Эфирдегі әскердің үстемдігі
Биыл Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты өз тарихында алғаш рет «радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күресті ұйымдастыру» біліктілігі бар офицерлер оқуды аяқтады.
Бұл саладағы мамандарға сұраныс арта береді деген орынды болжам ескеріліп, кадр даярлау ісіне де мән беріле бастаған. Негізінен, радиоэлектронды күрес мақсаттары мен міндеттері, орны мен мезгілі өзара байланысты болатын іс-шаралардың және жаудың радиоэлектронды құралдары мен жүйелерін анықтауға, олардың қарудың барлық түрлерін қолдана отырып жоюға немесе басып алуға және радиоэлектронды құралдар арқылы жауды басуға, сондай-ақ өзінің радиоэлектронды жүйесі мен радиоэлектронды құралдарын қорғауға бағытталған әскери әрекеттердің жиынтығы, ұрыс әрекетінің бір түрі. Қысқаша айтқанда, бұл – соғыс тактикасы. Радиоэлектронды күресті ұйымдастыру мен жүзеге асыру қарсыластың әскердің басқаруының шырқын бұзу, жаудың барлау ісін жүргізу және олардың әскери техника мен қару қолдану тиімділігін төмендету, сонымен қатар өз әскері мен қарулы күштерін басқарудың беріктігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі әскердің барлығында қарастырылады. Шетелдік көзқарастар бойынша радиоэлектронды күрес күштері кейде «радиоэлектронды соғыс» немесе «эфирде үстемдікке ие болу» дегенді де білдіреді. Яғни ұрыста және операцияларды орындауда жеңіске жетудің шешуші факторы болуы мүмкін.
«Біз осы біліктілігі бар алғашқы түлектер болғанымызды мақтан тұтамыз. Біздің біліміміз бен дағдыларымыз цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және жаңа киберқауіптердің пайда болуы жағдайында елді қорғау ісінде сұранысқа ие болады», – деп атап өтті жас түлектердің бірі Бекжан Дайырбай.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының оқуды аяқтау рәсімі 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында өткен. «Лейтенант» алғашқы офицерлік атағы 87 курсантқа берілді. Олардың бірі үздік дипломмен марапатталды. Түлектердің арасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп дайындау шеңберінде оқыған Қырғызстан өкілі де бар. Іс-шараға қорғаныс министрлігінің, әуе қорғанысы күштері бас басқармасының, әскери және азаматтық жоғары оқу орындарының өкілдері, қарулы күштердің ардагерлері, түлектердің туыстары мен жақындары қатысты. Қалыптасқан дәстүр бойынша іс-шара институттың жауынгерлік туымен қоштасумен және салтанатты шерумен аяқталды. Әскери институт өз тарихында 4000-ға жуық офицер дайындап шығарды. Олардың барлығы өздерінің әскери міндеттерін абыроймен орындап, Қарулы күштер қатарында және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда қызмет етіп жүр. Айта кетейік, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Орталық Азиядағы радиотехникалық мамандық офицерлері мен байланыс офицерлерін даярлайтын алғашқы жоғары оқу орны болып табылады. Институт радиоэлектроника, радиотехника және инжиниринг, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік жүйелері, әскери құрылыс сияқты салалардағы мамандарды оқытады.
Балауса Ділдәбек