Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:03, 30 Мамыр 2023

ЕАЭО жиынындағы екеу және басқалар

None
None

Кезінде ТМД кеңістігінде Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ тағы сынға ұшырады.

Батыс пен АҚШ, қала берді осы аймақтағы сарап­шылар бұрыннан-ақ сынап келе жатыр ғой, бірақ бұл жолы ЕАЭО-ны басқа емес, осы одаққа мүше елдер басшыларының бірі – Қазақстан президентіҚасым-Жомарт Тоқаев сынады.

ЕАЭО форумында ерекше көзге түскен екі оқиға: Бірі – Қазақ­стан президенті Тоқаевтың мәлімдемесі, екіншісі – осы мәлімдеме кезінде қатар отырған Путин мен Лукашенконың өзін ұстауы. Тоқаев:«Бізде Еуразия экономика одағы аясында одақтас мемлекет бар, яғни «Екі ел – бір мемлекет» формуласы бойынша әлемдік саясат тарихында бірегей құбылыс пайда болды. Олардың саясаты, әскери құқығы, экономикасы, валютасы, мәдениеті, үкіметі мен парламенті де біртұтас. Кешіріңіз, тіпті ядролық қаруы да ортақ», – деп мәлімдеме жасап жатқанда қатар отырған Лукашенко мен Путин ым-жымы жарасқан адамдарда ғана болатын ишарамен бір-біріне қарайды. Сосын, сыбырласып, жымыңдаса қол алысады.

Осыдан кейін-ақ әлеумет­тік желі мен БАҚ бет­терінде түрлі болжамдар пайда болды. Әрине, бұған дейін Ресейдің ықпалында екені жиі айтылып жүрген Қазақ­станның мұндай мінез көрсетуі нені білдіреді? Және бұл осымен екінші мәрте қайталанды деуге бола­ды(Тоқаев былтыр Петерборда ЛНР мен ДНР-ды квазимемлекет­тік құрылым деп атап, мойындамайтынын айт­қан). Біраз сарап­шылар бұл АҚШ-қа, батысқа бағыт­талған месседж екенін айт­ты; кейбір саясат­танушылар бұл форумда соншалық көңіл бөле қоярдай ештеңе айтылмады дейді; енді біреулер Тоқаев осы арқылы Қазақ­станның бейтарап позициясын мықтап ұстанатынын тағы бір мәрте білдіргісі келді дегенді айт­ты; ал кейбір ресейлік басылымдар Қазақ­стан президентінің Ресейге қатысты жиындарда тосынсый жасайтыны әдетке айналғанын да жазып жат­ты.

Форумнан кейін Лукашенко бастап, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песков қоштап, біршама пікір білдірді. Лукашенко, тіпті акустиканың салдарынан Тоқаевтың дау­сын дұрыс естімедім деп салды. Бір қызығы – ол ядролық қарудың Беларусьқа қойылатынын осы сәт­те ғана естіген сияқты пікір білдірді. Журналистерге берген сұхбатында: «Ядролық қару туралы айтылып жатқанда, шынымды айтсам, акустиканың кесірінен дұрыс естімей қалдым. Владимир Владимирович маған ядролық қаруды Беларуське орналастыру туралы шешім шыққанын айт­ты, мен ризашылығымды білдіріп, қолын алдым. Болғаны сол ғана», – деді. Сондай-ақ: «ЕАЭО мүше елдердің кез келгені, Беларусь пен Ресей одағына кірсін, ешкім кедергі келтірмейді, сосын бәрінде ядролық қару болады» дегенді де қосып қойды.

Лукашенконың бұл ұсынысына қатысты алдымен президент­тің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Қазақ­стан қандай да бір одақтас мемлекет­тер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниет­ті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», деді. Одан кейін Солтүстік Қазақ­станға сапарында президент­тің өзі Лукашенконың бұл сөзін әзіл ретінде бағалады және Қазақстанның ядролық қаруға қатысты бейбіт ұстанымын тағы бір еске салды.

Жалпы, Еуразиялық одақ туралы қазақ қоғамында түрлі пікір айтылады. Негізінен қарсылар көп деуге болады.

1-бет­тен

Бұл одақта үріп ішіп, шайқап төгіп, күлшелі дүниенің қызығын көріп келген бір ғана ел бар. Ол – Ресей. Кедендік баж салығынан түсетін пайданың 85 пайызы Ресейге тиесілі, Қазақ­стан иелігінде 7 пайыз, «колхоз» директоры басқарған Беларусь әупірімдеп 5 пайыздың көлемінде бірдеңе алса, Армения мен Қырғызстан талғажау етерлік мардымсыз дүниеге ғана ие. Ең бастысы – Ресей өз тауарын одаққа мүше елдерге саудалап, майлы сүйекті мүжіп отырған жайы бар. Рас, әу баста одақ құрушылар, «экономикалық одақтың мүмкіндігі үлкен, мүшелікке Түркия, Иран, Үндістан, т.б. мемлекет­тер кіретін болады» деп лепіргені бар. Бірақ қауқарсыз Қырғызстан мен Армения ғана еніп, сонымен шектеліп қалған. Әрине, алпауыт­тар жоқ жерде бар үстемдікті Ресей сақтап қалды.

Ресей-Украина соғысы мен Ресейге салынған санкциялар кезінде Қазақ­станның басқаша бағыт ұстанар амалы да жоқ. Оның үстіне Тоқаев Қазақ­стан қоғамының көңіл күйін жақсы біледі. Сондықтан оның бұл мәлімдемесі артындағы ел үшін де, ар жақтағы батыс мемлекет­тері үшін де маңызды.

Ал Тоқаевтың одақ ішінен одақ құрып отырған Ресей мен Беларусьті сөз ете келіп, жалпы одақ жұмысын қайта қарап, саралайтын кез келгенін, ЕАЭО-ға сая­си мән берудің қажеті жоқ екенін һәм интеграция тек экономикалық сипат­та ғана жүру керек деген мәлімдемесі нені меңзейді? Бұл баспасөз бет­терінде «Тоқаев ЕАЭО-тың жұмысына көңілі толмайды, алдағы уақыт­та мүшеліктен бас тартуы мүмкін» деген алыпқашпа әңгіменің шығуына да түрткі болды. Саясат­танушылар да Қазақ­стан президентінің айт­қан сөзінің өзегіне үңіліп, түрлі болжам, сараптама жасап жатыр.

Ал шынтуайтында, мәселе бұл екі ел президентінің не жөнінде сөйлескенінде емес, қазіргі ең басты дүние – Ресей мен Беларусьтің Батыстың салған санкция құрсауында отыруы. Ал мұндай жағдайда экономикалық интеграция жөнінде сөйлесу, саммит өткізу қаншалықты маңызды? Түсініксіз. Айтпақшы, «Екі ел – бір мемлекет» жоспарын жасап отырған Ресей мен Беларусьтің экономикалық одақтағы үлесі тіпті арта түсері хақ. Ал одақтың өзге мүшелері «баяғы жартас, сол жартастың» күйін кешіп, азын-аулақ пұлға шүкіршілік етіп отыра бермек пе?

«Қазақ­станның нарығы шағын. Барымызды экспорт­тайтын алаң керек. Сондықтан ЕАЭО секілді құрылым қажет. Алайда бұл жерде Ресейдің үстемдігі байқалып отыр. Қазақ­стан тауарларына шектеу қою, кіргізбеу секілді фактілер көп. Мәселен, өткен жылы Ресей Қазақ­станның 660 миллион доллар тұратын экспортына кедергі келді. ЕАЭО заңына сәйкес одаққа мүше елдердің тауарлары еркін айналымда болуы тиіс еді. Бірақ Ресей одақ заңдарын пысқырып тұрған жоқ», – дейді Экономикалық саясат институтының директоры, экономист Арыстанбек Қайырбеков.

Әлбет­те, мұндай жағдай қайталана берсе, Ресей тарапынан қысым көріп отырған одақтың кез келген мүшесі, одақ жарғысындағы мүше болу және одан шығып кету бабын пайдалана отырып, ЕАЭО-мен қош айтысуына болады. Бірақ жаңа нарық табу оңай емес екені белгілі.

«Қазақ­станның ЕАЭО-дан шығуы дәл қазір мүмкін емес. Бұл экономикалық одақ біз үшін өте бір тиімсіз құрылым болып тұр. Мәселен, Ресеймен еліміздің арасындағы сауда айналымы 24 миллиард доллар болса, 18 миллиарды Ресейге тиесілі. Тіпті Қазақ­стан импортының 42 пайызын Ресей құрап отыр. Валюталық саясат­та да қазақ теңгесі орыстың рубліне тәуелді. Біз Ресейге өз нарығымызды беріп қойған елміз. Енді оны тықсырып шығару қиын. Тәуелділіктен құтылудың бір жолы, ол жақтан келетін тауар көлемін азайта отырып, өз өнімімізді көбейту. Басқа жол жоқ. Біз ол одақтан бас тарта аламыз ба? Бұл өте қиын процесс. Экономикалық әлеуеті қуат­ты Ұлыбританияның өзінің Еуроодақтан бөлінуі біраз жылға созылды. Ол алпауыт мемлекет­тің жанында біз кімбіз? Ресей бізге экономикалық «соғыс» ашуы, әлімжет­тік жасауы мүмкін. Қазақ­стан мұнайының 80 пайызы өтетін Каспий құбыр консорциумын жауып тастаса болды, Қазақ­стан тығырыққа тіреледі де қалады. Былтыр және биылғы жылдың басында Ресей осы мұнай айдайтын құбыр жұмысын түрлі сылтаумен бернеше рет тоқтат­ты. Шығын көлемі қандай екенін көрдік. Бұл Қазақ­станды «жуасытуға» арналған бір тетіктің жұмысы. Ресей қолында мұндай тетік көп. Одақтан шығуды мақсат етсек, алдымен экономикалық тәуелділіктен құтылудың жолын қарастыру керек. Сосын барып, одақпен қоштасуға болар. Ал әзірге, Тоқаевтың өзі айт­қандай Одақтың жұмысына жан бітірген жөн. Өйткені қазір Ресей де, Беларусь та санкцияда отыр. Еуропа және өзге елдер Ресейге тауар сатпайды. Бүкіл тауар Қазақ­стан арқылы өтуде. Неге онда Қазақ­станның үлесі ЕАЭО-да аз болуы тиіс. Міне, кешегі саммит­те Тоқаевтың да ЕАЭО-дағы тауар саясатын өзгерту керек дегені осы мағынада айтылған», – дейді экономист Мақсат Халық.

Демек, алдағы уақыт­та ЕАЭО мүшелері Тоқаевтың ескертпелерін таразыға тарта отырып, одақтың тауар саясатын өзгерте ме? Әлде бұл да кезекті бір одаққа айтылған сын есебінде қала ма? Мәселе осында.

«Ең алдымен Тоқаев ЕАЭО Ресейдің үстемдігіне ырза емес. Қазақ­стан және өзге мүшелер ұтылыста отыр. Солай бола тұрса да санкцияда отырған Ресейге Қазақ­стан үлкен жәрдем беруде. Тіпті Батыстың санкция саламыз дегеніне қарамастан, Қазақ­стан тәуекелге баруда. Бірақ Мәскеу оны елегісі келмейді. Осының бәрін електен өткізген ресми Астана ЕАЭО-ғы ойын жүйесін өзгертуге мүдделі. Мұны Тоқаев ашық айт­ты. Қазақ­станның мүддесі тұрғысынан сөз қозғады. Екіншіден, Тоқаев Қазақ­станның Ресейге тәуелді емес екенін Батысқа дәлелдеуге тырысып жатыр. Бұрнағы жылы Санкт-Петербурда өткен форумда Қырым өз алдына, Донецк пен Луганскіні де мойындамаймыз дегені белгілі. Бұл жолы ешкім кемшілігін айта алмаған ЕАЭО-ға осы одақтың саммитінде сын айта отырып, Батыстың Қазақ­станға деген көзқарасын өзгертуге тырысты. Үшіншіден, Украинаға қарсы басқыншылық соғыс жасап отырған Ресей қазір әлсіреді. Батыстың салған санкциясы титықтат­ты деуге болады. Яғни Ресейдің әскери әлеуеті кеміді, экономикасы дағдарыста, сая­си-империялық амбициясы шектелді. Бұл жерде кеше ғана барып келген Қытай сапары да жанама себеп болуы ықтимал. Қазақстан үшін Ресейдей 150 миллиондық нарықты жоғалту түк емес. Керісінше, бір жарым миллиардтық нарыққа арқа сүйей алады. Осының бәрін безбенге салған Тоқаев ойындағысын ашық айта алды», – дейді саясат­танушы Сайын Борбасов.

Лукашенко осыдан біраз бұрын ғана ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуінде Ресей-Украина соғысын сырттай тамашалап отыра беруге болмайды, бір жағына шығу керек деп, тапсырма бере сөйлегені есте. Мәскеудегі мәлімдеме арқылы Тоқаев Лукашенконың сол сөзіне жауап бере кетуді де ойлаған сияқты.

Не де болса, Қазақстан әлі де бейтарап позиция ұстанатынын, жау іздеген Ресеймен байланысы тек қана экономикалық тұрғыда екенін, одан басқаға жоқ екенін тағы бір мәрте білдірді. Бұған Батыс қалай қарайды, Ресей қалай қабылдайды, белгісіз. Әзірге алыстан аңдып отырған Батыс та, ЕАЭО-ны өткізген Мәскеу де үнсіз. Ал, ЭАЕО-ның сәнін кіргізген екеудің бірі ядролық қаруға қол жеткізудің оңай жолын тапқанын айтып, әзілдеп жүр...

Тегтер: