Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:19, 23 Маусым 2023

ЕАОЭ – өсім мен өнім

None
None

Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы 1994 жылы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінде бастама көтеріліп, тек 20 жылдан кейін ғана іске асып, бұл экономикалық одаққа кірген посткеңестік республикалар үшін тарихи оқиғаға айналғаны анық.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан астанасында қол қойылды. Аталған құжат Одаққа қатысушы елдердің экономикаларын дамыту үшін ұзақ мерзімді тұрақты жағдайларды қамтамасыз ететін еуразиялық интеграцияның дамуына бастау берді, сондай-ақ төрт еркіндікті: тауарлар, капитал, қызметтер және жұмыс күшінің еркін қозғалысын жүзеге асыруға мүмкіндік жасады. 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт күшіне енді. Бірнеше жыл қатарынан мемлекеттердің сыртқы саясатына қызмет етіп келе жатқан ЕАЭО-да тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің қозғалу еркіндігі, сондай-ақ экономика салаларындағы үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясаттың жүргізілуі қамтамасыз етіледі. ЕАЭО ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олардың бәсекеге қабілеттігін арттыру және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде орнықты даму үшін жағдайлар жасау мақсатында құрылды. 2021 жылы ЕАЭО-дағы жалпы ішкі өнім 2 045,0 трлн долларды құраса, әлемдік ІЖӨ құрылымында жалпы нарықтың 3,2%-ын құрады.

Биыл 25 мамырда Мәскеу қаласында ІІ Еуразиялық экономикалық одақтың кеңесі болып өтті. Аталмыш кеңеске Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан Республикасы мен Ресей Федерациясының президенттері қатысты. Кеңесте Одақ тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды екені аталып өтіп, экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланатыны ескерілді. Қазіргі таңда одақтың қызметіне қатысты түрлі қайшы пікірлердің туындауына байланысты 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен экономикалық сипатқа ие екенін ел басшылары алға тартты. Сонымен қатар форум барысында ЕАЭО-қа жаңа бағдарлар ашу барысына тоқталып өтті. Себебі қазіргі таңда жаһандық тауар ағымы аса жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Сондықтан көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту мәселесі маңызды екенін алға тартты. Бұл ретте тұтас құрлықты жалғауды көздейтін ҚХР-ның «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасын мысал етіп ұсынды.

Экономистер мен саясаттанушылардың бір парасы еліміздің одақтың құрамында болуды қолдаса, бірі Еуразия одағында әзірше экономикадан гөрі саясат басым екенін алға тартады. Алайда, Еуразиялық Экономикалық Одақтың мүшесіндегі елдер үшін негізгі экономикалық әсер ретінде қажетті шикізатты тасымалдауға кететін қаржының азаюы тауарлар құнының төмендеуіне алып келсе, бір тараптан, мемлекеттер арасындағы бәсекелестіктің артуы тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға көмектесетінін естен шығармағанымыз жөн. Еуразиялық интеграцияның ядросы мен негізгі рөл Ресейдің қолында екендігі айдан анық. Қазақстан көрші елмен экономикалық түрде ынтымақтасып, бәсекелестікке үйренуде. Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстағы ЕАЭО-ның рөлі туралы экономист, экономика ғылымының кандидаты Сапарбай Жұбаев «Желмая» жобасына берген сұхбатында: «Ішкі тауарларды сыртқа шығаруда Ресейдің маңызы зор. Елімізге импортталатын және экспортталатын тауарлардың басым көпшілігі Ресейден немесе Ресей арқылы қатынайды. Себебі елімізде ашық теңізге шығатын жол жоқ. Біз Одақтың құрамында болу арқылы тауарларды экспорттауда бар болғаны 10-15% ақы төлейміз. Одақтан шыққан күннің өзінде біздің қазынаға түсетін түсімнің саны азайып кететіні анық», – деп пікір білдірді.

Тегтер: