Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:45

«Еденде ұйықтап жатырмыз, балалар ауырып қалды»: Оманда қалған қазақстандықтар Тоқаевқа үндеу жасады

К
Фото: скриншот

Таяу Шығыста қиын жағдайда қалған бір топ қазақстандық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады.

 Олардың айтуынша, әуежайдағы жағдай өте ауыр, ал эвакуация ресми органдар мәлімдегеннен әлдеқайда баяу жүріп жатыр. Бұл туралы KazTAG хабарлады.

Интернетте тараған видеода арасында қарт адамдар, балалар және мүгедектер арбасындағы адам бар отандастар көмек сұрайды. Видео авторының айтуынша, бірнеше күн Дубайда күткеннен кейін оларды Оманға жеткізіп, жақын арада ұшаққа отырғызамыз деп уәде берген.

«Біз жолда жеті-сегіз сағат жүрдік. Ұшаққа отырғызамыз деп уәде берді, бірақ кешеден бері бір ғана рейс ұшты. Жаңалықтарда Дубай мен Омандан ұшақтар ұшып жатыр дейді, бірақ ол шындыққа жанаспайды. Біз мұнда еденде жатырмыз, жағдай жоқ, балалар ауырып жатыр, қарттар қиналып отыр. Өтінеміз, бізге көмектесіңіздер!» – дейді видеода сөйлеген әйел.

«Әуе кеңістігі ашық»

Оманда қалған туристердің туыстары да рейстердің ұшпай жатқаны туралы ақпаратқа күмән келтіреді. Редакцияға хабарласқан қазақстандықтардың бірі Flightradar24 сервисінің деректеріне сүйеніп, БАӘ үстіндегі әуе кеңістігі ашық екенін, ал басқа халықаралық рейстердің ұшып жатқанын айтты.

Ал Air Astana әуе компаниясы бұған дейін туристерді елге қайтаруға арналған тұрақты рейстер тек 10 наурыздан бастап орындалатынын хабарлаған. Сонымен қатар жақын күндерге билет сату уақытша тоқтатылған.

«Сонда осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтары не істеуі керек? Неге балаларымен және қарттарымен бірге адамдар әуежайда еденде ұйықтап, тәулік бойы күтуге мәжбүр, ал мемлекеттік органдар нақты шара қабылдамайды?» – дейді шағымданушылар.

СІМ не дейді?

Жағдайды қарама-қайшы ақпараттар күрделендіріп отыр. Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өңірден 3,3 мыңнан астам қазақстандық эвакуацияланғанын мәлімдеген еді.

Алайда сол жерде қалған азаматтар өздерінің қашан елге қайтатыны туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтады.