Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:28

Еділ Жаңбыршин: “ЛГБТ насихатын шектеу – ұлт мүддесін қорғау”

Еділ Жаңбыршин
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Парламентінде ЛГБТ насихатына тыйым салу жөніндегі норма талқыланған сәтте Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өз бастамасының мәнін түсіндіріп, ел алдында мәлімдеме жасады.

Депутат өз сөзін бұл мәселенің бес жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқанын еске салудан бастады:

«Біз бұл тақырыпты талай мәрте осы мінберден көтердік. ЛГБТ өкілдері киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық фольклорда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты. Мектептерге дейін кіріп, ашық насихат жүргізді. Бұған бейжай қарау – ұлт рухына қиянат», — деді ол.

Жаңбыршиннің айтуынша, аталған қозғалыс қоғамға тек мәдени тұрғыда ғана емес, ақпараттық кеңістікте де қысым көрсетіп отыр:

«Бізге – Еділ Жаңбыршинге, Асхат Аймағамбетовке, Ардақ Назаровқа, Жанарбек Әшімжанға және басқа да депутаттарға қарсы арнайы контент әзірленіп, жеке тұлғамызға шабуыл жасалды», — деді ол.

Депутат ЛГБТ қозғалысының әлеуметтік желілердегі әрекеттерін «азғындықты тарату» деп бағалады. Оның пікірінше, бұл – балалар мен жасөспірімдердің психикасына теріс әсер ететін қауіпті үдеріс:

«Олар өз жыныстық қатынастарын, мүшелерін ашық жариялап, қоғамды бұзатын ақпарат таратуды жолға қойған. Мұндай насихат – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер».

Жаңбыршин сондай-ақ бұл қозғалыстың шетелдік қаржыға сүйеніп отырғанын атап өтті:

«Феминистік және ЛГБТ ұйымдары шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылуда. Бұл – жоспарлы, бағытталған идеологиялық экспансия».

Депутаттың айтуынша, қоғам бұл мәселеге немқұрайлы қараған жоқ. Өткен жылы E-petition.kz платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жарияланып, 50 мыңнан астам адам қол қойған.

«Бұл – халықтың ашық ұстанымы, ұлттық сана деңгейінің көрінісі. Жастарымыздың психикалық және рухани дамуына зиян келтіретін бұл ағымға ел үзілді-кесілді қарсы», — деді ол.

Еділ Жаңбыршин өз ұстанымын халықаралық құқықтық актілермен де байланыстырды.

«Бала құқықтары жөніндегі БҰҰ конвенциясы мемлекеттерді балаларды психикалық және рухани зияннан қорғауға міндеттейді. Ал Қазақстан қосылған Женева декларациясы әр мемлекетті өз дәстүрлі отбасы құндылықтарын қорғауға құқылы деп таниды», — деді депутат.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамптың бір жынысты некелерге шектеу қою туралы жарлығын мысалға келтірді:

«Американың өзі бұл теріс бағыттарды қоғамға жат деп танып отыр. Біз түгілі, олар да отбасы институтын қорғап отыр».

Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салу нормасын қабылдау адам құқықтарына қайшы емес екенін атап өтті:

«Біздің мақсат – біреудің жеке өміріне қол сұғу емес, ұрпағымыздың рухани саулығын сақтау. Бұл норма дәстүрлі отбасылық институтты қорғауға, ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтуға бағытталған. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне сыртқы ұйымдардың араласуға құқығы жоқ».

Депутаттың айтуынша, қабылданып жатқан заң нормалары ұлттың болашағын қорғау мақсатында әзірленген:

«ЛГБТ насихатына қарсы нормалар – ұлт мүддесін, рухани иммунитетті қорғаудың құралы. Біз өз құндылықтарымызды сақтау арқылы ғана тәуелсіздігімізді нығайта аламыз».