оның құнын төлеп береді. Одан бөлек Ресей мемлекетіне қазақстандық кәсіпкердің тауары барды делік, көрші елдің кәсіпкерлері тауардың құнын толық төлей алмай, 100 млн доллардың жартысын береміз, ал қалғанын тауардың барлығы өткен соң есептесеміз» деген жағдайлар да көп кездеседі. Міне, қайта сақтандыру компаниясы осындай тәуекелдер кезінде де кепіл болады. Экспорттаушы несие алып, оны төлей алмаған жағдайда да осы сақтандыру компаниясының қызметіне жүгініп, несиені тиімді төлеудің жолдарын қарастыруға болады. Компания қайта сақтандыру саласында маркетингтік зерттеулерді, консультациялық және ағартушылық қызметті жүргізеді.

Алайда «мұндай форс-мажорларды, нарықтағы жағдайды реттейтін ЕАЭО аясында арнайы бекітілген заңдар бұрыннан бар. Осы уақытқа дейін ол заңдарға мойынсынбай, одақ аясында құқықтық теңсіздіктерге жол беріледі. Ал енді заңның күші жетпей жатқанда қайта сақтандыру компаниясы ол теңсіздіктерді, тәуекелдерді жоя алатынына толыққанды кепілдік бар ма?

Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің пікірінше, мұндай келісімді қабылдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге белгілі бір шектеулер тудыруы да мүмкін.

«Қазір бұл сақтандыру қорының ЕАЭО елдеріне берері мол деп жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда айналымын ұлғайту, сондай-ақ олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге өткізу жайын бұған дейін де қаузағанбыз. Алайда ЕАЭО аясында көптеген теңсіздіктерге жол берілді. Бұл одақ тек Мәскеудің мүддесін көздейді. Қазақстанға берері аз. Сондықтан қайта сақтандыру қоры да көбіне ресейлік кәсіпкерлерге жағдай туғызып жүрмесін. Үкімет осы жағын пысықтауы керек», – дейді ғалым.

Экспорт
Фото: esnews.kz

Одақ аясындағы құқықтық теңсіздік

Ең алғаш одаққа енген тұста біз «отандық шикізат өндірушілер үшін нарық кеңейеді» деп үміттендік. «Ресейлік компаниялар салықты бізде төлейді» деп ойладық. Себебі Қазақстандағы салық жағдайлары тартымдырақ болды. Бірақ бұлардың бірі де орындалмады. Бүгінде Ресей тарифтік емес реттеудің түрлі тәсілдерін қолдану арқылы қазақстандық дайын тауарларды Ресей нарығына енгізбеу үшін барлығын жасап жатыр.

Мысалы, Ресейде локомотив парктерінің 80-90 пайызы тозған. Бірақ олар ЕАЭО аясында Қазақстан темір жолы өндіретін Evolution тепловозын Ресейге енгізбейді. Мұның салдарынан біздің алпауыт технологиялық жобамыз іске аспай қалды. Ресей бұдан да басқа жолмен қазақстандық компанияларды өз нарығынан ығыстыруға тырысады. Ойдан шығарылған түрлі сылтаулармен қаншама тауар жүгі Қазақстанға кері қайтарылды. Ең қиыны, Қазақстан компанияларының басқа серіктестерімізге де тауарларын экспорттай алмаған сәттері болды.

Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар алмасуы 12-14 миллиард доллар болды. Өзара тауар алмасады дегенмен, Қазақстан сыртқа негізінен шикізат экспорттайды. Автокөлік, құрал-жабдықтар, металл өнімдері, киім-кешек, дәрі-дәрмек, химиялық заттарды, азық-түліктерді көбіне Ресейден аламыз. «ЕАЭО аясында отандық өнім өндірушілердің нарығын кеңейтеміз, олар шикізаттық емес дүниелерді де Ресейге өткізе алады» деген уәж орындалған жоқ. Бүгінде елімізге енетін Ресей импорты 46 пайызға өскен. Бұдан Ресейдің Қазақстанды арзан шикізат жеткізуші елге және өздерінің дайын өнімдерін бізге өткізетін нарық алаңы деп есептейтінін аңғаруға болады.

Енді «Дүниежүзілік сауда ұйымына енгендегі мақсатымыз орындалды ма» деген де сауал туындайды. Бұл ұйымға кіргелі шикізат экспортының 2 пайызын ғана ең соңғы өнімге дейін жоғары өңделген күйінде сыртқа шығарыппыз. Мұндайда «сонда біз шикі экспортты ұлғайту үшін ғана түрлі ұйымдар мен одаққа, қайта сақтандыру қорларына мүше болдық па?! Сонда ең соңғы дайын өнімге дейін өнім өндіру, инновациялық әлеуетті көтеру, әлемдік нарыққа Қазақстанда жасалған дүниелерді көптеп енгізу идеясы қайда қалды» деген сауал да мазалайды.

Кезінде «дағдарыс менеджері» атанған Мәсімов те, одан кейін «көнбіс кабинет» атағын алған Сағынтаев үкіметі де, жұмысына «үштік» баға берілген Мамин үкіметінің де нақты ойластырылмаған шикі идеяларын пісіруге бұйығы жатып алған Смайыловтың шамасы келе ме осы?

Маман пікірі:

Әсем Қасымханова, саяси-экономикалық бақылаушы, саясаттанушы:

Қазақстанның экспорт құрылымы өзгерген жоқ

Экспортымыздың 90 пайызын сол бұрынғыша шикізат құрайды. Бұл одақтар аясында қазақтың өңделген өнімдері әлемдік нарыққа шыға алмаса, оның қажеті не деген сауал туындайды. Біздің үкіметке одақ, ұйым, қор халықаралық жоба дегеннен гөрі ең алдымен нақты құрылымдық өзгерістер енгізген абзал. Ауылдық аймақтарда шағын кластерлер, бірлестіктер құруды қолға алған жөн. Сол кластерлер арқылы агро-өнімдерді өндіру, оны дайын өнімге дейін өңдеу жағы шешілуі қажет. Тері-жүнді өртеп жатырмыз. Ең болмаса тігін жібін алсақ болар еді ғой. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпке қажетті үзілмейтін топс жібін өндіруді қолға алсақ қандай жақсы болар еді. Мұндай жіпті тігіншілеріміз Италиядан тасып жүр. Бізде шикізат көп, игеру жоқ. Сол тәрізді мұнай химиясына мән бермейміз. Бүкіл әлем қазір мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз, керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттап, мұнай шикізатының аз ғана бөлігін мотор отындары мен дизельді отын ретінде қолданып жатырмыз. Мұнайдан шығатын ілеспе газды да ұқсатқанымыз шамалы. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер мұнайдан сабын, үстел, қаламсапқа дейін алып отыр.

Сондықтан үкімет алдымен агро саланы, одан кейін мұнай химиясын жетілдіруге шындап кірісуі қажет. Олай етпесек, біздің ұтылғанымыз ұтылған. Бұл салаларды қолға алмасақ, біз мәңгі шикізат өндіруші ел болып қала береміз...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: